Жан қуаттарын топтастыруы
Пәнге кіріспе.
Тақырып : Психология және адам дамуы пәні, міндеттері, әдістері және даму кезеңі.
1. Жантану пәні.
2. Жан қуаттарын топтастыруы.
3. Жантану салалары.
4. Жан туралы ілімі білімдерінің Қазақстандағы даму жолдары.
Жантану пәні
Психолгия- психикалық құбылыстардың (жан қуаттарының) пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстардың мидағы әр түрлі бейнелері болып табылады. Олар көпшілігімізге өз тәжірбиемізден жақсы мәлім, тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Бір қарағанда бұлардың мәнін әрқайсымыз тез ажырататын да білетін де сияқтымыз. Бірақ психикалық құбылыстардың мәнін ғылыми тұрғыдан түсіну арқылы ғана жан-жақты ажыратуға болады. Осы мәселені ғылыми жолмен баяндауы, олардың өзіндік заңдылықтарын айқындауы- сөз болып отырған психология ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан білім салаларының бірі. Оның дүниеге тұңғыш келген жері Греция. «Психология» термині гректің екі сөзінен тұрады: оның біріншісі- «псюхе» (жан), екіншісі- «логос»(сөз, ілім). Сөйтіп, бұл сөз «жан туралы ілім» деген ұғымды білдіреді.
Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенім-нанымдар мен кейбір зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсініктер бойынша, адамда тәннен тәуелсіз «жан» болады, мәңгі-бақи жасайтын жан адамның барлық психикалық тіршілігінің (ойының, сезімінің, еркінің) иесі де, себепшісі де. Жан туралы осындай жалған түсініктің пайда болуына алғашқы адамдардың табиғат сырларын дұрыс түсіне алмауы себеп болды.
Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бір сиқырлы күш бар, ал жан болатын болса, соның бір көрінісі, ұйқы кезінде ол денеден уақытша шығып кетеді де, адам оянған кезде қайтып келеді, егер келмей қалса, адам өледі деп тұжырымдалды. Жан туралы осындай амнистик пікірлер кейбір тайпалардың арасында күні бүгінге дейін кездеседі. Мәселен, Лусан аралының (Филипины) тұрғындары тагалдар ұйықтап жатқан адамды еш уақытта оятпайды. Өйткені олар ұйқы кезінде адамның жаны басқа жақта жүреді дейді. Тасманиялықтардың тілінде жан мен көлеңкенің ұғымы бір сөзбен беріледі, өйткені оның ойынша, жан мен көлеңке бір іспеттес нәрсе. Абипон тайпасының индеецтері «локаль» деген сөз арқылы көлеңкенің, жанның, дыбыс берудің, бейненің ұғымын береді. Жан туралы осы тектес қарапайым түсініктердің пайда болуы адамдардың өздерінің дене құрлысы жайында ғылыми түсінігі жоқ кездерде, яғни жан мен тәннің толысуы бір-бірінен байланысын дұрыс ажырата алмай жан өлгеннен кейін денеден шығып кететін, мәңгі-бақи өмір сүретін нәрсе деп ұғынудың нәтижесі еді. Жан туралы ғылыми түсінік ежелгі гректердің әмбебап ғалымы Аристотель (б.з.д. 384-322) есімімен байланысты. Екі жарым мың жылға созылған осынау кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет, жаратылыстану, т.б.) аралас, астарласа дамып келді. XIX- ғасырдың екінші жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын (түйсік, ес, ойлау, қиял т.б.) эксперимент жүзінде әртүрлі құрал-жабдық аспаптардың көмегімен зерттей бастады. Осы кезден бастап, психология өз алдына дербес отау тігіп, тәжірбиелік ғылым ретінде дамыды. Психология ғылымының тарихы да біріне-бірі қарама-қарсы (материализм, идеализм) жоғарыда аталған екі бағыттың үздіксіз ой-пікір тартысына толы. Мысалы, ертедегі грек ойшыларының бірі Демокрит (б.э.д. 460-370) сол кездің өзінде-ақ жанды (психика) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсіндірді. Ол жанның мәңгі еместігін, оның өсіп, өшіп отыратындығын айтып, материалистік тұжырым жасады. Сол заманның екінші бір ойшылы, идеалист Платон (б.э.д. 427-347) керісінше «жан- мәңгі өлмейді, өшпейді»,- деп тұжырымдады. Психикалық әрекетті осылайша екі түрлі көзқарас тұрғысынан түсіну, қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, әсіресе, орта ғасырлар заманынан бермен қарай кең өріс ала бастады. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) дүние- материядан құралады, ол жойылмайды, бір түрден екінші түрге көшіп, өзгере береді, жан денеден бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші бір денеге барып орналаса да алмайды деп материалистік тұрғыдан дұрыс пайымдаса, батыс ойшылы Фома Аквинский (1225-1274ж.ж.) жанның мәңгі өлмейтіндігі, оның денеден бөлек өмір сүретіндігі жайлы пікірлерді ары қарай дамытып, осы көзқарастың кең өріс алуына мүмкіндік берді.
Психологиялық ғылыми білімдердің тарихы екі кезеңге бөлінеді. Оның біріншісі- шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы түрлі ой-пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезең ішінде психология басқа ғылымдармен, әсіресе, философиямен қосақтаса дамып келеді. Оның екінші тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы неміс ғалымы В.Вундт (1832-1920ж.ж.) Лейпцигте тұңғыш лаборотория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттік ғылым болуына себепкер болды. Психология даму тарихы жоғарыда аталған ғұламалармен қатар Герофил, Эразестрат, Гиппократ, Гален , Әбуәлі Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза, Локк, Гартли, Дидро, Вольф, т.б. оқымыстылардың есімімен тығыз байланысты. Жан дүниесінің сыры жайлы дәйекті пікірлерді қазақ ойшылдары да айтқан. Тіпті мұндай ой-пікірлер фольклорда, әсіресе, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мәселен, «Тән ауырса, жан ауырады», «Тәні саудың жаны сау», «Тән өледі, демек жан да өледі», «Жан бар жерде қаза бар», «Жан кеудеге қонақ» т.б. осындай мақалдарда жан мен тәннің ара қатынасы шындыққа сәйкес дұрыс пайымдалғанын байқау қиын емес. Жан қазақ ұғымында жан-жануарға, адамға тіршілік, күш-қуат беретін рух. Ал Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет т.б. қазақ ақын-жыраулары мен ойшылдарының толғауларында да көшпенді ата-бабаларымыздың жан дүниесінің сырлары әр қырынан сөз болып, осылар жайлы сындарлы пікірлер айтылған. Өресі биік, материалистік психологиялық ой-пікірлерді Шоқан, Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады. Мәселен, С. Торайғыров (1893-1920ж.ж.) жан мен тән ылғи да бірлікте, байланыста болады. («Дене азыққа тоюдан жан ер жетер, жан ер жетіп, дүниенің сырын табар»), адамның тәні өсумен қатар жаны да (ақыл-ой, сана-сезім) бірге өсіп, жетіліп отырады, осы екеуінің қоса өзгеруінің негізі тәнде, адам өлгеннен кейін, онда қимыл жоқ, сезім жоқ ... жек көру жоқ, махаббат жоқ... Өмір жоқ, яғни, бір сөзбен айтқанда тәннен бөлінген жанда еш уақытта өмір болмайды деп тамаша материалистік қорытынды жасайды. Осы іспеттес пікірді Шәкәрім Құдайбердиев те (1858-1931ж.ж.) айтқан болатын («Жан тәнге, ақыл жанға маталып тұр»). Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негізін жасауда, оны материалисік тұрғыдан түсіндіруге орыстың ұлы ғалымдары И.М.Сеченовтың (1829-1905ж.ж.) рефлекстер жөніндегі пікірлері мен И.П.Павловтың (1849-1936ж.ж.) жоғарғы жүйке қызметі туралы ілімнің маңызы зор болды.
Жан қуаттарын топтастыруы
Жан қуаттарының күрделі ағымын аңғару үшін алдымен оларды белгілі топтарға жіктеуіміз керек. Мұны жан қуаттарының топтастырылуы деп атайды. Бұл топтастыру бойынша, психика бір-бірімен тығыз байланысты үш топқа бөлінеді. Олардың бірі психикалық процестер деп аталса, екіншілері психикалық қалып, психикалық қасиеттер деп аталынады.
Психикалық кейіп (немесе қалып) адамның түрлі көңіл күйінің (шабыт, зерігу, үрейлену, абыржу, сергектік, белсенділік т.б.) тұрақты компонеттері. Жан қуаттарының осы екінші тобы ғылымда әлі де болса толық зерттелінбеген.
Психикалық қасиеттер бір адамды екінші бір адамнан ажыратуға негіз болатын ең маңызды, ең тұрлаулы ерекшеліктер. Бұған әрбір адамның мінезі мен темпераменті, қабілеті мен дүние танымы, сенімі мен талғамы, қызығуы жатады. Психикалық қасиеттердің қалыптасуында адамның өскен ортасымен қатар, оның кейбір таптық, ұлттық, жас өзгешелік, мамандық ерекшеліктері де бірсыдырғы орын алады.
Психикалық процестер сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы түрлі бейнелері.
Бұлардың түрлері көп. Аспанда жұлдыздар жымыңдап, бір өшіп, бір жанып тұр. Оқтын-оқтын самал желдің ақырын ғана толқып ескен лебі денеге тиеді, шөп сыбдыры баяу ғана құлаққа шалынады, жас жусанның исі мұрын жарып тұр, көлде әлсін-әлі құрбақа бақылдайды. Осындайларды адам түйсік, қабылдау деп аталатын процестері арқылы сезінеді. Түйсікте сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының толып жатқан жеке саналары сәулеленетін болса, қабылдауда олар тұтастай, біріккен сапаларымен бейнеленеді.
Бір кезде қабылданған заттар санамыздан мүлде жойылып кетпейді, оларды кейін керек кезінде түрліше елестетуге болады. Мысалы, студент үйіне хат жазып отырып, үйіндегілердің бет-пішініндегі нәрселерді көз алдына елестете алады.Мұндай жағдайда оның басында елес процестері пайда болады. Оған нәрселер мен заттардың образы қасында тұрғандай көрінбей, жай елестеп отырады. Студент сабаққа дайындалады. Кейін мұғалім сабақ сұрағанда студент оқығанын есіне түсіріп, айтып береді, қажетті нәрселерді есіне жинайды да, қажетсіз, қызықсыз жерлерін ұмытады.Бұл жерде ес процестері әңгіме болып отыр. Бұрын қабылдаған нәрселерді қайтадан өңдеп, образ жасауда көрінетін психикалық процесс қиял деп аталады. Алдымызда тұрған мәселені шешу, заттардың себеп-салдар байланыстарын көрсету, болмысты жалпылай және жанама түрде тану- ойлау процесінің арқасында болып отыр. Сөйлеумен тығыз байланысты ойлау адам танымының ең жоғарғы түрі. Біз айналадағы нәрселерге талғаусыз қарамаймыз. Ісіміз оңға басса, көңіліміз толып, оған қатты қуанамыз, жаман нәрсені көрсек ренжиміз, әділетсіз іске ашу білдіреміз. Қуаныш, қайғы, ұнату, ұнатпау, уайым, масаттану, достық, жолдастық, адалдық, шыншылдық, т.б. адамның сан алуан сезімдері мен эмоцияларын бейнелейтін атаулар. Қандай болмасын, бір әрекет жасау үшін оның жоспарын ойланамыз да алда тұрған кедергілр мен қиыншылықтарды жеңуге кірісеміз, көзден мақсатқа жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мұнда адамның мақсат, тілек, қалау, тоқтам, ерік, жігер, қажыр-қайрат процестері көрінеді. Жан қуаттарының ішінен зейін ерекше орын алады. Зейін санамыздың барлық жақтарының (қабылдау, елес, ойлау, қиял т.б.) белгілі объектіге бағытталып, шоғырлануы. Зейін жан қуаттарының қай-қайсына болса да дәнекер болады, оны күшейте де, әлсірете де алады, ерік процесі де онсыз пәрменсіз болады. Психикалық процестердің осы түрлері бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Бұлар адамның даралығын көрсететін психикалық қасиеттерімен (қабілет, мінез, темперамент, қиял, т.б.), кейбір анатомиялық-физиологиялық тума қасиеттерімен де (нышандар) орайлас көрініп отырады. Бұлардың әрқайсысының көрінуі нақтылы жағдайлардың әсерінен түрлі мәнге ие болып, адам санасын әр қырынан көрсетіп жатады және бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болады. Бұл жөнінде Абай:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарыместі «жақсы демек»,-деген еді.
Жантану салалары
Психология сан салалы ғылым. Қазірде оның қырыққа жуық саласы бар. Қай саласы болса да күнделікті өмірімізге қызмет етеді.
Оларды тудырған- қоғамның нақтылы талап-тілектері, өмірімізде болып жатқан ғылыми-техникалық экономиалық прогрестің әсері. Осы ғылымның кейбір салалары еңбек, яғни нақты іс-әрекет үстінде адам санасы қалайша дамып отырғанын зерттейді. Осы тұрғыдан жантану, ғылыми-педагогикалық, медициналық, әскери, инжинерлік т. б. болып, бірнеше салаларға бөлінеді.
Жалпы психология қалыпты ересек адамның психикалық қызметінің неғұрлым жалпы заңдылықтарын зерттейді. Сондай-ақ ғылымның негізгі принциптері, оның әдістері, психологияның әр саласында өткізілген зерттеулер негізінде талданып қорытылған және абстракцияланған ұғымдар жүйесі де жалпы психологияның мазмұны болып табылады.
Әлеуметтік психология әр түрлі әлеуметтік қауымдардың – топтардың, ұжымның психикалық көріністерін (олардың көңіл-күйін, қоғамдық пікірін, еліктеуін, т.б.), топтар мен ұжымдардағы адамдар арасындағы өзара қатынастар сипатын, олардағы жеке адамның алатын орнын зерттейді.
Салыстырмалы психология(бұрын бұл зоопсихология деп аталатын) психологияның салалары ішінен ерекше орын алады, өйткені ол жануарлардың психикасын зерттейді. Психологиялық бұл бағыттың мәні жануарлардың, әсіресе дамудың жоғары сатысындағы жануарлардың психикасын зерттей отырып, адам санасының алғашқы тарихын ашуға болатындығында.
Педагогикалық психология білім беру мен тәрбиелеудің психологиясымен тығыз байланысты, өйткені білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және индивидуальдық ерекшеліктерін ескермейінше ашу мүмкін емес.
Жас ерекшелік психологиясы адамның психикалық даму заңдылықтарын, әр түрлі психикалық процестердің (естің, ойлаудың, қиялдың, сезімнің) қалыптасу процесін және жеке адамның психикалық қасиеттерін зерттейді.
Міндеті: жастық ерекшеліктерді ашу, жасқа қатысты шақтардың біріншісінен екіншісіне өтудің заңдылықтарын белгілеу болып табылады.
Инженерлік психология – еңбек психологиясы бөлімдерінің бірі. Ол адамның машинамен өзара әрекеті туралы мәселені, оның өзінде, негізінен өндірістік механикаландыру мен автоматтандырудың жоғары сатыға көтерілген жағдайында, басқарудың автоматтандырылған жүйесі жағдайында зерттейді.
Спорт психологиясы спортшыларды баулу мен тәрбиелеудің психологиялық негізін зерттеп дайындайды, спорттық дағдылар мен шеберлікті қалыптастыру заңдарын зерттейді, жарыстық тартыстар жағдайында спортшының сана көріністерін тексереді, спорттық шайқастарда жеңіске жету үшін қажетті рухани және моральдық қасиеттердің қалыптасу заңдылықтарын ашады.
Заң психологиясытергеудің психологиялық аспектілерімен, куәлар жауаптарының талдауы, куәгерлік көрсетулерді, жауап алуға қойылатын талаптарды талдаумен байланысты проблемаларды зерттейді. Бұл сала сондай-ақ қылмысты адамның психологиялық ерекшеліктерін, қылмыстың жасалу себептерін, тұтқынның психологиясын және еңбекпен түзеу колонияларының тәрбиелік әсерінің тиімділігін зерттейді.
Әскери психологияадамның соғыс жағдайындағы, ұрыс кезіндегі, әскери дәрежесі жоғарыларға сөзсіз бағыну жағдайындағы психологиясымен шұғылданады. Әскери психологияның маңызды міндеті - әскери оқу мен тәрбиенің психологиялық мәселелерін талдау болып табылады.
Патологиялық психологияадамдардың нормальді психикалық қызметінің бұзылуының әр түрлі формаларын, нормальды психикалық қызметінің бұзылуының әр түрлі ауытқуларын зерттейді. Психологияның бұл саласында бірнеше бағыт: олигофренопсихология (психикалық дамудың мидың туа біткен ақауларына байланысты патологиялық жағдайларын тексереді), тифлопсихология (соқыр немесе нашар көретін адамдардың психологиясын зерттейді), сурдопсихология (есту қабілетінің бұзылуымен байланысты психологиялық ерекшеліктерді зерттейді) бар.
Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 5159;