Топырақтың ылғалдылық қасиеттері
Топырақ құрамындағы ылғалдың қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштер оның ылғалдылық қасиеттері болып есептелінеді. Негізгі ылғалдылық қасиеттер мыналар: топырақтың су сыйымдылығы, су тұтқыштығы, ылғалды көтергіштігі, су өткізгіштігі.
Топырақтың су тұтқыш қасиеті деп, оның өз бойында ылғалды төменгі қабаттарға жердің тартылыс күшінің әсерінен ағып кетпеуінен сақтауын айтамыз. Су тұтқыш қасиетінің мөлшері - топырақтың су сыйымдылығы көрсеткішімен бағаланады. Топырақтың су сыйымдылығыдегеніміз: ылғалды сіңіріп, белгілі мөлшерде оны өз құрамында сақтап тұру қасиеті. Ылғалдың топырақта сақталуының себептеріне байланысты, су сыйымдылығының келесідей түрлері бар: максималды адсорбцияланған, максималды гигроскопиялық, қылтүтікті, табиғи және толық ылғал сыйымдылық.
Максималды адсорбцияланған ылғал сыйымдылық (МАС) барлық сорбция күштері арқылы сіңіріліп, топырақ түйіршіктерінде сақталған ылғал. Тығыз байланысқан ылғал мөлшеріне сәйкес келеді.
Максималды гигроскопиялық ылғал сыйымдылық (МГ) – су буымен қаныққан ауадан топырақтың оны сіңіруінің ең үлкен шегі.
Қылтүтікті ылғал сыйымдылық - топырақтағы толық мөлшердегі қылтүтікті тірелген ылғалдың көрсеткіші. Яғни топырақтың барлық қылтүтіктері ылғалға толып және ол ыза сумен байланысқан кездегі көрсеткіші.
Топырақтың табиғи ылғал сыйымдылығы–топырақтағы қылтүтікті ілінген ылғалдың ең үлкен дәрежесін сипаттайды.
Табиғи ылғал сыйымдылық (ТЫС) немесе далалық ылғал сыйымдылық топырақтың гранулометриялық құрамына, түйіртпектігіне, тығыздығына байланысты. Ауыр гранулометриялық құрамды, түйіртпектігі жақсы топырақта табиғи су сыйымдылық 30-35, ал құмды топырақта 10-15% болып келеді.
Топырақтың толық ылғал сыйымдылығы (ТОС) оның барлық қуыстары түгел ылғалмен толғанда байқалады. Бұл ылғал сыйымдылығы топырақ салмағының 40-45%-ін құрайды. Осы көрсеткіш ұзақ уақыт сақталғанда ауа жетіспеушілік байқалып, топырақтың экологиялық әрекеті нашарлайды.
Топырақтың ылғалдылық қасиеттерінің бірі - оның ылғал өткізгіштігі. Түскен ылғалды өзіне сіңіріп және астынғы қабаттарына оны өткізуі - топырақтың ылғал өткізгіштігі болып есептелінеді. Әуел баста топырақ түскен ылғалды өз бойына сіңіреді, яғни ылғал оның барлық қуыстарын толтырады. Ал содан соң, топырақтың ылғалды өзінен өткізуі байқалады.
Ылғал өткізгіштік топырақтың гранулометриялық құрамына, химиялық қасиеттеріне, түйіртпектігіне, тығыздығына тәуелді. Гранулометриялық құрамы ауыр құмбалшық, балшық және құрамында натрий иондары бар топырақтардың су өткізгіштігі нашар. Ал жеңіл гранулометриялық құрамды құм, құмайт және түйіртпектігі бар, тығыздалмаған топырақтардың ылғал өткізгіштігі жақсы болып келеді.
Топырақтың ылғал өткізгіштігі 1 шаршы ауданы бар алаңнан судың бағанасы 5см, ал оның температурасы 100С болғанда, 1 сағатта топырақтан өтетін су мөлшерімен өлшенеді. Н.А.Качинскийдің ылғал өткізгіштілікті бағалауы келесідей:
Ылғал өткізгіштілік, Бағалау
мм 1 сағатта
1000-нан жоғары….................................құлама
1000-500 - ................................................артық, өте жоғары
500-100 ....................................................өте жақсы
100-70 ......................................................жақсы
70-30.........................................................қанағаттандырарлық
30-дан төмен............................................нашар
Ылғал өткізгіштілік нашар болғанда топырақ бетінде түскен ылғал өтпей жиналып, ылди бойымен ағып, топырақтың су эрозиясына шалдығуына ықпал жасайды. Ал су өткізгіштігі өте мол болғанда өсімдік тамырлары таралатын топырақтың қабатында ылғал аз тұрақтап, оның тапшылығы байқалады және ылғалдың топырақтың астынғы қабаттарына, тіпті жер асты суларына дейін жетіп, ысырап болуы мүмкін.
Топырақтың ылғал көтеру көрсеткіші - қылтүтік күштері арқылы астынғы қабаттардан жоғары қарай ылғалды көтеруін сипаттайды.
Жер асты (ыза) судың деңгейінен қылтүтік күші арқылы құмды топырақ ылғалды 0,5-0,7 м-ге, ал құмбалшық – 3-6 метрге көтеруі мүмкін.
Гранулометриялық құрамы балшық топырақтың ылғал көтеруі саздаққа қарағанда төмендеу болады. өйткені балшық топырақтардың қылтүтіктері өте нәзік болғандықтан оның ішінде жылжымайтын берік байланысқан ылғалдан «тығындар» болып, ылғал аса жоғары көтеріле алмайды.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 7000;