Меншіктің мәні және мазмұны
Меншік экономикалық теорияның ең маңызды және күрделі категорияларының бірі. Меншік ұғымы белгілі бір затты жеке мүлік ретінде адамның иеленуінен шыққан. Яғни, меншік - бұл зат емес, затқа байланысты (меншік құқығы шеңберінде) адамдар арасындағы қатынастар, яғни материалдық және рухани игіліктер мен оларды өндіру жағдайларын пайдалану бойынша адамдар арасындағы қатынастар.
Меншік категориясы бір мезгілде заңдық та, экономикалық та категория бола алады.
Экономикалық категория ретінде меншік бүкіл шаруашылық үрдісін қамтып, адамдардың тұтыну игіліктері мен қызметтерін өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну қатынастарын білдіреді. Меншіктің экономикалық мазмұны бірнеше жұп категориялар арқылы сипатталады: иемдену – жатсыну; жекешелену – қоғамдану (жеке және заттық факторларды біріктіру); субъектілік-объектілік.
Адамдар арасындағы меншікке негізделген шаруашылық байланыстар құқық арқылы реттелетіндіктен, ол құқықтық қатынасқа айналады, яғни бұл қоғамдық қатынасқа қатысушылардың заңдық құқықтары мен міндеттемелері бар деген сөз. Мұндай құқықтық нормалар меншік қатынастарын бекіте түседі және қоғамдағы ресурстардың бөлінуін реттейді.
Меншіктің құқықтық жағын қарастыру арқылы қоғам мүшелері арасындағы материалдық байлықты бөлу, иелену, пайдалану, оған билік ету шарттарын білеміз. Меншік құқықтарын келесідей бөлуге болады:
· Иелену құқығы –затты физикалық иемдену;
· Пайдалану құқығы– өз қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында мүлікті тұтыну;
· Билік ету құқығы- сату, сатып алу, сыйға беру т.б. заттың тиімділігін өзгерту.
Олардың арасындағы байланысты былай сипаттауға болады: билік етуді пайдалану кұқығы анықтайды, пайдалануды иелену құқығы анықтайды, ал иелену меншік нысандарымен анықталады.
Меншік құқығы теориясының негізін салушылар - Рональд Коуз және Армен Алчиан. Бұл теория бойынша меншік «құқығының шоғыры» 11 элементтен тұрады:
1. иелену құқығы, яғни игілікті физикалық бақылау құқығы;
2. пайдалану құқығы, яғни игіліктің пайдалы қасиеттерін іске асыру құқығы;
3. басқару құқығы, яғни игілікті кім, қалай пайдаланатынын шешу құқығы;
4. табыс алу құқығы, яғни игілікті пайдалану нәтижесін иелену құқығы;
5. егемендік құқығы, яғни игілікті тұтыну, өзгерту, бас тарту немесе жою құқығы;
6. қауіпсіздік құқығы, яғни игіліктерді бүлінуден және қоршаған орта залалдарынан қорғау құқығы;
7. мұраға қалдыру құқығы;
8. игілікті мерзімсіз иелену құқығы;
9. қоршаған ортаға зиянды тәсілмен пайдалануға тыйым салу құқығы;
10. жауапкершілік құқығы, яғни қарызы үшін игілікті алу;
11. қалдық құқығы, яғни бұзылған құқытарды қалпына келтіруді қамтамасыз ететін институттардың болу құқығы.
Меншік қатынастарын толық түсіну үшін оның объектісі мен субъектісін ажырата білу керек.
Меншік субъектісі – меншік қатынастарының белсенді жағы. Олар меншік объектісін иемденетін, оған билік ететін және пайдаланатын адамдар. Меншік құқығының субъектілері болып жеке азаматтар (жеке тұлға), ұйымдар (заңды тұлға), мемлекет және жергілікті билік органдары табылады.
Ал, меншік объектілері – меншік субъектісінің қарамағындағы заттар яғни, жылжымайтын мүліктер (жер, су, орман, ғимараттар және т.б.), қозғалмалы мүліктер (ақша, бағалы қағаз және басқа да шаруашылыққа қажетті мүліктер), санаткерлік меншік (адамның ғылыми, өнер шығармашылық туындылары, фирманың атауы, тауар белгісі, инновация және т.б.) жатады.
Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 8112;