лсіреген науқастарға күтім мен бақылауды ұйымдастыру
Персонал міндетті:
- Науқастың туалетін жүргізуге: жуындыру, ауыз қуысын тазалауға;
- Науқас қажетті тағам мөлшерін қабылдауын қадағалауға, қажет болған жағдайда науқастарды өлшеп тұруға, қолдан тамақтандыруға, тағам жұмсақ, ыстық емес, құнарлы, дәрумедерге бай болуы керек.
- Физиологиялық бөлінділерін қадағалау: судноны уақытында беруді науқастарға ескерту, ластанған жағдайда төсекті ауыстыру, жуу;
- Ойылулармен күресу, төсек орны мен терісінің жағдайын бақылап отыру, резеңке дөңгелектер қою, терісін камфор спиртімен сүрту;
- Науқастың төсектегі қалпын бірнеше рет ауыстыру арқылы пневмониямен күресу;
- Науқастың қозуын бақылау.
«Сіз маған өзіңіздің сырқатнамаңызды
көрсетіңіз, мен сізге қандай дәрігер
екеніңізді айтып берейін »
Дәрігер афоризмі
Сырқатнама келесі бөлімдерден тұрады:
1. Төлқұжаттық мәліметтер
2. Науқастың шағымы
3. Анамнез
а. Өмір анамнезі
б. Жанұялық анамнез
в. Ауру анамнезі
4. Тексеру кезіндегі науқастың жағдайы
а. Соматикалық жағдайы
б. Жүйке жүйесінің жағдайы
в. Психикалық жағдайы
5. Синдромальды диагноз
6. Лабораторлы және инструменталды зерттеулер нәтижелері
7. Нозологиялық диагноз
а. Болжам диагноз
б. Диагнозды негіздеу
в. Қорытынды диагноз
8. Тағайындаулар
а. Тәртіп, бақылау түрі
б. Күтім, тамақтану сипаты
в. Емдеу
9. Ауру динамикасы (күнделіктер)
Төлқұжаттық мәліметтер: аты-жөні, жасы, ұлты, жұмыс немесе оқу орны, мамандығы, мекен-жайы және телефоны. Туыстарының мекен-жайы және телефоны. Түскен күні. Курация уақыты.
Науқастың шағымы (тексеру сәтіндегі)
Anamnesis vitae (өмір анамнезі). Бұл зерттеулер психикалық аурудың дамуына алып келген биологиялық, психикалық және әлеуметтік факторларды анықтауға бағытталған.
Биологиялық факторлар. Ұрықтану кезіндегі ата-анасының жас мөлшері, босану барысы мен физикалық даму сипаты. Соматикалық, инфекциялық бас-ми аурулары; интоксикациялар – өндірістік, алкогольдік, наркотикалық, токсикоманиялар. Жыныстық дамуы, менструальды цикл, жыныстық өмірі, жүктіліктері, босанулары, климакс, қартаю ерекшеліктері. Психикалық факторлар. Баланың жасына сай психикалық дамуы. Науқастың психикалық ерекшеліктері - интеллекті, қызығушылықтары, мінез-құлқы, еліктеулері, темпераменті, қиындықтарға психикалық төзімділігі, өзін бағалауы. Ұнамды қасиеттері: мейірімділігі, әділдігі, адалдығы, жауапкершілік сезімі; әртүрлі теріс күйзелістер – кешенді күйзелістер, ішкі конфликттер, жедел және созылмалы психикалық жарақат, эмоциональды депривация, ұзаққа созылған психоэмоциональды кернеліс жағдайы.
Әлеуметтік фактор. Әлеуметтік ортаның ерекшелігі - ата-анасының жанұясы, өзінің жанұясы, балалар бақшасы, мектеп, өндірістік орта, достары. Әлеуметтік дамуы - оқу, әскери қызметте болуы, қызметтегі жетістіктері, қоғамдық қызметі.
Клиникалық медицинада өмір анамнезін жас кезеңдеріне байланысты жазу және суреттеу қабылданған. Әр жастың өзіне тән биологиялық, психикалық, әлеуметтік зиянды факторлары болады, бұл психикалық аурулардың қалай пайда болатынын анықтауға жәрдем береді.
Ұрықтану жағдайы, ата-анасының жас мөлшері, анасының жүктілік кезіндегі денсаулығы, босануы. Туылу кезіндегі баланың жағдайы.
Баланың өсуі мен дамуы. Баланың мінез-құлығы: сабырлы, қарым-қатынасшылдығы, ашушаң, ұялшақ, қорқақтығы және т.с.с. Басынан өткен аурулары, жарақаттары, олардың асқынулары. Ұйқы кезінде сөйлеу, жүру, кіші дәретін ұсай алмау, ұстамалар, қорқыныштар, материалдық-тұрмыстық жағдайлар, жанұядағы жағдайлар, тәрбие ерекшеліктері.
Мектептегі кезең: оқуға қабілеті, мектептегі, жанұядағы мінез-құлығы, мінезінің қалыптасуы, жыныстық жетілуі, сол жастағы ауырған аурулары, олардың церебральді және психикалық салдары.
Осы кезеңдегі материалдық-тұрмыстық жағдайы: жанұядағы жағдайлар, тәрбиелену ерекшелігі – тәрбиенің қатаңдығы немесе ерекше қамқорлық, өз бетімен аса еркін жүруі, «жанұя кумирі» болуы.
Оқу жалғастыруы, мамандық алуы, әскери қызметте болуы.
Тұлға дамуы: әлеуметтік өсуі, әлеуметтік статусы – жанұясы, мамандығы, атқаратын қызметі. Мінезінің, қызығушылықтарының, парыздарының түзілуі.
Жыныстық өмірі: менструальды кезеңнің ерекшелігі, жыныстық өмірінің ерекшелігі, жүктілік, босанғаннан кейінгі жағдайы.
Хронологиялық рет бойынша басынан өткен соматикалық және инфекциялық аурулары болуы және олардың церебральді және психикалық салдары. Кәсіби зияндылықтар, мамандығына байланысты психикалық күйзелістер, қиындықтар, сәтсіздіктер. Алкогольді ішімдіктер мен наркотикалық заттарды пайдалануы, себептері, қолдану ерекшеліктері, жүйелі түрде қабылдауы, мас болу ерекшеліктері, бас жазу. Наркотикалық заттарды қолдану дозасы және себептері.
Инволюциалдық кезең: климактериялық көріністер, психикалық жарақаттар, жанұялық-тұрмыстық ситуациялар, басынан өткерген аурулары.
Жанұялық анамнезі: Психикалық ауру дамуына ықпал еткен биологиялық және әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, дерт этиологиясын зерттеуге бағытталған.
Тұқым қуалаушылық бейімділік туған-туысқандарындағы айқын психикалық аурулардың болуымен, психоздардың атипті және жасырын формаларының, өз-өзіне қол жұмсаулар, мінез-құлық ерекшеліктерімен, алкоголизмнің ауыр формаларымен көрінуі мүмкін. Тұқым қуалауға бейімділікті анықтау әсіресе шизофрения, МДП, эпилепсия, психопатия ауруларында маңызды. Бұл факторлар ата-анасы мен жақын туыстарында зерттеледі. Қорытынды жасағанда медициналық генетикада қолданылатын схема бойынша генеологиялық карта жасалады. Әлеуметтік факторлар – бұл мәдениет, дәстүрлер, жанұяда, тұқымында қалыптасқан тәрбиелеу ерекшеліктері.
Anamnesis morbi (ауру анамнезі). Аурудың алғашқы белгілері қашан пайда болды, немен көрініс берді (соматикалық, неврологиялық, психикалық бұзылыстар). Психикалық өзгерістерге не себеп болды немесе қандай жағдаймен бірге жүрді. Соматикалық аурулары, бас-сүйегінің зақымданулары, инфекциялар, интоксикациялар, психикалық жарақаттар. Олар қалай көрініс берді.
Аурудың дамуы: пайда болу реттілігі және симптомдарының өзгеруі: соматикалық, неврологиялық, психикалық.
Ауру ағымы: жедел, жеделдеу, созылмалы, үдемелі, стационарлық, регредиентті, интермитирлеуші, ремиссиялар, декомпенсация, ауру барысына не әсер етті. Терапевтке, невропатологқа, психиатрға қаралулары, олардың диагностикасы, емделу нәтижелері. Психиатриялық ауруханада болуы: қашан, қандай ем қабылдады, нәтижесі.
Психикалық аурудың әрі қарай психикалық дамуына, жұмысына, оқуына, адамдармен қарым-қатынасына әсері. Қазіргі ауруханаға түсуінің себептері.
Ескерту. Анамнездің әрбір түрі науқас адамның, туыстарының, жақындарының сөзі арқылы анықталады. Әрбір адамнан алынған мәліметтер бөлек жазылады және мәліметтің кімнен алынғаны көрсетіледі.
Соматикалық жағдайды және жүйке жүйесінің жағдайын зерттеудің психиатрияда маңызы зор. Бұл келесі себептермен анықталады.
1. Соматикалық және неврологиялық өзгерістер психикалық аурулар симптомы болуы мүмкін.
2. Соматикалық және неврологиялық аурулар психикалық аурудың себебі болуы мүмкін.
3. Соматикалық және неврологиялық өзгерістер психикалық аурудың дамуына бейімдейтін фактор болуы мүмкін.
4. Соматикалық және неврологиялық бұзылыстар психикалық аурудың қолайсыз барысын және нәтижесін анықтауы мүмкін.
5. Соматикалық және неврологиялық аурулар кейбір терапиялық емдеу әдістеріне қарсы көрсеткіш болуы мүмкін.
6. Соматикалық және неврологиялық қолайсыз жағдайлар кейбір дәрі-дәрмектерді қолданғанда болатын асқынуларды шақыруы мүмкін.
7. Көптеген соматикалық және неврологиялық аурулар психикалық аурулар кезінде жасырын немесе атипті түрде көрініс беруі мүмкін және оларды анықтау үшін түпкілікті зерттеулер жүргізу қажет. Сонымен қатар психикалық науқастар өздерін мазасыздандыратын жағдайларды айтпауы мүмкін.
Соматикалық жағдай. Терапиялық тәжірибеде қалыптасқан схема бойынша зерттеледі.
Жүйке жүйесі. Психиатрияда жүйке жүйесін зерттеудің өзіндік маңызы, әдістері, ерекшеліктері бар.
1. Жүйке жүйесінің жағдайын білу кейбір факторлармен анықталады. Біріншіден барлық психикалық аурулар «ми дерті» болып табылады. Олардың көпшілігінің негізінде мидың энцефалопатиялық тип бойынша патоморфологиялық өзгерістері жатады. Психикалық аурулардың бір бөлігі энцефалиттер мен ми ісіктеріне байланысты пайда болады. Осылайша, себептері патоморфологиялық өзгерістерге әкеліп соқтыратын көптеген психикалық аурулар тобы бар.
Екіншіден науқастардың бір бөлігінде осы патоморфологиялық өзгерістер психикалық аурумен қатарлас жүреді, яғни негізгі фоны болып табылады. Мысалы, алкогольді психоз психикалық ауру дамуына бейімдеуі мүмкін. Мысалы, невроз церебральды жеткіліксіздігі бар науқастарда жиі дамиды.
Органикалық жетіспеушілік аурудың клиникалық көріністеріне екінші ретте әсер етуі мүмкін және де оның формасын анықтайды. Мысалы, бұрын нейроинфекциямен ауырған нәрестенің дене қызуы жоғары көтерілгенде, делирий емес, эпилепсия ұстамасы дамиды. Ал ол өте ауыр өтеді.
Церебральді жетіспеушілік психикалық аурулардың қолайсыз, созылмалы түрде өтуіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, жедел алогольді параноид мидың органикалық зақымдалуының қалдық құбылыстары фонында пайда болады да, созылмалы, үдемелі ағымға жиі ауысады. Психикалық ауруларды емдеуде жүйке жүйесіндегі өзгерістер аса маңызды болып табылады. Олар науқастардың терапияға резистенттілігін анықтауы мүмкін, инсулинотерапия жүргізгенде тырысулық ұстамалар пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Осының барлығы психикалық ауруларда жүйке жүйесін мұқият тексеру керектігін және оның үлкен маңызы бар екенін дәлелдеп отыр.
2. Жүйке жүйесінің жағдайын тексерудің 4 негізгі кезеңі болады:
1. Ауру шағымы
2. Ми анамнезі
3. Жүйке жүйесі жағдайын дәрігердің клиникалық тексеруі
4. Лабораторлық және инструментальды зерттеулер
Жүйке жүйесінің жағдайы – науқастың шағымынан түсінікті болады. Бас ауруы, бас айналу, ыстықты көтере алмау, дем жетіспеу, ой еңбек қабілетінің төмендеуі, тітіркенгіштік, пароксизмальды көріністер. Жүйке жүйесінің жағдайын тексеру тікелей ми анамнезінен басталады. Бұл терминді әйгілі психиатр А.Э Эпштейн ұсынған, ол ми анамнезін анықтау методикасын жасап шығарған.
Біріншіден, жүйке жүйесі тарапынан пайда болатын дертті көріністер – олар бас ауыруы, айналуы, дамудың артта қалуы, невропатиялар, ақыл-ой еңбегіне қабілеттілік, тұлғаның әлеуметтік дамуы және т. б.
Екіншіден, жүйке жүйесінің жағдайына әсер ететін барлық зияндылықтар: соматикалық аурулар, инфекциялар, интоксикациялар. Әсіресе ошақтық инфекция шақыратын, мысалы, баспа, отит, әйелдердің кіші жамбасы мүшелерінің қабыну үрдістеріне көп көңіл аударылады. Бұз зияндылықтар тек жүйке жүйесіне емес, сонымен қатар, адам ағзасының реактивтілігіне теріс әсер ететінін, психикалық аурудың дамуына, оның рецидив беруіне ықпал ететінін ескеру керек.
3. Ми анамнезін зерттегеннен кейін біз жүйке жүйесі жағдайының клиникалық зерттеулерін жүргіземіз. Ол неврология клиникасында қалыптасқан схема бойынша жүргізіледі. Бірақ бұл зерттеуде келесі міндеттерді ескеру керек:
Біріншіден, психиатрияда неврологиялық өзгерістердің дәрежесі мен психикалық өзгерістердің айқындылығы арасында кері қатынас заңы белгілі, яғни, ми қаншалықты жеңіл өзгерістерге ұшыраса, соншалықты психикалық өзгерістер дамуының ықтималдылығы жоғары. Бұл науқаста жасырын церебральді жетіспеушілікті анықтау қажеттілігін көрсетеді. Ол үшін жүйке аурулары клиникасындағы танымал функциональды сынамаларды жүргізу керек.
Екіншіден, жүйке жүйесінің жағдайын тексере отырып, психикалық ауруларды қазіргі емдеу әдістерімен емдеу кезінде (нейротропты препараттар: аминазин және т.б.), паркинсонизм ауруының симптомдары тәрізді түрлі асқынулар даму мүмкіндігін есте сақтау керек. Сондықтан науқастан осындай өзгерістер көрінсе, бұрын немен емделгені туралы сұраған жөн.
4. Жүйке жүйесін клиникалық зерттеуден кейін лабораторлық және аспаптық әдістермен терең зерттеу жүргізу қажет. Осы зерттеулерді жүргізген кезде мынадай сұрақтарға жауап іздеуіңіз керек: аурудың себебі, зақымдану ерекшелігі, орналасқан жері немесе қосымша симптомдары.
5. Жүйке жүйесін терең зерттеу невропатолог консультациясын қажет етеді. Консультация кеңес болып табылатындықтан, не жөнінде кеңес алатындығыңызды және өзіңізге нақты қандай көмек керектігін білуіңіз керек.
Психикалық жағдай. Мына схема бойынша зерттеледі:
а. Науқастармен қатынас сипаты: жақсы күйдегі науқас әңгімеге жақсы ықылас қойып, өзі жайлы толық әңгімелейді; формальды науқас біртекті жауаптар береді; кейбір науқастар тұйық болады; жауап беруден бас тартады және қойылған сұрақтар оны тітіркендіруі мүмкін; күдікшіл науқас қатынасқа берілмейді.
б. Сана жағдайы: тұрған жерін, уақытты, өз тұлғасын бағдарлауы, стационарда не үшін жатқаны жөнінде түсінігі.
в. Түйсік және қабылдау бұзылыстары: анестезия, гипостезия, гиперестезия, парестезия, сенестопатия, иллюзиялар (аффективті, вербальді), галлюцинациялар (қандай екенін көрсетіңіз), метаморфопсиялар, дене схемасының бұзылысы. Уақытты дұрыс қабылдау, сөйлеу бұзылыстары. Дереализация, деперсонализация.
г. Есте сақтау қабілетінің өзгеруі: Фиксациялық гипомнезия (заттарды қайда қойғанын, адам есімдерін, телефон нөмірлерін есінде сақтай алмау), гипермнезия, амнезия (ретроградты, антероградты, ретроантероградты), парамнезиялар - кофабуляция, псевдореминисценция. «Бұрын басынан өткен», «бұрын көргендік», «бұрын естігендік» сезімдерінің болуы.
д. Зейін бұзылыстары: зейінін жинақтау қабілеті (қойылған сұрақтарға мән беру қабілеті), оның әтүрлі бұзылыстары - шашыраңқылығы, зорығуы, патологиялық тұрақтылығы.
е. Ойлау бұзылыстары: екпіні бойынша – баяу, жылдам, тоқтаған. Байланысы бойынша – мағыналық, логикалық және грамматикалық. Мақсаттылығы бойынша – патологиялық байымды, персеварация, резонерлік. Мазмұны бойынша ойлау бұзылысы – аса бағалы және сандырақтық идеялар, олардың мазмұны және логикасы, аргументация сипаты, сенім дәрежесі, дәлелдер келтірудегі белсенділігі.
ж. Сөйлеу бұзылыстары: екпіні, түсініктілігі, кекештену, эхолалия, неологизм, мутизм.
з. Интеллект жағдайы: Науқастың мектептегі, тұрмыстағы, арнайы білім орындарында алған білімі және олардың науқастың білім дәрежесіне, өмірлік тәжірибесіне сәйкестігі. Оқуға, білімін толықтыруға қабілеті, дағыларды игеруі. Ойлау сипаты: ұғымдарды біріктіру, ажырату қабілеті, мақал-мәтелдердің түсінуі, қанатты қағидалардың астарын ұға білуі.
и. Эмоция бұзылысы: науқастың көңіл-күйі - мазмұны, күші, тұрақтылығы. Науқас жағдайы: нашар, қанағаттанарлық, көтеріңкі. Аффективті қозғыштығы: тітіркенгіштік, аффективті күй күші мен ұзақтығы, олардың вегетативті және психомоторлық көріністері. Эмоциональды лабильділік, боскөңілділік. Екіжүзділік (амбиваленттілік) және сезімдердің бұрмалануы. Жоғарғы дәрежелі сезімдер сипаттамасы (этикалық, эстетикалық, интеллектуальдық). Эмоциональдық сфераның жалпы бұзылыстары – апатия, эмоциональды дефект.
к. Әуестік бұзылысы: тағамдық, жыныстық, өзін сақтауға бағытталған әрекеттер, сандық, сапалық өзгерістер.
л. Қозғалыстық-еріктік сфера бұзылысы: психомоторлы белсенділіктің қозу деңгейіне дейін күшеюі, немесе ступор деңгейіне дейін төмендеуі. Кататониялық симптомдар – эхопраксия, негативизм, балауыздық иілгіштік, импульсивті әрекеттер. Еріктің жалпы күшеюі мен төмендеуі (абулия деңгейіне дейін). Галлюцинациялармен, сандырақпен, патологиялық әуестікпен, сана бұзылысымен байланысты жүріс-тұрыс бұзылысы.
м. Дертін мойындау және ол жөніндегі күйзеліс: жеткіліксіз, жоқ, әсіреленген, адекватты.
н. Мимикасы, пантомимикасы, жүріс-тұрысы: мимикасы жанданған, адекватты, амимия, парамимия. Күйзелістеріне қозғалысының сәйкес келмеуі. Бақылау барысында науқастың тәртібі мен сыртқы әлпеті: кабинетке қалай кіргені, амандасқаны, отыру қалпы, киінгені. Нұсқауларды орындауы: дәл, тез және т.б.
о. Науқастың бөлімшедегі тәртібі: қарым-қатынасқа түсуі, бөлім режимін орындауы, еңбек үрдісіне және мәдени шараларға қатысуы.
Синдромальды диагноз – психикалық ауру диагностикасындағы бірінші және маңызды этаптың бірі. Ол келесі факторлармен анықталады.
1. Психопатологиялық синдромның анықталуы адамда психикалық ауру бар екендігін білдіреді.
2. Психопатологиялық синдромның диагностикалануы психикалық ауру көрінісінің формасын анықтауға мүмкіндік береді (психотикалық немесе психотикалық емес).
3. Синдром ерекшеліктерін анықтау аурудың нозологиялық тәнділігін анықтауға мүмкіндік береді.
4. Психопатологиялық синдром психикалық ауру емінің негізгі бағдары болып табылады.
Нақты осыған байланысты науқастың психикалық жағдайын зерттеу кезінде науқаста қандай патологиялық синдром деген дәрігер сұрағы бірінші ауызға келеді.
Синдромальді диагноз келесі іс – әрекеттер көмегімен іске асырылады:
а. Барлық табылған симптомдарды жазу
б. Симптомдарды психикалық функциялар бойынша топтау
в. Негізгі және қосымша симптомдарды айыру
г. Психикалық бұзылыстарға синдромальды баға беру.
Зерттеудің қосымша әдістері: Дәрігер қарауы, яғни клиникалық зерттеулер аяқталған соң, науқасқа басқа да зерттеулер жүргізіледі. Олар әртүрлі атауларға ие болған: «қосымша зерттеу әдістері», «параклиникалық зерттеулер», «лабораторлы және инструментальды зерттеулер». Бұл зерттеулерді бастамас бұрын, төмендегілерді білуіңіз тиіс:
1.Алдымен сіз не білгіңіз келетінін анықтап алуыңыз керек. Психиатриялық клиникада қосымша зерттеу әдістері мына міндеттерді шешу үшін қажет:
Біріншіден, зерттеулер аурудың себебін анықтауға бағытталған. Мысалы, босанғаннан кейін пайда болатын зерттеу себебі сепсис болып табылады. Клиникаға жас әйел түсті, босанғаннан кейін психикалық күйі өзгерген. Босану санитарлық ережеге сай болмаған. Клиникалық көрінісінде ауыр соматикалық жағдай, температураның тербелісі, қан формуласының өзгеруі, психикалық жағдайында - аментивті синдром. Диагностикалық болжам бойынша – психикалық бұзылыспен асқынған босанудан кейінгі сепсис.
Екіншіден, психикалық аурулар дамуы шарттарын зерттеуге бағытталған. Психикалық ауру дамуы шарттарына науқастың соматикалық, психикалық және церебральдық жағдайлары жатады. Психиатрияда бұл негіз («почва») деп аталады (Жислин С.Г). Психикалық, соматикалық, церебральдық ерекшеліктер негізінің әртүрлі клиникалық мәні болуы мүмкін.
Олар бейімдеуші факторлар ретінде болуы мүмкін. Мысалы, алкогольдік психоз соматикалық және церебральдық жетіспеушіліктері бар науқастарда тезірек пайда болады.
Негіз («почва») - аурудың клиникасына, ағымына, нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, алкогольді галлюциноздың созылмалы түрде өтуін науқастың ертеректе алған бас-ми жарақатымен түсіндіруге болады. Осыны зерттеу және сәйкес ем тағайындау науқасқа жылдам көмекті қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.
Соматикалық және церебральды жетіспеушілік терапияны таңдауда, резистенттілік пен асқынулардың алдын – алуда маңызды орын алады.
Үшіншіден, клиникалық әдіспен анықталмайтын соматикалық, неврологиялық және психикалық аурулардың симптомдарын анықтауға бағытталуы мүмкін. Мысалы, аурудың бруцеллезді этиологиясына күмәндана отырып, дәрігер дене қызуының көтерілуі, қандағы өзгерістердің болуы, Бюрне және Хедельсон реакцияларының оң болуы сияқты қосымша белгілер іздей бастайды.
Психоорганикалық синдроммен науқаста бас–сүйек рентгенограммасында, энцефалографиясында және т.б. мидың органикалық зақымдануы симптомдарын іздеуге болады.
Кей жағдайларда психикалық симптомдарды клиникалық әдістермен табу мүмкін болмай, тек психикалық эксперимент арқылы анықтауға болады.
Төртіншіден, психиатриялық клиникада лабораториялық әдістермен зерттеулердің алдына қойған жеке мақсаты кейбір медикаменттердің қандағы деңгейін анықтау болып табылады. Мысалы, литий, тырысуға қарсы препараттардың.
2.Алға қойылған тапсырмаларға сәйкес қосымша зерттеу әдістері мыналарға бағытталған:
Біріншіден, науқастың соматикалық жағдайын терең зерттеу. Бұл аурудың себебін «соматикалық негізін», сонымен қатар соматикалық симптомдарын анықтауға бағытталған.
Екіншіден, психикалық аурулардың «милық ошақтарын», себебін, асқындыратын церебральды факторларын, және де аурудың неврологиялық симптомдарын терең зерттеуге.
Үшіншіден, науқастың психикалық жағдайын терең зерттеу. Экспериментальды-психологиялық зерттеу әдісі тұлғаның актуальды психожарақаттаушы күйзелістерін анықтауға көмектеседі. Тұлғаның алкоголизмге, неврозға бейімділігін білдіретін тұлғалық ерекшеліктерін анықтауға ықпал етеді. Сонымен қатар психикалық аурудың жасырын симптомдарын анықтауға көмектеседі.
Психиатрияда қолданылатын барлық қосымша зерттеу әдістерін 3 негізгі топқа бөлеміз:
Біріншіден, организмнің биологиялық ортасын зерттеуге негізделген лабораториялық зерттеу әдісі. Мысалы, қан, зәр, ликвор және т.б.
Екіншіден, инструментальды зерттеу әдістері: рентгенография, электрокардиография, электроэнцефалография, реоэнцефалография. Олар соматикалық жағдайын және жүйке жүйесін зерттеуде қолданылады.
Үшіншіден, экспериментальды-психологиялық әдіс. Ол психикалық науқасты терең зерттеуге бағытталған.
Нозологиялық диагноз. Үш элементке негізделіп қойылады.
І. Синдромның нозологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, инфекциялық ауру және бас-ми жарақатынан кейін дамыған астениялық синдром әртүрлі көрінеді.
ІІ. Аурудың нақты ағымы, дамуына қарай. Психикалық ауру ағымының сатылары - преморбидтік, инициальді, манифестті. Басталу түрі: жедел, жеделдеу, созылмалы. Ағымы: прогрессивті, регредиентті, фазалы, пароксизмальды.
ІІІ. Этиологиясы, яғни ауру дамуының шарттары және себептері.
А) Психикалық аурудың пайда болуы құпия болып көрінгенімен, ол әрдайым табиғи (биологиялық, психикалық, әлеуметтік) себептердің әсернен дамиды.
Б) Психикалық аурудың пайда болуы түсініксіз болғанымен, ол әрдайым себептер мен бейімдеуші факторлардың әрекеттерінің және өзара әсерлесуінің заңды нәтижесі болып табылады.
Диагнозды негіздеу нозологиялық тәнділігін дәлелдейтін факттардан тұруы тиіс. Мысалы, сіз науқаста психопатияны болжайсыз. Оны негіздеу үшін келесі факттарды көрсетуіңіз керек:
а. Ауру психикалық синдроммен байқала ма?
б. Ауру бала кезден бері көрініс берді ме?
в. Ауру барлық жағдайда байқала ма?
г. Ауру эпизодтық реакциялармен және декомпенсациялармен байқала ма?
Күнделіктер. Науқастың жағдайы туралы қысқаша және нақты деректерді және психопатологиялық бұзылыстардың динамикасын қамтиды.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 3181;