Зен ағындысының адамның шаруашылық іс әрекеті әсерінен өзгеруін зерттеу мәселелері
Өзендердің жылдық ағындысымен айқындалатын су ресурсының, әсіресе жыл сайын жаңғырып отыратын тұшы су ресурсының сандық сипаттамалары, ең алдымен бүгінгі күні және болашақта халықты ауыз сумен, өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын сумен қамту проблемаларын шешу және қоршаған ортаны қорғау шараларын жасақтау үшін қажет. Бүгінгі күннің талаптарына сай жобалау мақсатында су ресурстары жөнінде орташа көпжылдық мәліметтер, сонымен қоса олардың табиғи өзгергіштігі жөніндегі деректер ғана емес, сонымен қатар, шаруашылық іс-әрекеттің әсерінен болған және болашақта болады деп күтілетін су ресурстарының өзгерісіне берілген сенімді бағалау нәтижелері қажет.
Адамның шаруашылық іс-әрекетінің әсерінен өзен ағындысының өзгеруі жөнінде айтқанда, әдетте, осы мәселенің екі аспектісі: табиғи суларды ластаудың нәтижесінде су сапасының өзгеруі және тікелей су тұтыну және ағындының қалыптасу жағдайының өзгеруі салдарынан су ресурстарының жалпы сандық өзгеріске ұшырауы мен оның уақыт және кеңістік бойынша үлестірімінің өзгеруі қарастырылады.
Өзен ағындысының түрлі сипаттамаларының адамның шаруашылық іс-әрекетінің әсерінен өзгеруін болжау, олардың табиғи мәндерін қалпына келтіру ең алдымен:
- түрлі экономикалық аудандарда ағатын өзендер алабының су ресурсын бағалау;
- түрлі табиғи факторларға қатысты ағынды сипаттамаларының аумақ бойынша және биіктік белдеу бойынша таралуын айқындау;
- ағындының көпжылдық тербелісінің кеңістіктік-уақыттық заңдылықтарын зерттеу;
- құрылысқа және су шаруашылығы шараларына қатысты жобалауды жасақтау үшін есептік гидрологиялық сипаттамаларды анықтау;
- өзен сулары сапасының антропогендік өзгерісін бағалау;
- су ресурсын кешенді пайдалану және қорғау шараларын жасақтау және жүзеге асыру;
- су ресурсын пайдаланудың немесе түрлендірудің салдарынан орын алатын, табиғи ортада болған немесе болуы мүмкін келеңсіз өзгерістердің алдын алуға немесе зардабын жұмсартуға бағытталған түрлі экологиялық-экономикалық міндеттерді шешу үшін орындалуы тиіс.
Қазіргі уақытта адамның шаруашылық іс-әрекеті өте кең көлемде жүргізілуде. Сондықтан ол тек судың сапасына және гидрологиялық режиміне ғана үлкен ықпалын тигізіп отырған жоқ, үлкен өзен алаптарының және тұтас аймақтардың жиынтық су ресурсына, тіпті ғаламдық ылғал айналымына және климатқа әсер етіп отыр. Жыл өткен сайын антропогендік фактордың ықпалы ұлғайу үстінде.
Адамзат ертеден бері су объектілерін өз мақсаттарына пайдаланып, ауыз су тұтынып келеді. Бірақ жүздеген жылдар бойында адамның шаруашылық іс-әрекетінің ағындыға тигізетін ықпалы елеусіз және жергілікті сипатқа ие болды. Табиғи сулардың тамаша қасиеті – олардың су айналымы барысында қайта жаңаруы және өздігінен тазару қабілеті ұзақ уақыттар бойы тұшы сулардың салыстырмалы тазалығының, сапасының және сандық мөлшерінің сақталуына мүмкіндік берді. Бұл су ресурстарының сарқылмайтындығы және өзгермейтіндігі жөнінде жаңсақ ұғым туғызды. Қоғамда су табиғаттың тегін сыйы деген түсінік қалыптасты. Мұндай жағдай су ресурстарын қалай болса солай пайдалануға, ысырапшылдыққа, ақаба суларды тазарту және суды үнемдеп пайдалану, су объектілерін қорғау тұжырымдарына немкетті қарауға алып келді. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында жағдай түбегейлі өзгерді. Су ресурсын пайдалану кезінде жіберілген адамзаттың ақылға қонымсыз көпжылдық іс-әрекеттерінің жемісі әрқандай аудандарда, әртүрлі елдерде айқын көрініс бере бастады. Бұған ғылыми-техникалық революцияның нәтижесінде техникалық өркендеу әсерінен туындаған өндірістік күштердің экономиканың барлық салаларында қарқынды дамуына байланысты ХХ ғасырдың 50-ші жылдары басталған әлемде су тұтынудың күрт ұлғаюы айтарлықтай әсер етті.
1950 жылдары әлемнің барлық елдерінде табиғи ортаның күрт нашарлауы басталды. Адамзаттың табиғатқа кері әсері бұрын да болған, бірақ ол айтарлықтай елеулі болған емес. Табиғат көп жағдайда адам ықпалының зардаптарынан өз күшімен құтылып отырған, немесе бұл зардаптар мардымсыз болғандықтан су объектілерінде әлсіз көрініс берген. Қалай болғанда да өзендер ағындысына адамның шаруашылық іс-әрекетінің ықпалын зерттеу мысалдары көрсетіп отырғандай /Шикл, Молд,/ шамамен 1950-1955 жылдарға дейін еліміздің әрқилы өзендерінің режимінде айтарлықтай антропогендік өзгерістер байқалған емес. Ол жылдары шаруашылық іс-әрекеттің ағындыға ықпалы өткір мәселе болған жоқ, негізінен таза ғылыми сипатқа ие болды.
Дата добавления: 2016-05-16; просмотров: 1518;