Психология және жас ерекшелік психологиясының даму тарихы
1.Психология және жас ерекшелік психологиясының пайда болуы және алғашқы дамуы.
2. Жас ерекшелік психологиясының пайда болуындағы биогенетикалық және социогенетикалық бағыттар.
3.Л.С.Выготскийдің жоғары психикалық функцияларды дамыту теориясы.
«Жас ерекшелік психологиясы» пәнінің негізгі мәселесі – адам дамуын табиғи жасына сәйкес жан-жақты талқылау. Бұнда бірінші орында интеллектуалдық, эмоционалдық және баланың бейімділік қасиеттерінің көрінуі, одан басқа жан дүниесінің психикасының көрінуі тұрады. Ал оның пәні – адам дамуының қабілеттері мен қасиеттерін, психикалық үрдістерін және адамдардың қарым-қатынасы мен әрекеттерінің психологиялық дамуын анықтау.
Жас ерекшеліктер психологиясы – психология ғылымының құрамдас бөлігі, ол жалпы психологияның негізгі категориялары мен қағидаларына сүйенеді. Жалпы психологияның базалық категориялары: психикалық үрдістер (зейін, ес, түйсік, қабылдау, ойлау, сөйлеу, қиял), психикалық қасиеттер (қабілет, мінез, темперамент), психикалық күйлер (эмоция, сезім, ерік және т.б.).
Жалпы психология мен оның барлық салаларының негізгі қағидалары мыналар:
♦себептілік (детерминизм) қағидасы – өзара байланысты құптау, психикалық құбылыстардың бір-біріне өзара тәуелділігі және шартты байланыстылығы;
♦жүйелілік қағидасы – жеке психикалық құбылыстарды тұтастай психикалық ұйым элементтері ретінде қарастыру;
♦ даму қағидасы – психикалық үрдістердің жаңаруын, олардың динамикасын, бір деңгейден екінші деңгейге ауысуын құптау.
Жас ерекшелік психологиясы адамның психикалық даму заңдылықтарын, әр түрлі психикалық процесстердің қалыптасу процессін және жеке адамның психикалық қасиеттерін зерттейді.
Жас ерекшелігі психологиясы – психология ғылымының саласы. Оның зерттейтін пәні – адам психикасының жас ерекшелігі динамикасы, даму үстіндегі адамның психикалық процестері мен психологиялық қасиеттерінің онтогенезі. Балалар психологиясы, төменгі класс оқушылары психологиясы,жеткіншектер психологиясы, балаң жас өспірімдер психологиясы, ересек адам психологиясы, героптопсихология жас ерекшелігі психологиясының тармақтары болып есептеледі. Жас ерекшелігі психологиясы психикалық процестердің жас ерекшеліктерін, білімді игерудің жасқа лайық мүмкіндіктерін, жеке адамның дамуының жетекші факторларын т. б. зерттейді. Жас ерекшелігі психологиясы педагогикалық психологиямен ажырамастай тығыз байланысты.
Педагогикалық психологиясының пәні – оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттеу. Педагогикалық психология оқыту процесін басқарудың психологиялық мәселелерін, танымдық процестердің қалыптасуын зерттейді, ақыл-ой дамуының сенімді белгілерін іздеп тауып, оқыту процесіндегі ақыл-ойдың тиімді дамуының шарттарын анықтайды, педагог пен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастарды, сондай-ақ оқушылардың өзара қарым-қатынастарын қарастырады. Бұлармен қоса, педагогикалық психология оқушыларға жеке-дара қатынас жасауға байланысты мәселелерді де зерттейді.
Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясының біртұтастығы зерттелу объектісі – бала, жеткіншек, жас өспірім – ортақтығымен түсіндіріледі; олар, егер жас ерекшелігіне сай даму динамикасы тұрғысында зерттелсе, жас ерекшелігі психологиясының зерттеу объектілері, ал егер педагогтің мақсатты ықпалдары қарастырылса, педагогикалық психологияның объектілері болып табылады. Мектепке дейінгі балалар психологиясы, төменгі класс оқушылары психологиясы, жеткіншектер, жас өспірімдер психологиясы – жас ерекшелігі психологиясының бөлімдері. Оқыту психологиясы, тәрбиелеу психологиясы, мұғалім психологиясы – педагогикалық психологияның бөлімдері. Оқыту мен даму проблемаларына арналған бөлім педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясына теңдей қатысты. Педагогикалық және жас ерекшелігі писхологиясы ажырамастай біртұтастық құрайды: баланы оқыту мен тәрбиелеу процесінде қарастырады, сонымен бірге оқыту мен тәрбиелеу де өзінен-өзі оқыту мен тәрбиелеудің объектісінен, яғни баладан тыс қаралуы мүмкін емес. Бұл жағдай педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы проблемаларды баяндау шекарасын шартты ете түседі.
2. Педагогикалық және жас ерекшелігі психологисының пайда болуы және алғашқы дамуы. Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясының өмірге келуі ХІХ ғасырдың екінші жартысына жатадыжәне психология ғылымына генетикалық идеяның енуімен байланысты. Даму үстіндегі психологиялық-педагогикалық ой-пікірге көрнекті орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің еңбектері, алдымен оның «Адам – тәрбие тақырыбы» деген жұмысы едәуір үлес қосты. Адамды жан-жақты тәрбиелеуге ұмтылған педагог, алдымен оны барлық жағынан танып білуі тиіс деп есептей отырып, К.Д.Ушинский мұғалімдер мен тәрбиешілерге арнап: «...өздеріңіз басқарғыларыңыз келетін психикалық құбылыстардың заңдарын зерттеңіздер, осы заңдарға және оларды қолданғыңыз келетін жағдайларға сәйкес іс-әрекет жасаңыздар» - деп жазды. Жас ерекшелігі психологиясының дамуына Ч.Дарвиннің эволюциялық идеяларының айтарлықтай ықпалы тиді. Олар психикалық дамудың қайнар көздері проблемасына аса зор зейін аудартты. Психология зерттейтін дректердің рефлекстік мәнін түсінудегі психикалық іс-әрекеттің маңызы аса көрнекті орыс ғалымы И.М.Сеченов те атап көрсеткен болатын.
Бала психикасының даму және оны оқыту процесін бақылау эмперикалық материалдарының жинақталуы және қорытылуымен қатар педагогикалық және балалар психологиясына эксперименттік зерттеулер енгізе бастайды. Эксперименттік зерттеу балалар мен жеткіншектердің психикалық дамуына объективті сипаттама беріп оқыту мен тәрбиелеуге ғылыми тұрғыдан келуді негіздей алатыны педагогтар мен психологтарға айқын болды. Алайда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында психологиялық экспериментті педагогикада қолданудың арнайы жолдары әлі табыла қоймады.Эксперименттің жалпы психологиядағы едәуір жетістіктері (Вебер мен Фехнердің психофизикалық заңды ашуы, Эббингауздың есті зерттеуі, Гельмгольцтің сезім мүшелерінің психофизиологиясын талдауы, Вундтың түйсік пен физиологиялық психологиядағы қимыл-қозғалыстарды зерттеуі т.б.), оны педагогикалық және жас ерекшеліктері психологиясында қолдануға болатындығы жөнінде үміт туғызды. Ашылған заңдылықтарды педагогикалық және балалар психологиясына тек жай ауыстыра салса жетіп жататын тәрізденуі болып көрінді. Психофизиология заңдарын немесе мәселен қимыл-қозғалыс реакцияларының жылдамдығы мен формасына қатысты фактілерді біле отырып, мұғалімдер міндетті түрде баланың жан дүниесі мен оқу материалдарын игерудің заңдарын түсіне алады деген жорамал болды. Орыс педагогы әрі психологы П.Ф.Каптеревтің «Педагогикалық психологиясы» (1877), америка психологы У.Джеймстің «Психология жөнінде мұғалімдермен әңгіме» (1902) атты кітабы және сол кездегі басқа да психологиялық- педагогикалық еңбектер осындай сенімде жазылды.
Бірақ көп кешікпей түңілушілік басталды. Ол кезеңдегі жалпы психология педагогиканың қажеттілігіне жарайтын мардымсыз ғана білім қорын бере алатын еді. Оның үстіне психологтардан тапқан кейбір деректері педагогтарды қателестіруге дейін апаратын. Мәселен, Эббингауздың мағынасыз буындарды есте сақтауда құрылған есті зерттеуі үнемі тек мағыналы материалды есте қалдырумен шұғылданатын мұғалімдердің бай тәжірибелеріне көп жағдайда қайшы келетін қорытындыларға алып келді. Бұл жағынан алғанда Россиядағы педагогикалық съездердің тарихы көп жайды білдіреді. 1906 жылы Петербургте педагогикалық психология жөнінде І съезд шақрылды. Педагогикалық психология өкілдері А.П.Нечаев, Н.Е.Румянцев т.б. сол кездегі педагогикалық әдебиетті өткір сынға алды. А.П.Нечаев педагогикалық әдебиеттің «бос сөзділігі» және «дәлелсіз пікірлері» жаңа шын мәнінде негізделген педагогика үшін мықты іргетас бола алмайды деп есептеді.А.П.Нечаевтің көзқарасы бойынша, дидактика мен методиканың барлық даулы мәселелері эксперименттік-психологиялық зерттеу саласына, яғни құбылысты дәл тіркеп, нәтижелерін математикалық талдаудан өткізе алатын зерттеуге жатады. Алайда тексере келгенде құбылыстарды бұлай дәл тіркеу тахистоскопты пайдалана білуге және ассоциативтік эксперимент жасай білуге, яғни жалпы психологияның кейбір әдістеріне сүйенуге тырысуға келіп саяды.
Педагогиканы жалпы психологиямен байланыстырып, осы қосындыдан жаңа педагогикалық психология көруге тырысудың сәтсіздігінің тағы бір себебі жалпы психологияның А.П.Нечаев бағдар алуға тырысқан теориялық негіздері сипаты жағынан идеалистік болғандығынан еді. Педагогикалық психологияның (1910 жылдан бастап «эксперименттік педагогика» деп аталған) негізсіздігі жұрттың бәріне айқын болды.
Педагогикалық психологияны құрудың алғашқы тәжірибелері нәтижесінде жасалынатын аса маңызды қорытынды мынада психологияны педагогикалық практикамен жақындастыру (ал бұл мәселені қоя білуде А.П.Нечаевтың сөзсіз еңбегі бар) тек оқыту мен тәрбиелеу процесінің өзінде эксперименттік зерттеу жолында ғана мүмкін.Эксперименттік деректер психологиялық-педагогикалық зерттеулерге сырттан әкеліп қосылмай, олардың өз зерттеулерінің нәтижесінде алынуы қажет. Бұл мақсат үшін педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясының маңызды теориялық әрі методологиялық міндеттерінің дұрыс шешімдерін табу қажет болды. Бұл жерде оқыту процесіне қатысы бар психикалық дамудың қайнар көздері деген проблема алдыңғы орынға шықты.
Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 11710;