Салыстырмалы диагностикасы. Аталған үш тиреоидиттің тиреотоксикалық кезеңдерін Грейвс ауруымен салыстырмалы диагностикалау қажет
Аталған үш тиреоидиттің тиреотоксикалық кезеңдерін Грейвс ауруымен салыстырмалы диагностикалау қажет. Соңғысының үнемі босанудан кейінгі кезеңде жиі басталатынын (рецидив беретінін) және интерферон препараттарын қабылдаудан индуцирленуін ескеру қажет. Грейвс ауруы мен деструктивті АИТ-тің үш түрінің тиреотоксикалық кезеңін салыстырмалы диагностикалауда қолданылатын әдістің бірі ҚБ сцинтиграфиясы болып табылады, мұнда Грейвс ауруы кезінде- 99mTc сіңірілуінің диффузды ұлғаюы, ал деструктивті тиреоидиттерде — сіңірілудің төмендеуі немесе мүлдем жоғалуы анықталады (3.25 сурет).
Грейвс ауруы мен емізулі әйелдердегі босанудан кейінгі тиреоидитті салыстырмалы диагностикалау айтарлықтай қиындықтар тудырады, себебі емізетін әйелдерге ҚБ сцинтиграфиясы қарсы көрсетілім болып табылады. Бұл жағдайда науқасты динамикалық бақылау аса маңызды, себебі босанудан кейінгі тиреоидит кезінде қанда тиреоидты гормондар біртіндеп төмендейді. Деструктивті тиреоидиттердің гипотиреоидты кезеңін созылмалы АИТ соңында дамитын тұрақты гипотиреоздан салыстырмалы диагностикалау қажет. Бұл кезде анамез мәліметтері (босану, интерферонмен терапия) және орынбасушы терапияны тоқтатып динамикалық бақылау жүргізу көмек береді.
Емі
Тиреотоксикалық кезеңде тиростатиктерді (тиамазол) тағайындау көрсетілмеген, себебі деструктивті тиреотоксикоз кезінде ҚБ гиперфункциясы дамымайды.
3.25 сурет.Босанудан кейінгі тиреоидит кезіндегі қалқанша без сцинтиграфиясы: 99mTc сіңірілуінің кенет төмендеуі, керісінше сілекей бездерімен сіңірілуінің жоғарылауымен ұштасуы
Айқын жүрек-қантамырлық симптоматика кезінде β-адреноблокаторлар тағайындалады. Гипотиреоидты кезеңде левотироксинмен орынбасушы терапия тағайындалады. Бір жылдан кейін бұл препаратты қабылдауды тоқтатады: егер гипотиреоз транзиторлы болса, науқастар эутиреоз сақталады, ал тұрақты гипотиреоз кезінде ТТГ деңгейі артып, Т4 деңгейі төмендейді.
Болжамы
Босанудан кейінгі тиреоидиттің қайталау қаупі келесі жүктілікте — 70 %; босанудан кейінгі тиреоидитпен сырқаттанған науқастардың 25- 30%-да тұрақты гипотиреозға айналатын созылмалы АИТ дамиды.
Жеделдеу тиреоидит
Жеделдеу тиреоидит (Де Кервен тиреоидиті, гранулематозды тиреоидит) — деструктивті тиреотоксикоздың жедел инфекциялық аурудың симптоматикасы мен мойын аймағындағы ауыру сезімі синдромының тіркесімделуімен сипатталатын, вирусты этиологиялы ҚБ-дің қабыну ауруы (3.18 кесте).
Этиологиясы
Вирусты этиологиялы, себебі сырқат кезінде науқастардың басым көпшілігінде тұмау, эпидемиялық паротит, аденовирустарға қарсы антидене титрі жоғарылауы байқалады. Сонымен қатар, жеделдеу тиреоидит жоғары тыныс жолдары инфекциясы, тұмау, эпидемиялық паротит, қызамықтан кейін дамиды. Сырқаттың дамуына генетикалық бейімділіктің әсер етуі дәлелденген. Жеделдеу тиреоидитпен сырқаттанған науқастардың ішінде НLА-Bw35 антигенінің тасымалдаушылары 30 есе жиі кездеседі.
3.18 кесте.Жеделдеу тиреоидит
Этиологиясы | Вирустарға қатысты |
Патогенезі | Фолликулярлы эпителий бұзылыстарының дамитын деструктивті тиреотоксикоздың ҚБ-дің қабынулық өзгерістерімен бірге ұштасуы |
Эпидемиологиясы | Таралу жиілігі белгісіз. Әдетте, жиі әйелдерде 30–60 жас аралығында дамиды. Жас балаларда — казуистика |
Басты клиникалық белгілері | Желкеге, құлаққа, төменгі жаққа беріледі, басты бұрғанда және безді пальпациялағанда күшейетін мойын аймағындағы қатты ауыру сезімі. Тиреотоксикоз симптомдары, субфебрилитет |
Диагностикасы | ЭТЖ жоғарылауы (жиі айқын емес), лейкоцитоздың болмауы, тиреотоксикоз (жиі жеңіл), УДЗ бойынша «бұлт тәрізді» гипоэхогенді аймақтар, сцинтиграфия мәліметтері бойынша 99mTc сіңірілуінің төмендеуі немесе болмауы, оң нәтижелі Крайл тесті (преднизолонмен терапияның айқын және жылдам әсері) |
Салыстырмалы диагностикасы | Грейвс ауруы, көптүйінді уытты жемсау, жедел іріңді тиреоидит, ҚБ-дің инфильтративті аурулары |
Емі | Жеңіл түрлерінде-аспирин (300–600 мг әрбір 6 сағат сайын), айқын ауыру сезімі мен интоксикация синдромында — преднизолон 30 мг/тәу. 1–3 ай бойы |
Болжамы | Әдетте науқас толығымен сауығады; сырқат қандай да бір емдік шара жүргізілмесе де, өздігінен ремиссияға ұшырайды |
Патогенезі
Егер жеделдеу тиреоидит патогенезінің вирусты теориясына сүйенетін болсақ, вирус тироцитке еніп, оны бұзып, фолликула ішіндегі сұйықтықтың қанайналымға түсуіне (деструктивті тиреотоксикоз) әкеледі. Вирус енуіне қарсы тіндік реакция гистологиялық гистиоциттермен және гигант тәрізді жасушалармен фокальді гранулематозды инфильтрациямен көрінеді. Вирусты инфекция аяқталғаннан кейін жиі қысқа гипотиреоидты кезеңнен кейін ҚБ қызметі қалпына келеді.
Эпидемиологиясы
Сырқат 30 және 60 жас аралығындағы адамдарда дамиды, әйелдер ер адамдармен салыстырғанда 5 есе жиі ауырады; жас балаларды жеделдеу тиреоидит казуистикалық сирек көрініс береді. Тиреотоксикозбен өтететін сырқаттар құрылымында жеделдеу тиреоидит Грейвс аурымен салыстырғанда 10–20 есе сирек дамиды. Жеделдеу тиреоидитке жеңіл ағым тән және ол басқа патологияны жамылып (баспа, ЖРВА) кейін ремиссияға тез ауысуы мүмкін, осыған орай жеделдеу тиреоидитпен сырқаттану көрсеткіші жоғарыда көрсеткенмен салыстырғанда сәл көптеу болуы мүмкін.
Клиникалық көрінісі
Клиникалық көрінісі үш симптом топтарымен көрінеді: мойын аймағындағы ауыру сезімі, тиреотоксикоз (жеңіл және орташа) және жедел инфекциялық сырқаттың симптоматикасы (интоксикация, тершеңдік, субфебрилитет). Жеделдеу тиреоидитке мойын аймағында кенеттен дамитын диффузды ауыру сезімі тән. Мойын қозғалысы, жұтыну, түрлі ҚБ аймағындағы тітіркенулер науқасқа жағымсыз әсер етеді және қатты ауырады. Ауыру сезімі жиі желкеге, құлаққа және төменгі жаққа беріледі. ҚБ пальпациялағанда ауырады, тығыз, сәл ұлғайған; ауыру сезімі қабынулық үрдіске бездің ілігуіне тәуелді локальді немесе диффузды болады. Ауыру сезімі бездің бір бөлігінен екінші бөлігіне тарап, ауыспалы (кезеген) сипатқа ие болады. Сонымен қатар, тахикардия, астенизация, дене салмағының азаюы секілді жалпы белгілер дамиды.
Дене қызуының жоғарылауы (субфебрилитет немесе жеңіл қызба) науқастардың 40%-да көрініс береді. Жиі мойын аймағында дамитын қатты ауырсыну сезімі жеделдеу тиреотоксикоздың жалғыз клиникалық көрінісі болып табылады, ал тиреотоксикоз науқастарда мүлдем болмауы мүмкін.
Диагностикасы
ЭТЖ жоғарылауы — жеделдеу тиреодитке тән көріністердің бірі, кейде сәл ғана жоғарылауы мүмкін (50–70 мм/сағ.). Бактериялық инфекцияға тән лейкоцитоз анықталмайды, орташа лимфоцитоз көрініс беруі мүмкін. Деструктивті тиреотоксикозбен өтетін барлық сырқаттар секілді тиреоидты гормондардың мөлшері сәл жоғарылайды, жиі субклиникалық тиреотоксикоз, сирек- аурудың эутиреоидты ағымы дамиды.
УДЗ мәліметтері бойынша жеделдеу тиреоидитке айқын шектелмеген гипоэхогенді ошақтар, сирек жағдайда диффузды гипоэхогендік тән. Сцинтиграфия нәтижесі 99mTc сіңірілуінің төмендегенін көрсетеді.
Аса диагностикалық маңызды деп преднизолонмен емдеу нәтижесі айтады (ex juvantibus диагностикасы), яғни бастапқы сатысы Крайль тесті деп аталады. Крайль тесті егер науқасқа 30 мг/тәу преднизолонды тағайындағаннан кейінгі алғашқы 12–48 сағатта мойын аймағындағы ауырсыну сезімі азайып немесе жоғалса, жалпы жағдайы жақсарса, ЭТЖ мөлшері төмендеуге бет бұрса аталған тест оң нәтижелі деп саналады.
Дата добавления: 2016-03-27; просмотров: 817;