ШАРУАШЫЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТТІҢ АҒЫНДЫҒА ЫҚПАЛЫН ҚОЛДА БАР БАҚЫЛАУ ҚАТАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА БАҒАЛАУ
Бұл жағдайда ең алдымен мүмкіндігінше өзен ағындысының режиміне әсер етуі мүмкін өзен алабында жүргізілген шаралардың (салынған бөгендерді пайдалануға беру, ірі су әкету, суармалы массивтер және т.б.) мерзімі және ауқымы жөнінде деректер жиналып талданады. Көптеген жағдайда алапта жүргізілген шаруашылық іс-әрекеттерді талдау гидрологиялық режим сипаттамаларының антропогендік өзгерісінің басталуын айқындауға мүмкіндік береді. Бірақ көптеген себептер антропогендік өзгерістің басталу уақытын дәл анықтауға кедергілерін тигізеді. Біріншіден, жер жырту, орман ағаштарын отау, суармалау секілді шаруашылық іс-әрекеттің түрлері су жинау алабында ағындыға бақылау жүргізілгенге дейін орын алуы мүмкін. Мұндай жағдай тіпті гидрологиялық бақылау қатары ұзақ өзендерге де тән. Екіншіден, антропогендік факторлар өзен ағындысының сипаттамаларына әртүрлі сипатта әсер етуі мүмкін, кейбіреулері ағындыны азайтса, кейбіреулері көбейтіп, ақырғы тұстамада шаруашылық іс-әрекеттің қорытқы ықпалы нөлге теңесуі мүмкін. Үшіншіден, кейбір өзендердің алаптарында қарқынды жүргізілген шаруашылық іс-әрекеттердің ағындыға ықпалы тұйықтаушы тұстамада орнына келтіруші (компенсациялық факторлар) факторлардың әсерінен ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін. Бұл ағындының алапта табиғи пайдаланылуының азаюына байланысты орын алады.
Өзен алабында бір немесе бірнеше шаруашылық іс-әрекет жүргізілген жағдайда, бақылау қатарын, біртектілікке статистикалық критерийлердің көмегімен тексерген орынды. Бұл әсіресе алапта жүргізілген шаруашылық іс-әрекеттің даму ауқымы жөнінде дерек жоқ болған жағдайда пайдалы.
Гидрологиялық қатардың біртектілігін бағалау кезінде екі таңдаманың орташа мәндерінің айырмашылығын айқындау үшін Стьюдент критерийі (t сынағы әдісі) және екі таңдаманың дисперсиясының өзара теңдігін тексеру үшін Фишер критерийі (F үлестірім әдісі) қолданылады.
Гидрологиялық бақылау қатарының біртектілігін тексеру үшін параметрлік емес біртектілік критерийлері де кеңінен қолданылады. Олардың параметрлік критерийлерден артықшылығы зертеліп отырған шамалардың және олардың параметрлерінің үлестірім қисығының типін алдын-ала анықтауды қажет етпейді, тіпті бақылау қатары қысқа болған жағдайда да айтарлықтай жақсы нәтижелер береді. Сондықтан да гидрологиялық режимге шаруашылық іс-әрекеттің ықпалын зертеу кезінде олардың маңызы үлкен.
Практикада әртүрлі параметрлік емес критерийлер: Колмогоров-Смирнов, Терри статистикасы, Вилькоксон және т.б. критерийлер кеңінен қолданылады. Жылдық және маусымдық ағындыға шаруашылық іс-әрекеттің әсерін бағалау үшін рангтық Вилькоксон критерийі жиі қолданылады.
Біртектіліктің статистикалық критерийлері ағындының антропогендік өзгерісін сандық тұрғыдан бағалай алмайды, тек олардың көмегімен қатардың статистикалық біртекті емес екендігі және әртектіліктің қашан басталғандығы (бірнеше талпыныс жасалғаннан кейін) анықталады. Егер қатар әртекті болып шықса, онда оның ауытқуы адамның шаруашылық іс-әрекетінің әсерінен туындауы әбден мүмкін.
Қолда ағындыға жүргізілген бақылау қатары ғана бар болғанның өзінде графиктік тәсіл бойынша - жиынтық интеграл қисығын тұрғызу арқылы антропогендік өзгерістің басталу датасын анықтауға және жуықтап ағындының өзгеру шамасын бағалауға болады.
Интеграл қисығы келесі тәуелділік бойынша тұрғызылады:
(8)
мұнда - бақылау жүргізілген жылдан бастап әрбір жылдың ағындысының өсу ретімен алынған қосындысы.
Тәуелділік графигі (8) көлбеу бұрышының күрт өзгеруі тұйықтаушы тұстамадаға антропогендік өзгерістікң басталуын сипаттайды. Бұзылған кезең үшін ағындының орташаланған өзгерісі келесі формула бойынша есептеледі:
, (9)
мұнда - шаруашылық іс-әрекеттің есебінен ағындының төмендеуінің жиынтық көлемі;
- ағынды режимі бұзылған кезеңдегі жылдар саны.
Өзен ағындысын бақылаудың бастапқы қатарына ғана негізделген статистикалық талдаудың қарапайым тәсілдері (біртектілік критерийлері, ағындының интегралдық қисықтары) ағындының антропогендік өзгерісіне сенімді баға бере алмайды. Әсіресе бақылау қатары қысқа болған жағдайда бағалау қателігі өте үлкен болады. Әрине, эмпирикалық деректердің негізінде алынған қатардың статистикалық әртектілігі, ағынды интеграл қисығының көлбеу бұрышының өзгеруі бақылау қатарында орын алған қандайда бір аномалдық жағдайларды куәландырады, бірақ осы өзгерістер тек қана адамның іс-әрекетінен туындады деп үлкен сеніммен айтуға мүмкіндік бермейді. Іс-жүзінде белгілі бір аудандарда 5-10 жыл бойы, кейде одан да көп уақыт ерекше табиғи сулылығы мол жылдар немесе табиғи сулылығы өте аз қуаңшылық жылдар кезеңі байқалатындығына көптеп мысалдар келтіруге болады. Мұндай жағдайлар таңдаманың көлемі аз болған жағдайда қатардың әртектілігін айқындауы әбден мүмкін.
Демек, алдын-ала жүргізілген алғашқы талдау әдістері ағындының болуы мүмкін өзгерістерінің көлемі жөнінде және осы өзгерістердің басталу уақыты жөнінде ұйғарым жасауға ғана негіз бола алады. Анағұрлым сенімді сандық нәтижелерді алу үшін қосымша деректерді пайдалана отырып басқа әдістемелік амалдарды қолдану қажет.
Дата добавления: 2016-05-16; просмотров: 1628;