Жер бедері. Аймақтың геологиялық жасы
Топырақтың құралуына әсер ететін жағдайдың аса бір маңыздысы жер бедері болып саналады.
Жер бедерінің топырақ түзілуіне әсері тікелей және жанама болып келеді. Жер бедерінің топырақ құралуына тікелей әсерін оның эрозия процестеріне шалдығуы айғақтайды. Ал жер бедерінің топырақ түзілуіне жанама әсері оның климат факторларын (жылуды, жарықты, ылғалды) ауытқытып, таратуы арқылы туындайды. Жер бедерінің климат факторларын өзгертіп таратуы таулы аймақта байқалатын топырақтардың тік аймақтық заңдылыққа бағынып, тау беткейлерінде белдеулене орналасуы жақсы дәлелдейді.
Топырақты зерттеу іс-тәжрибесінде жер бедерін үш типке бөледі. Олар макрорельеф, мезорельеф, микрорельеф.
Макрорельефке жер бетіндегі үлкен аймақты алып жатқан таулар, жазықтықтар, үстірттер, ойпаттар жатады.
Мезорельефке орташа жер ауданында таралған қыраттар, төбелер, тау және өзен аңғарлары кіреді.
Микрорельеф – жер бетінің ұсақ ой-шұнқыры, төмпешектері. Олардың алатын ауданы бірнеше шаршы метр, ал биіктігінің өзгеруі бір метрден аспайды.
Жоғарыда аталған жер бедерінің типтерінің әсерінен топырақ құралу процесі өзгерістерге ұшырайды. Сондықтан топырақтың жаратылуы, географиялық таралуы, топырақ жамылғысының әр түрлі құрылымды болуы жер бедеріне байланысты болып келеді.
Топырақтың құралуы аймақтың геологиялық жасына (уақытқа) байланысты. Жыл мезгілдерінде, жыл сайын және көп жылдар ішінде байқалатын табиғат құбылыстарының әсерінен топырақтағы минералды және органикалық заттардың өзгерістерге ұшырауы бір қалыпты болмайды. Сондықтан уақыт ағымы (аймақтың геологиялық жасы) топырақтың құралуына және оның дамуына зор ықпал жасайды.
Топырақтың пайда бола бастаған кезінен қазіргі заманға дейінгі уақыт аралығы топырақтың абсолютті жасын көрсетеді. Осы уақыт аралығы бірнеше жылдан миллионданған жылдарға дейін созылады. Геологиялық жас аймақта жаңа түзіле бастаған жас топырақтар, ал геологиялық ескі аймақта топырақтар ертеден дамыған, ескі болады. Көптеген дәуірлер бойы геологиялық өзгерістерге ұшырамаған тропикалық аймақта ескі топырақтар, ал кейінгі дәуірлерде ғана мұздан арылған солтүстік аймақтарда жаңа қалыптасқан жас топырақтар таралған.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3687;