Церебральды атеросклероз кезіндегі психикалық бұзылыстар

Церебральды атеросклероздың клиникалық көрiнiсін сипаттағанда және топтастырғанда церебральды қантамырлық үрдістің жалпы қалыптасқан даму сатыларына сүйену керек. Әр сатыға тән әртүрлi клиникалық (психопатологиялық) және морфологиялық ерекшеліктер болады. Церебральды атеросклерозға байланысты үрдістің клиникалық дамуының үш сатысы бар: 1 - бастапқы саты, 2 - айқын психикалық бұзылыстар сатысы, 3 - дементті саты.

Церебральды атеросклероздың 1 сатысының жиі көрінісі неврастения тәрiздi синдром болып табылады. Бұл жағдайдың негiзгi белгiлерiне тез шаршағыштық, әлсiздiк, психикалық үрдістің қажуы, тiтiркенгiштiк, эмоциональды лабильдiлiк жатады. Кейде астениямен байқалатын жеңіл депрессия болады. Басқа жағдайларда церебральды атеросклероздың бірінші сатысының көрінісі ретінде психопатия тәрiздi (тiтiркенгiштiкпен, тіл табыса алмаушылықпен) немесе ипохондриялық (ипохондриялық сипатта шағым айту) синдром көрініс береді. Церебральды атеросклероздың бастапқы кезеңiнде науқастар бас айналуға, құлақтағы шуға, есте сақтаудың нашарлауына шағым айтады.

Церебральды атеросклероздың 2-шi сатысында (айқын психикалық бұзылыстар кезеңi) мнестико-интеллектуальды бұзылыстар күшейедi: ес едәуір нашарлайды (әсіресе осы шақ оқиғаларына), ойлау инертті бола түседі, эмоциональды лабильдiлiк күшейедi, боскөңілділік байқалады. Церебральды атеросклероз гипертониялық аурумен жиі бiрге жүреді.

Науқас Е., 68 жаста, түскен кезде тiтiркенгiштiкке, көңiл-күйiнiң төмендеуiне, ес нашарлауына, тез шаршағыштыққа, зейін шашырандылығына шағымдар айтты.

Шаруалар жанұясында дүниеге келген. Әкесi соғыста қайтыс болған, анасы миокард инфарктынан қайтыс болған. Тұқымдарында психикалық ауруларды жоққа шығарады. Балалық шағы жөнінде мәлімет жоқ. Қызылша, скрлатина, анемия ауруларымен ауырған. Орташа оқыған, 8 сынып және техникумды аяқтаған. Заводта технолог болып iстеген, кейін еңбек және жалақы төлеу бөлімінің бастығы болып ауысқан. Жұмысы жоғары психикалық жүктемені қажет етеді және аз қозғалысты.

25 жасынан бастап бас ауырулары мазалайды, мұрнынан қан кетедi, жүрек тұсында қолайсыздықты байқаған. Дәрiгерге қаралмаған.

27 жасында үйленген, 1 баласы бар. 31 жасында бiрiншi рет артериялық қан қысымы 170-100 мм/сын. бағ. көтерiлген. Эпизодты түрде емделген, қан қысымы барлық кезде тез төмендеген, бiрақ көтерiлуi қайталанып тұрған және қатты бас ауыруымен бірге жүретін болған. 36 жасынан бастап басы ауырып, қан қысымы көтерiліп жүрегi ауырғандықтан амбулаторлы жағдайда және стационарлы түрде емделген, жыл сайын курортты ем қабылдаған. 41 жасында бiрiншi рет тез шаршағыштық, есте сақтау қабілетінің төмендегенiне мән берген, жиi жазып алып жүрген, климат өзгерткен, бірақ жағдайы жақсармаған, осыдан кейiн ол ауруханаларда мынадай диагноздармен емделген: гипертониялық ауру, атеросклероз, жүректiң ишемиялық ауруы. Кейiнiрек шаршағыштық, ес бұзылысы күшейген, бас ауыруы күнделікті сипат алған, тiтiркенгiштiк пайда болған, көңiл-күйі төмендеген. Емдеуші дәрiгердiң ұсынысы бойынша С.С.Корсаков атындағы психиатриялық клиникаға қаралып, госпитализацияланған, емнен кейiн жақсы жағдайда шығарылған. Бiрақ бас ауруы күнде болған, бiрте-бiрте жағдайы нашарлаған, көңiл-күйі төмендеген. Сол себептi 3-4 жылда бiр рет С.С. Корсаков клиникасында ем қаблдап тұрады, әрқашан жақсы жағдайда шығарылады. 58 жасында қант диабеті диагностикаланған, қандағы глюкоза мөлшерi 8.8 ммоль /л. Диетамен емделген. 65 жасынан бастап зейнеткер.

Соңғы жылдарда өмір сүру дағдысының алмасуына байланысты (заводта 5 ай жұмыс iстеген) тез шаршағыштық байқалған, жұмысшыларының есімдерін еске сақтай алмаған, құжаттарын жоғалтқан. Үйiнде тiтiркенгіш, көңiл-күйі төмендеген, 2 кг салмақ жоғалтқан. Қанда қант мөлшерi көбейген (11.38 ммоль/л). Эндокринологта емделген. Бiрақ әлсiздiк, бас ауруы, көңiл-күй төмендеуi бәсеңдемеген.

Психикалық жағдайы: науқас контактқа түседі, уақыт, орын, өзіндік тұлғасы бойынша бағдары дұрыс. Қабылдау бұзылыстары байқалмайды. Бұрынғы өткен оқиғаларды жақсы еске алады. Жақында болғанын есiне түсiре алмайды. Жалпы көңiл-күйi төмен, ақкөңіл, өз өмiрі туралы қызыға әңгімелейді, бiрақ тез шаршайды, басым «мүлдем жұмыс iстемейді» деп шағым айтады. Уақытының көп бөлігін төсекте өткiзедi. Терезе алдында отырып кiтап оқиды. Бiрақ тез шаршайды.

Соматикалық жағдайы: орта бойлы, дене бiтiмi қалыпты. Терi жамылғысы таза. Өкпеде везикулярлы тыныс, сырылдар жоқ. Жүрек тондары кереңделген, пульс минутына 84 рет.

Артериялық қысым 140/90 мм/сын.бағ. Асқазан-iшек жолдарында патологиялық өзгерiстер жоқ. Тәбетi жақсы.

Неврологиялық жағдайы: ОЖЖ зақымдалулар жоқ.

Көз түбi: көз түбi қантамырлары иректелген, склерозданған. Лабораториялық зерттеулер мәліметі: жалпы қан және зәр анализдері қалыпты. Қанның биохимиялық зерттеуінде: қандағы глюкоза мөлшерi 8,8 ммоль/л, холестерин 8,84 ммоль/л.

Диагноз: гипертониялық аурумен бірлескен церебральды атеросклероз, қант диабеті.

2-шi сатысында атеросклероздық психоздар жиі көрінеді: депрессивтi, параноидты, сана күңгірттенуімен жүретін психоздар, галлюциноз. Бұдан басқа бұл кезеңде эпилептиформды ұстамалар байқалады, олар басты синдром ретінде жүруі мүмкін (эпилептиформды синдром). Церебральды атеросклероздық үрдістің даму стереотипі көрсетiлген схемаға сәйкес келе бермейдi. Церебральды атеросклероздың бастапқы кезеңінің клиникалық көрiністерi әлсiз айқындылықта, ал психотикалық бұзылыстар бiрден пайда болады.

Айқын психикалық бұзылыстар кезеңінің (психозбен науқастардың 1/3 бөлiгiнде) жиі көрінісі параноидты синдром болып табылады (церебральды атеросклероздың 2-шi сатысы). Бұл науқастар преморбидтi кезеңде тұйықтықпен, күдікшілдікпен немесе үрейшіл-күмәншіл мiнез сипатымен ерекшеленеді. Жиі бұл науқастарда психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы, анамнезінде алкоголизм анықталады. Сандырақ мазмұны әрқилы болып келеді: жиі соңына түсу, қызғаныш, уландыру, кейде ипохондриялық, зиян келтіру сандырақтық идеялары айтылады. Бұл науқастарда сандырақ созылмалы ағымға бейім. Атеросклероздық психоздар ішінен сирек депрессия кездеседі. Алғашқы кезеңдегі астенодепрессиялық синдромнан айырмашылығы бұл кезде жабырқаулық басым, көңiл-күй күрт төмендеген, қозғалыстық, әсіресе интеллектуальды тежелу байқалады, жиі мұндай науқастар үрейшіл болып келеді. Науқастар өзін-өзі кінәлау, кемсіту сандырақтық идеяларын айтады. Олар бас ауыруна, құлақтағы шуылға шағымдар айтады. Атеросклероздық депрессия бiрнеше жетiден бiрнеше айға дейiн созылады, бұл кезде ипохондриялық шағымдар, астения байқалады. Депрессивтi жағдайдан шыққаннан кейiн науқастарда әлсiздiк, көңiл-күйдiң төмендеуi байқалады. Жиі 1-3 жылдан кейiн депрессия қайталанады.

Психоздан кейiн пайда болған атеросклероздық интеллектуальды-мнестикалық бұзылыстар компенсациялануға қабілетті. Жиі үдемелі ағым депрессия егде жаста пайда болғанда, басқа да жайсыз факторлар қосылғанда байқалады.

Бұзылған сана синдромдарымен жүретін атеросклероздық психоздар анамнезiнде бірнеше қолайсыз факторлар орын алған (бас жарақаты, сана жоғалту, алкоголизм, ауыр соматикалық аурулар) науқастарда кездеседi. Бұзылған сана синдромының жиі кездесетiн формасы делирий, сирек –қарауытқан жағдай болып табылады. Сана бұзылысының ұзақтығы бiрнеше тәулікпен шектеледі, бірақ рецидивтер орын алуы мүмкін. Бұзылған сана синдромымен церебральды атеросклероз жағдайларының болжамы нашар, жиі психоздан шыққаннан кейiн деменция тез үдейді.

Церебральды атеросклероздың 3-шi сатысының (айқын психикалық бұзылыстар сатысы) көрінісі кейде эпилептиформды бұзылыстар болып табылады. Эпилептиформды синдром құрылымы пароксисизмальды құбылыстармен сипаталады: сана жоғалуымен жүетін үлкен атипті тырысулық ұстамалар, амбулаторлы автоматизмдерге жақын бұзылған сана жағдайларымен, дисфориямен жүреді. Пароксизмальды бұзылыстармен қатар церебральды атеросклерозға тән бұзылыстар, бірқатар жағдайларда – эпилепсиялыққа ұқсас тұлға өзгерістері бақыланады. Мұндай жағдайда деменцияның дамуы баяу және айқын деменция бұл синдром пайда болғаннан кейін 8-10 жылдан соң пайда болады. Атеросклероздық психоздың салыстырмалы сирек түрi галлюциноз болып табылады. әрқашан бұл жағдай кәрiлiк жаста кездеседi. Науқастар комментирлеуші сипаттағы «сырттан» дауыстар естидi. Кейде галлюциноздың клиникалық көрiнiсi көру галлюцинациясымен сипатталады.

Бұл науқастардың психикалық көрiнiстері соматикалық бұзылыстармен (аорта атеросклерозы, тәждік қантамырларының атеросклерозы, кардиосклероз) және органикалық сипаттағы неврологиялық симтомдармен (қарашықтың жарыққа нашар реакциясы, мұрын, ерiн қыртыстарының жайылуы, Ромберг позасындағы тұрақсыздық, қол треморы, оральды автоматизм синдромы) бірге жүреді. Моторлы-сенсорлы және амнестикалық афазия түріндегi дөрекі неврологиялық симптомдар да байқалады. Неврологиялық және психопатологиялық симптомдар арасында параллелизм байқалмайды.

Гипертониялық ауру кезіндегі психикалық

Бұзылыстар

Атеросклероз және гипертониялық аурулардың көріністері бір қантамырлық патология формасы болып табылады. Гипертониялық және атеросклероздық психоздармен науқастарда ортақ көріністер жиі байқалады: жастық период, тұқым қуалаушылық, преморбидтi белгiлер, әртүрлi экзогендi факторлар (алкоголизм, бас-ми жарақаттары, психогениялар). Осының барлығы ортақ қантамырлық – милық үрдістердің осы аталған түрлерінің, әсіресе ерте даму сатыларында патогенезінің, клиникалық және патоморфологиялық ерекшелiктерiнің ортақтығын көрсетеді.

Гипертониялық ауру кезіндегі бастапқы психопатологиялық көрiнiстер церебральды атеросклероз кезіндегі синдромдармен көрініс береді. Атеросклероздық психоздың клиникалық көрiнiсiне ұқсас гипертониялық психоздардың құрылымында аффективті бұзылыстар айқынырақ көрінеді: сандырақпен, депрессиямен, галлюцинозбен үрейлі күй басым болады, сондықтан үрейлі-сандырақтық, үрейлі-депрессивті синдромдар жөнінде айтуға болады. Гипертониялық психоздардың ағымы динамикалы, атеросклероздық психоздармен салыстырғанда ұзақтығы төмен.

 








Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 2788;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.014 сек.