Клиникалық көріністері
Алкогольді делирий алкоголизммен жылдар бойы зардап шегетін науқастарда дамиды. Алкогольді делирий алғаш алкоголизмнің ортаңғы сатысында, ағзадағы зат алмасу үрдістері қайта құрылып, алкоголь зат алмасу жүйесіне қосылғанда пайда болады.
Алкогольді қабылдауды күрт тоқтатуға алып келетін ағзаны едәуір әлсірететін факторлар алкогольді делирий дамуына жиі ықпал етеді. Бұл факторларға инфекциялық аурулар, өкпе қабынуы, панкреатиттер, холеститтер, әртүрлі қуыстық операциялар, бас миының жарақаттық зақымданулары, іріңді процестер, өкпе туберкулезінің өршуі жатады.
Алкогольді делирий алкогольмен ұзақ, ауыр улану басылған соң 1-3 күннен кейін туындайды. Ол абстинентті синдромнан түнгі және таңертеңгі уақытқа қарай айқын, ауыр түрге тасымалданатын секілді.
Абстинентті синдром кезіндегі соматикалық және неврологиялық бұзылыстар делирийдің хабаршысы болып табылады. Вегативті бұзылыстар арта түседі, тері жабындысының гиперемиясы, гипергидроз, тахикардия күшейеді, артериялық қысым күрт тербеліп тұрады, қысым жиі төмендеуге бейім, тремор, бұлшықет гипотониясы, гиперрефлексия күшейеді, делирий дебютында эпилептиформды ұстамалар бақылануы мүмкін – олар күрделі және абортивті де болуы мүмкін.
Алкогольді делирийдің ерте пайда болатын белгілерінің бірі ұйқының жоғалуы, содан кейін көру және есту иллюзиясы пайда болады, бұған алғашында гипногогиялық галлюцинациялар қосылады, қорқыныш күшейеді.
Басталып келе жатқан алкогольді делирийді диагностикалау үшін Липман симптомының практикалық маңызы зор: аурудың көз алмасының үстінен екі саусақпен басып, оны бір бейнемен, мысалы, оған иттің секіріп келе жатқан бейнесімен иландырса, ауру сол бейнені қабылдап, қорқыныш аффектімен жауап береді.
Алкогольді делирийдің клиникалық көрінісі дамығанда сахна тәрізді шынайы көру және есту галлюцинациялары пайда болады. Бұл кезде науқастың реакциялары эмоциональды қанық, қорқыныш пен үрей билейді, өлім жақындап келе жатқандай болады, зейіні аса елітпелі, науқас өте сенгіш келеді. Галлюцинациялар жиі алкогольді немесе кәсіби сюжеттен тұрады. Науқастың мимикасы жанданған және толығымен галлюцинацияларға сәйкес келеді. Саныдырақтық идеялар галлюцинаторлы күйзелістермен тығыз байланысты. Сананың делириозды қарауытуы тән: науқастың орын бойынша бағдары бұзылған (мысалы, вокзалда тұрмын, жұмыста тұрмын деп айтуы мүмкін). Айналасындағыларды қызметтестері деп санайды. Ол сонымен қатар уақытты да бағдарлай алмайды, аптаның күнін дұрыс атамайды, кейде айды, жылды шатастырады. Өзіндік тұлғасын бағдарлау сақталады. өз жағдайына сын көзқарас болмайды. Галлюцинаторлы бұзылыстарға сәйкес науқас қимылдық қозу жағдайында болады, бір жаққа қашуға тырысады, біреулерден қорқып, қорғанады. Бұл кезеңде науқас агрессивті болуы мүмкін (қорғанады немесе «дұшпанына», ізіне түскендерге қарсы әрекет жасайды), сондықтан әлеуметтік қауіпті болып саналады.
Психопатологиялық симптоматиканың кері дамуы кезіндегі алғашқы қолайлы белгілердің бірі науқаста ұйқының пайда болуы болып табылады (табиғи немесе препараттармен шақырылған). Ұзақ ұйқыдан кейін ауру психоз жағдайынан шығады.
Психоздан шыққаннан кейін науқас айқын астениялық күйге түседі. Содан кейін науқаста психотикалық бұзылыстарға сын көзқарас пайда болады. Дегенмен ол бірден толық пайда болмайды, өткерген психоз жағдайына науқастар жеңіл қарайды. Алкогольді делирий ұзақтығы орташа есеппен 3-4 тәулік, уақытында қолданылған ем ұзақтығын бірнеше сағатқа қысқартады.
Алкогольді делирийдің ауыр түрінде қимылдық қозу төсек деңгейімен шектеледі, тактильді галлюцинациялар пайда болады, науқас үстінен насекомдарды түсіргендей, ауыз қуысынан жіп, шаш алған тәрізді қимылдар жасайды, былдырлайды. Делириозды жағдай есеңгіреуге, сопорға ауысады, ақырында кома дамиды, әрі қарай ауру жағдайы ауырлай түскенде жүрек – қантамырлық жеткіліксіздіктен өлім жағдайы орын алады.
Кейде делирий жағдайынан шыққаннан кейін бұл синдромның симптоматикасы абортивті түрде бірнеше күннен кейін қайталанады.
Делириозды жағдайға тән психикалық бұзылыстар айқын неврологиялық және соматикалық бұзылыстармен қосарлана жүреді.
Алкогольді делирийге тән жиі кездесетін неврологиялық симптомдар жалпы тремор болып табылады, Ромберг позасында тербеліс байқалады, сіңірлік рефлекстер күшейеді, горизонтальды нистагм болады. Алкогольді делирийдің ауыр түрінде оральды автоматизм, бұлшықеттер тонусының бұзылысы, атаксия пайда болады.
Соматикалық бұзылыстар тамырлық патология түрінде көрінеді: терінің, әсіресе бет терісінің гиперемиясы, склера тамырларының иньекциясы, тахикардия. Дене қызуды 38-39° С-ге дейін көтеріледі
Паренхиматозды мүшелер (бауырдың, бүйректің) қызметтерінің бұзылыстары анықталады. Алкогольді делирийдің жиі кездесетін асқынулары пневмония, гепатит, панкреатит болып табылады.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 2803;