Емі және профилактикасы
Психотропты заттар маниакальды және депрессивті бұзылыстарды бақылап, басқарып отыруға мүмкіндік береді. Маниакальды қозуды басу үшін түрлі нейролептиктерді қолдануға болады. Олар әдеттегі дозада таблетка және инъекция түрінде беріледі.
Гипоманиакальды күйде бензодиазепин тобының транквилизаторлары тиімді әсер көрсетуі мүмкін. Олар тек психомоторлы қозуды басып қана қоймайды, сонымен қатар ұйқыны қалыптастырады.
Депрессия кезінде антидепресанттар тағайындау көрсетілген. Таза (қозусыз) депрессия жағдайында моноаминоксидаза ингибиторлары тиімді, үрейлі депрессия кезінде - транквилизаторлық әсері бар антидепресанттарды нейролептиктермен бірге беру эффективті. Мұндай үйлестіру МДП – дың атипті түрлерінде, ұстамалар құрамында аффективті бұзылыстардан өзге, галлюцинаторлы, сандырақтық құбылыстар орын алғанда қоладылады. Депрессияның жеңіл формаларында, әсіресе бұл күйлер үреймен қосарланған жағдайларда транквилизаторды қолданған дұрыс. Депрессивті күйлерде үнемі ұйқы бұзылысы бақыланады. Мұндай жағдайда ұйықтататын препараттар тағайындау көрсетілген: эуноктин және т.б. МДП емінде литий тұздары кеңінен қолданылады. Олар ұстама кезеңінде де және ұстама аралық кезеңдерде де профилактикалық мақсатта қолданылады. Бұл препараттардың маниакальды күйдің алдын-алуда тиімділігі жоғары.
Кейбір науқастарда, әсіресе депрессивті науқастарда түрлі антидепресанттарды қолдану нәтижесіз болады (резистентті түрлері). Бұл жағдайда препаратты бірден алып тастау керек. 1 – 2 апта бойы науқас бір мезгілде тоқтатылатын препараттардың төмен дозасын қабылдайды. Препаратты тоқтатқаннан кейін бірнеше күн өткен соң (науқастың жағдайына байланысты) препаратты беруді аз дозадан қайта бастайды. Төзімділікті қайтара алмаған жағдайда осындай тоқтатуларды аздаған аралықтардан кейін қайталап отыру қажет. Төзімділікпен күрес үшін 3 – 5 инъекция мөлшерінде сульфазинотерапия курсын қолдану көрсетілген (науқастың соматикалық жағдайы көтерген жағдайда).
Емнің барлық түріне төзімді депрессивті күйлер орын алғанда ең соңғы қолданылатын әдіс электроқұрысулық терапия болып табылады. Психотропты және литий тұздарымен терапия жүргізгенде науқастың соматикалық күйін өте ұқыпты қадағалап отыру қажет.
Соматовегетативті функциясы онсыз да тежелу жағдайындағы депрессивті науқастарда антидепрессанттардың әсерінен ұзақ уақыт бойы үлкен және кіші дәреттің тежелуі бақылануы мүмкін. Литий тұздарын қолдану су және электролит алмасуының балансын бұзуы мүмкін. Осы жағдайлардың барлығы науқастардың соматикалық күйін егжей – тегжейлі тексеріп отыруды және үнемі лабораториялық зерттеулер жүргізіп отыруды талап етеді.
МДП – дың біріншілік профилактикасы медико – генетикалық кеңестің міндеті болып табылады.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 1556;