Оғамдық өндіріс құрылымы.
Қоғамдық өндіріс мәселесі экономикалық теорияның негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Адамдар қоғамда тіршілік ету үшін өндіріс үрдісі қажет. Ол материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну үрдістерін қамтиды. Яғни, өндіріс дегеніміз- адам өміріне қажетті игіліктерді өндіру кезіндегі адам мен табиғат арасындағы байланыс. Материалдық игіліктерді өндіру тәсілі - өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың диалектикалық бірлігі болып табылады. Бұл кезде, өндіргіш күштер өндіріс тәсілінің материалдық - заттық мазмұнын, ал өндірістік қатынастар - олардың өмір сүруі мен дамуының әлеуметтік-экономикалық нысанын құрайды. Өндіргіш күштерге екі түрлі фактор кіреді.Олар:
· субъективті жеке факторлар немесе жұмыс күші;
· объективті заттық факторлар немесе өндіріс құрал-жабдықтары.
Жұмыс күші дегеніміз- адамның еңбекке деген қабілеттілігі. Ол өндірісте пайдаланылатын ой және еңбек күштерінің бірлігі. Жұмыс күші өндірістің жеке факторы ретінде орын алады.
Өндіріс құрал-жабдықтары- еңбек құралдары мен еңбек затынан тұратын өндірістің заттық факторы. Еңбек құралдары дегеніміз- адамға қажетті игіліктерді жасауға пайдаланылатын заттар жиынтығы. Еңбек заттары– деп еңбек барысында адамдардың тікелей әсер етіп, болашақ өнімнің материалдық негізін құрайтын заттарды айтамыз.
Өндіргіш күштер- бұл қажетті білімі, еңбек тәжірибесі мен іскерлігі бар адамдар мен еңбек барысында пайдаланылатын еңбек құралдары.
Экономикалық игіліктерді өндіру үшін ресурстар, яғни материалдық және рухани игіліктер мен қызметтерді жасау үрдісіне қажетті түрлі өндіріс элементтері пайдаланылады. Ресурстарды бес топқа жіктеуге болады:
- табиғи ресурстар- бұл адамның тіршілік етуінің табиғи жағдайларының жиынтығы, яғни өндіріс үрдісінде пайдаланылатын қоршаған ортаның құрамдас бөліктері (су, топырақ, пайдалы қазбалар);
- еңбек ресурстары- еңбекке жарамды жастағы жұмыс күшіне ие адамдар;
- өндіріс құралдары- жеке өндірістік үрдіс үшін бөлінетін ақшалай қаражат түріндегі капитал;
- ақпараттық ресурстар- автоматтандырылған өндірістің қызмет етуіне және оны кампьютерлік техникамен басқару үшін қажетті мәліметтер;
- кәсіпкерлік қызмет- барлық ресурстарды игіліктер мен қызмет жасау мақсатында ұйымдастыру әрекеті кезінде көрінетін адам капиталы. Ресурстар әрқашанда шектеулі болып келеді.
Ресурстардың абсалютті және салыстырмалы шектеулілігін ажырата білу керек.
Абсалютті шектеулілік- өндіріс ресурстарының қоғам мүшелерінің барлық қажеттіліктерін бір мезгілде қанағаттандыруға жетіспеушілігін айтады. Егер қажеттіліктер шеңберін тарылтса, онда қажеттіліктердің абсалютті шектеулілігі салыстырмалы болады. Өйткені, қажеттіліктердің шектеулі шеңбері үшін ресурстар салыстырмалы түрде шексіз болады.
Өндіріс үрдісінде ресурстар өндіріс факторларына айналады. Өндіріс факторлары адамзат қоғамының даму деңгейіне сәйкес ұдайы дамып жетіліп отырады. Маржинализм теориясының өкілдері өндіріс факторларын төрт топқа бөледі. Олар:
- жер – бұған табиғат байлықтары, пайдалы қазбалар, орман, жыртуға жарамды жер және т.б.;
- капитал – бұл машина, құрал-жабдықтар, қойма, көлік және байланыс құралдары және т.б.;
- еңбек – адамның мақсатты ақыл-ой және дене қызметінің көрінісі;
- кәсіпкерлік қабілет - арнайы өндіріс факторы ретінде өндірісті ұйымдастыруда ынтлылықты, төзімділікті және тәуекелділікті қажет ететін жұмыс күшінің өнім өндіруге мамандануы.
Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 5003;