Топырақтың түйіртпектілігі және оның агрономиялық маңызы
Топырақтың түйіртпектігі деп оның құрамындағы пішіндері және ірілігі әр түрлі болып келетін түйіршіктер жиынтығын айтамыз.
Топырақтың түйіртпегі оның морфологиялық белгісі ретінде қаралады. Сонымен бірге ол экологиялық және агрономиялық қырынан да қаралынып сарапталынады.
В.В.Докучаев, әсіресе П.А.Костычев топырақтың түйіртпектілігінің егіншіліктегі маңызын айқындаған болатын. Ал В.Р.Вильямс еңбектерінде түйіртпектіктің топырақ құнарлығын қалыптастырудағы маңызы терең ашылып көрсетілді. Кейінгі жылдары түйіртпек түзілуі және маңызы жөнінде аса бағалы зерттеулерді орыс және шетел ғалымдары Н.А.Качинский, Н.И.Саввинов, П.В.Вершинин, А.Ф.Тюлин, Д.В.Хан, Э.Рассел ж.т.б. жүргізді.
Топырақ түйіртпегі оның түйіршіктерінің көлеміне қарай 4 топқа бөлінеді.
· Тоң кесекті түйіртпек. Түйіршіктерінің көлемі 10мм – ден үлкен
· Макротүйіртпек. Түйіршіктерінің көлемі 0,25-10мм.
· Ірі микротүйіртпек. Түйіршіктері 0,01-0,25мм.
· Майда микротүйіртпек. Түйіршіктері 0,01мм-ден ұсақ.
Түйіртпек сапасы оның көлемімен, кеуектілігімен, механикалық беріктігімен және ылғалға төзімділігімен анықталады. Бөлшектерінің көлемі 0,25-10мм болып келетін, кеуектілігі 45%-тен жоғары, механикалық әсерге және ылғалға төзімді макротүйіртпектер экологиялық, агрономиялық жағынан бағалы болып саналады.
Топырақ түйіртпегінің механикалық беріктігі, ылғалға төзімділігі оны халық шаруашылығында бірнеше қабат өңдегенде және жауын-шашынның, судың әсерінен бұзылмай ағзалар үшін топырақтың қолайлы жайғасуын қамтамасыз етеді. Ал осы қасиеттері нашар болған жағдайда бұл топырақтың түйіршіктері тез бүлініп, үгіліп түйіртпектігін жоғалтады. Су және жел эрозиясына тез шалдығады, құрғағанда бетінде қабыршақ пайда болады, тығыздығы артады және басқа да қасиеттері нашарлайды.
Түйіртпектің агрономиялық маңызы топырақтың келесідей басты қасиеттері мен құбылымдарына оң ықпал тигізуі арқылы сипатталады:
· физикалық қасиеттеріне (тығыздылығына, қуыстылығына);
· ылғалдылық, ауа, жылу, тотығу–тотықсыздану, микробиологиялық және қоректік заттар құбылымдарына;
· физикалық-механикалық қасиеттеріне (қаттылығына, сыбағалы кедергісіне);
· эрозияға төзімділігіне.
Түйіртпектігі жақсы топырақта қылтүтікті және қылтүтікті емес кеуек қуыстар үйлесімді болып келеді. Сондықтан бұл топырақ түскен жауын-шашынды жақсы сіңіреді және оның ауаға булануы да шамадан тыс болмайды. Сонымен бірге топырақтағы ауа мөлшері де қолайлы болады. Ал егер топырақ түйіртпектігі нашар болса, оның тығыздығы артады, қылтүтікті қуыстар молаяды, ауа мөлшері кемиді. Сондықтан осындай топырақтарға жауын-шашын ылғалының сіңуі тежеліп, ол топырақ бетінде жиналып, оны ылдый бойында шайып, су эрозиясына ұшыратады, ал топырақтың астыңғы қабаттары құрғақ күйінде қалады. Тығыз топырақта қылтүтік арқылы ауаға оның бойындағы ылғал тоқтаусыз буланып ысырап болады. Көрсетілген қолайсыз жағдайлар әсерінен топырақта өсімдік тамырларының таралуына, микроағзалармен жәндіктердің дамуына қолайсыз жағдайлар туады.
Топырақтағы түйіршіктер көлемінің қолайлы мөлшері аймақтың ерекшеліктеріне байланысты. Егер аймақта жауын–шашын, ылғал мол түсетін болса макротүйіртпек ішіндегі ірі бөлшектері (10-5мм) мол болғанда топырақтың ауа және ылғалдылық қасиеттері жақсарады. Ал, құрғақшылық аймақта (Қазақстанның басым бөлігінде) макротүйіртпектің майдалау бөлшектері (1–2,0мм) молырақ болғанда осы қасиеттер жақсарады. Сонымен қатар, түйіртпектердің көлемі топырақтың эрозияға төзімділігіне ықпалын тигізеді. Көлемі 1 мм-ден үлкен түйіршіктер жел эрозиясына төзімді болып келеді.
Қазақстандық ғалымдар топырақтың жел эрозиясына төзімділігі жақсы болуы үшін оның үстіңгі қабатында көлемі 1мм–ден үлкен түйіршіктердің мөлшері 50%-дан мол болуы керек екенін анықтады (А.И. Бараев,1975).
Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 6535;