АГРООРМАНМЕЛИОРАТИВТІК ШАРАЛАРДЫҢ БЕТКЕЙЛІК ЖӘНЕ ӨЗЕН АҒЫНДЫСЫНА ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ
Ауылшаруашылығы дәнді дақылдарының өсу жағдайын жақсартуға, өнімін жоғарылатуға бағытталған агроорманмелиоративтік шаралар кешеніне сідігер жырту және эрозияға қарсы жырту, қар тоқтату, ауыспалы егіс енгізу, дер кезінде тыңайтқыштар енгізу, арам шөптермен күрес және т.б, сондай-ақ дала және шөлейтті зоналарда орман жолақтарын отырғызу арқылы егістіктерді су және жел эрозиясынан қорғау шаралары жатады.
Агроорманмелиоративтік шараларды ауқымы үлкен алқаптарда жүргізу гидрологиялық айналымға, өзен ағындысының сандық сипаттамаларына, табиғи сулардың сапасына жан-жақты және өте күрделі әсерін тигізеді. Агроорманмелиоративтік шаралардың гидрологиялық айналымға тигізетін ықпалы ең алдымен беткейлік ағындының өзгеруінен байқалады. Қазіргі заманғы агроорманмелиоративтік шаралар топырақ жамылғысының кеуектілігінің және су өткізгіштігінің артуына мүмкіндік жасайды, еріген қар суының және жаңбыр суының топыраққа сіңуін күшейтеді, нәтижесінде беткейлерден келетін ағынды азайып, топырақ ылғалының артуына және жер асты суларының қоректенуіне өте қолайлы жағдай туғызады. Оның үстіне, өсімдік жамылғысымен қорғалмаған жыртылған беткейлерден қардың жыра сайларға желмен ұшып келуі күшейеді, бұл да еріген қар суларының беткейлік ағындысының азаюына мүмкіндік жасайды.
Жоғарыда жасалған сапалық қорытынды күмән туғызбайды (қандай жағдайда болса да орманды дала және дала зоналары үшін күмән туғызбайды) және көптеген зерттеулердің нәтижелерімен расталып отыр, бірақ беткейлерден келетін беттік ағындының өзгеру дәрежесін сандық тұрғыдан бағалау және осы өзгерістердің грунттық және жиынтық өзен ағындысы режиміне ықпалын есепке алу көптеген әртүрлі факторлармен айқындалады және өте күрделі мәселе. Осыған байланысты әртүрлі зерттеушілердің келтірген бақылау материалдары әртүрлі жағдайларға қатысты алынған, өзара салыстыруға келмейді, ал олардың жасаған қорытындылары кейкездері қарама-қайшы сипатқа ие.
Түрлі басылымдарда жарық көрген және негізінен ғалымдардың еңбектерінде жинақталып қорытылған нәтижелер беткейлері жыртылған немесе орман жолақтары отырғызылған өзен алаптарының көктемгі су тасу кезіндегі беттік ағындысының орташаланған мәндерінің айтарлықтай төмендегенін куәландырып отыр. Бірақ топырақ-грунттың құрамы, беткейлердің еңістігі немесе жылдың сулылығы сияқты факторлардың осы ағынды шамасының төмендеуіне тигізетін әсеріне қатысты көптеген зерттеушілердің көзқарастары әртүрлі. Бұрынғы Кеңес үкіметінің География институты ғалымдарының М.И. Львовичтің басшылығымен жүргізген зерттеулері бойынша сүдігер жыртудың әсерінен егістіктерден болатын ағындының төмендеуі ең алдымен жылдық жиынтық жауын-шашын мөлшеріне тәуелді, сонымен қатар олардың ұйғарымы бойынша беткейлердің еңістігі мен топырақ-грунттың құрамы беткейлік ағындының төмендеуіне айтарлықтай ықпалын тигізбейді.
Далалық зонада алапқа түскен жауын-шашын 350-450 мм құраған жағдайда, беткейлік ағындының төмендеуі 4-7 есе аралығында ауытқиды, орманды дала зонасында жауын-шашын мөлшері 450-600 мм құрайды, ал ағындының төмендеуі 2-4 есе аралығында өзгереді, орманды зонада 1,3-2 есе аралығында. Тиісінше қандайда бір белгілі зонада жауын-шашын көп түсетін суы мол жылдарда ағындының төмендеуі жауын-шашын аз түсетін суы аз жылдарға қарағанда айтарлықтай үлкен. Сонымен бірге В.Е.Водогрецкийдің басшылығымен МГИ-де жүргізілген зерттеулер сутеңдестік станцияларында жүргізілген қолда бар эксперименталдық деректерді талдаудың және жинақтап қорытудың негізінде мынадай ұйғарымға келеді: агроорманмелиоративтік шаралардың әсерінен беттік ағындының төмендеуінде тек қана алаптың жалпы ылғалдылығы және топырақтың тоңдануы үлкен роль атқарып қоймайды, сондай-ақ топырақ-грунтың құрамының және беткейлердің еңістігінің олардан кем емес роль атқаратынын айқындайды.
Топырақты қазіргі өңдеу, жерді сүдігер жырту, қар тоқтату, орман жолақтарын отырғызу және басқа да шаралар егістіктерде ылғалды ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға және ылғалдың топырақтың төменгі қабаттарына сіңуіне жағдай жасайды, нәтижесінде беттік ағынды азайып, ыза суларының қоректенуі артады және арнасының қимасы айтарлықтай терең өзендердің жер асты ағындысы ұлғаяды. Осыған байланысты ағындының қандайда бір деңгейде қайтадан үлестірілуі орын алады. Жер асты суларын толық кәріздемейтін кіші өзендердің жылдық ағындысының мәндері төмендейді, ал тұйық су теңдестікке ие орташа және үлкен өзендердің ағындысы өте аз өзгеріске ұшырайды.
Жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарынан бастап агроорман-мелиоративтік шаралардың өзен ағындысына тигізетін әсерін егжей-тегжейлі зерттеу В.Е. Водогрецкийдің басшылығымен МГИ-де жүргізілді. Осы зерттеулердің нәтижесі бойынша ағынды алаңшаларында және су теңдестік станцияларының кіші су жинау алаптарында жүргізілген тәжірибелердің қолда бар материалдарын, ыза суларының деңгейіне жүргізілген режимдік материалдарды және әртүрлі мақсатта пайдаланылатын жерлердің (егістік, шалғындық жерлер) бетінен булану мәліметтерін талдаудың және жинақтап қорытудың негізінде өзендердің жылдық ағындысының өзгерістерін бағалау үшін ғылыми тұрғыдан негізделген әдістеме ұсынылды. Әдістеме беткейлік ағындының өзгерісін, жер асты сулары қорының және жиынтық өзен ағындысының өзгерісін есептеуге мүмкіндік береді. Агроорманмелиоративтік шаралардың ағындыға тигізетін әсерін В.Е. Водогрецкийдің әдісі бойынша бағалау алаптың жыртылғандылығын және жылдың сулылығын ғана есепке алып қоймайды, сондай-ақ топырақ-грунттың құрамын, беткейдің еңістігін және түрлі мақсатта пайдаланылатын жерлердегі ыза суларының жатыс тереңдігін есепке алуды қарастырады. Орманның және орман жолақтарының ағындыға тигізетін ықпалы бөлек есепке алынады. Ағынды өзгерісін бағалаудың нәтижелері агроорманмелиоративтік шараларды жүргізудің салдарынан су жинау алаптарында орын алған жиынтық буланудың өзгерісін тәуелсіз есептеу арқылы тексеріледі.
Дата добавления: 2016-05-16; просмотров: 1300;