Адамзат қоғамының әсері
Топырақтың құралуына, дамуына зор әсер ететін жағдайдың тағыда бірі адамзат қоғамының өндірістік әрекеті. Қазіргі заманда адамдар ауыл шаруашылығын және басқа өндіріс салаларын дамыту үшін топырақты құрал-жабдықтармен өңдейді, түрлі дақылдар себеді, оған тыңайтқыштар енгізіп, суарады немесе құрғатады, өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан, арамшөптерден қорғау үшін түрлі химиялық заттар қолданады. Осы әрекеттердің салдарынан табиғи экологиялық жүйелер өзгеріске ұшырап, топырақтың түзілуі және даму процестерінің өзгеруі байқалады. Табиғи жағдайда бірқалыпты баяу өтіп жататын топырақтағы құбылыстар қарқыны адам әрекеті әсерінен күрт жоғарылайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан тұрақты экологиялық жүйе бұзылып, олардың орнына тұрақтылығы шамалы, құбылмалығы басым агроэкологиялық жүйе қалыптасып, топырақ құралу жағдайының өзгеруіне ықпал жасайды.
Топырақты қарқынды өңдеу, оған органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу, топырақты басқа жолдармен жақсарту (мелиорациялау) оның химиялық, физикалық, биологиялық қасиеттерін және ауа, ылғалдылық, қоректік заттар құбылымын өзгертеді. Сонымен бірге топырақтың морфологиялық сипаты да өзгеріс табады.
Шаруашылықты ғылыми негізде жүргізіп, топырақты дұрыс пайдаланған қоғамда оның құнарлылығы артып, қасиеттері жақсарып, «мәдениленген» сапалы топыраққа айналады.
Ғылыми ұсыныстарды бұрмалап, топырақтың қасиеттері ескерілмей қолданылғанда топырақтың құнарлылығының төмендеуі, эрозияға ұшырап тозуы, қайтадан сорға, батпаққа айналуы, улы заттармен ластануы байқалады. Құрылыс жүргізілген аудандарда, пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіргенде, жолдарды, құбырларды, электр желістерін жүргізгенде көптеген топырақ ауданы істен шығып бұзылады.
Қорыта айтқанда, топырақ түзілуіне, дамуына адамзаттың өндірістік әсері өте ауқымды және күрделі. Ел байлығы топырақты шаруашылықта қадірлеп, бағалап қолдану қажет. Оның құнарлылығының төмендеуіне, эрозияға шалдығуына, қасиеттерінің нашарлануына және улы заттармен ластануына жол бермеу керек. Бұзылған, істен шыққан топырақ жамылғысын орнына қалыптастырып, табиғи ландшафтқа келістіре отырып топырақты ұтымды, тиімді пайдалану қажет.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 2424;