Арашіріндінің мөлшері

Топырақтағы қарашіріндінің морфологиялық белгілерін, жалпы қорын, қасиеттерін, оның құралуының, өзгерістерінің, топырақтың тік кескінінде жылжуының ерекшеліктерін айқындайтын көрсеткіштер жиынтығын қарашірінді күйінің сипаттамасы (гумусное состояние почв) деп атауға болады. Л.А.Гришина, Д.С.Орлов (1977) топырақ қарашіріндісі күйі сипаттамасының көрсеткіштерін жүйеге келтіріп ұсынды. Осы көрсеткіштердің негізгілері 11-кестеде келтірілген.

 

11 – кесте. Қарашірінді күйі сипаттамасының негізгі көрсеткіштері

 

Көрсеткіштер Көрсеткішінің дәрежесі Дәреженің көрсеткіші мөлшері
Қарашірінді мөлшері % өте мол >10
мол 6-10
орташа 4-6
аз 2-4
өте аз < 2
Топырақтың 0-20 см қабатындағы қарашірінді қоры, т/га өте мол > 200
мол 150-200
орташа 100-150
аз 50-100
өте аз <50
Топырақтың 0-100 см қабатындағы қарашірінді қоры, т/га өте мол >600
мол 400-600
орташа 200-400
аз 100-200
өте аз <100
Топырақтың тік кескінінде қарашіріндінің таралу ерекшелігі күрт кемиді  
біртіндеп кемиді  
бірқалыпты таралған  
біртіндеп ұлғаяды  
екі қабатты  
Азотпен қанығуы, С : N өте мол < 5
мол 5-8
орташа 8-11
төмен 11-14
өте төмен > 14
Қарашіріндінің типі, Сгқ : Сфқ гуматты > 2
фульватты- гуматты 1-2
гуматты –фульватты 0,5-1
фульватты < 0,5
Топырақтың биологиялық белсенділігі (тыныстануы), кг/га 1 сағатта жоғары >10
орташа 5-10
төмен < 5

Топырақтың үстіңгі қабатында қарашірінді мөлшері 0,5–1% -дан 10-12% -ға дейін, кейде одан да мол болады. Оның мөлшері, құрамы және басқадай сипаттамалары топырақтың типіне, «мәдениеттенуіне» байланысты өзгереді.

Қазақстанның солтүстік өңірінде кездесетін негізгі топырақ типтеріндегі қарашірінді мөлшері және қорының көлемі әр түрлі (12-кесте).

Кәдімгі қара топырақтың үстіңгі қабатында қарашірінді 6-9% болады, ал жыртылып егістікте қолданылған алқаптарда ол 25-30%-ға кемиді. Топырақтың астынғы қабаттарында оның мөлшері күрт азайып кетеді. Топырақтың 1м қабатында қарашіріндінің қоры әр гектарда 450-500 тонна шамасында болады.

12-кесте. Қазақстанның солтүстік өңірінде таралған топырақтардағы қарашірінді мөлшері (20)

 

Топырақ типі, типшесі Топырақ қабаты, см Қарашірінді мөлшері, % Топырақ қабаты, см Қарашірінді қоры, т/га
Кәдімгі қара топырақ 0-20 9,80 0-20
20-50 4,90 0-50
50-100 1,90 0-100
Оңтүстік қара топырақ 0-20 4,83 0-20
20-50 2,71 0-50
50-100 2,25 0-100
Күңгірт қара-қоңыр топырақ 0-20 3,71 0-20
20-50 2,22 0-50
50-100 1,46 0-100
Нағыз қара-қоңыр топырақ (гранулометриялық құрамы құмайт) 0-20 1,72 0-20
20-50 1,16 0-50
50-100 0,76 0-100  

 

Осы топырақтың азотпен қанығуы (көміртегінің азотқа қатынасы) 10-12, гумин қышқылдары көміртегінің, фульвоқышқылдар көміртегіне қатынасы (СГқФқ) 2,0-2,5 болып келеді (гуматты тип).

Оңтүстік қара топырақтың үстіңгі қабатында қарашірінді мөлшері 5-6% болады. Келесі қабатта оның мөлшері күрт төмендейді. Осы топырақ 1м қабатындағы қарашірінді қоры 300- 350 т/га болады. Қарашіріндінің типі фульватты- гуматты (Сгқфқ–1,5 –2,0).

Қара-қоңыр топырақ типінде қарашірінді мөлшері кеми түседі. Күңгірт қара-қоңыр топырақта қарашірінді шамамен 3,5-3,7% болады, ал 1м топырақ қабатындағы қарашірінді қоры 250-280 т/га. Қарашіріндінің типі фульватты-гуматты (Стқ: Сфқ= 1,2-1,6) болып келеді.

Жеңіл гранулометриялық құрамды нағыз қара қоңыр топырақта қарашірінді мөлшері аз. Оның үстіңгі қабатында қарашірінді мөлшері 1,5-1,7%, ал оның 1метр қабатында қарашірінді қоры 150-160 т/га болады.

Топырақты игеріп егістік жерге айналдырғанда, оның құрамына түсетін органикалық заттар мөлшері және оның құбылыстары өзгереді. Топырақтан тұрақты түрде көміртегі, азот және басқа да элементтер өніммен шығындалады. Тың жермен салыстырғанда егістік жерде топыраққа органикалық заттардың түсуі 5-6 есе кемиді, сонымен бірге минералдану құбылысы артады. Осы себептер әсерінен топырақта қарашірінді мөлшері кемиді. Қостанай облысының қара топырағын 20-25 жыл егістікте қолданғанда бастапқы мөлшерімен салыстырғанда ондағы қарашірінді 13,2-17%-ға кеміген, ал Солтүстік Қазақстан өңіріндегі оңтүстік қара топырақта және күңгірт қара-қоңыр топырақта кейінгі 40-50 жыл ішінде орташа есеппен қарашірінді мөлшері 10-25 %-ға, кей жерлерде 30-35%-ға дейін кеміген (М.Рубинштейн ж.б., 1990). Осыған байланысты өсімдіктерге тиімді топырақтағы азот мөлшері кемиді, оның ылғалдылық және физикалық қасиеттері нашарлайды.

Оңтүстік қара топырағын дәнді дақылды сүрелі ауыспалы егіс жүйесінде пайдаланғанда бірінші он жылдық ішінде қарашірінді мөлшері оның үстіңгі өңделетін қабатында жыл сайын 1 тоннаға, ал екінші он жылдық ішінде жыл сайын – 0,5 үшінші он жылдық ішінде –0,4 ал одан кейін жылына 0,3 тоннаға кеміп отырған (В.И.Кирюшин ж.б., 1993).

Қарашірінді мөлшерінің өзгерістері бағытын анықтау үшін оның балансын, яғни теңдестігін есептейді. Қазақстан топырақтарын ауыл шаруашылығында қолданғанда қарашіріндінің оң балансы (теңдестігі) көп жылдық шөп егілген танаптарда қалыптасады. Ал дәнді дақылдар және отамалы дақылдар егілген танаптарда, егер органикалық тыңайтқыштар қолданылмаса, топырақта қарашіріндінің теріс балансы қалыптасады (Ш.Т.Тайжанов, Т.К.Атикеева, 1991, 1994, А.Қ.Күрішбаев, 1997). Яғни, топырақтағы қарашіріндінің кемуіне жағдай туады. Сондықтан топырақтағы қарашіріндінің мөлшерінің молая түсуі үшін оның оң балансын қалыптастыру жолдары жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін егістік жер топырағына органикалық тыңайтқыштарды-көңді, сабанды, жасыл тыңайтқышты, көл шөгіндісін қолдану қажет. Ауыспалы дәнді–дақыл егіс жүйесіне көпжылдық шөп танабын қосу да топырақтың қарашірінді балансын жақсартады.

Топыраққа сіңірілген бір тонна көңнен - 0,100, сабаннан - 0,200 құс саңғырығынан - 0,140 тонна қарашірінді түзілуі мүмкін (13-кесте). Қарашіріндінің топырақта түзілуі гумификация мен минерализация үрдістеріне тікелей байланысты. Ал, олардың ерекшелігі топырақтардың аймақтық орналасу заңдылығына, табиғи-климаттық ерекшеліктерге, адамдардың топыраққа тигізетін өндірістік әрекетіне тәуелді болып қалыптасады.

 

13-кесте. Органикалық тыңайтқыштардан қарашірінді түзілу мүмкіндігі (10)

 

Р/с Органикалық тыңайтқыштар 1т тыңайтқыштан қарашіріндінің түзілуі мүмкіндігі, т
Көң 0,100
Төсенішсіз жартылай сұйық, ылғалдылығы 92%-дан аспайтын көң 0,050
Төсенішсіз сұйық, ылғалдығы 93-97% көң 0,025
Құс саңғырығы 0,140
Шымтезек пен көң қоспасы 0,150
Шымтезек пен құс саңғырығы қоспасы 0,200
Сабан 0,200
Көл шөгіндісі (сапропель) 0,025
Жасыл тыңайтқыш 0,070

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3586;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.009 сек.