ИНВОЛЮЦИЯЛЫҚ МЕЛАНХОЛИЯ
Кәрілік алды кезеңіндегі адамдарда жиі кездесетін психоз түріне жатады. Бұл аурудың басты психопатологиялық көрінісі үреймен жүретін депрессия жағдайы болып табылады. Аурудың пайда болуына психогенді зияндылықтар, өмір сүру стереотипінің өзгеруі жиі себепші болады. Науқастар жабырқаулы күйде болады, үрейшіл. Депрессивті және үрейлі көріністер айқындылығы әртүрлі дәрежеде болады: жеңіл психопатологиялық көріністерден айқын үрей және ажитациямен жүретін ауыр депрессия күйіне дейін. Қимылдық қозу жағдайында науқастар өздерін қоярға жер таппай ауыр жан күйзелісін білдіретін күрсінген дауыстар шығарады, суицидальды әрекеттер жасауға бейім болып келеді. Сондықтан олар арнайы, қатаң бақылауды қажет етеді.
Науқастарда үрейлі депрессия тежелумен қатар жүретін жағдайлар да бақыланады. Мұндай қимылдық тежелу ступор сипатын алуы мүмкін. Кататониялық ступордан айырмашылығы бұл меланхолиялық ступор деп аталады. Меланхолиялық ступордың клиникалық көрінісі кататониялықтан ерекшеленеді. Науқастардың бет-әлпеті қайғы-мұңды бейнелейді, беттерінде іркіліп қалған мұң маскасы болады. Кататониялық ступор кезіндегідей мутизм бақыланбайды. Табанды сауалға алғанда олардан қандай-да бір дұрыс жауап алуға болады.
Депрессивті-үрейлі симптоматикамен қатар науқастарда сандырақтық идеялар байқалады. Өзін - өзі кінәлау, өзін - өзі кемсіту сандырақтық идеялары аса тән. Науқастар өткен өмірін шолып, өздерінің ойларынша қылмысты болып табылатын жағдайлар мен факттарды іздейді. Науқастар жақын адамының өліміне өздерін кінәлайды. Оларға дұрыс күтім жасамадым, ертерек дәрігерге көрсетпедім деп өздерін жазғырады. Сондықтан науқастар өздерін дәрігер көңіліне, медбикелер күтіміне тұрмайтын адаммын деп есептейді. Жиі науқастар тағам қабылдаудан бас тартады, оған менім құқым жоқ деп айтады. Жиі өзін - өзі кінәлау сандырақтық идеяларына соңына түсу идеялары ұштасып жатады. Науқастар өздерін жасаған қылмыстары үшін ізіне түскендер бар, өздерінің үстінен сот жүретіндігін, осылайша өлім жазасына кесілетіндігін мәлімдейді. Кейде осындай сандырақтық идеялар ипохондриялық сипат алады. Бұл кезде науқастар бауыр немесе бүйрегінің және т.б. қызметінің толық бұзылғандығы жөнінде айтады. Ішкі мүшелерінің шіріп немесе жоқ болып кеткендігін айтып, өзін тірі өлік деп санайды (Катар синдромы). Мұндай ипохондриялық көріністер туыстары мен айналадағы бүкіл тіршіліктің жақындап келе жатқан күйреуі жөніндегі фантастикалық сипаттағы сеніммен бірге жүруі мүмкін.
Науқас В.З., 55 жаста. Тұқым қуалайтын психикалық аурулары жоқ. Өз жасына сай дамып өскен. 7 сынып және ФЗУ аяқтаған. Қысқа уақыт аралығында жоспар түзуші- экономист болып жұмыс жасаған. 18 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі әскери адам. Қызмет бабына байланысты жиі – жиі бір қаладан екінші қалаға көшіп – қонып жүрген. Науқас жаңа орынға тез бейімделіп отырған. Жұмыс істемейді, үйінде үш баласының тәрбиесімен айналысқан. Қонақшыл болған, үй шаруасымен жақсы айналысқан. Ал күйеуінің мінезі ауыр, ашушаң, қызғаншақ, талапшыл.
Науқас мінезі бойынша күмәншіл, үрейшіл, аздап ипохондриялы (ренішін ұзақ жүрегінде ұстайды, бірақ сырттай білдірмейді). Күйеуіне қарсы шықпай, ұрыс- керістің алдын алып отырған.
Етеккірі 10 жасынан басталған, 4 жүктілік: үшеуі қалыпты, мерзімінен бұрын босанулар, біреуі жасанды түсік. 42 жасынан менопауза.
Балалар инфекцияларымен ауырған. 2 рет тік ішек полипозымен оперцияға түскен.
Күйеуінің сырқаттануына байланысты науқас қайғыға шомып, еңбекке қабілеті төмендеген: өзіне тән емес «еріншектік» пайда болып, үй жұмысын әрең атқарған. Ұйқысы бұзылған, әсіресе таңертеңгі мезгілде өзін нашар сезінеді. Бір айдан соң күйеуі жазылып шыққан, ал өзінің жағдайы одан әрі нашарлап кеткен: үрей пайда болып, бір жайсыз жағдайлар болып қалатындай күтуде болған. Тұрмыстық мәселелер шешілмейтіндей болып көрінген. Өз өмірі жайында үнемі ойға шомып, тек жағымсыз сәттерін есіне алып, өмірі сәтсіз қалыптасты деп сары уайымға түскен. Ауруханаға жатқызылған.
Психикалық күйі: науқаспен қарым – қатынас формальды; жәй дауыспен, бір ырғақпен, тежеліп сөйлейді. Әңгіме жүргізгенде белсенділік білдірмейді тек берген сұраққа жауап беріп отырады. Бет әлпеті маска тәріздес, қайғы мен шаршағандықты білдіреді. Жабырқау күйге, жақындары мен жанұясы үшін үрейленетініне шағым айтады. Барлығы құрыды, шатастым дейді. Барлық пәленің күнаһары өзіммін деп есептейді: «Мен жексұрынмын, оңбаған адаммын, маған өмір сүруге болмайды» деп сөгіледі. Бөлімшеде ешкіммен араласпайды, тамақ, дәрі қабылдағысы келмейді, көп уақытын төсекте жатып өткізеді. Науқасты тыныштандыруға тырысқанда тітіркенумен, ашумен жауап береді. Кезеңдермен үрейленіп, қызметкерлерге бір сұрақты қайталап қоя береді.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 2057;