Топырақ рекультивациясы
Бұзылған, бүлінген топырақ жамылғысын, ландшафты жүйелі түрде қалпына келтіріп, оңтайландыру жұмыстарын топырақ рекультивациясы деп аталады. Қазіргі кезде Қазақстанда 169,7 мың гектар жер өндіріс орындарын салу кезінде пайдалы қазбаларды өндіру және оларды барлау барысында бұзылып істен шыққан. Олардың ішінде 49,3 мың гектар жердің пайдалы қазбалары өндіріліп алынған, енді оларға рекульцвациялау жұмыстарын жүргізу қажет. Бұзылған жерлердің ауданы. Қарағанды облысында - 42, Қостанай облысында - 30,7, Маңғыстау облысында 21,1, Ақмола облысында 17,3 және Павлодар облысында 12,1 мың гектарды құрайды.
Рекультивациялау жұмыстары қарқыны елімізде төмен дәрежеде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2006 жылы Республика бойынша рекультивацияланған жер ауданы 4,6 мың гектар болды және оның 2,4 мың гектарын бір ғана Ақтөбе облысы атқарып шықты, ал қалған облыстарда бұл жұмыс өте төмен дәрежеде орындалды.
Пайдалы қазбаларды өндіріп алу кезінде бүлінген жерлерді рекультивациялау үш кезеңнен тұрады.
Бірінші – дайындық кезеңі. Бұл уақытта бүлінген алқаптарды зерттеп, жүргізілетін рекультивация жұмыстарының бағытын анықтайды, техникалық-экономикалық негізделмесін және рекультивациялау жобасын қалыптастырады.
Екінші – техникалық рекультивация кезеңі. Бұл жұмысты пайдалы қазбаны игеріп алып жатқан ұжым атқарады. Пайдалы қазбаны қазып алу барысында топырақтың қарашірінділі қабатын және зардапсыз бос тау жыныстарын келесі кезектегі рекультивациялау жұмысына қолдану үшін бөлек үйеді. Бұзылған аумақтың жер бетін тегістейді (үлкен үйінділердің үстінгі бетін тегістейді, қазаншұңқырларды бос тау жыныстарымен толтырады), кейбір жағдайда химиялық рекультивация қолданады. Тегістелген жерлердің үстінгі бетіне зардапты заттары жоқ, өсімдік тамырлары таралуға оңтайлы тау жыныстары салынады.
Үшінші - кезең биологиялық рекультивация. Бұл жұмыс техникалық рекультивация кезінде дайындалған жерге құнарлы қабат қалыптастырып, осы жерді орман алқабына немесе ауыл шаруашылығы алқабына айналдыруды мақсат етеді. Жергілікті жердің географиялық орналасу ерекшелігіне, климаттық жағдайына байланысты биологиялық рекультивацияның бағыты әр түрлі болып келеді. Көбінесе биологиялық рекультивация кезінде бұл аймаққа ағаштар мен бұталар отырғызылады. Ағаш, бұта отырғызылатын жер қазылып, іші құнарлы топырақпен толтырылады. Бұл ең экономикалық тиімді, арзан әдіс болып келеді. Сонымен бірге қалпына келтіру жұмыстары кезінде, тау жыныстары үстіне жұқа топырақ қабаты салынып оған көпжылдық шөптер егіледі. Кейін бұл жерлер ауыл шаруашылық алқаптарына қосылуы мүмкін (жайылым, шабындық немесе егістік жер ретінде). Жақсы, оңтайлы болып қалпына келтірілген жерлерді демалыс орны ретінде пайдалануға да мүмкіншілік болады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7291;