Аналық тау жыныстары
Топырақ пайда болатын тау жыныстары топырақ құраушы немесе аналық тау жынысы деп аталады.
Топырақ құраушы тау жыныстары топырақтың материалдық негізі. Оның гранулометриялық, минералдық, химиялық құрамы және физикалық, химиялық қасиеттері топыраққа тарайды. Топырақ түзілуі, дамуы кезінде ол қасиеттер біртіндеп өзгерістерге ілігеді.
Топырақ құраушы тау жыныстары пайда болу тегіне, құрамына, құрылысына және қасиеттеріне байланысты әр түрлі болады. Негізінен топырақ құраушы тау жыныстары қатарына шөгінді тау жыныстары жатады. Олардың кеңінен тараған түрлерінің келесідей сипаттамасы бар.
Элювий – негізгі тау жыныстарының үгілуінен жаратылып орнында қалған шөгінді. Таулы өлкелерде, көтеріңкі жазықтарда құралады. Элювий шөгінділерінің құрамы астында жатқан тау жынысының құрамымен тығыз байланысты, ұқсас болып келеді. Ол біртіндеп ұсақталған күйден тығыз тау жынысына барып тіреледі.
Делювий – тау етегінде жауын-шашын, қар суымен шайылып жиналған шөгінділер. Делювий су ағыны әсерінен қатпарлар түзіп, іріктелініп шөгеді. Тау бөктерінде орналасқан аймақ топырақтарын құрауға қатысады.
Аллювий - өзен тасығанда су ағынымен келіп өзен жайылмасына жиналған шөгінділер. Ағын судың арыны мен бағытына байланысты аллювий шөгінділер іріктелініп, қатпар түзіп орналасады. Оның құрамында органикалық заттарда болады. Минералды бөлшектердің пішіні жұмырланған болып келеді. Өзен арнасында орналасқан аллювий ірі, кесек жыныстардан, әр мөлшерлі құмдардан құралады. Өзен жайылмасында майда аллювий шөгеді. Олар құмбалшықты, балшықты болып келеді. Сондықтан өзен жайылмасында құнарлы топырақтар түзіледі.
Лөс және лөстерге ұқсас саздақтар әр түрлі жағдайда пайда болады. Лөстердің негізгі белгілері мыналар: түсі ашық-сарғыш, сарғыш, карбонатты, шаңды-құмбалшықты гранулометриялық құрамды, кеуекті борпылдақ, майда түйірлі, су өткізгіштігі жақсы. Химиялық және физикалық қасиеттері жақсы болғандықтан лөс құнарлы топырақтар пайда болуына оң әсерін тигізеді. Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда лөс шөгінділерінде боз топырақтар түзіледі.
Лөске ұқсас саздақтардың құрамында карбонаттар аздау, кейде карбонатсыз болады, гранулометриялық құрамы ірілеу, кеуектілігі шамалы. Лөске ұқсас құмбалшықтар Қазақстанның далалық, және қуаң далалық аймақтарында тараған. Қазақстанның таулы өлкелерінің жазықтары мен тау аңғарларында түзілген топырақтардың да аналық тау жынысы лөске ұқсаған құмбалшық.
Эол шөгінділері – жел әсерінен қалыптасқан борпылдақ, тау жынысы. Негізінен шөл аймағында қалыптасқан (Қызылқұм, Қарақұм, Мойынқұм). Эол шөгінділеріне эолдық құмды, құмайтты және құмбалшықты жыныстар жатады. Олардың құрамы жарықшақты, қуыс, түсі қүңгірт келеді, гранулометриялық құрамы ұсақ түйірлі құмнан тұрады.
Топырақ құраушы тау жынысының қасиеті, құрамы топырақ түзілу үрдісіне, пайда болған топырақтың химиялық, физикалық қасиеттеріне үлкен әсер етеді. Мысалы, Қазақстанның қуаң дала аймағында қара-қоңыр топырақ қалыптасады. Ал, егер де осы аймақта кейбір жерде топырақ түзуші тау жынысы натрий тұздарына бай болып келсе, онда осы жерде кебір топырақ пайда болады.
Климат
Ауа райының жергілікті жерде қалыптасқан көпжылдық сипаттамасын климат деп атаймыз. Топырақ құралуына климат үлкен ықпал жасайды. Топырақтың қалыптасуына, дамуына әсіресе жылудың және ылғал мөлшерінің әсері қарқынды. Топырақтың жылулығын қамтамасыз ететін күн нұры, ал оның ылғалдылығын анықтайтын атмосферадан түсетін жауын-шашын.
Климаттың континентальдылығы, жауын-шашынның жыл мезгілдері ішінде түсуінің ауытқуы, ауаның ылғалдылығы, желдің шапшаңдығы топырақтың құралуына, онда өтіп жатқан құбылыстарға, топырақтың су және жел эрозиясына ұшырауына үлкен ықпал жасайды.
Климаттың топырақ құралуына тікелей және жанама ықпалы бар. Климат элементтері – ылғалдылықтың, топырақтың жылуы мен салқындалуының ықпалы топырақ түзілуіне тікелей әсер етеді. Ал жанама ықпалы әуелі климаттың өсімдіктер және жануарлар дүниесіне әсері арқылы, содан кейін олардың топырақ құралуына ықпал жасауы арқылы байқалады.
Сөйтіп, климат біріншіден, топырақтағы биологиялық, биогеохимиялық процестерге әсер етеді. Өсімдіктер дүниесі, органикалық заттардың құралуы және ыдырауы, топырақ микроағзалары мен фаунасы мөлшері, олардың тіршілік қимыл әрекеттері белсенділігі климат ерекшелігіне байланысты.
Екіншіден, атмосфера климаты топырақтың ауа, ылғалдылық, жылулық және тотығу-тотықсыздану құбылымдарына үлкен ықпал жасайды.
Үшіншіден, топырақтағы минералды заттардың өзгерістерге ілігуі климат жағдайларына тәуелді.
Төртіншіден, климат топырақтың жел және су эрозиясына ұшырауына үлкен әсерін тигізеді.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7659;