Топырақ құнарлылығын өндіру
Топырақтың құнарлылығы, топырақ түзілу үрдісі сияқты, заттардың өзгерістерге ұшырауымен, жиналуымен және олардың шығындалуымен тығыз байланысты. Сондықтан топырақ құнарлылығының факторлары мен жағдайлары мәндік жағынан да, сапалық жағынан да өзгерістерге ұшырайды. Егер осы өзгерістер құнарлылықтың дамуына қолайлы оң бағытта болса, онда топырақтың құнарлылығы артады (қоректік заттар мөлшері молаяды, түйіртпектігі жақсарады және т.б.), ал өзгерістер қолайсыз, теріс бағытталған болса, онда топырақтың құнарлылығы төмендейді (қоректік заттар мөлшері кемиді, түйіртпектігі бұзылады және т.б.). Сондықтан осы өзгерістер белгілі бір мерзім ішінде топырақ құнарлылығының салыстырмалы көрсеткішін қалыптастыруы мүмкін. Сөйтіп топырақ құнарлылығының өндірісінің белгілі бір түрі қалыптасады. Олар - топырақ құнарлылығының кеміген, қарапайым және ұдайы (молайтылған) өндірісі.
Егер топырақ құнарлылығы бастапқы дәрежесінен төмен дәрежеде қалыптасқан болса, онда ол топырақ құнарлылығының кеміген өндірісі болып есептеледі. Осы жағдайда топырақтың құнарсыздануы байқалып, өсімдіктердің өнімділігі кемиді.
Топырақ құнарлылығын бастапқы дәрежесіне жеткізіп қалыптастыру топырақ құнарлылығының қарапайым өндірісі болып саналады. Сондықтан осы өндіріс қалыптасқан топырақтың құнарлылығы кемімейді де, молаймайды да, яғни, бірқалыпты болады.
Топырақ құнарлылығын бастапқы дәрежесінен асыра қалыптастыру топырақ құнарлылығының ұдайы, молайтылған өндірісі болып есептелінеді. Осы өндіріс қалыптасқан топырақтың құнарлылығы біртіндеп жоғарылап отырады. Жылдан жылға осы жерден алынатын өнім мөлшері молая түседі.
Табиғи топырақ түзілу кезінде құнарлылықтың кеміген, қарапайым немесе ұдайы, молайтылған өндірісінің қалыптасуы осы жердегі топырақ түзілу үрдісінің даму ерекшелігіне байланысты болып келеді. Топырақты егістік жер ретінде қолданғанда құнарлылықтың өндірілуі табиғи факторларға және адамзаттың топыраққа әр түрлі әсер етуі арқылы қалыптасады. Бұл топырақ түзілу үрдісінің ерекшелігі-оның адамзаттың бағытталған әсері арқылы қалыптасуы. Осы жағдайда жабайы өсімдіктер мәдени өсімдіктерге алмастырылады, топырақ түзілуіне жаңа факторлар (жерді өңдеу, тыңайтқыш қолдану, топырақты суару не құрғату және т.б.) әсер етеді. Топырақтағы биологиялық зат айналымының сипаты, мөлшері, белсенділігі және жалпы зат алмасу мен энергия алмасуы өзгереді. Мәдени өсімдіктер өнімімен бірге топырақтан қоректік элементтердің біршама бөлігі орылып алынып, шығын болады.
Егер адамзат әрекеті білімге, ғылымға үйлестіріліп бағытталған болса, онда мәдени топырақ түзілу үрдісі оның құнарлылығының арта түсуіне ықпалын тигізеді. Ал осындай бағыт қалыптаспаса, онда топырақ құнарлылығы кемиді. Топырақтың желмен ұшуы (дефляция), сумен бұзылып, шайылуы (эрозия), қарашірінді мөлшерінің азаюы, түйіртпектілігінің нашарлауы, тұздануы байқалады.
Азіргі заманда қарқынды егіншілік жүйесінде топырақты тиімді қолданудың басты мақсаты – топырақ құнарлылығының ұдайы, молайтылған өндірісін қалыптастыру болып табылады.
Топырақ құнарлылығын өндіру екі жолмен жүргізілуі мүмкін. Біріншісі – заттарды топыраққа енгізу, ал екіншісі – топырақты технологиялық әдістермен жақсарту. Бірінші жолға жататын әрекеттер: топыраққа тыңайтқыштар, мелиоранттар қолдану, қолайлы ауыспалы егістік жүйесін пайдалану және т.б. Ал екінші жолға жататын әрекеттер: топырақты механикалық тәсілдермен өңдеу (жырту, қопсыту, тырмалау), артық ылғалдан құрғату және т.б.
Топырақ құнарлылығын арттыру шараларының көптеген әдістері мен тәсілдері зерттеліп, іс жүзінде қолданылып келеді. Олар:
· тиімді мөлшерде органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолдану;
· қышқыл топырақтарға әк, кебірлерге гипс шашу;
· түрлі құралдармен топырақты өңдеу жүйесі;
· топырақты суару немесе құрғату;
· көпжылдық шөп егу;
· ауыспалы егіс жүйесін қолдану;
· өнімділігі жоғары сұрыптар мен гибридтерді өсіру т.б. (34- сурет).
Дұрыс бағытталған мәдени топырақ түзелу үрдісі топырақ құнарлылығының болжамдалған межесін (моделін) қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Топырақ құнарлылығының моделі дегеніміз-өсімдік өнімділігінің белгілі мөлшерін қалыптастыра алатын құнарлылықты анықтайтын топырақтың басты қасиеттері мен құбылымдарының мәні. Егер топырақтың қасиеттері мен құбылымдарының сандық мәні өсімдіктердің өсіп-өну факторларына оң әсерін тигізіп, өсімдіктің барлық мүмкіншілігі қуатталып, ол өте жоғары және сапалы өнім қалыптастыра алса, онда осы топырақтың қасиеттерінің (құбылымының) оңтайлы (оптимальді) көрсеткіштері қалыптасқан болып саналады.
Топырақ құнарлылығының оңтайлы көрсеткіштері және оны қалыптастырып, іс жүзіне асыру тәсілдерін қолдану топырақ құнарлылығын арттыру жолындағы маңызды мәселелерді шешуде үлкен қызмет атқарады.
Топырақтың келесідей қасиеттері мен құбылымдарының оңтайлы мәні оның құнарлылығының моделін анықтауға қажет:
- қарашірінді күйінің сипаттамасы (қарашірінді мөлшері, оның жалпы қоры, құрамы, қабатының қалыңдығы);
- топырақтағы жылжымалы (тиімді) қоректік заттар мөлшері;
- физикалық қасиеттері (тығыздылығы, түйіртпектігі, ылғал сіңіргіштігі т.б.);
- физикалық-химиялық қасиеттері (реакциясы, сіңіру қабілеті, алмаспалы сіңген катиондар құрамы т.б.).
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 4290;