Топырақтардың таралу заңдылықтары
Топырақтану ғылымының басты салаларының бірі топырақ географиясы. Бұл сала жер бетінде топырақтардың таралу заңдылықтары мен топырақ түзуші факторлардың байланысын, топырақтардың кеңістікте ауысуын, олардың жер шарында немесе белгілі бір аймақта, кезектесіп орналасуын зерттейді. Жер шарының топырақ жамылғысы алуан түрлі. Өйткені, кеңістікте топырақ түзуші факторлар да өзгермелі болып келеді. Өсімдік дүниесі, климат, топырақ түзуші тау жыныстары, жер бедері және олардың уақыт өткен сайын өзгерістерге ұшырауы әр мекенде, жер аумағында әр түрлі.
Жер бетінің топырақ жамылғасын топырақ географиясы салыстырмалы-географиялық әдіспен, яғни топырақтың кеңістікте таралуы мен топырақ түзуші факторларды бірге қатарластыра салыстыру арқылы зерттейді. Осы әдісті қолдану нәтижесінде Жер шарында топырақтардың таралу заңдылықтары ашылды.
XIX ғасырдың аяғында топырақтану ғылымының негізін қалаушы орыс ғалымы В.В.Докучаев Орыс жазықтығында топырақ қасиеттерімен оның таралуының топырақ түзуші факторлармен байланысын салыстыра зерттеп, топырақ географиясының басты заңын - топырақтардың ендіктерге сәйкес орналасуын ашты. Ол өзінің «Табиғаттың аймақтары туралы ілімі» кітабында: «топырақ түзуші негізгі факторлар жер бетінде белдік болып, созылып, географиялық ендіктерге параллель бағытта орналасқандықтан, топырақтарда – қара топырақтар, күлгін топырақтар т.б. – жер бетінде, климатқа, өсімдік дүниесіне сәйкес тәртіппен аймақ бойынша таралуы тиіс» - деп жазған. Топырақтардың ендік бойынша аймақтар болып таралу заңдылығы тек қана топырақтанудың дамуына ғана емес, сонымен қатар физикалық географияның табиғат зоналары мен географиялық ландшафттар бағыттарын дамытуға үлкен үлес қосты. 1899 жылы В.В.Докучаев бүкіл терістік жарты шардың топырақ аймақтарының нұсқалық картасын дайындап, оны 1900 жылы Парижде әлемдік көрмеде көрсетті. Осы картада бес әлемдік аймақтар көрсетілді: 1) бореалды немесе арктикалық; 2) орманды; 3) далалық қара топырақты; 4) аэралды (олар тасты, құмды сорланған және лөсті шөлдерге бөлінеді); 5) латеритті. Бұл картада аймақтар Солтүстік жарты шар материктерінде ендіктерге сәйкес орналасқан болып келеді. Топырақтану ғылымының әрі қарай дамуына, және Жер шары топырақтары туралы көптеген жаңа мағлұматтардың жиналуына байланысты В.В.Докучаевтың ашқан топырақтардың ендік бойынша аймақ болып таралу заңдылығын жаңаша кеңірек мағынада «топырақтардың таралуының көлденең аймақтық заңдылығы» - деп атау ұсынылды. Өйткені жер шарында топырақтардың белдік болып созылып орналасуы кейде меридиан бағытына да сәйкес келуі байқалды. Осындай құбылыстардың басты себебі, әрбір алқаптың мұхиттарға немесе орталық құрлық аймақтарға, таулы өлкелерге жақын немесе алыс орналасуына байланысты болып келетіні, яғни аймақтың климатының ылғалдылығы мен температурасының өзгеруіне байланысты.
Кейінгі жылдары дайындалған әлемнің топырақ карталарында топырақтардың көлденен ендік немесе көлденен меридиан бағытына сәйкес орналасуы және басқада топырақ таралу құбылыстары көрсетілді (Л.И. Прасолов, 1937; И.П. Герасимов, 1956; В.А. Ковда, Е.В. Лобова, 1976).
В.В.Докучаев топырақтың аймақтарға бөлініп таралуы таулы өлкеде де байқалатынын анықтады. Кавказ тауларында етегінен бастап жоғары көтерілген сайын оның табиғатының және топырақ жамылғасының өзгеруін бақылап, зерттеп топырақтардың таулы өлкеде тік аймақ болып таралу заңдылығын ашты. В.В.Докучаев айтуынша, жер үстінің биіктігі өскен сайын әрқашанда топырақ түзуші факторлар – климат, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі заңды түрде өзгереді. Сондықтан топырақтар да тау етегінен бастап оның үстіне көтерілген сайын заңды түрде өзгеріп отыруы тиіс. Яғни топырақтар таулы өлкеде де аймақ болып кезектесіп орналасады, бірақ ол көлденең бағытта емес тік бағытта байқалады.
Қазіргі кезде құрлық бетінде топырақ-климаттық белдеулер анықталған. Оларды анықтап жіктеу үшін климаттың (ауа температурасының) ерекшеліктері ескеріледі. Осындай белдеулерге полярлық, бореалдық, суббореалдық, субтропикалық және тропикалық белдеулер жатады. Бұл белдеулерде оларға тән, басқа белдеулерде жоқ топырақ типтері кездеседі. Ол типтердің түзілуінің термоэнергетикалық режимі ұқсас болып келеді.
Топырақ-климаттық белдеулер топырақ-биоклиматтық облыстарына бөлінеді. Оларды бөлу үшін жауын-шашын ылғалының мөлшері және өсімдік дүниесінің ерекшеліктері ескеріледі. Топырақ-биоклиматтық облыстары келесідей:
- орман, тайгалы орман немесе тундра өсімдік жамылғысы бар ылғалды облыс;
- далалық, ксерофитты-орманды немесе саванналы өсімдік жамылғысы бар далалық облыс;
- шөлейттің немесе шөлдің өсімдіктері жамылғысы бар құрғақ облыс.
Топырақ-климаттық белдеулерге қарағанда биоклиматтық-топырақ облыстардың топырақтары біртектес болып келеді. Соның өзінде де бұндай облыста бірнеше аймақтық топырақтар және оларға сәйкес интрааймақтық топырақ типтері кездеседі. Сондықтан, әр биоклиматтық-топырақ облысы ішінде 2-3 топырақ аймағы кездеседі. Топырақ аймағы бір немесе екі аймақтық топырақ типінің және осыларға сәйкес интрааймақтық және аймақ ішіндегі топырақ типтері таралған жер кеңістігі.
Топырақ аймағы топырақ типшелерінің аймақшаларына, топырақ фацияларына және провинцияларына бөлінеді.
Топырақ аймақшасы топырақ аймағына сәйкес таралған бір топырақ типшесі таралған жер аумағы.
Топырақ фациясы – жылу режимінің және жыл мерзімдері ішінде ылғалдылығының ерекшелігі бар топырақ аймағының бір бөлігі.
Топырақ өлкесі (провинциясы) – жылу режимі және жыл мерзімі ішінде ылғалдылығының айрықша ерекшелігі бар топырақ фациясының бір бөлігі.
Топырақ округы және топырақ ауданы – жер бедерінің және топырақ түзуші тау жыныстарының ерекшелігіне байланысты қалыптасқан топырақ жамылғысы бар топырақ өлкесінің бөлігі.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 5407;