Антропогендік факторлар жіктемесі
Өзен алаптарының шегінде ағындыға аданың шаруашылық іс-әрекетінің көптеген факторлары ықпалын тигізеді, өзен ағындысының сандық сипаттамаларына әсер ету тұрғысынан келгенде, мыналар олардың ішіндегі бастылары болып табылады: арналық ретеу, суғармалау, ағындыны басқа алапқа әкету, өнеркәсіпті, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді сумен қамту, батпақты және батпақтанған жерлерді құрғату, орманды отау және отырғызу, агроорманмелиоративтік шаралар, урбандалу, карьерлер қазу және шахталардан су әкету, өзендер арнасын үйме жалдау және түзету, өзен арналарынан топырақ қазып алу.
Су ресурстарына және гидрологиялық режиге әсер ету сипаты бойынша шаруашылық іс-әрекеттің барлық факторларын үлкен бес топқа біріктіруге болады.
1. Өзен желісінен (көлдерден, бөгендерден) тікелей су алумен, осы суларды су тұтынушылардың пайдалануына және пайдаланылған суларды қайтадан су объектілеріне жіберуге байланысты факторлар. Бұл топқа коммуналдық шаруашылықтың, өнеркәсіптің, жылу энергетикасының қажеттіліктерін өтеу үшін су тұтыну, ауылшаруашылығын сумен қамту, транспорт; ағындының бір бөлігін алаптан тыс жерге әкету және т.б. жатады. Аталған факторлардың гидрологиялық сипаттамаларға және судың сапасына тигізетін ықпалының ауқымы өзеннің табиғы ағындысына немесе көлдің табиғи көлеміне қатысты су тұтынудың негізгі сипаттамаларымен (су алу көлемі, қайтымсыз су тұтыну, ақаба сулардың немесе су әкету көлемімен) анықталады. Аталған қатынастың шамасына қарай шаруашылық іс-әрекеттің бұл факторлары кіші және орташа өзендерге, ал кейбір жекелеген жағдайларда үлкен өзендерге де айталықтай әсерін тигізеді. Бұл жағдайда алапта ағындының қалыптасу жағдайы өзгеріске ұшырамайды. Өзенге қайта жіберілген ақаба сулардың көлемі немесе су бұрып әкету көлемі табиғи сулардың ластануын және сапасының өзгеруін бағалау үшін аса қажетті маңызды сипаттамалар екендігін айта кету керек.
2. Өзен алабының арналық желісінде жүргізілген түрлендірулерге қатысты шаруашылық іс-әрекет факторлары: бөгендер мен тоғандар тұрғызу және пайдалану, судың жайылуын болдырмас үшін арнаны үйме жалдау, арнаны түзулеу, өзендер арналарынан топырақ қазып алу және т.с.с.
3. Өзен алабында жүретін булану процесін және алапта ағынды қалыптасу жағдайын өзгертетін өзеннің су жинау алабының жамылғы бетінің түрленуіне қатысты шаруашылық іс-әрекет факторлары. Оларға мыналар жатады:
- жер жырту, агротехникалық шаралар кешенін жүргізу, шалғынды жерлерді жайылымға пайдалану және т.с.с; әдетте кіші және орташа өзендердің гидрологиялық режиміне, ең аз және ең мол ағындыға, жылдық ағынды үлестіріміне әсерін тигізеді, жылдық ағындығы әсері соншалықты үлкен болмайды, тасындылар ағындысына және табиғи сулардың сапасына айтарлықтай ықпалын тигізеді;
- батпақты және батпақтанған жерлерді құрғату; негізінен кіші және орташа өзендердің гидрологиялық режимінің сандық сипаттамаларына, жылдық ағындыға әсерін тигізеді, өзен суларының сапасына әсері аздау болады;
- орманды отау және қалпына келтіру (табиғи және жасанды жолдармен); негізінен кіші және орташа өзендердің су теңдестігінің барлық негізгі құраушыларын, гидрологиялық режимді, судың сапасын өзгертеді; әсер ету дәрежесі орманның типіне, жасына тәуелді және аталған шаралар жүргізілгеннен кейін ондаған жылдар бойы осы шаралардың ықпалы жалғаса беруі мүмкін;
- урбандалу; өзендердің су теңдестігінің және ағындының, жер асты суларының барлық сипаттамаларын, судың сапасын өзгеріске ұшыратады; негізінен кіші өзендерге ықпалы үлкен болады, ал орташа өзендерге урбандалудың әсері соншалықты үлкен болмайды.
4. Өзен ағындысына арналық желіден су алудың, сонымен қатар, су жинау алабының жамылғы бетін түрлендірудің (суармалау, жер асты суларын пайдалану және т.б.) нәтижесінде әсер ететін шаруашылық іс-әрекет факторлары. Аридті және субаридті зоналарда кең таралған суармалау кіші, орташа және үлкен өзендердің ағындыларының барлық сипаттамаларына, суларының сапасына айтарлықтай үлкен әсерін тигізуі мүмкін.
Жер асты суларын пайдалану өзенге келетін жер асты суларына тікелей әсер етеді. Ыза суларының деңгейі төмендеген жағдайда су жинау алаптарында булану және ағындының қалыптасу жағдайы өзгеріске ұшырайды. Негізінен кіші және орташа өзендердің ағындысына ықпалын тигізеді.
5. Аумақтың су теңдестігіне, су ресурсына және гидрологиялық режиміне жалпы метеорологиялық және климаттық сипаттамалардың өзгеруі арқылы әсер ететін шаруашылық іс-әрекет факторлары. Бұл өзгерістер түрлі физикалық процестермен айқындалады, әсер ету қарқындылықтары бойынша және қамтитын аумағы бойынша әртүрлі және төмендегілерден тұрады:
- адамның өсімдік жамылғысына әсер етуінің, урбандалу көлемінің артуы, бөгендер тұрғызу, суармалы және құрғатылатын жерлердің ұлғаюы нәтижесінде аймақтық климаттың және метеорологиялық жай-күйдің өзгеруі; аталған шаралар жүргізілетін аудандарда жер бетінің шағылдыру қабілеті (альбедо), топырақтан булану және топырақтың ылғалдылығы, жер бетінің аэродинамикалық кедір-бұдырлығы және метеорологиялық режимнің басқа да сипаттамалары өзгеріске ұшырайды, бұл кіші және орташа өзендердің су теңдестігінің және гидрологиялық режимінің түрленуіне әкеліп соқтырады.
- тұшы суларды үлкен масштабта пайдаланудың нәтижесінде болуы мүмкін ғаламдық климат және ылғал айналымының өзгерісі; шаруашылық қажеттіліктерді өтеу үшін қайтымсыз пайдаланылған судың есебінен атмосфераға көтерілген қосымша ылғал қосымша жауын-шашынның түсуіне және қосымша су ресурстарының қалыптасуына мүмкіндік туғызады; бұл эффект аса үлкен аумақтың шегінде (континент шегінде) су теңдестігін қарастырған кезде орын алуы мүмкін;
- атмосфераға қосымша жылудың келіп түсуінің, СО2 шоғырлануының өсуі, кіші газ құраушыларының (фреон, азот тотықтары, метан және т.б.), атмосфералық аэрозолдің келіп түсу нәтижесінде адамның атмосфераның құрамына әсері; климаттың және су ресурстарының ғаламдық өзгеруіне атмосферада көмір қышқыл газының СО2 көбеюі үлкен рөл атқарады. Бұл әлемде күн санап ұлғайып отырған отын ресурстарын жағудың салдарынан болып отыр. Бұл процес ауаның төменгі қабатының жылынып, атмосфералық циркуляцияның өзгеруіне, жауын-шашынның түсуінің, булану және аймақтық және ғаламдық су ресурстарының өзгеруіне әкелмей қоймайды.
Үлкен өзендердің алаптарында бірмезгілде осы жоғарыда аталған, әртүрлі топтарға жататын және гидрометеорологиялық элементтердің табиғи айналымына қарай, суды пайдалану сипатына және аумақтың түрлендірілуіне, жергілікті жердің физикалық-географиялық жағдайына және жамылғы бет факторларына байланысты су режиміне әртүрлі әсерін тигізетін шаруашылық іс-әрекеттердің басым көпшілігі жүргізіледі.
Дата добавления: 2016-05-16; просмотров: 2067;