Аударма мәселелері және терминология
Қазіргі қазақ тіл білімі ғылымында арнайы зерттеуді талап ететін салалардың бірі – аударманың теориясы мен практикасы. Бұл сала қазақ тіл білімі үшін әлі жетілмеген, тиісті деңгейдегі ғылыми және практикалық сипатын ала қоймаған лингвистка салаларының бірі. Қазіргі қазақ тіл білімінде аударма мәселесімен айналысып жүрген ғалым А.М.Алдашева докторлық диссертациясында « ... қазірге дейін аударма теориясының басты дәйектемелері, шешуші негіздері, аударматану ғылымының басты объектісі мен ұстанымдары, әдіс – тәсілдері мен бірлік тұлғалары, аударманың нормасы, тәржімә ісіне қойылатын талаптар сияқты маңызды жағдаяттардың анық-қанығы ғылыми тұрғыдан анықталмаған емес», - деп атап өтеді [10, 3-б]. Жалпы, Қазақстан тіл білімінде аударма теориясының қалыптасуына Ө.Айтбаев, А.М.Алдашева, Б.Хасанов, Р.З.Загидуллин, Н.Ж.Шаймерденова және т.б. ғалымдардың еңбектері үлес қосады.
Аударма теориясының негізін қалаушылар – К.И.Чуковский, Н.С.Гумилев, А.В.Федоров сынды кеңес ғалымдары. 1930 жылы К.И.Чуковский мен А.В.Федоровтың «Искусство перевода» атты кітабы жарық көрді. Бұл зерттеу еңбегі аударма теориясының жаңа ғылым саласы, ерекше пән ретінде қалыптасуына өз үлесін қосты. Соңғы жылдарда аударма мәселесі көптеген лингвистикалық қырларынан қарастырылып, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, контрастивті лингвистика, мәдениаралық коммуникация, салғастырмалы стилистика тұрғысынан ерекше зерттеу нысандары айқындалды. Олардың негізгілерін төмендегі кестеден көруге болады:
Аударма |
Тіларалық коммуникация | Лексикография | Салғастырмалы стилистика |
Терминология | Терминография | Терминжасам Терминшығармашылық |
Аударма коммуникациялық қарым-қатынаспен тығыз байланысты практикалық қызмет атқарумен ерекшеленеді. Аударманың тілдік негіздеріне мыналар жатады: 1) аударма алғашқы емес, қайталанатын қызмет; 2) бұл қайталанатын қызмет табиғи тілдердің материалы тілдің нормалық-бағалық сәйкестік жолымен жүзеге асады. Яғни бұл – тілдік-мәтіндік қызмет.
Кез келген аудармашы аудару барысында мазмұн баламалығын сақтауға тырысады. Аудармада сақталған мәтін элементтері инвариант деп аталады да инварианттың сақталу мөлшері баламалықтың сақталу мөлшері болып табылады. Осы негізде «аударма баламалығы – түпнұсқа мен аударманың тепе-теңдігін көрсете алмаса да, екеуінің салыстырмалы тұтастығын білдіре алады. Осыған орай, баламалық деңгейлері де әркелкі болып келеді» [72, 45-б.]. Аударма баламалығының нормалары өзгермелі параметрлер қатарына жатады. Толық немесе жартылай баламалы бірліктердің бастапқы тіл мен аударма тіл негізінде қалыптасуы тікелей аудармашыға байланысты.
Аудармашы – автордың жалпы халықтық қордағы сөздерді, тұрақты тіркестерді пайдалануы, өз тарапынан жаңа сөз тұлғалары мен сөз тізбектер жасауы – көркем аудармадағы ойлаудың бейнелік типінің нәтижесі екендігін, жазушының суреткерлік даралығы мен талантынан туындайтын дербес шығарма екендігін дәлелдейді. Аударма мәтіннің айтылған талаптарға сәйкес жүзеге асуы аудармашының ойлау-психикалық қабілетіне, білім-біліктілігіне байланысты. Түпнұсқада айтылған ойды қандай әдіс-тәсілдермен жеткізудің амалдарын іздестіру барысында аудармашы негізгі материалды анализ және синтез процестерінен өткізуге, түпнұсқа мәтіннің негізгі идеясын, мән-мазмұнын талдап түсінісу және осы идея мен мазмұнды екінші тілдің құралдары арқылы жеткізу мәселелерін шешуге тиісті болады.
Осы негізде аудармашының қызметіне ғалым А.М.Алдашева мынадай талаптар қояды: 1) жалпы бағдарлы ақпаратты (фоновая информация) білу; 2) екі тілдің лексикалық-грамматикалық құрылымын жетік меңгеру [10, 74-б.].
Сонымен, аудару процесі барысында аудармашының негізгі міндеті мәтіндер баламалығын сақтап қалу қызметі болып табылды. Түрлі ғылыми әдебиеттерде келтірілген баламалықтың деңгейлері мен түрлері аударма теориясында қалыптасқан төмендегідей жіктемеде жинақталған:
1) жоғары деңгейдегі баламалық;
2) үйлесімді баламалық;
3) келісімді баламалық;
4) жартылай баламалық;
Енді осы баламалықтың түрлеріне жеке-жеке тоқталатын болсақ, онда:
Жоғары деңгейдегі баламалық – стилистика мен форманың, интенция, лексиканың толық сәйкес келуін білдіреді;
Үйлесімді баламалық – мазмұнның авторлық интенция мен лексикалық бірліктер корпусының жеткілікті мөлшерде және жоғары сапада берілуі;
Келісімді баламалық– лексикалық аналогтар сәйкес келмеген жағдайда дискурстың сақталуы;
Жартылай баламалық – аударма мүмкіндіктерінің жартылай жүзеге асуы және түпнұсқа мен аударма мазмұнының жартылай сәйкестігі. Ал осы негізде берілген баламалық деңгейлердің жіктемелерін барлық аудару процестерінде қолдануға болатын мына үш түрге бөліп көрсетуге болады:
1) тілдік таңбалар деңгейі (денотаттық – сөз және фразеологизмдер деңгейі);
2) сөйлеу актілері бойынша айтылым деңгейлері (локуция, иллокуция, перлокуция);
3) прагмалингвистикалық деңгей (аудармашы, мәдениет, жанр).
Лингвистика мен аударма мәселелері өте күрделі құбылыстардың бірі болып табылады. Аударма ең алдымен сөйлеу тілінің материалдарымен байланысты, сондықтан ол лингвистикалық заңдылықтарға бағынады. Өйткені, аударма – лексикалық және грамматикалық тұрғыдан екі тілдің салғастырмалы көрінісі. Осымен байланысты аударма – билингвизм механизмінде қалыптастырылатын күрделі сөйлеу тілінің қызметі.
Белгілі ғалым К.Райсстың еңбектерінде аударма түрлерін бірнеше топқа бөлудің ғылыми принциптері қарастырылады. К.Райсс түпнұсқа мәтінінің сипатына қарай аударманы мынадай түрлерге жіктейді [73]:
1) мазмұнға бағытталған аударма;
2) формаға бағыталған аударма;
3) үндеуге бағытталған аударма.
Сонымен қатар бұл аудармалардың әрқайсысы өзіне тән тілдік құбылыстармен сипатталады. Мәселен, мазмұнды аударма лексика, контекст, прагматика, эмотивтілік пен экспресивтілік ерекшеліктерінен құралатын болса, форма құрылыммен сипатталады – сөйлем, айтылым; дискурстың негізіне үндеу, интенция алынады.
Ең алдымен аударма теориясында аударманың негізгі екі түрі бар деп көрсетіледі. Олар көркем аударма және ақпараттық аударма. Көркем аударма дегеніміз – бұл көркем әдебиет шығармаларының аудармасы. Ал ақпараттық аударма дегеніміз – оқырманға кейбір мәліметтерді жеткізетін мәтіннің аударылуы. Мұндай мәтіндерге ғылыми-техникалық, іскерлік, қоғамдық-саяси және т.б мәтін материалдары жатады. Аударманың осы түрімен айналысатын аудармашының негізгі міндеті – осы мәтіндегі ақпартты толық жеткізу, жоғары деңгейдегі баламалық мүмкіндігін пайдалана отырып, мәтінді аудару.
Ал, осымен байланысты мәтін құрылымы мәселесіне тоқталатын болсақ, онда мәтін ең алдымен сөйлемнен, ал сөйлем сөздерден құралады: мәтін → сөйлем → сөз. Сонымен аударманың ең кіші тілдік бірлігі – сөз болып табылады.
Өз кезегінде сөз аударманың ең кіші тілдік бірлігі ретінде аударма мәтінінде жалпы қолданыстағы сөз бен терминдік бірлік негізінде көрініс табады. Жалпы қолданыстағы сөздің аудару жолдары мен түрлері ғылыми әдебиеттерде кеңінен қарастырылған және аса қиындық тудырмайтын мәселелердің қатарына жатқызылады. Осы ретте терминдік бірліктерді аудару мәселесі арнайы зерттеуді қажет етеді. Терминдер ғылыми-техникалық, іскерлік, қоғамдық-саяси т.б. мәтін материалдарының негізін құрап, аударманың ақпарттық түрін белгілейді.
Терминдерді аудару мәселесіне кіріспес бұрын, терминнің тілдік табиғатын, оларға қойылатын басты талаптар мен принциптерін анықтап алған жөн.
Ғалым М.Малбақов терминге «Термин – білімнің белгілі бір саласының ұғымдық тезаурасында белгіленген орны мен осы тезаурыстың орынның сипаттамасы ретіндегі дефинициясы бар лексикалық бірлік болып саналады» деген», - анықтама береді [74, 128-б.]. Терминге «Тіл білімі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Термин арнайы ұғымдарды, түсініктер жиынтығын, дәл беру нақты белгілеу үшін жасалған арнайы сөздер мен сөз тіркестері. Термин ерекшеліктеріне мыналар жатады: жүйелілік, дефинициясының болуы, бірмағыналық бағыты, мәнерліліктің болмауы, стильдік бейтараптық» [75, 380-б]. Келтірілген екі анықтамада да терминнің негізгі белгілерінің бірі – дефинициясының болуы. Осы орайда қазақ терминдерінің барлығы дерлік лексикографиялық еңбектерде тіркеліп, дефинициясы қалыптасты деуге болмайды. Бұл қазіргі қазақ ғылымының қай саласының болмасын өзекті де күрделі мәселесінің бірі болып табылады.
Сондықтан ең алдымен терминдердің негізгі тілдік белгілеріне тоқталған жөн деп санаймыз. Олардың басты белгілері: дәлдік, қысқалық, жүйелілік.
Термин ғылыми ұғымның атауы болып, сол ұғымды дәл және нақты білдіруге тиіс. Сол себепті де тиісті ұғымның белгілері дәл іріктеліп, дұрыс саралануды қажет етеді. Қысқалық та терминдерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Қысқа әрі ыңғайлы, тұжырымды келетін терминнің практикалық мәні ерекше болып, есте сақталуы үшін де, сөздіктерде берілуі мен тілдік үнемдеу заңына сәйкес келуі үшін де оның маңызы зор. Ал терминдерге қатысты жүйелілік мәселесіне байланысты Ө.Айтбайұлы: «...жүйелілік талабы термин құрайтын элементтер мен белгілерді іріктей білу жүйесіне тікелей байланысты. Іріктеу сәтінде ол белгілердің біртектестігіне қатты көңіл бөлумен қатар, терминдер жүйесінің дұрыстығы белгілі жүйе бойынша белгілерді іріктеуге ғана емес, сонымен бірге сол белгілердің қай түрде болатынына да байланысты екенін ескеру қажет. ... терминология жүйелілігі термин элементтерінің тіркесімділігіне басқаша айтқанда, олардың орналасу тәртібіне де қатысты болады», - деп тұжырымдайды [53, 16-б.].
Бұл мәселенің жалпы тілтанымда ғылыми негізделуі әлі де арнайы зерттеуді қажет ететіні белгілі. Мәселен ғалым В.П.Даниленко оның жіктемелік мәніне баса назар аударып, сол тұрғыдан түсіндіруге талпыныс жасайды [76, 68-б.]. Осыған байланысты тіл зерттеушісі А.А.Реформатский терминнің сөзжасамдық жүйесіне көбірек көңіл бөледі [77, 54-б]. Ал, әйгілі тілші Р.А.Будагов терминдер жүйесін екі түрлі бағытта қарастырады. Бір жағынан терминологияның элементі ретінде екінші жағынан жалпы тіл жүйесінің элементі есебінде қабылдайды [78, 33-б]. Терминологиядағы жүйелілік мәселесі ғалым Ш.Құрманбайұлы еңбегінде жан-жақты талданып, «Терминологиядағы жүйесіздік – жүйелілікке негізделген термин жасай алмаудан, ұлт тілінің мүмкіндігін дұрыс пайдаланбаудан, терминологиялық жұмыстарды кәсіби деңгейде жүргізе білмеуден туындайтын жайт» екендігі дәлелденеді [79, 19-б].
Ғалымның көрсетуі бойынша: «Әр саланың ұғымдарының өзара байланысы, иерархиясы, сатылық, түрлі қарым-қатынасы ұғымдық, логикалық тұрғыдан қалай жүйелі болса, тілдік тұрғыдан да сол ұғымдардың жүйесін көрсететіндей етіп таңбалау қажет болады. Сондықтан да тілдік бірліктер терминдердің ұғымдар жүйесінің ерекшелігін көрсетіп бере алатындай сөзжасамдық жүйелілікке негізделіп жасалып, соның негізінде терминологиядағы жүйелілікке қол жеткізу көзделеді. Терминологиядағы жүйелілік ұғымдар жүйесінің аралық байланысын тілдік бірліктер атау сөздер арқылы да жүйелеп беру болып табылады» [79, 15-16-бб].
Академик Ө.Айтбайұлының пікірінше: «Жүйелілік тәртібі сақталған жерде синонимдік қатарға, көп мағыналыққа орын жоқ. Әсіресе, әр қилы қызмет атқаратын жалғау, жұрнақтарды белгілі бір мағынада қайталап қолдануға әуес болмаған жөн. Жалпы, қалайда терминдер жүйелілігі лексика тұрғысынан да, морфология тұрғысынан да талап етілген дұрыс. Жай сөздер табиғатына тән кейбір грамматикалық ауытқулар терминдерде болмауы тиіс» [79, 16-б.].
Дегенмен, көптеген жағдайларда аталуы бірдей термин сөздер өріс ішінде түрлі байланыстармен сипатталып, екі басқа терминологиялық өріске қатысуы негізінде омонимдік қатарлар құрайды. Мысалы: жарнашы → жарна төлеуші, пайшы; жарнашы → жарна жинайтын қызметкер; морфолог → грамматиканың сөз формаларын зерттейтін тілші ғалым; морфолог → организмнің құрылысын, түрін зерттейтін ғалым; автоматшы → автомат аппаратқа күтім жасайтын адам; автоматшы → автоматпен қаруланған жауынгер және т.б.
Шынында да, қазіргі таңда көптеген ғалымдардың пікірі бойынша жалпы қолданыстық лексика мен терминдік лексиканың басты айырмашылығы кейінгісінің жүйелілік тұрғыдан ұйымдастырылуында болып отырады. Арнаулы ұғымды білдіретін термин белгілі бір терминологиялық жүйеде нақты орны бар, сол жүйенің мүшесі болған соң ғана, сол жүйеге сәйкес мағынаға ие бола алады. Терминнің ақпараттылық қасиеті де осыдан туындайды. Бұл жөнінде қазақ терминологиясының жүйелілік мәселесін арнайы сөз еткен ғалым Ш.Құрманбайұлының пікірі назар аударарлық. Ол: «Жүйелеген салалық терминологияны қалыптастыруда сол саланың терминдерін белгілі бір сөз тудырушы морфемаларды немесе терминдік элементтерді пайдалана отырып жасау тәжірибесі бар. Бізде де кейбір арнаулы сала терминдерін жасауда соңғы жылдары біршама өнімді жұмсалып жүрген жұрнақтардың бар екенін аңғаруға болады. Мәселен, іс жүргізу саласында -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе: анықтама, хаттама, баяндама, мінездеме, көшірме, баянжазба т.б. Тіл білімінің фонетика саласында -м, -ым/-ім: айтылым, алмасым, естілім, жасалым, екшелім, жалғаным, қатынасым т.б. Синтаксис саласында кезінде А.Байтұрсынұлы жасап, тілімізге енгізіп кеткен бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш терминдерін туғызған -уыш, -уіш (-ыш/-іш) жұрнағы бар екені белгілі. Әскери іс саласында -уыл, -уіл, -ауыл/-еуіл үлгісімен жасалған шабуыл, айдауыл, ереуіл, жасауыл сияқты көне атаулар қолданысқа ене бастады. Мұндағы бір айта кететін жайт: соңғы үлгімен жасалған атаулар кейде дайын қалпында қолданысқа ене бастағанымен, терминжасамда бұл үлгі алдыңғы жұрнақтар сияқты жаңа терминдер тудыруда пайдаланылмай келеді»,- деп көрсетеді [79, 127-128-бб].
Ғалымның жоғарыда келтірілген пікірін қолдай отырып, сала терминдердің белгілі бір қалыптасқан сөзжасамдық үлгі бойынша біртектес жасалуының синтагмалық жүйелілігін, сонымен қатар терминжасам барысында парадигмалық ерекшеліктерді де ескерген дұрыс деп санаймыз. Мысалы, ою-өрнек саласына қатысты терминжасам микрокешендерінің парадигмалық негізі:
ой
ойма
оймақ
оймақта
оймақшы
оймала
оймалы
оймашы
оймыш
көркемоймыш
тілік оймыш
бедерлі оймыш
шұңғыл оймыш
аймақты оймыш
үй оймышы
өрнекті оймыш
оймыш-өрнек
омышта
оймыштаушы
оймышты
Терминдердің арнаулы сала ерекшеліктеріне сәйкес, жүйеленген сөздер жиынтығы екендігі және сол жүйенің ғылымның дамуына орай үнемі өзгеріп отыратындығы, термин түзер алдында оларды алдын ала жіктеп, жүйелеп алуды қажет етеді. Оның үстіне, ғылым терминдерін жасауда үлгі, негіз ретінде пайдаланылатын орыс терминологиясы екендігін де ескерген жөн. Мәселен, орыс тіліндегі мотив терминінің сөзжасамдық ұяда берілген туынды сөздер тізбегі А.Н.Тихоновтың II томдық сөздігінде келесі кестеде көрініс тапқан [80, 632-б.]:
Мотив
мотивировать
мотивироваться
мотивирование
мотивировка
мотивировочный
мотивация
мотивационный
мотивированный
мотивированность
немотивированный
немотивированность
Сонымен қатар орыс тіл біліміндегі уәжтану саласында мынадай терминдер де көрсетілген: «мотивизация», «мотивема».
Көп жағдайларда, өкінішке орай, осындай түбірсөз қатарында түзілген терминдер жиынтығы бір тілден екінші тілге аударылғанда әртүрлі термин-сөздермен беріліп, бастапқы жүйе мен екінші тіл жүйесі арасындағы үндестіктің бұзылу жайы жиі кездеседі.
Уәж терминінің сөзжасамдық қабілетін ескере отырып, біз уәжтану саласына қатысты төмендегідей терминдер тобын ұсынамыз.
Мотив – уәж
Мотивология – уәжтану
Мотивировать – уәждеу
Мотивироваться – уәжделуі
Мотивирование – уәждену
Мотивировка – уәжденім
Мотивировочный (признак) – уәждеуіш белгі
Мотивация – уәждеме
мотивационный – уәждемелі
мотивированный – уәжді
мотивированность – уәжділік
немотивированный – бейуәжді
немотивированность– бейуәжділік
мотивизация – уәждеуіштілік
мотивема – уәждем
Айта кететін негізгі мәселелердің бірі – уәж сөзі арқылы жасалған терминдер өзіндік бір жүйе құрайды, алайда олардың әрқайсысы белгілі бір арнаулы ұғымды білдіреді. Осы орайда, бүгінге дейін зерттеу еңбектерінде уәжтану терминдері бірінің орнына бірі қолданылып, шатасып, барлық терминдер сол бір уәж, уәжді терминдерімен ғана беріліп жүр. Сондықтан да қазақ тілінде термин түзуде семантикалық жүйелілікпен қатар, яғни синтагматикалық, парадигмалық ерекшеліктерге де басты назар аударған жөн.
Сонымен, терминдерге қойылатын негізгі талаптар төмендегідей принциптерден құралады:
- дәлдік, нақтылық;
- қысқалық;
- жүйелілік;
- мәнмәтіндік тәуелсіздік;
- қайта айтылуы (воспроизводимость);
- эстетикалық;
- нормативтілік;
- қолдану жиілігі.
Термин ұлттық тілдің, сөздік қордың лексикалық бірлігі ретінде функционалдық саланың, арнаулы тілдің негізгі материалы болып, мағынасының дәлдігі мен нақтылығы, айқындылығымен ерекшеленеді. Бұл ретте терминдерге белгілі бір саладағы бірмағыналық қасиетінде көрініс табатын тұрақты семантикалық мөлшер тән болып келеді.
Термин бірмағыналық қасиетке тек белгілі бір терминологиялық өріс аясына қабылдануы арқылы ғана ие бола алады. Бірақ кей кезде бұл терминологиялық өрістер, мысалы, бірқатар өндірістік салаларға қатысты ортақ кәсіптердің болуына байланысты бір-бірімен жанасып ортақ терминдер жүйесін құрауы да мүмкін. Мысалы, металдың механикалық өңделуіне байланысты өндірістік салалардың барлығына ортақ мынадай кәсіп атауларын (терминдерді) келтіруге болады: металл жонушы, реттеуші, бапкер, ұштаушы, өңдеп қырнаушы, ажарлаушы т.б.
Терминдердің арнаулы функционалды стильдің ерекше компоненті болуы терминологияның стильдік бейтараптылығын анықтайды (термин ешбір эмоционалдық реңкті білдірмегені дұрыс). Осымен байланысты терминнің жалпы әдеби тілдің аталымдық бірліктерімен арақатынасы айқындалады (терминдену процестері, бейтерминдену, жалпы қолданыстағы көпмағыналы сөздермен қатынасы). Терминологияның жүйелі параметрлерінің негізгі критерийлерін терминнің тілдің стилистикалық құрылымындағы орны, этимологиясының, грамматикалық құрылымы мен сөзжасамдық парадигма ерекшеліктері, лексика-семантикалық топтар мен категориялардың байланысы сияқты құбылыстар анықтайды.
Жүйелілік танытатын терминологияның тілдің стилистикалық құрылымындағы орны әдеби функционалдық стильдер шеңберіндегі жалпы тілдік қордың жалпы қолданыстағы лексика мен кәсіби лексика бөлігі ортасында болып келеді. Оны кесте түрінде берсек:
|
Жалпы қолданыстағы, кәсіби атаулар сияқты жүйелі терминдер нақты бір ұғымды білдіргенімен ғылыми, өндірістік ұғымдардың арнаулы белгіленуі болып табылады. Кәсіби сөздерге қарағанда, терминнің қолданыстық аясы әлдеқайда кең және бірнеше елдерде, мемлекеттерде белгілі болып келеді.
Кәсіби сөздер мен терминдердің айырмашылығы олардың сипаттамаларында айқынырақ көрінеді. Кәсіби сөздердің жүйелі терминдерден өзгешелігі ұжым және белгілі аумақпен шектелуінде болып табылады. Кәсіби лексика терминдердің қысқартылған және қарапайым дублет-атаулары. Кәсіби лексика атауларының негізінде жалпы қолданыстағы лексиканың басқаша, өзгеше ойлау нәтижесі ретінде жалпы қолданыстағы сөздің метафоралануына келе бермейтін, маңызы жоқ белгілері алынады. Мысалы, каплей – капитан – лейтенант (теңізшілердің кәсіби кодификацияланбаған ауызекі сөйлеуінде), коробка – ғимарат (құрылысшылардың кәсіби терминологиялық емес атауы) және т.б.
Жүйелі терминдердің жалпықолданыстық, кәсіби лексикалық атаулардан ең маңызды, басты өзгешелігі бейэмоционалдылығы. Терминде эмоционалдық реңк (семема) пайда болған жағдайда ол терминологиялық жүйеден тыс қалып, пассив, жалпы тілдік қордан немесе кодификацияланбаған кәсіби сөйлеу жүйесінен орын алады. Сондықтан да неологиялық терминжасам сипатын айқындауда кез келген жаңа инновацияның термин бола бермейтіндігіне жете мән беру қажет.
Дата добавления: 2014-11-30; просмотров: 10800;