Асқазан және ұлтабар жара ауруы
Асқазан жара ауруы дегеніміз - асқазанның ішкі қабатында өлі еттің пайда болуы. Негізінде жастар 20 жастан - 40 жасқа дейін сырқаттанады.. Көбінесе ер адамдарда байқалады. Асқазан ауруларының ішінде бірінші орында гастрит, ал екінші орында асқазан ойық жара ауруы болады.
Этиологиясы. Асқазан жара ауруының дамуына 70-90% хеликобактер микробы әсер етеді. Ол қарында тіршілік етіп, асқазанның сөл бөлу қабілетін күшейтіп, ондағы тұз қышқылы деңгейін мөлшерден тыс арттырып жіберетіні белгілі. Микроб асқазан кілегей қабығын біртіндеп зақымдап, ойық жараның түзілуіне әкеліп соғады. Асқазан жара ауруының пайда болуына нейрогуморалдық бұзылыс маңызды орын алады. Күйзеліс, ренжіс орталық жүйке жүйесінің қозуын шақырады. Ал бұл вегетативтік жүйке жүйесін қоздырып, қан тамырларын жиырады. Осының әсерінен асқазанның қөректену дәрісі бұзылып жергілікті жерде ишемия пайда болып жараға әкеліп соқтырады. Сонымен қатар аурудың дамуына әсер ететін мәмбірлерге жатады: дұрыс тамақтанбау, химиялық және механикалық тітіркендіретін тағамдар, шылым шегу, ішімдік, созылмалы гастрит, әсіресе сөлі жоғары түрі, тұқым қуалаушылық. Дәрі - дәрмектерді дұрыс қолданбауда әсер етуі мүмкін. Жара асқазанның әр жерінде пайда болуы мүмкін, бірақта кіші дөңесінде жиірек кездеседі.
19 сурет.Асқазан (2, 3) және ұлтабар (1)
жарасы ауруларындағы ауырсыну
аймақтары.
Патоморфологиялық анатомиясы. Жергілікті өзгерістеріне байланысты келесі түрлері болады:
1. жай жара түрі – бұл жара қоршауындағы қабыну дәрісінің байқалмауы;
2. каллезденген түрі – бұл жараның қоршауындағы қабыну дәрісінің өрістеніп байқалуы;
3. асқазандағы ойық жара тесіліп, көрші жатқан ағзалармен бітелуі;
4. асқазандағы ойық жараның тесілуі.
Жіктемесі. (П.Я.Григорьев, 1986ж) Жараның орналасуына байланысты асқазан және ұлтабар ойық жарасы болады. Жекеше (бір жара) немесе көпше (бірнеше жара) түрлері бар. Жараның көлеміне байланысты ұсақ және ірі болады. Асқазанда орналасуына байланысты кіші және үлкен дөңесте орналасқан; асқазанның шыға берісінде, жоғары бөлігінде, асқазанның күмбез бөлігіндегі орналасқан түрлері болады. Ағымына байланысты: жеңіл түрі – 1-3 жылда қозып отырады, 10-14 күннің ішінде жазылады, науқас белсенділігінен айырылмайды. Орташа түрі – жылына кемінде 2 рет қозып отырады, ауырсыну синдромы айқын білінеді, науқас арықтайды, асқынулар жиі байқалады. Ауыр түрі – сырқат жиі қозып отырады, ауырсыну синдромы қатты мазалайды, аурудың асқынулары жиі дамиды.
Клиникалық бейнесі. Ұзақ жыл жүреді. Көктемде күзде өршиді.Негізгі белгісі іштің ауырсынуы болып табылады. Асқазан жара ауруында эпигастрий маңайы ауырады, ал ұлтабар жара ауруында ауырсыну көбінесе кіндік түбінде білініп, сырқаттың жауырынының астына әсер етеді. Жара ауруының ерекшеліктері:
1. ауырсыну жергілікті түрде білінеді;
2. ауырған жерін науқас саусағымен шұқып көрсетеді;
3. іштің ауырғаны тікелей тамақтану тәртібімен байланысты;
4. бұл мерзімді, көктемде және күзде қозып отыратын ауру.
Ауырсыну жараның орналасуына байланысты. Егер ол асқазанның шыға берістегі антральды бөлігінде немесе ұлтабар сағасында болса, аш қарын кезінде және тамақтанғаннан кейін 1,5 –2 сағат өткен соң асқазан тұсы күйіп ауырып мазаны алады. Аурудың түнде қатты ұстап, ұйқыдан мезгілсіз оятатын кездері де бар. Жара асқазанның жоғары бөлігінде , яғни кіре берісінде болса науқас ас іше бастағаннан-ақ ауыра бастайды. Ол әсіресе ащы және ыстық тамақтар ішкен кезде күшейе түседі. Ауырсыну сезімі өңеш бойына, жүрек тұсына таралады, төс ұшының асты сыздайды. Асқазанның күмбез бөлігіндегі жара асқазанды сыздатып, түйілтіп ауыртады. Ол көбінесе ас қабылдағаннан кейін 20-30 минут өтісімен білінеді.Тамақтанғаннан соң үнемі кекіру, лоқсу, ауыздың су татып тұруы да осы кеселге тән көріністер. Асқазан жара ауруында іштің ауырғаны тамақтан кейін аз уақыт өткен соң байқалады (ерте ауырсыну), ал ұлтабар жара ауруында тамақтан кейін 3 - 4 сағат өткен соң ауырады (кеш ауырсыну). Негізінде асқазан жара ауруында ауырсыну ашқарынға немесе түнгі уақытта білінеді. Тамақтанғаннан кейін ауырсыну басылады. Қыжылдау және құсу белгілеріде жиі кездеседі, кейде құсық қан аралас болып білінеді. Құсықтан кейін науқастың жағдайы жақсарады, өйткені асқазан қышқыл сөлінің жараға деген әсері азаяды. Асқазан және ұлтабар ойық жара ауруларында аурудың белгілері қатты білінеді. Пациент жұмысқа деген қабілетінен айырылады. Асқазан жара ауруында сырқат ашуланшақ, ұйқысы бұзылады, тілі уылған, эпигастрий маңайында немесе кіндік түбінде ауырсыну білінеді. Үлкен дәреті көбінесе кідіріп қалады. Қарт адамда клиникалық бейнесі білінбей өтуі мүмкін. Сырқаттың жалпы түрі өзгермейді.
Дерт анықтамасы. Жалпы қан анализінде қан аздық білінеді, лейкоцитоз байқалады, ЭТЖ артады. Асқазан сөлінің жалпы қышқылдығы қалыпты түрде 40 - 60 бірлік, бос қышқылы 20-40 бірлік, ал байланысқан қышқылы 20-30 бірлік. Асқазан жара ауруында осы көрсеткіштердің бәрі артады. Нәжісті жасырынды қанға тексергенде Грегерсен сынамасы
оң болып білінеді (нәжісте қан табылады).
Рентген көрінісінде жара болған жерге барий құйылып, ”ойыс” белгісі байқалады. Фиброгастроскопияда жараны көзбен көріп, көлемін, орналасуын, жараның түрін анықтайды. Биопсия арқылы асқазан ойық жара ауруын асқазан қатерлі ісігінен айырады.
Асқынулары. Асқазаннан қан кету, теспелеу, пенетрацияға ұшырауы, қақпаның қатаюы, аурудың қатерлі ісікке ұшырауы.
Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 5927;