Бақылау сұрақтары. 1. Ағзадағы ас қорыту мүшелерінің атқаратын қызметтерінің маңыздылық ерекшелігі.

1. Ағзадағы ас қорыту мүшелерінің атқаратын қызметтерінің маңыздылық ерекшелігі.

2. Ас қорыту мүшелерінің ауруларындағы басты клиникалық белгілерді атаңыз.

3. Ас қорыту мүшелерінің ауруларының дерт анықтамасында қолданатын зертханалық және құрал жабдық аппарат арқылы қандай тексеріс түрлерін білесіз?

Гастроэзофагальды рефлюкс ауруы (ГЭРА)

БДҰ-дың жіктелуіне сәйкес ГЭРА – созылмалы, қайталымды, асқазан өңеш аумағының қызметінің бұзылу нәтижесінде пайда болатын сырқат. Өңеш сақинасының әлсіздігінен асқазан сөлі кері атқарылып, өңештің төменгі бөлігін зақымдайды.

Клиникасы. ГЭРА-ның клиникасы өңештік және өңештен тыс симптомдарынан тұрады. Өңештік симптомдарға қыжылдау, кекіру, құсу, дисфагия жатады. Өңеш тұсы, эпигастрий маңайы ауырсынады, түйілу сезімі байқалады.Кекіргенде ауызда ащы дәм сезінеді.Өңештен жұтқан тамақтың өтуі қиналады. Науқас аузына сілекейдің көп жиналуына шағымданады. Өңештен тыс симптомдарға өкпе синдромы, анемиялық синдром, кардиалдық синдром, стоматологиялық синдром жатады, яғни пневмония, жүрек қыспасы, қан аздық белгілері байқалады. ГЭРА-да жүрек қыжылдауы көбінесе еңкейіп жұмыс істегенде, кейбір тағамдар ішкенде – ыстық нан, қышқыл сусындар, ішімдіктерден асқынады. Эзофагоскопияда өңеш ішкі кілегей қабатының әртүрлі дәрежеде зақымданғанын байқауға болады.

Емі. Біріншіден, науқас өмір сүруін өзгерту керек: тамақ тәртібін сақтап, қышқыл, майлы және ащы тағамдарды қолданбау керек.Сонымен бірге, шамадан тыс артық тамақтанбаған жөн, әсіресе жатар алдында тамақтанбау керек. Ұйықтағанда жастықты биік, жоғары төсеген жөн. Дене салмағын қалыпта ұстаған дұрыс. Екіншіден, асқазан қышқыл сөлінің әсерін басу мақсатымен дәрі-дәрмектерді қолданады: маалокс, мотилиум, фамотидин, омепразол т.б.

 

Жедел гастрит

Жедел гастрит дегеніміз - асқазанның ішкі кілегей қабатының жедел түрде қабынуы.

Этиологиясы. Дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, ретсіз көп мөлшерде дәрі - дәрмектерді қолдану (ацетилсалицил қышқылы, сульфаниламидтер т.б.) әсер ететін мәнбірлерге жатады. Асқазан сөлінің мөлшері азайғанда немесе көбейгенде ас қорыту дәрісі бұзылады. Осы себептен тамақ қалдықтары асқазанның ішкі кілегейлі қабатын тітіркендіріп қабыну дәрісіне әкеліп соқтырады. Жағымсыз тағамдардың ішіндегі улы заттар асқазан қабынуына әкеліп соғуы мүмкін.

Жіктемесі. І.Түріне байланысты: қарапайым; коррозиялы, фибринозды, іріңді. ІІ. Себебіне байланысты: эндогенді, экзогенді.

Клиникалық бейнесі. Қалыпты түрде айтылып кеткен мәнбірлердің әсерінен тез арада 4 - 6 сағаттан кейін науқастың іші бүріп қатты ауырады, қыжылдау, тамаққа тәбетінің төмендеуі, аузынан жағымсыз иіс, кекірік, лоқсу, құсу, іштің кебуі және өтуі байқалады. Ауырсыну сезімі ұстамалы түрде өтеді. Науқастың дене қызуы көтеріледі, әлсіздік пайда болады. Қарағанда терісі боз, тершең, тілі уылған. Сипағанда құрсақ қуысы ауырсынады, көбіне эпигастр маңайында. Тамыр соғуы жиілейді, қан қысымы сәл төмендейді. Қанда ЭТЖ артады, лейкоцитоз білінеді. Ауру 3 – 7 күнге дейін созылады.

Дерт анықтамасы. Ауру сыртартқы арқылы және клиникалық белгілеріне сүйеніп анықталынады. Фиброгастроскопия әдісін қолданғанда асқазанның ішкі кілегейлі қабатының ісініп, қызарғанын байқайды. Қалыпты түрде жедел гастритте науқас бір аптаның ішінде жазылып шығады. Кейбір жағдайларда ауру созылмалы түріне айналады.

Емі. Негізгі ем қағидасы - асқазанды жуып тағам қалдықтарынан босату. Егер жағымсыз тамақ ішкеніне 6 сағат өтіп кетсе, сифон клизмасын қолданып ішекті жуып босатады. Емдәм терапиясын жүргізу. Алғашқы бір екі күнде науқас ашығады. Ауырсынуды басу үшін спазмолитик тобының дәрі – дәрмектерімен қолданады. Платифиллин 0,2% - 2 мл тері астына немесе но - шпа ертіндісі 2 мл тері астына. Тоқтаусыз құсықта көк тамырға 0,9% - 500 мл изотоникалық ертіндісін немесе 5% глюкоза ертіндісін енгізеді.

Созылмалы гастрит

Әртүрлі мәнбірлердің әсерінен асқазанның ішкі кілегейлі қабатының қайталанған түрде қабынуын созылмалы гастрит деп атайды. Сырқаттың нәтижесінде эпителий торшаларының жаңадан түзілу, жаңару процессі бұзылады, қалыпты физиологиялық регенерациясы төмендейді. Созылмалы гастриттің эндогенді және экзогенді түрі бар.

Этиологиясы. 95%-те сырқаттың себебі хеликобактер жұқпасы болып табылады. Ауруға әкеп соғатын негізгі себептердің бірі жиі кездесетін жедел гастрит. Осымен бірге асқазан ішкі кілегейлі қабатына жағымсыз әсер ететін мәнбірлер маңызды роль атқарады. Маскүнедік, шылым шегу, әртүрлі ретсіз, көп мөлшерде дәрі - дәрмектерді қабылдау, дұрыс тамақтанбау.

Патогенезі. Асқазанда мочевинаның барлығы мәлім. Хеликобактер түзейтін уреза ферменті мочевинаны ыдыратып, ол HCI қышқылын жойып, хеликобактер айналысында сілтілік орта жасап, оның кедергісіз өсіп-өнуіне жағдай туғызады. Процесстің нәтижесінде хеликобактер асқазанның сілекей қабатында үдей өсіп, бүкіл қабаттарына жайылады, соңында дистрофиялық өзгерістерге әкеліп соғады.

Жіктемесі. Созылмалы гастриттің 3 түрін айырады (1994 ж, Хьюстен)

Атрофиясыз түрін, атрофиялық түрін және ерекше түрін.Созылмалы гастриттің этиопатогенезіне, белсендік дәрежесіне байланысты бірнеше түрі бар.

І.Аутоиммундық А типі.

2.Бактериалдық (хеликобактерлік) В типі.

3.Аралас А,В типтері

4.Химико-токсикалық С типі.

5.Ерекше түрлері: аллергиялық, эозинофильдік т.б. түрлері

Клиникалық бейнесі. Екі синдромнан құралады: ауырсыну және диспепсиялық. Асқазан диспепсиялық синдромы асқазан сөлінің құрамына байланысты. Созылмалы гастриттің сөліне байланысты үш түрі бар:

1. сөлі жоғары;

2. сөлі өзгермеген;

3. сөлі төмен.

Аурудың белгілері сөлінің құрамына және мөлшеріне байланысты. Жалпы түрде науқастың жағдайы қатты нашарламайды. Жұмысын істеп жүре береді. Шағымдары: эпигастрий тұсында ауырсыну сезіледі, тамаққа тәбеті төмен, кекіру, қыжылдау, лоқсу, құсу байқалады. Ісінген асқазанның ішкі кілегейлі қабаты әртүрлі тітіркенгіштердің әсерінен ауырсыну тудырады. Осымен бірге жоғары сөлдің қышқылдығы әсер етеді. Науқас тамақ ішкенде асқазаннан қышқыл сөл бөлініп, ауырсыну тудырады. Құсықтан кейін асқазан босап, ауырсыну басылады. Айтып кеткендей созылмалы гастриттің клиникалық бейнесі сөліне байланысты. Егер асқазан сөлі жоғары болса науқаста қыжылдау білінеді, үлкен дәреті кідіріп қалады. Ауырсыну аш қарында білініп, тамақтан кейін басылады. Ал егер асқазан сөлі төмен болса ішкен тамақ уақытында қорытылмай, науқаста жағымсыз иісті кекіру, іштің өтуі байқалады, тамаққа тәбеті төмендейді, тілі уылады. Осы аурумен ауыратын науқастарда қан қысымы сәл төмендейді, адинамия дамиды. Негізінде ауырсыну белгісі тамақ ішкеннен кейін білінген соң, науқастар тамақ ішуден бас тартады, жүдейді. Сөлі жоғары созылмалы гастритте асқазаннан қан кету жиі кездеседі. Ал сөлі төмен созылмалы гастриттерде сирек кездеседі. Бұл мерсімсіз ауру. Аурудың ағымында науқастың жағдайы уақытша оңалып, патологиялық мәнбірлердің әсерінен қайталанып отырады. Қарағанда: тілі уылған, науқас жүдеу болуы мүмкін. Бетті және терең түрдегі сипалау жүргізгенде эпигастрий маңайында ауырсыну білінеді.

Созылмалы аутоиммундық гастриттің клиникалық ерекшеліктері: асқазан маңайы түйіліп ауырсынады. Сасық, ащы кекірік байқалады. Жүрек қыжылдайды, ауызда темір дәм білінеді. Тамаққа тәбеті төмендейді, ішек қозғалысы күшейеді, гиповитаминоз белгілері байқалады – көз көруі нашарлайды, қансырау белгілері дамиды, дерматит, іш құрылдайды,өтеді.

Дерт анықтамасы. Сырқатты анықтау үшін науқастың шағымдарын талдап, қосымша әдістерін жүргізеді. Жалпы қан анализінде: ЭТЖ артады, лейкоцитоз білінеді. Анемия болуы мүмкін, себебі асқазанның кілегейлі қабаты қалыпты түрде В12 витаминін шығарады. Гастритте бұл витамин шықпайды, жетіспейді, сондықтан қан жарату дәрісі бұзылады да қан аздық білінеді.

Асқазан сөлін тексеру маңызды роль атқарады, яғни асқазан сөлінің құрамына байланысты арнаулы ем жүргізіледі. Нәжісті жасырынды қанға тексеріп, қансырау белгілерін анықтайды. Құрал - жабдық аппарат арқылы тексерістермен қолданып нақты диагноз қояды. Бұларға рентгенге түсірілген сурет, рентгенмен көріп тексеру және гастроскоп аппараты арқылы (фиброгастроскопия) асқазан ішкі кілегейлі қабатын көзбен көру жатады.

Емі. Созылмалы гастриттің емі құрамды және нақтыланған болу керек. Бірінші орында дұрыс тамақтану тұрады. № 1 емдәм қолданылады. Науқас тамақты аз мөлшерде және жиі ішеді. Жағымсыз әсер ететін мәнбірлердің бәрі жойылу керек. Гастриттің емі асқазанның сөліне байланысты. Егер қышқылы жоғары болса оны азайтатын дәрі-дәрмектермен қолданады. Бұл топты антацид дәрілері деп атайды. Бұл топқа жататын дәрілер: алмагель, викалин, гастрофарм, гастросидин. Ал егер сөлі төмен болса, қалпына келтіру үшін табиғи асқазан сөлін тамақ алдында 30 минут бұрын береді. Ауырсынуды басу үшін спазмолитик тобының дәрілерін береді: папаверин, платифилин, но - шпа ертінділері. Ас қорыту дәрісін жақсарту үшін ферментті дәрілер береді: фестал, панзинорм, дигестал. Кейбір жағдайларда нәжісті жасырынды қанға тексергеннен соң физио емін қолданады: парафин, тоқтар, балшықпен емдеу.

Бактериалдық В типті гастриттің ем кестелері:

 

1 кесте:

Омепразол –20мг Кларитромицин – 500мг Трихопол 500мг Барлық дәрілер тәулігіне 2 рет – 7 күн  

 

Кесте

Омепразол –20мг +2 рет Фуразолидон –100мг + 4 рет Трихопол 500мг + 2 рет Барлық дәрілер – 7 күн  

Кесте

Омепразол –20мг Кларитромицин – 500мг Амоксициллин - 1000мг Барлық дәрілер тәулігіне 2 рет – 7 күн  

Алдын алуы. Сырқаттың алдын алуының екі түрі бар: алғашқы және екіншілік. Жедел гастритті уақытында емдеп шығу алғашқы алдын алу түріне жатады, ал созылмалы гастриттің қайталанып келуіне қарсы қолданатын шаралар екіншілік түріне жатады. Созылмалы гастритпен сырқаттанатын науқастар диспансерлік тізімге алынады.Жалпы тәжірибедегі дәрігермен жылына 1 рет қаралып тұрады. Тағам нәрлі және құнарлы болу керек. Нәтижелі зертханалық тексерістерге клиникалық қан анализдері, нәжісті жасырынды қанға тексеру жатады. Жылына 1 рет асқазанды эндоскопиялық әдіспен тексереді (ФГДС), және осы мерзімде тіннен биоптат алады. Негізгі емдік-сауаттану шаралары темекіден және ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану болып табылады.

 

Бақылау сұрақтары

1. Гастрит сырқатына анықтама беріңіз.

2. Қандай мәнбірлер жедел гастритке әкеліп соқтырады?

3. Асқазан сөліне байланысты созылмалы гастриттің қандай клиникалық түрлері бар?

4. Созылмалы гастриттің емдік қағидасының негізі.

5. Сізге таныс антацид тобына жататын дәрі – дәрмек түрлерін атап шығыңыз.

6. Асқазан ауруларының алдын алу шараларына түсінік беріңіз

 

 








Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 3065;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.015 сек.