ПСИХИКАЛЫҚ АУРУЛАР ЭТИОЛОГИЯСЫ

 

Қатаң негізделген тәжірибелік профилактикалық, емдік және реабилитациялық іс-шаралар жүйесін құруда психикалық аурулардың түп негізі, себептері, пайда болу жағдайлары, клиникалық көрінісінің түзілуіне қоршаған ортаның, тұлғаның индивидуальды ерекшеліктерінің әсері, патологиялық процесстің ағымы мен аяқталуы жөніндегі жетік білімге сүйену қажет.

Психикалық қызмет патологиясы адамның сыртқы ортаға бейімделуін күрт өзгертеді және шынайы өмірдің күрделі формаларының бейнеленуін бұзады. Психикалық ауру тудырушы факторлар өте көп. Олардың бірі белгілі болса (органикалық, инфекциялық, интоксикациялық психоз), кейбірлерінің сипатын тек жанама белгілері бойынша байқай аламыз (шизофрения, эпилепсия). Психикалық аурулар этиологиясын зерттеу әлі де аяқталмаған процесс.

Психикалық аурулардың себептерін организмге қатысты сыртқы- экзогенді және ішкі-эндогенді деп бөледі. Экзогенді ауру тудырғыш агенттерге инфекция, интоксикация, мидың жарақаттан кейін зақымдалуы, церебральды ісіктер, психогениялар (психикалық жарақаттардың әсерінен рухани күйдің бұзылуы), соматогениялар жатады. Ал эндогенді себептер тұқымқуалаушылық және адамның конституциялық ерекшеліктеріне, жас кезеңдеріне байланысты. Этиологиялық факторларды экзогенді және эндогенді деп бөлу тәжірибелік психиатрияда кеңінен қолданылады. Этиологиялық принцип психикалық ауруларды жіктеуде шешуші рөл атқарады. Теориялық жағынан зиянды факторларды эндогенді және экзогенді деп бөлу дұрыс бола бермейді. Мұны түсіну үшін қоршаған орта әсеріне жауап ретінде адам организмнің барлық реакциялары (физиологиялық, патофизиолгиялық) ұзақ эволюция барысында қалыптасқандығын еске түсіру қажет. Осы реакциялардың кейбірі адам ағзасының зат алмасу үрдісіне орнығып, тұқым қуалайтын ерекшелікке айналған. Осылайша, сыртқы ортаның белгілі бір әсеріне организмнің индивидуальды жауабы оның болашақ ұрпақтары үшін алдын – ала бағдарланған болып табылады. Басқаша айтқанда белгілі бір субьект үшін экзогенді болған себеп оның ұрпақтары үшін эндогенді болып табылады. Ұлы орыс клиницисті С. П. Боткин ауру сыртқы ортаның организмге тікелей немесе оның алыс-жақын ата - аналары арқылы әсер етуінен пайда болатынын айтқан. Адам эволюциясының күрделі даму жолында организмнің сыртқы ортаға бейімделу реакциясы ғана емес, сыртқы ортаның өзі де өзгерді. Адам үнемі қоршаған ортаны өзіне бейімдеу үшін өзгертіп келді. Бұл өзгерістер ақыр соңында адамның өзін өзгертті.

Ауру туғызушы фактормен кездесу міндетті түрде ауруға шалдығу деген сөз емес. Қолайсыз факторлар дерт туындатуы үшін ағза белгілі бір жағдайда болуы керек. Осылайша, дертті құбылыс этиологиясы жайсыз фактор болып табылмауы да мүмкін. Методологиялық тұрғыдан аурудың себебі – ауру тудырғыш элемент пен оны қабылдауға қабілетті организм қарым – қатынасы процессі. Тіпті тұқымқуалаушылықтары бірдей бола тұра бір жұмыртқалы егіздердің біреуінің шизофрения немесе маниакальды- депрессивті психозбен ауруы, екіншісінің бұл аурулармен жүз пайыз ауыратындығын білдірмейді. Сондықтан бұл жерде психикалық аурулардың тұқымқуалаушылығы жөнінде емес, оларға бейімділіктің тұқымқуалайтындығын айтуымыз керек. Мәселе организмнің алдын-ала ауруға бейімделігінде. Бұл бейімділік ауруға ұласа ма, жоқ па, ол организмнің өмір сүру ортасындағы жағдайларға байланысты. Эпидемиологиялық зерттеулерге сүйенсек шизофрения тәрізді эндогенді ауруларда спонтанды дебют өте сирек кездесетіндігі анықталған. Науқастардың басым көпшілігінде дерттің басталуына психожарақаттаушы ситуация, соматикалық аурулар, алкогольмен уланулар себеп болған. Экзогенияларға сезімтал науқастарда сол зиянды факторлар шизофренияның қайта өршуін және ұстамалар рецидивін шақыра алады. Эндогенді психоз тудыратын сыртқы орталық әсерлерді зерттеу психопрофилактика үшін маңызды.

Экзогенді зияндылықтардың ауру тудыруы үшін оған бейім жағдайлардың рөлі маңызды. И.П.Павлов тәжірибесінде жоғарғы жүйке жүйесінің күшті типімен, бұрын стресске төзімді жануарлар кастрациядан кейін неврозға жеңіл шалдығатынын көрсетті. Отандық психиатрлар С.Г.Жислин, Е.К. Краснушкин, Л.Л.Рохлин психогенді ауру тудыратын соматикалық өзгерістерге назар аударған. Г.Е.Сухарева өз жұмыстарында инфекциялық психоздардың жиі жақын уақыт аралығында психикалық жарақат алған немесе резидуальды церебральды жетіспеушілігі бар балаларда кездесетіндігін атап көрсетті. Психикалық аурулардың дамуына ықпал ететін немесе кедергі болатын факторлар ретінде адамның жынысы мен жасы да маңызды. Генеративті функциялардың ерекшеліктеріне (менструальды цикл, жүктілік, босану, лактация, климакс) байланысты жоғары эмоционалдылық, айқын циклдылық және зат алмасудағы өзгерістер – осылардың барлығы әйелдерде ерлерге қарағанда истерия, маниакальды-депрессивті және пресенильді психоздардың жиі кездесуіне себеп болады. Ал алкогольді психоз, мерездік психоз, жарақаттар және церебральды атеросклероз елдер арасында көбірек кездеседі.

Жас кезеңдеріне байланыссыз аздаған психикалық аурулар тобы бар. Организмге адаптациялық қиындықтар туғызатын жас кезеңдерінде күрт өзгерістер (пубертатты криз, климакс) невроз, реактивті жағдайлар, психопатиялар декомпенсациясы, шизофрения, маниакальды - депрессивті психоз ауруларына бастама береді. Қарттық және пресенильді психоздар кезінде жастық факторлардың рөлі маңыздырақ.

Өндірістік фактор психикалық бұзылыс себебі түрінде (проффесиональды аурулар кезінде), кейде оған бейімдейтін жағдай рөлін атқарады. Мысалы, өнеркәсіп жағдайындағы үнемі шу, вибрация, эмоциональды жүктеме қантамырлық ауруды ауырлатып, психопаотологиялық симптоматиканың дамуына ықпал ете алады. Кезеңдік ағымдағы эндогенді психоздар үшін маусымдық фактор, ал метеотропты фактор қантамырлық патологиямен немесе БМЖ-нан кейінгі резидуальды құбылыстармен адамдар үшін маңызды. Егер нақты себеп болмаса, тек ауруға бейімдейтін жағдайлар психикалық ауру шақыруға қабілетті емес. Мысалы, барлық бейімдеуші жағдай болғанымен организмде солғын спирохета болмаса, ми мерезі немесе үдемелі салдану туындамайды. Елде малярия тәрізді қауіпті инфекциялар жойылғандықтан қазіргі кезде осы аурумен байланысты психоздар да кездеспейді.

Осылайша, аурудың себептері де, оларға бейімдейтін жағдайлар да экзогенді де, эндогенді де бола алады. Тәжірибеде нақты аурудың себебі мен бейімділік жағдайын ажырату қиын, бұл кейбір ауруларды полиэтиологиялы деуге негіз болды. Білім жетіспеушілігінен құбылысты қарапайым түсіндіруге тырысамыз. Өмірде өзара қатынас және себеп-салдар қатынасы әлдеқайда күрделі. Осындай өте күрделі мәселелерге психикалық аурулардың этиологиясы мен патогенезі қатысты.








Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 5393;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.