Топырақтың органикалық бөлігінің маңызы
Топырақ құрамындағы органикалық заттардың (қарашіріндінің) маңызын бағыттарына байланысты үш топқа бөліп қарауға болады.
Бірінші бағыттағы маңызы - оның топырақтың морфологиялық белгілерін, заттық құрамын, қасиеттерін қалыптастыруға қатынасуы. Олар келесідей:
· ерекше қарашірінді қабат қалыптастыру;
· топырақтардың түйіршіктерінің, түзілуіне ықпал жасау;
· топырақтың жайғасуын, тығыздылығын қалыптастырып, ылғалдылық-физикалық қасиеттеріне әсер ету;
· жылжымалы қосылыстарды түзіп, топырақтың минералды бөлігінің қосылыстарын биогеохимиялық зат айналымына қосу;
· топырақтың сіңіру қасиетін, қышқылдық, негізділік және буферлік қабілеттілігін қалыптастыру.
Екінші бағыттағы маңызы – топырақтың органикалық бөлігінің өсімдіктердің, ағзалардың қоректенуіне қатынасуы. Олар келесідей:
· өсімдіктердің қоректік элементтер (N, Р, К, Са және микроэлементтер) көзі болуы;
· гетеротрофты ағзаларға қоректік зат болу және топырақтың биологиялық, биохимиялық белсенділігіне ықпал жасау;
· жер бетіне жақын орналасқан ауа қабатын көмір қышқылы газымен (СО2) қамтамасыз етіп, өсімдіктердің фотосинтез өнімділігіне ықпал жасау;
· өсімдіктердің өніп-өсуіне, топырақтағы қоректік заттардың шоғырлануына әсер ететін биологиялық белсенді заттардың көзі болу;
Үшінші бағыттағы маңызы - органикалық заттардың қоршаған ортаның тазалығын қорғауға қатынасуы. Олар келесідей:
· химиялық заттардың (пестицидтердің) микробиологиялық жолмен ыдырауын және олардың ыдырауының жылдамдылығына катализдік жолмен әсер етіп, тездету;
· қоршаған ортаны ластайтын заттарды топырақ бойында бекіту (сіңіру, комплексті қосылыстар түзу т.б), олардың өсімдік бойына таралуын азайту;
· улы заттардың жылжығыштығын арттырып, топырақ кескінінен шайылуын жақсарту.
Топырақтың қарашіріндісінің маңызы әлі толығымен зерттелініп, түгелдей анықталмаған. Академик В.А. Ковда топырақтың жер планетасында алатын жалпы маңызын айқындай келе, топырақ құрамына органикалық заттарды жинауы арқылы биосфераның тұрақтылығын, тепе-теңдігін қалыптастыруына керек энергия шоғырландыратынын атап көрсеткен. Ғалым топырақ қарашіріндісі қабатын жердің ерекше энергетикалық - гумосфера қабаты деп аталуы керектігін ұсынған. Топырақ құрамына түсетін өсімдік қалдықтарының 1г құрғақ затында ~17-21кДж энергия, ал 1г гумин қышқылдарында ~ 18-22, 1г фульвоқышқылдарда ~19, липидтерде ~ 35,5 кДж энергия бар. Осы қосылыстарда бар энергия микроағзалармен омыртқасыздардың әрекетіне және топырақтағы көптеген құбылыстардың өтуіне, топырақтың құнарлылығының сақталуына және артуына жұмсалынады.
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 2863;