Экономикалық жүйелер және олардың негізгі типтері

Кез-келген қоғамның экономикалық даму сипатын анықтау үшін «экономикалық жүйе» түсінігі қолданылады.

Экономикалық жүйе (грекше, systema - тұтас, бөлімдерден құралған) өзара байланысқан шаруашылық қатынастар мен белгілі бір тәртіпке келтірілген экономика элементтерінің жиынтығынан тұрады және экономиканы ұйымдастырудың нысаны болып табылады.

Басты міндеті- шектеулі өндірістік ресурстарды тиімді пайдалану жолдары мен әдістерін табу. Экономикалық жүйе өміршеңдігінің басты себебі - ресурстардың салыстырмалы түрде шектеулі болуы. Яғни, барлық қоғамға тән бұл мәселе тиімді шаруашылық жүргізудің әдіс-тәсілдеріне негізделген экономикалық жүйе арқылы өз шешімін табады. Экономикалық жүйенің тиімділігі қойылған мақсаттарға жету деңгейімен анықталады.

Экономикалық жүйенің мақсаты- халықтың әл-ауқатын арттыру, оларды материалдық, рухани, әлеуметтік, ұлттық және басқа да құндылықтармен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын енгізу. Сондықтан экономиканың тиімділігін арттыру үшін экономикалық жүйе бір тұрпаттан (типтен) екінші тұрпатқа өзгереді.

Экономиканың жүйелі сипатын ғылыми-теориялық тұрғыда қарастырған ағылшындық классикалық саясиэкономияның негізін салушы - А.Смит «Халықтар байлығының табиғаты мен себептері туралы» (1776ж.) басты ғылыми еңбегінде ең алғаш рет осы тақырыпқа ашық талдау жасады. Одан кейінгі экономикалық жүйе туралы ғылыми көзқарастар Д.Рикардо, Ф.Лист, Дж.С.Милль, К.Маркс, К.Менгер, А.Маршалл, Дж.М.Кейнс, П.Самуэлсон еңбектерінде орын алды.

Экономикалық жүйеде қызмет ететін шаруашылық субъектісі өз таңдауын жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттарға ие болуы тиіс және не өндіру? қалай өндіру? кім үшін өндіру? керек деген экономиканың үш негізгі міндеттерін шешуге ұмтылады. Шаруашылық өмірдің бұл міндеттерін шешу тәсілін кез-келген қоғамға тән ақпараттық жүйе анықтайды. Шаруашылық іс-әрекетте әрбір субъектінің өз жоспары, талғамы, артықшылықтары және өндіріс әдістері туралы көзқарастары болатындықтан, таңдауды үйлестіруді кім және қалай жүзеге асырады деген сұрақ туындайды.

Экономикалық жүйелер әртүрлі белгілеріне қарай бірнеше түрге жіктеледі:

· Меншік нысаны мен экономикалық әрекетті басқару, бағдарлау

тәсіліне байланысты:

- дәстүрлі экономикалық жүйе;

- орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйе (әміршіл - әкімшілдік немесе тоталитарлық);

- нарықтық (нарықтық) экономикалық жүйе;

- аралас экономикалық жүйе.

· Өркениет типтерінің даму нәтижелері ретінде экономикалық жүйе:

- дәстүрлі - қоғамдағы экономикалық қатынастар әдет-ғұрыптарға негізделеді;

- либералды - қоғамның дамуы үшін тиімділікке жетуге ұмтылыс басым және жеке тұлғаның бастамашылығына ешқандай кедергілердің болмауы (қазіргі индустриалды қоғам);

- аралас - бірінші және екінші типтердің элементтерінен құралады.

• Сыртқы экономикалық байланыстардың сипатына байланысты:

- жабық экономикалық жүйе - шаруашылық іс-әрекеттер белгілі бір шеңбер көлемінде, тұйықталған күйде жүзеге асырылады (натуралды шаруашылық);

- ашық экономикалық жүйе - басқа елдердің өндірістік бірлестіктерімен экономикалық байланыстар үнемі ұлғайып отырады (нарықтық шаруашылық).

Экономикалық жүйенің негізін құрайтын меншік нысаны мен экономикалық әрекетті басқару, бағдарлау тәсіліне байланысты оның келесідей үлгілері болады:

1. Орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйе (әміршіл- әкімшіл немесе тоталитарлық).

2. Нарықтық экономикалык жүйе.

3. Аралас экономикалық жүйе.

I. Орталықтан басқарылатын жоспарлы экономикалық жүйе мемлекеттік меншік үстемдік еткен жағдайда қызмет етеді және жеке меншік болмайды.

Бұл жүйеге тән негізгі белгілер:

- елдің материалдық байлығының 90%-ға жуығы қоғамның (мемлекеттің) меншігі болып табылады;

- қоғамның барлық салалары орталықтан жоспарлау арқылы реттеледі;

- өндірісті материалдық-техникалық жабдықтау орталықтандырылған. Барлық ресурстар өндірушілерге бір орталықтан жоспар бойынша қатаң бөлініп беріледі (ресурстар қажет емес болса да);

- экономикалық ынталандыру тек жалақы мен сый-ақы жүйесі арқылы ғана жүзеге асырылады, бірақ оның өзі қатаң бақыланады. Еңбек ақы деңгейінде алшақтық жоқ және еңбек етуге мәжбүрлеу басым;

- экономикалық тепе-тендік қатаң экономикалық-құқықтық және заңдарды қабылдау негізінде қамтамасыз етіледі;

- экономикада тауарлардың тапшылығы орын алады;

- қаржы-несие тетіктері (баға, пайыз, ақша массасы, несие) жаппай жоспардың орындалуына қызмет етеді;

- сыртқы саудада мемлекеттің ғана монополиялық билігі бар. Валютаны еркін айырбастауға тыйым салынады және валюта бағамын мемлекет бекітеді;

- шектеулердің көптігіне байланысты жүйеде көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары;

- коммунистік идеологияның үстемдік етуі;

- әлеуметтік мәселелерді (жұмыссыздық, үймен қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларға көмек беру және т.б.) шешуге көп көңіл бөлінеді.

ІІ.Нарық қағидаларына негізделген экономикалық жүйе жеке меншіктің классикалық жаңартылған нысандарына негізделеді. Мұнда нақты экономикалық мүдделері бар өндірушілердің іс-әрекеттері мен еркін таңдауларына басты мән беріледі.

Нарықтық экономиканың ерекше белгілері:

- инвестициялық ресурстарға жеке меншік;

- макроэкономикалық қызметті нарықтық механизм арқылы реттеу;

- еркін бәсеке;

- көптеген сатушылар мен сатып алушылардың болуы;

- еркін кәсіпкерліктің дамуы.

Бұл экрономикалық жүйедегі экономикалық дамудың іргелі міндеттері баға және нарық арқылы шешіледі.

ІІІ. Аралас экономика туралы 100 жылдай бұрын А.Шефле, А.Вагнер сияқты ғалымдар өз еңбектерінде жазған болатын. Олардың пікірінше, аралас экономиканың қалыптасуына, жеке кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттің араласуы негіз болған. Батыс экономистері аралас экономикаға «мемлекет пен жеке сектордың есепке негізделген некеге отыруы» деп анықтама берген.

XX ғасырдың 30-жылдары Дж. М. Кейнс мемлекеттік капитал салымдарын басқару жүйесінің қажеттігін негіздеп, аралас экономика теориясының дамуына өз үлесін қосты.

Аралас экономикалық жүйе нарық пен жоспарлаудың артықшылықтарын үйлестіру негізінде қалыптасқан. Мұндай экономиканың тұрпаты мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын шектейді, бәсекелік ортаны ынталандырады, монополияны реттейді және әлеуметтік қорғау механизмдерінің жүзеге асуына жағдай жасайды.

Аралас экономиканың сипатты белгілері:

- мемлекеттік меншіктің болуы. Ол экономиканың дамуында тұрақтандырушы рөл атқарады. Жеке сектор жүзеге асыра алмайтын салаларда (темір жол, космосты игеру, атом энергетикасы және т.б.) қызмет етеді;

- меншіктің көптүрлілігі. Бәсекелік ортаның қалыптасу мүмкіншілігі мол;

- экономика нарықтык және жоспарлы тетіктер арқылы реттеледі;

- макро-микроэкономикалық денгейде экономикалық үрдістердің ұйымдастырушылық және басқарушылық рөлі басым;

- жеке кәсіпорындардың ірі әртараптандырылған фирмаларға өзгеруі.

Аралас экономиканың ерекшелігі - оған енетін элементтердің көптүрлі болуында.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында нарықтық экономика жүйесі жедел жаңаруда. Осыған байланысты дамыған елдерде қолданылатын үлгілердің ерекшеліктері мен тиімді жақтарын зерттеу маңызды. Кез-келген экономикалық жүйе мен оның даму бағыттары мына жағдайларға тәуелді:

- географиялық;

- табиғи ресурстармен қамтамасыз етілуіне;

- тарихи даму шарттарына;

- елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүріне;
- өндіргіш күштердің дамуына;

- қоғамның әлеуметтік ортасына.

Барлық нарықтық үлгілерге тән ортақ белгілер:

- меншік нысандарының көптеген түрлерінің болуы;

- бағаның еркін қалыптасуы;

- еркін бәсекенің дамыған жүйесі;
- дамыған кәсіпкерлік қызмет;

- экономиканы мемлекеттік реттеу жүйесінің болуы.

Қазіргі әлемдік экономикада нарықтық экономиканың 7 үлгісін ерекше бөліп қарастырады.

1. Американдық немесе либералды үлгі. Оның ерекшеліктері:

- мемлекеттік меншіктің үлесі аз;

- экономикадағы мемлекеттің реттеуші рөлі төмен;

- ірі бизнестің жан-жақты дамуы;

- байлар мен кедейлердің өмір сүру деңгейіндегі үлкен алшақтық;

- жалақы мөлшеріндегі үлкен алшақтық;

- халықтың кедей топтарының өмір сүру жағдайларының орташа болуы.

2. Жапондық үлгі. Жапондық үлгінің ерекшеліктері:

- ұлттық экономиканың негізгі даму бағыттарына мемлекеттік араласудың деңгейі жоғары;

- экономиканы тұрақтандыру мен тиімділігін жоғарылату үшін 30 жылға арналған стратегиялық жоспар, қорғаныс күштерін дамыту және күшейту үшін 5 жылдық жоспар қолданылады;

- ортақ мүдделерге сай бірігу, басқару мен шешім қабылдауға жұмысшыларды қатыстыру механизмдері іске қосылған;

- фирмаларда өмір бойы жұмысқа қабылдау кеңінен тараған;

- жалақы деңгейіндегі айырмашылық шамалы;

- үлгі әлеуметтік бағдарланған. Яғни, мемлекет әлеуметтік теңсіздікпен күрес жүргізеді, жұмыссыздардың, зейнеткерлердің, еңбекке жарамсыз азаматтардың әлеуметтік құқықтарының қорғалуын қадағалайды;

- жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу міндеті корпорациялар мен бірлестіктерге де жүктелген.

3. Неміс үлгісі. Ол өзінің әлеуметтік-экономикалық мазмұны бойынша жапон үлгісіне жақын. Әлеуметтік нарықтық экономиканың немістік үлгісінің негізін салушы Людвиг Эрхард.

Неміс үлгсіінің ерекшеліктері:

- мемлекеттің экономикаға әсері үлкен, әсіресе, әлеуметтік мәселелерді шешуде оның орны ерекше. Германиядағы әлеуметтік міндеттемелердің елеулі бөлігін мемлекет өз мойнына алады: тегін медицина, білім беру және т.б.;

- XX ғасырдың 70 жылдары Германия ең алғашқылардың бірі болып негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді таргеттеу (жоспарлау) қағидасын енгізді. Әлеуметтік әріптестік қағидасы жүзеге асырылды. Ол бойынша кәсіпорын жұмысшылары меншік иесі тең құқықты әріптес болып табылады.

4. Швед үлгісі. Кейде швед үлгісін социализмнің екінші үлгісі деп те атайды. Швед елі өмір сүру деңгейі мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің жоғары денгейімен ерекшеленеді. Мемлекет экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен табыстарды қайта бөлуде белсенді қызмет етеді. Бұл үлгінің ерекшеліктері:

- әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономика;

- мүлік теңсіздігі өте төмен;

- халықтың қорғансыз топтарына көмек жоғары.

5. Француз үлгісі. Бұл үлгі американдық және неміс экономикасының ерекшеліктерін камтиды. Мұнда мемлекеттің реттеуші рөлі жоғары. Францияда 1947 жылдан бастап 5 жылдық индикативті жоспарлау жүзеге аса бастады. Мемлекеттік жоспарлаудың ерекше үлгісі ретінде франциялық жүйе нәтижелі болып табылады. Үлгінің өзіне тән ерекшелігі:

- халық шаруашылығында мемлекеттік кәсіпкерліктің үлесі ауқымды;

- капиталдың қорлану үрдісіне мемлекеттің кеңінен араласуы.

6. Оңтүстік Кореялық үлгі. Оңтүстік Корея өз экономикасын дамыту үрдісінде осы үлгіьді колдану арқылы қысқа мерзім ішінде экономикасы нашар елден индустриалды дамыған елге айналды. Үлгінің ерекшелігі: мемлекеттің экономиканы реттеуші рөлі басым. Ол келесі тетіктер арқылы жүзеге асырылады:

- экономикалық дамуды жоспарлау. Бес жылдық жоспарларды қабылдау, ірі инвестициялық жобаларды қолдау, оларды мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландыру;

- ұзақ уақыт бойы қаржы-несиелік сферада мемлекеттің монополиялық үстемдігі. 80 жылдардан кейін ғана жеке банктік - несиелік институттар пайда болды. Мұндай саясат қаржы - валюта ресурстарын бір орталыққа шоғырландырып, оларды басым салаларға тиімді жұмсауға мүмкіндік берді;

- отандық өндірушілерді қолдау мақсатында экспорттық операцияларды ынталандыру, импортты шектеу.

7. Қытай үлгісі.Қытай экономикасын реформалау ауыл шаруашылығынан басталды. Шаруашылық жүргізу жүйесін өзгерту үшін шаруа қожалықтары отбасы деңгейінде құрылды. Жер 15-30 жылға жалға берілді. Шаруа қожалықтары өндірген өнімнің бір бөлігі салық, екінші бөлігі жергілікті билік органдарының қорына берілді, қалғаны мемлекетке жоғары бағамен немесе нарықта сатылды.

Шағын шаруашылықтың қаржылық, техникалық, технологиялық мүмкіншіліктері төмен болғандықтан, шаруа қожалықтарын кооперациялардың әртүрлі нысандарына біріктіру жүзеге асырылды.

 








Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 21799;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.022 сек.