Психикалық аурулар патогенезі
Патогенез – аурудың даму механизмі. Патогенетикалық механизмдер тұқымқуалаушылық сипатта қалыптасты және адамға заманға сай ұзақ табиғи-тарихи күрделі даму нәтижесінде қонды. Орныққан патогенетикалық үрдіс физиологиялық, биохимиялық, электрофизиологиялық, психикалық реакциялардан және мүшелер мен тіндердегі структуралық өзгерістерден тұрады, басқаша айтқанда патогенез уақыт аралығында ғана емес, белгілі бір кеңістікте күрделене түседі, сәйкес локализациясы болады. И.В.Давыдовскийдің пікірі бойынша морфологиялық өзгерістер белгілі даму заңдылықтарына тәуелді, олар үрдістің жеке фазаларын (әдетте стереотипті және циклды) суреттейді, үрдіске тұрақтылық сипатын береді. Патогенез үрдістің территориалдылығын білдіреді, ал ол аурудың клиникалық көрінісінде бейнеленеді. Патогенез арқылы ауру себептерінің әсері организмнің жауап реакциясымен әрекеттеседі. Көптеген ауру тудырушы себептердің әсеріне ағза шектелген реакциялар жиынтығымен жауап береді. Реакцияның түрі, бағыты, сапасы, қарқыны ағзаның жеке мүмкіншілігіне байланысты. Егер ағза мүмкіншілігі шектелген немесе мүлдем болмаса, онда оның жауап реакциясы болмайды немесе әлсіз болады. Мысалы, кішкене балаларда психоз моторлы және аффективті бұзылыстармен – қимылдық қозу немесе ступор, қорқыныш, агрессивтілікпен көрінеді. Оларда сандырақ кездеспейді, себебі оларда тұлғаның идеаторлы құрылымы жетілмеген, абстрактылы-логикалық ойлау қабілеті жетілмеген. Тек жасөспірімдерде психоздың клиникалық көрінісінде сандырақ элементтерін байқай аламыз, олар эпизодты, тұрақсыздықпен, толық ашылмаған фабуламен, полиморфизммен, жүйесіз сипатпен көрінеді. Ересек адамға тән сандырақ сапасын, тек есейген балаларда кездестіреміз.
Патологияның ортақ теориясына сәйкес түзілген патогенетикалық үрдіс өзіндік даму, қозғалыс заңдылығына бағынады. Ауру себебі бір мезетте әсер етуі мүмкін, бірақ ол тізбекті реакция түрінде бірінен соң бірі қосылып тұратын көптеген компенсаторлы және бейімделу жауаптарын қозғалысқа алып келеді. Бір себеп әр түрлі бағдарламаларды қозғалысқа алып келеді: нақты қайсысы екені - қосымша жағдайларға тәуелді. Алкогольді шектен тыс қолдану көптеген аурулардың себебі бола алады: ақ қызба, алкогольді параноид, алкогольды галлюциноз, Корсаков психозы, Гайе - Вернике энцефалопатиясы т.б. Мерез жұғуы әсерінен орталық жүйке жүйесі зақымдалуы мүмкін, ол үдемелі салдану, ми мерезі сияқты жеке аурулар түрінде көрінеді. Сонымен қатар әртүрлі себептер бір бағдарламаға тұрақтап, патогенезі бір болуы мүмкін. Мысалы, делирий себебі көптеген соматикалық аурулар, уланулар, ми жарақаты, көптеген жедел инфекциялар бола алады. Осылайша, патогенез аурудың клиникасын, симптоматикасын, синдром түзілу бағытын, патологиялық үрдістің нәтижесін анықтайды. Бірақ этиология, не болмаса патогенез бөлек алғанда нозологиялық форманы анықтамайды. Нозологиялық формада этиология мен патогенез бірігеді: бір нозологиялық формаға этиологиясы мен патогенезі бір жағдай жатады.
Психикалық аурудың теориялық моделі – жалпылама, типті түсінік. Дерт белгілі бір адамды зақымдайды және белгілі бір субъектке тән жауап беру ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл ерекшеліктер ауру организмінің бастапқы физиологиялық жағдайына, жоғарғы жүйке жүйесінің типіне, мінез-құлқына, жынысына, жасына, тұқым қуалау ерекшеліктеріне, иммунологиялық реактивтілігіне, басқа да науқастың конституциялық ерекшеліктерін сипаттайтын жағдайларға тәуелді. Индивидуальдылық жауап реакцияны өзгертеді, ауру клиникасында ауытқулар пайда болуына ықпал етеді. Өйткені әр адам табиғаттың қайталанбас туындысы, дерт кезіндегі атиптілік, типтіліктен гөрі табиғат заңына сәйкесірек болып табылады. «Нозологиялық қорытынды жалпылама түрде ғана шынайылықты көрсетеді; олар шындыққа сәйкес, бірақ барлық шындықтың бетін ашпайды, яғни, индивидуальдылық маңыздылығын толық ашпайды. Барлық этиологиялық факторлар салыстырмалы түрде ғана патогенді, ал пайда болған патологиялық үрдістер біртекті емес, өйткені әрқайсысы индивидуальды». Нозологиялық диагноз қоюда клиникалық көріністегі ауытқуларды түсіну үшін науқасты дұрыс қарап, анамнездік мәліметтерді толық анализдеу керек.
Патогенез сұрақтарын жақсы білу рацоналды, яғни патогенетикалық терапияның дұрыс жүргізілуіне себеп болады. Бұл ем аурудың клиникалық көрінісінің негізіне жатқан тізбекті реакцияларды үзу үшін қолданылады.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 2301;