Психикалық бұзылыстармен науқастардың реабилитациясы жайлы түсінік
Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін үшінші реттік профилактика қарқынды дами бастады. Денсаулығы зақымданған немесе денсаулығынан толық айырылып соғыстан зардап шеккен адамзат алдындағы жоғары моральды жауапкершілік қоғам мен мемлекет жүйесінің қызметінде өз көрінісін тапты, ол әртүрлі атауға ие болды: реабилитация, реадаптация, ресоциализация, қалпына келтіру терапиясы және т.с.с.
Реабилитация деп - адамның әлеуметтік статусын қалпына келтіру, оның құқықтық қайта қалпына келуін түсінеміз. «Реадаптация» терминін медицина қызметкерлері қолданады. Ресоциализация – ауру нәтижесінде бұзылған әлеуметтік байланыстардың толық қалпына келуі және жаңа дағыларды игеру болып табылады. Қайта қалпына келтіру терапиясы – адамның қоғамдық өміріне және әлеуметтік пайдалы іс-әрекет етуіне кедергі болатын, аурудан немесе жарақаттан кейін қалған құрылымдық және функциональдық бұзылыстарды (мысалы, бет күйігінен кейінгі пластикалық операциялар, қызметін атқара алмайтын мүшелерді алмастыру, протез жасау және т.б.) түзету.
Осындай іс-әрекеттердің қадамы өте ауқымды болды, осылайша ол халықаралық мәнге, теориялық негізге ие болады, «реабилитация»-деп аталатын өзіндік білім саласы болып түзілді, соғыспен байланысы жоқ ауруларға да қатысты болды. Қазіргі уақытта, ДДҰ-ның мәлімдемесі бойынша медициналық, профессиональдық және әлеуметтік реабилитация түрлері бөлінді.
Ағзаның қандай да бір мүшесі және жүйесінің кез-келген дерті: көз ауруы, жүрек-қан тамыр ауруы немесе сөйлеу ақауы болсын – адам осылардың барлығына психикалық реакция береді. Бұл реакцияның сапасы мен тереңдігі әртүрлі жағдайларға байланысты: негізгі аурудың ауырлығы және оған байланысты асқынуларға, зардап шегушінің тұлғалық ерекшелігіне, оның мінез-құлқы, темпераменті, әлеуметтік дәрежесі, болған жайтты дұрыс бағалай білуі, жаңа жағдайларға бейімделу қабілеті, айналадағылардың көзқарасы және т.б. Сондықтан реабилитация қандай патология түрі болмасын психикалық аспектті ескеруі керек. Барлық психикалық аурулар кезінде өте ерте адамның әлеуметтік байланысы зардап шегеді. Тұрғындар арасында реабилитациялық көмек көрсетудің көлемі сол аймақтың экономикалық жағдайына, медициналық көмектің, денсаулық сақтау ұйымдарының деңгейіне, мемлекет пен қоғамның реабилитация мәселелерін шешудегі қызығушылықтарына байланысты.
Науқасты аурудан кейін еңбекке баулу, еңбектік дағдыларға үйрету, науқастардың қызығушылығын ескеру, құқықтарын сақтау реабилитация принцпитерін жасауға негіз болатын идеялар болып табылады. Үшінші реттік психопрофилактика сатысында науқастардың еңбекпен қамтамасыз етілуі маңызды, жаңа өндірістік байланыстар құрылады. Шизофрения, эпилепсия тәрізді аурулармен зардап шегетін адамдарды ескі жұмыс орнында, жұмыс жағдайын өзгерте отырып, қалдыруға талпыныс даму үстінде. Эпилепсиямен науқастар үшін қозғалмалы механизмдермен, биіктікте, отпен, суда жұмыс жасауға қарсы көрсетілім бар, өйткені бұл жағдайларда сана бұзылысымен және тырысулармен жүретін эпилепсиялық ұстама науқас өміріне аса қауіпті. Егер интелектуальді қабілеттерінің айқын төмендеуі және тұлғалық айқын өзгерістер болмаса науқас кітапхананаларда, архивтерде жұмыс істей алады, өйткені мұндай науқастар аса ұқыпты, мұқият болып келеді. Асығыс, қарбалас жағдайларда эпилепсиямен науқастар жүйке процесстерінің инерттілігі мен қозғалмалылығының жетіспеушілігіне байланысты жылдам декомпенсация жағдайына түседі.
Егер науқас қарапайым өндіріс жағдайында жұмыс жасай алмай, мүгедектік тағайындалса, оған үйінде немесе психоневрологиялық диспансерлер шеберханаларында жұмыс істеу ұсынылады. Бұл жерде науқастың дағдыланған ісіне қабілетін пайдалану немесе еңбекпен емдеу жөнінде айтылып тұр. Емдік–еңбектік шеберханаларда науқастардың жағдайына байланысты еңбек процессі қатаң индивидуализацияланған және күрделілік дәрежесі әртүрлі: пакеттерді желімдеу, жасанды гүлдерді жасау, етікші ісі және тігін өндірісі. Бұл шеберханада науқас жаңа мамандық игере алады, ал кейінірек психикалық жағдайы мүмкіндік берсе, өндіріске ауысуына болады. Ең маңыздысы – емдік-еңбектік шеберханаларда науқастың коллективте болуы, оның бойында жаңа эмоциялық және іскерлік контактілер пайда болады. Жаңа коллективте идеялық-тәрбиелік жұмыс жүргізіледі, мәдени бағдарлама орындалады, ең бастысы, науқас тұрақты дәрігер қадағалауында болады, уақытында тамағын ішеді, тегін емделеді және өз еңбегінің материальдық жемісін көреді. Емдік-еңбектік шеберханалар тек диспансерлерде ғана емес, сонымен бірге ірі психиатриялық ауруханаларда ашылып, қызмет етуі керек.
Реабилитацияның соңғы сатысы науқастың сауығып, жанұясына, қызмет орнына оралуы болып табылады. Қазір өндірістегі психикалық науқастардың реадаптациясына дәрігерлердің қатысуын белсендендіру қолға алынған. Психоневрологиялық көмек органдарының ірі өнеркәсіп әкімшілігімен келісімі бойынша емдік-еңбектік шеберханалардан өршу сатысынан тыс науқастар жұмысқа жіберіледі. Өндіріс жағдайында дәрігер ауру жағдайын жүйелі түрде бақылап отырады және сүйемелдеуші терапияның жүруін қадағалайды, дені сау қызметкерлерге науқас жайында түсініктеме береді, өз ауруының тәртібіне толық жауапкершілік алады.
Науқастың реадаптациялық дәрежесі психикалық патологиялық сипаты мен ауырлығына ғана байланысты емес, жанұя позициясына, туысқандарының оған деген көзқарасына, науқастың өмір сүріп жатқан ортасына да байланысты болады. Осы себептерден барлық елдерде психикалық ауруханаларда науқастардың «тұнып қалу» үрдісі орын алған. Экономикасы дамыған елдерде психикалық ауруханалар санының көптігі және денсаулық сақтаудың жалпы жүйесінде психиатриялық койкалар санының көптігі алдағы уақытта психиатриялық көмек дамуына және науқастар реабилитациясына кедергі болуда. Сонымен, ДДҰ сарапшыларының пікірінше тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыратын психиатриялық койкалар 1000 тұрғынға шаққанда 1-3 болып табылады. Кей елдерде психиатриялық койкалар саны 1000 тұрғынға шаққанда 6-ға жетеді. Англияда психиатриялық ауруханаларға барлық койкалық қордың 40-45 пайызы берілген; психикалық науқастарға қызмет көрсетуге психоневрологиялық көмек бойынша 98 пайыз шығын жұмсалады, ал амбулаторлық көмекке тек 2 пайыз ғана жұмсалады. Ауруханалар босап қалмау үшін науқастарды ұзақ уақыт ұстайды. Бұл тек науқастардың өмірге белсенді қайта оралуына зиян келтіріп қоймай, госпитализм құбылысының дамуына алып келеді: ауруханадан шығуға қорқу, қиындықтардан күдіктену, қызығушылықтар шеңберінің тарылуы, маман ретінде өзін қажетсіз сезіну. Реабилитациялық жұмыстың жеткіліксіздігінен науқастар ауруханадан шыққан соң қайта оралып жатады. Сондықтан көп елдерде койкалық фондты 1000 тұрғынға шаққанда 1,5-3,5 койкаға дейін қысқарту міндеті тұр. Амбулаторлық көмекті ары қарай дамыту міндеті де бар.
Психикалық аурулардың айтарлықтай ұзақтығы, олардың жиі рецидивпен жүруі, психоневрологиялық диспансерлермен науқастардың жүйелі қадағалану қажеттілігін білдіреді. Реабилитациялық қызметте науқастардың белсенділігін арттыру мақсатында міндетті емес көмек түрлерін іске асыру шешілді. Осылайша, ірі қалаларда ерікті бастамамен ескі пациенттер клубтары ашылды. Клубтың мақсаты науқастарды коллективке тарту, оның қоғамға және өзіне деген көзқарасын қайта қалыптастыру болып табылады. Клуб қазметін дәрігер бақылап отырады, бірақ науқастардың өздерімен ұйымдастырылып, іске асырылады. Клубтағы белсенді қызмет бағаланады, еңбектік тәрбие қарастырылады, спортпен шұғылдану және мәдени бағдарлама ұйымдастырылады, аутогенді жаттығу тәсілдеріне үйретіледі, науқастардың туыстарымен дәрігердің кездесулері ұйымдастырылады, қызығушылықтары ортақ науқастар топпен жұмыс істейді.
Реабилитациялық жұмыс бойынша Отандық психиатрияның жинаған тәжірибесі оның негізгі принциптерін құруға мүмкіндік берді. Реабилитацияның бірінші принципі ықпал етудің биологиялық және әлеуметтік әдістерінің бірлігін ұстанады. Ауруды емдеу консультативті, педагогикалық жұмыспен және әлеуметтік құрылым қызметімен бірлестіріледі. Екінші принцип тек қана аурумен ғана жұмыс істеп қоймай, ортаны сауықтыру, отбасында, қоғамда науқас үшін жайлы әсер ететін қарым-қатынас түзу. Үшінші принцип барлық емдік-қалпына келтіру шаралары науқастың тұлғалық ерекшеліктерін ескеріп жүргізілу керектігін білдіреді. Төртінші принцип реабилитацияның сатылы жүргізілуі, науқасқа әсер ету әдістерінің ретімен ауыстырылып отыруы.
Реабилитация идеяларын іске асыру науқасты аурудың жедел кезеңінде белсенді дәрілік терапиямен жоғары деңгейде қамтамасыз ету нәтижесінде ғана мүмкін болып шықты. Тек психопатологиялық симптоматика редукцияланғанда реабилитация қызметі басталуы керек. Оның мазмұны аурудың нозологиялық ерекшелігіне және әр жағдайдың индивидуальдылығына қарай анықталады.
Екінші бөлім
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 4295;