Балалық және жасөспірімдік шақ психиатриялық аспектілері және психопрофилактика мәселелері

Адамның психикалық саулығының негізі ерте балалық шақтан қалыптасады. Сондықтан бала өмірге келгеннен бастап оның тәрбиесі мен дамуын қадағалап отыру керек. Баланың психикалық жағдайына дұрыс көңіл бөлу керек, себебі 16 жасқа дейінгі кезеңде психикалық бұзылыстарға ұшырау қаупі жоғары болады. ОЖЖ дамуының жетіспеушілігімен, оның жауап беру жеткіліксіздігі балалардың қалыпты жағдайда және патология кезінде де жүйкелік – психикалық реакциялары өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады. Невроздар мен психоздардың ағымы және нәтижелері ересек адамдармен салыстырғанда өзгеше.

Ересектерге қарағанда балалар сыртқы ортаның әсеріне көбірек тәуелді болады. Бала организмі тек өмір сүріп қана қоймайды, сонымен қатар өседі, дамиды, психикалық процестері қайта құрылып отырады. Мұның өзі адаптациялық механизм күшін керек ететін үлкен жүк болып табылады. Типті психикалық дамуында ауытқулары бар, даму ерекшеліктері өзгерген балалар аса қиын жағдайға түседі.

Жалпы ауруларға байланысты (соматикалық, инфекциялық), микросоциальды ортаның жағымсыз әсерлеріне байланысты кейде өсу тежеледі, жеке психикалық функцияларға қатысты жалпы немесе жеке психикалық даму тежеледі. Жалпы психикалық жетіспеушілік кейде ақыл аздық немесе олигофрения – кемақылдық түрінде көрінеді немесе квалификацияланады. Басқа бір жағдайларда психикалық даму жетіспеушілігі әлсіз байқалады және ересектерде балалық, аңқаулық ретінде көрініс береді-психикалық инфантилизм түрінде бағаланады. Әдетте психикалық инфантилизмге физикалық инфантилизм сәйкес келеді. Бұндай адамдарда 25-30 жаста жасөспірімдік бейнесі сақталады, дене салмағының, бойының жетіспеушілігі байқалады, екіншілік жыныс белгілері нашар дамыған болады. Ой-пікірінің жетік дамымауы себебінен мұндай адамдар өзгелердің ықпалына түсіп кетеді, күшті және авторитетті кісілердің пікіріне бағынады, өзгенің еркін орындайтын пассивті орындаушы болады. Инфантилизммен қыз балалар мен жігіттер асоциальды ортаға түскенде олар осы ортаға сәйкес өмір стилін жеңіл қабылдайды. Олар спирттік ішімдіктерді қолдануға үйірленеді. Қылмыстық әрекеттер жасаулары мүмкін.

Жеке психикалық функциялар дамуының тежелуі психикалық дамудың жалпы теңсіздігіне - асинхронияға әкеліп соқтырады. Осындай жағдайда сақталған психикалық функциялар, осындай жетіспеушілік болған жағдайда соның орнын толтыру үшін қарқынды дами бастайды, кейде ол бір жақты дарындылық түрінде көрінеді, психикалық теңсіздіктің айқындылығын көрсетеді.

Даму біртексіздігі тежелусіз-ақ жүйелер мен мүшелердің әдеттегіден күшті жетілу нәтижесінде де болады.

Бұл құбылыс акселерация деп аталады. Акселерат жасөспірімдер мен жастардың бойлары ата-анасынан ұзын, сүйек-бұлшықет жүйесі жақсы жетілген; олар жыныстық қатынаста да және өздерінің физикалық белгілері бойынша ерте дамуларына, басқа жынысқа деген қызығушылықтарының ерте дамуына байланысты олар ерте үйленіп, балалы болуларына болар еді. Бірақ берік социальды жағдайдың болмауы, материалдық және моральды дербестіктің болмауы, ең бастысы психологиялық дайындықтың болмауы оларға өз жанұясын құруға мүмкіндік бермейді. Қазіргі өмір жағдайына байланысты, қарым-қатынас және ақпарат құралдарының қолжетімділігіне (газет, журнал, радио, телевизия, кино) байланысты көптеген балалар өткенмен салыстырғанда жылдам, интелектуальды түрде дамиды. Нәтижесінде тұлғалық ерекше маңыздылығын сезіну, өзінің құрдастары қатарында басымдылығы жөнінде иллюзия, қызығушылықтарының жасына сәйкес еместігі кейде-консерватизмге және ересектердің біржақтылығына қарсы (ата-ананың оқытушылардың) наразылық тудырады. Өмірлік тәжірибесі болмай тұра өзін танытуға ұмтылу, ситуацияларға ересек көзқарастың болмауы конфликтке әкеліп соқтырады – нәтижесінде, барлығынан түңілу, депрессивті реакциялар түрінде жасөспірімнің өзі зардап шегеді. Балаларда психикалық дерттің басталуы жастық криздік кезеңдермен ұштасады.

Жастық криздер немесе криздік кезеңдер деп адамның биологиялық және социальды функциясының өте интенсивті қайта құрылуы жүретін өмір кезеңдерін айтамыз, бұл кезде сыртқы орта әсерлеріне сезімталдық жоғарылайды – ауру туындау қаупі өседі. Криз индивидумның психикалық дамуының, жүріс-тұрыстың жаңа мотивтерімен және алға қойылатын жаңа әлеуметтік талаптарымен жаңа сапалық сатысының басталуын білдіреді.

Балалар психологиясы мен психиатриясында 3 негізгі криздік кезең бөлінеді: 3, 7, 12, 15 жас. Барлық криздік кезеңдердегі психикалық жауаптарға жалпы тән ерекшеліктер болады: балалар ашуланшақ болады, тітіркенгіш, тыңдамайтын, ересектермен қатынаста айқын негативизм танытады.

3 жастағы жастық криздің маңызы баланың барлық айтқандары ересектер тарапынан орындалатын, жүріс-тұрыстың реактивті формасынан «Мен деген-жүйенің» (өзіндік сана) пайда болуы, және бәрін өзім жасаймын («Мен өзім») деген ұғымдардың пайда болуымен жүретін активті формаға ауысуында болып табылады.

7 жастағы жастық криз негізі социальдық өзіндік сананың оянуы болып табылады: өзін іс-әрекет субъектісі ретінде бағалау сатысынан адамзаттық қарым-қатынас жүйесіндегі субъект ретінде бағалауға көшуі. Бала өмірін толтыратын ойын, шынайы әлеуметтік өмір қажеттіліктеріне сәйкестігін жоғалтады, бұл жағдайда жүйелі оқу бастамасы осы жас кезеңінің кризистік ситуациясын нивелирлеуге қабілетті болады.

Жасөспірім шақтағы кризис аса жедел және ұзақ мерзімді болып табылады, ол пубертатты криз деп аталады. Криз мазмұны өзін таныту мен өз пікірін ұстануға қажеттіліктің басымдылығынан тұрады, бұл қажеттіліктер кейбір жағдайларда жасөспірімнің социальды және психикалық дамуында синхрондылықтың болмауына байланысты жиі көрініс бермей қалады. Объективті түрде есею, таным шеңберінің кеңеюі, жаңа қызығушылықтар пайда болуы кезінде жасөспірім әлеуметтік сала тарапынан ересектерге тәуелді болып қала береді, сондықтан оның көп істері шындықпен араздыққа алып келеді. Жиі байқалатын қарқынды жыныстық даму, әсіресе ер балаларда эндокриндік, вегетативтік өзгерістермен және соматопсихикалық дисфункциялармен көрінеді. Психожарақаттаушы факторлардың әсерімен организмнің реттеуші функциясының бұзылуы кезінде невротикалық реакциялар, депрессивтік жағдайлар оңай дамиды, пубертатты криз кезінде жиі алғаш эндогенді психикалық аурулар, атап айтсақ шизофрения көрініс береді.

Бұл жаста психикалық патология диагностикасының ерекше қиындығы, аурудың бастапқы симптомдары пубертатты кризге және акселерацияға тән психикалық сфераның және жүріс-тұрыстың әрқилы диссоциациясын бейнелейді. Жыныстық жетілу кезеңіне ешқандай дертсіз-ақ эмоционалды тұрақсыздық, жоғары қозғыштық, импульсивтілік, қарқынды қиял ойыны, ересектердің пікірін қабылдамау және құрдастарының пікіріне сезімталдық тән. Суреттелген психикалық ерекшеліктер, психикалық және физикалық даму деңгейіндегі максимальды диспропорциялар жүріс-тұрыстың әртүрлі бағытталған мотивтері социальды адаптация қиындықтарын туғызады және жиі тәртіптің бұзылуының және жасөспірімдердің қоғамға қауіпті әсерлер көрсетуінің себебі болады. Жүріс-тұрыс бұзылысының профилактикасы үшін, олар жөнінде жалпы болса да түсінік болуы керек.

Балалар мен жасөспірімдерде байқалатын жүріс-тұрыс бұзылысы негізінде жатқан әртүрлі реакциялар 4 типке бөлінеді: бас тарту реакциясы, оппозициялық, имитация және компенсация.

Бас тарту реакциясы бірдемеден айырылған кездегі баланың немесе жасөспірімнің эмоциялық күйі бұзылған жағдайларда дамиды: интернатқа орналастыруға байланысты жанұясынан, ата-анасының ажырасуы себебінен олардың бірінен ажырау, жаңа тұрғылықты орынға көшуге байланысты достарынан ажырау. Тамақтан, қарым-қатынастардан, ойыннан және т.б. бас тартады.

Оппозициялық реакция жанұяда іні немесе қарындас пайда болуына байланысты шамадан тыс жүктемеден немесе жасөспірім өзіне бөлінетін көңілдің азаюынан пайда болады, анасының күйеуге шығуы және басқа да себептерге байланысты дамиды. Суицидальды әрекеттердің, үйден қашудың, бұзақылық істердің мотиві болып өзіне көңіл аударту, өзін басқа жауыз адамдардың ықпалымен болған ситуация құрбаны етіп көрсету болып табылады.

Имитация реакциясы өзге тұлғаға немес бейнеге - кино жұлдызына, тәрбиешіге, құрдасына еліктеумен көрініс береді. Имитация реакциясы егер еліктеу объектісі антисоциальды тұлға болса социальдық нормалардың бұзылуына себеп болады. Теріс имитация реакциясы өзін қандай-да бір бейнеге қарама-қарсы ұстауға талпыныспен көрініс береді: маскүнем баласының спиртті ішімдік ішпеуі; пайдақор жанұясында өскен жасөспірім немесе қыз-жігіттердің материальдық көмектен бас тартуы. Имитацияның теріс реакциясы шеңберінде эмансипация реакциясы пайда болуы мүмкін – жасөспірімнің өз құқығы мен еріктілігі үшін күресі.

Компенсация реакциясы – кейбір жетіспеушіліктерді толықтыруға бағытталған: физикалық әлсіз жасөспірім өз қатарына ой еңбегі арқылы теңесуге тырысады, үздік оқиды, өзінің энциклопедиялық білімімен таң қалдырады.

Гиперкомпенсация реакциясы жасөспірімнің әлсіздік танытқан саласында табанды дайындалып, аса жоғары нәтижелерге жетумен көрініс береді. Балалар мен жасөспірімдерге ортақ аталған реакциялардан өзге жасөспірім шақ үшін арнайы реакция түрлері бөлінеді: эмансипация реакциясы, құрдастарымен топталу реакциясы, әуестену реакциясы (хобби-реакция), сексуальды әуестікке байланысты реакциялар. Эмансипация реакциясы туралы жоғарыда айтылып кетті.

Құрдастарымен топ құру реакциясы белгілі бір деңгейде инстинкт түрінде детерминирленген; өз лидері бар жасөспірімдік топтардың құрылуымен, топ ішінде рөлдердің бөлінуімен, өздерінің нақты территорияларын бөлумен сипатталады. Көптеген қылмыстарды осындай топ жасөспірімдері жасайды. Әуестену реакциясы, балалардың ойыны тәрізді, жасөспірім шаққа тән қасиет. Әуестіктің әртүрі болады: құмар ойындары, байлық жинауға құмарлық, лидер болуға құмарлық және интеллектуальды-эстетикалық және т.с.с. Әуестік жасөспірімдердің бар ой-санасын билеп алған кезде жүріс-тұрыстық бұзылыстар дамиды, оқуға және еңбекке қарсы қояды, әлеуметтік нормалардың бұзылуымен байланысты.

Сексуальды әуестік реакциялары – тікелей жыныстық қозудың реализациясына бағытталған (онанизм, өтпелі гомосексуализм), немесе терең жасырын сексуальды күйді білдіреді (суицидальды әрекет, агрессия актілері). Жасөспірімдердің сексуальдылығы әртүрлі тітіркендіргіштер әсерінен пайда болады, тұрақсыз, аса сезімтал және патологиялық түрге оңай ауысады.

Барлық суреттелген реакциялар қалыпты жағдайлармен қатар патологиялық психикалық реакцияның да көрінісі болуы мүмкін. Патологиялық реакциялардың қалыптасуы бірнеше себептермен ерекшеленеді: олар сандық жағынан күшейген және оларды шақырған ситуация маңыздылығына сәйкес емес; генерализациялануға бейім, осы ситуацияның шегінен шығып, патологиялық реакция туындатқан микротоп шекарасынан асып, таралуға бейім; әр түрлі ситуацияларға жауаптың стереотипіне айналуға бейім; әлеуметтік дезадаптацияға соқтырады.

Суреттелген реакциялар нәтижесінде жүріс-тұрыс патологиясы туады. Оның негізгі варианты делинквентті жүріс-тұрыс болып табылады - заң бұзушылықтар, жұмысқа бармау, сабақтарды жіберу, ұсақ бұзақылық, ұсақ ұрлық, қоғам тәртібін бұзу.

Делинквенттіліктің қарапайым себебі тәрбие жетіспеуі, бақылаудың жеткіліксіздігі болып табылады. Бұл жағдайға толық емес немесе ажырасқан жанұядағы тәрбие және соғыс кезіндегі жетімдік алып келеді. Мінез аномалиясы бар адамдардың асоциальды орта зияндылығына ұшырау мүмкіндігі жоғары. Делинквенттілікке жақын жүріс-тұрыстың патологиялық варианттары үйден қашу және жасөспірімдердің қаңғыбастығы болып табылады. Осы сияқты әрекеттер мотивтерінің арасында сауық-сайранға талпыну, жазалау қорқынышы, үлкендердің қатаң талабына немесе көңіл аудармауына қарсы наразылық көрсету. Кей жағдайда үйден қашулар жиі құбылысқа айналады. 1972 жылы АҚШ-та 1 млн. үйден қашу тіркелген.

Қоғамда үрей тудыратын жүріс-тұрыс варианттарына жасөспірімдер алкоголизациясы және наркотик қолдануы жатады. Кеңес авторлары мәліметтері бойынша мектепте оқитын тәртібі нашар жасөспірімдердің 14 пайызы спирттік ішімдік қолданады, милицияда балалар бөлмесінде есепте тұрғандың 13 пайызында алкоголизм диагностикаланады. Алкоголизмге бейімдейтін осы факторлардан басқа, жанұялық жайсыз қатынастар және ата-ананың алкоголизмі, дұрыс емес тәрбие, сонымен қатар мінез-құлық патологиясын (психопатия) айтуға болады.

Көпшілік наркотик қолданатын шет елдерде, жасөспірімдердегі алкоголизм мәселесі екінші жоспарға қойылды. Осы ғасырдың 50-ші жылдарында Жапонияда басталып және басқа елдерге таралған – АҚШ, Англия, Канада, Швеция, Испания, Оңтүстік Америка елдерінде, Нидерланды, ФРГ, Австрия, Финляндияда наркотиктер эпидемия сипатын алды. Амфетамин, барбитураттар, марихуанна, героин, ЛСД, тұрмыстық химия заттары (желім, тіс пастасы, аяқ киім кремі, еріткіштер) тәрізді допингтер кең таралған. Біздің елде жасөспірімдер наркоманиясына өте тың көзбен қарайды. Наркомания жағдайлары тәртібі бұзылған психопатиямен жасөспірімдер арасында жиі диагностикаланады, басқаша айтқанда эмоциональды-еріктік сферадағы бұзылыс салдарынан мінез патологиясы және оның акцентуациясы наркоманияға әкеліп соқтырады.

Жасөспірімдердің наркотик қолдануы топтасу реакциясымен байланысты. Ересектер патологиясымен салыстырғанда жасөспірімдерге алғашынан-ақ полинаркомания тән: олар модаға және жалпы тенденцияға еліктеп, ойланбастан барлық заттарды қатарынан пайдаланады, емделуге ынтасы болмайды.

«Суицидальды тәртіп» деп өзіне-өзі қол жұмсауға талпыну, әрекет ету, өзін өлтіру жөніндегі ойлармен жүретін жағдайды айтамыз. Бұл әрекет формалары 14 жасқа дейінгілерге тән емес, 15-16 жаста суицидальды қауіп жылдам өседі және 16-19 жаста өзінің максимальды шегіне жетеді. Өзін-өзі өлтіру әдетте психожарақаттаушы ситуацияға реакция болып саналады және бұл жиі мінез-құлық құрылымы бұзылған жасөспірімдерде кездеседі.

Жүріс-тұрыс формалары және патологиялық реакциялар педагогтар мен психопатологтардың зейінін аударту керек, себебі олар жасөспірім дамып тәрбиеленетін жағдайлардың сәтсіз жақтарын, тәрбиесіндегі жіберіліп жатқан қателіктерді көрсетіп береді. Медико-педагогикалық коррекция мұндай жағдайларда тұлғаның типологиялық ерекшеліктерін ескере отырып психотерапия және еңбекке орналастырумен айналысады.

 








Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 4487;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.013 сек.