Бақылау сұрақтары. 1. Тыныс алу мүшелерінің ауруларындағы негізгі белгілерді атаңыз.
1. Тыныс алу мүшелерінің ауруларындағы негізгі белгілерді атаңыз.
2. Жөтелге сипаттама беріңіз.
3. Ентігудің қандай түрлері болады?
4. Экспираторлық ентігуді қалай түсінесіз?
5. Экспираторлық ентігудегі көмекті айтып беріңіз.
6. Кеуде қуысының ауруының себебін қандай жағдайлар ықпал етеді?
7. Тыныс алу мүшелерінің ауруларында зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы қолданатын тексерістер түрлерін атаңыз.
Бронхиттер
Бронхит дегеніміз – бронхылардың ішкі кілегей қабатының қабынуынан болатын кесел. Бұл жиі кездесетін сырқат. Көбнесе бронхитпен балалар және қарт адамдар жиі ауырады. Әйел адамдарға қарағанда ер адамдарда жиі кездеседі. Ағымына байланысты бронхит жедел және созылмалы болып бөлінеді.
Жедел бронхит
Бұл ауруда жедел түрде бронхылардың шырышты қабаттары қабынады. Осының әсерінен бронхылардың сөлденісі ұлғайып, шырышты қабықты тітіркендіреді де жөтел тудырады. Жедел бронхит әсіресе көктем және күз айларында жиілей түседі.
Этиологиясы. Аурудың туындауына негізінен вирустық және бактериялдық жұқпа себепші. Негізгі басты жұқпалар – пневмококк, стрептакокк, стафилакокк т.б әсерлерін тигізеді. Жедел бронхит механикалық және химиялық тітіркендіретін жағымсыз заттардан да пайда болуы мүмкін. Оның ішінде кәсіпті мәнбірлердің маңызы өте зор. Жедел бронхитті тудыратын мәнбірлерге салқын тию, шылым шегу әсерлер нәтижелі болып табылады. Осы айтылған себептер бронхтардың кілегей қабатына тікелей әсер етіп, бронх тарамдарының кілегейді бөлу және оны сыртқа бөліп шығару қызметін бұзып, зақымдайды. Сырқаттың жеңіл түрлерінде морфологиялық өзгерістер бронхтардың ішкі кілегей қабатында ғана байқалады, ал ауыр түрлерінде өзгерістер бронх тармақтарының бүкіл қабаттарына жайылады.
Жіктемесі. (А.И.Борохов, 1989ж)
І.Себебіне байланысты:
· Жұқпалық
· Жұқпалық емес
· Аралас түрі (вирусты-бактериялық)
ІІ.Дамуына байланысты:
· Алғашқы
· Екіншілік (басқа тыныс жолдарының ауруларының асқынуы)
ІІІ.Ағымына байланысты:
· Жедел түрі (2-3 апта)
· Жеделді түрі (1 айға дейін немесе одан да ұзақ)
ІҮ.Қабынудың түріне байланысты:
· Катаральді (қарапайым)
· Ісіңкі
· Іріңді
· Іріңді-некрозды
Клиникалық бейнесі. Көбіне жедел респираторлық жұқпадан соң дамиды. Сондай – ақ жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының қатар зақымдану әсерінен жиі кездеседі. Бронхитте дененің қызуы 37,0-38,0С дейін көтеріліп, уыттану белгілері дамиды, әлсіреп, көңіл күйі нашарлай бастайды. Науқасты сырқаттың алғашқы күндері құрғақ жөтел мазалайды, үшінші - төртінші күндері жөтел ылғалданып, кілегейлі немесе кілегейлі – іріңді қақырыққа ауысады, тәулігіне 50 мл дейін. Жөтелгенде көкірек торшасы ауырсынады. Қарағанда, сипалау және тықылдату жүргізгенде аурудың ауытқу белгілері онша біліне қоймайды. Науқасты тыңдағанда құрғақ немесе ылғалды сырылдар естіледі. Басқа ішкі мүшелерде өзгерістер байқалмайды, тек жүрек соғысы кейде жиілеуі мүмкін. Бронхиттің жедел түрінің ұзақтығы 2 – 3 аптаға созылады. Кейде сырқаттың жеңіл түрінде ауру белгілері бірнеше күннен кейін жоқ болып кетеді. Жедел бронхитте негізінде ентігу байқалмайды. Кедергілі жедел бронхиттің пайда болуы ұсақ бронхтардың зақымданғанының белгісін түсіндіреді және ол “бронхиолит” деп аталады. Сырқат бронхиолитке ауысқан кезде тыныс алуы қиындайды және кеуде де құрғақ сырыл көбейіп, естіледі. Қан анализінде лейкоцитоз байқалып, ЭТЖ сәл артады. Қақырық анализінде лейкоциттер айқындалынады. Рентген сәулесімен тексергенде өкпе суретінің өзгерісінің көрінісі жалпы байқала қоймайды. Уақытында ем жүргізген жағдайда бір – екі аптадан кейін сырқаттан айығып кетуге болады. Ал сырқаты асқынған адамдарда үш – төрт аптаға ұласып, бронхит сырқаты созылмалы түріне ауысады. Аурудың асқынуларына өкпе қабынуы, бронхтардың обструкциясы жатады.
Емі. Науқас көбіне емханада емделеді. Дене қызуы көтерілген жағдайда төсек тәртібін сақтау керек. Науқас жатқан бөлменің ауасын жиі желдетіп отырған жөн. Қабынуға қарсы антибиотик және сульфаниламид дәрілерін арнаулы сызбалық тағайындау бойынша тағайындайды (цефалоспориндер, макролидтер т.б.) Антибиотиктерді қабылдау алдында қақырықты антибиотик сезімталдығына тексеріп алған жөн. Қақырықты жібітіп, сыртқа жеңіл түсіру үшін термопсис, ипекакуана, алтей түбірінің қайнатпаларын қолданады және ингаляциялар жүргізіледі. Бронхтың өткізгіш қабілетін жақсарту үшін бронхолитик дәрілерін тағайындайды: эуфиллин, теофедрин т.б. Рефлекторлық түрде жөтелді басып, қақырықты түсіру үшін жылы емшараларды қолданады: кеудеге қыша қояды, жылы сұйықтықтарды көп мөлшерде ішкізеді, физиоемін қолданады.
Алдын алуы. Бронхитке шалдықпауы көбіне қоршаған орта тазалығына байланысты болып келмек. Әр адам тыныс жолы гигиенасын сақтау бұл сырқаттың маңыздылық мән мағынасын түсіндіреді. Мұрын арқылы тыныс алып, оның шырышты қабығын шаң – тозаңнан тазартып отырғаны жөн. Осымен қатар жедел бронхиттің алдын алу үшін денені шынықтырып, жағымсыз қылықтардан бас тартуға дағдыланып қалыптасқан жөн. Өткір респираторлық сырқаттарды өткізіп алмай, уақытылы емделіп отырған абзал.
Созылмалы бронхит
Дүние жүзі Денсаулық Сақтау Ұйымының қабылданған қаулысы бойынша созылмалы бронхит деп ең азы екі жыл қатар үш ай бойы қақырық тастаумен сипатталынатын ауруды айтады. Созылмалы бронхит - өкпенің созылмалы бейспецификалық ауруларының бірі (ӨСБА). Созылмалы бронхит тыныс жолындағы бронхтың бастапқыда кілегей қабатының қабынып, сонан соң біртіндеп оның терең жатқан қабаттары мен бронхтардың жанындағы орналасқан дәнекер тініне ауысуынан пайда болады. Бұл өте кең тараған сырқаттардың бірі болып табылады. Онымен көбінесе ересек жастағы ер адамдар қатары және шылым шегетіндер науқастанады.
Этиологиясы. Көбінесе жұқпаның әсерінен туындайды (вирустар, бактериялар, олардың ішінде пневмококк, стрептококк жиі кездеседі).Соңғы жылдары вирусты – микоплазмалы флоралар қаумдастығының орны да дәлеленді. Бронхтың кілегей қабаты жұқпаның әсерінен қабынып, қызарып, ісінеді. Басында гипертрофиялық дәріс дамиды, бара – бара атрофиялық дәріске ауысады. Бронх қабырғаларында дәнекер тіні өсіп, олар серпімділік қасиетінен айырылады. Өзгерістерге ұшыраған бронх талшықтарының өткізгіш қабілеті төмендеп, демікпеге әкеліп соқтырады. Осымен қатар сыртқы ортаның, қоршаған атмосфералық ауаның қолайсыз әсерлері, шылымды жиі шегу және басқа жағымсыз мәнбірлер қатары ықпалын тигізеді. Мысалы, ауаның құрамындағы түрлі химиялық зиянды заттар тыныс алу жолдарын зақымдағандықтан, бронхтың кілегейлі қабаты үнемі өзгеріп, белсенділік қасиеті тежеледі. Сөйтіп бронхтың тарамдарының сілекей қабаттары бактериялардан қорғану қабілетін жоғалтады.
Сонымен бірге әсер ететін мәнбірлерге адам жынысы (жиі ер адамдар сырқаттанады), жасы (40 жастан кейін жиі кездеседі), тұқым қуалаушылық, жиі тумаулау, маскүнемдік де жатады. Уақытында емделмеген жедел бронхит созылмалы түріне ауысуы мүмкін.
Жіктемесі. (А.Н.Кокосов, 2002ж)
І.Функциналдық қызметіне байланысты:
· Созылмалы обструкциялық емес бронхит
· Созылмалы обструкциялы бронхит
ІІ.Себебіне байланысты:
· Бактериялық
· Вирустық
· Микоплазмалық
· Басқа мәнбірлерден дамыған түрі
ІІІ.Клиникалық –зертханалық мінездемесіне байланысты:
· Созылмалы жай (қарапайым) бронхит.
· Созылмалы сілекейлі - іріңді немесе іріңді бронхит.
ІҮ.Ағымына байланысты:
· Қозу кезеңі
· Ремиссия кезеңі
Ү.Асқынуларына байланысты
· Өкпе эмфиземасы
· Созылмалы өкпелі жүрек
· Өкпелі және өкпелі – жүрек жеткіліксіздігі
Клиникалық бейнесі. Сырқат біртіндеп басталады. Уыттану белгілері сырқат барысында айқын білінеді: науқас әлсізденеді, дене қызуы көтеріледі, тершеңдік, басы ауырады, тамаққа тәбеті тартпайды. Бронх тарамдарында шырышты қабаты ісініп, суланады. Жиылған қақырық тыныс жолдарын тітіркендіріп, жөтелді тудырады. Бастапқы кезеңде жөтел көбіне таңғы уақытты пайда болады да, қақырық бөлінгеннен кейін барып қана басылады. Қоршаған орта суық әрі ылғалды болған жағдайда жөтел күшейе түседі. Жөтел бара – бара науқасты күндіз – түні мазалайтын болады. Аурудың соңғы кезеңінде жөтелу рефлексі саябырлап, бронх тарамдарында жиналған қақырық қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді. Күшеніп жөтелетін болғандықтан науқас адамның беті мен мойыны қызарып, қан тамырлары кеңейгенін сырттан байқауға болады. Таңертеңгілік қиналып жөтелу созылмалы бронхиттің негізгі белгісі болып табылады. Кешкілік және түнге таман жиі қайталанатын жөтелден науқас ысылдап дем алады, тұншыққандай күй кешеді. Сырқат адамнан бөлінетін қақырық бастапқы да кілегейлі, ашық түсті болады. Тәулігіне науқастан 50 мл, ал іріңді жағдайда одан да көп қақырық бөлінеді. Мұндай құбылыстар уақыт өткен сайын өршіп ұсақ бронхыларды қамтиды да, олардың ауа өткізгіштігін кемітеді. Ағзаға ауа жетіспегендіктен ентігу пайда болады. Ентігу алғашқыда денеге шамадан тыс салмақ түскенде, дерттің асқыну құбылысы барысында дамып, тұрақты күйге ауысады. Ауруға қосылған асқынулардан кеуде торшасы бөшке тәрізденеді (эмфиземада). Тықылдатқанда өкпе дыбысының реңі өзгергенің байқауға болады. Тыңдағанда бронхиалдық дем естіледі (демнің сыртқа шығару компоненті ұзарған). Өкпеде құрғақ және ылғалды сырылдар естіледі.
Созылмалы обструктивтік бронхитте бронхтардың шырышты қабатының қабынуымен қатар обструкция (бронх тармақтарының тарылып, қысылуы) байқалады. Бұл сырқаттың дамуына темекі шегу, өндіріс пен қоршаған ортадағы шаң – тозаңның әсерлері, жұқпа – аллергиялық жағдайлар әкеліп соғады. Обструктивтік бронхиттің клиникалық бейнесіне айтылып кеткен белгілермен қатар ысқырықты тыныс алу, ентігу білінеді. Науқастың кеуде қуысы ерекше өзгеріске ұшырайды: пішіні бөшке тәрізді, өкпенің төменгі шеті төмендей түседі, тыныс және жүрек дыбыстары әлсірейді. Дем алу дәрісіне қосымша бұлшық еттер қатысады, қабырға аралықтары өзгереді. Аускультацияда көптеген сырылдар естіліп, дем шығару мерзімі ұзарады. Бронхылардың обструкциясын анықтау үшін өкпе сиымдылығын спирометрия, пневмотахометрия, пикфлоуметрия әдістері арқылы тексереді.
Қанда: нейтрофильді лейкоцитоз байқалады, ЭТЖ артады. Биохимия қан анализінде фибриногеннің, ақуыздың, сиал қышқылдардың көбеюі анықталынады.
Сонымен қатар бұл сырқатта диагноз қою үшін қақырықты тексеру әдістері маңызды роль атқарады: құрамында нейтрофилды лейкоциттер көбейеді, бронх эпителиінің торшалары анықталынады, жұқпалар табылады.
Аспаптық тексерістер: өкпенің сыртқы тыныс алу қызметін тексергенде (пневмотахометрия, спирометрия, пикфлоуметрия) бронх тарамдарының өткізгіш көлемінің көрсеткіштерінің төмендегенін байқаймыз. Бронхоскопия әдісі бронх тармақтарының ісінгенін, қабынудың дәрежесін дәлелдейді. Рентген сәулесімен тексергенде бронхылардың деформацияға ұшырағанын байқайды (пішінінің өзгеруі).
Созылмалы бронхитте байқалатын асқынулар: жөтелдің әсерінен бронхтардың соңғы талшықтары кеңейіп, өзгереді (бронхоэктаз ауруы); бронх қабырғаларына дәнекер тіні өсіп, пневмосклероз дамиды; жөтелдің әсерінен өкпе альвеолары жарылып, өкпеге ауа көп мөлшерде жиналады (эмфизема); аурудың соңғы кезеңінде өкпелі – жүрек жеткіліксіздігі дамиды.
Емі. Науқас ауруханада емделеді. Уыттану белгілері жойылғанша төсек тәртібін сақтауы тиіс. Емдәм тәртібінің ерекшелік талабына қатысты көп мөлшерде жылы сұйықтықтарды қабылдаған дұрыс, қақырықты жібітіп, жеңіл түрде сыртқа шығаруға әсерін тигізу үшін. Ем қағидалары жағымсыз қылықтардан арылтудан басталады: темекі шегуден міндетті түрде бас тарту керек. Сонымен қатар созылмалы жұқпа ошақтарына санация жүргізген жөн. Бактерияларға қарсы 7-10 күн бойы кең спектрлі антибиотиктер мен сульфаниламидтер топтарына жататын дәрі – дәрмектер түрлерін қолданады: амоксициллин, ампициллин, цефалоспориндер, фторхинолиндер, сульфаметоксазол т.б. Бронхтардың өткізгіш қызыметін жақсарту және қақырықты түсіру үшін бронхолитик дәрілерін тағайындайды (эуфиллин, теофедрин, бромгексин, амброксал), постуральдік жағдай жасайды, массаж жүргізеді. Уыттану белгілеріне қарсы дезинтоксикациялық ем қолданады (гемодез, 5% глюкоза ерітіндісі).Созылмалы обструктивтік бронхитте бронх тармақтарының тарылуын жою мақсатымен бронхолитиктер, кортикостероид дәрі – дәрмектері парентералдық және ингаляция түрінде қолданады. Осы мақсатпен шөп қайнатпаларын қолданады. Физиоемін тағайындайды. Осымен қатар демдік дене шынықтырумен айналысқан жөн. Ауыр ағымды сырқатты емдегенде бронхоскопияның маңызы зор. Ол бронх тармақтарын шайып, олардың ішіне антисептиктерді жіберуге қолайлы (3-5 мл 1:5000 фурациллин ер-сі, 3-5 мл 0,5% диоксидин ер-сі т.б)
Алдын алуы. Алғашқы алдын алу шаралары. Өткір респираторлық жұқпаларды өткізіп алмай уақытылы ем көрсетіліп, суық тигізіп алмау мәнбірлерін қадағалап жүрген дұрыс. Денені шынықтырып, жағымсыз қылықтардан арылтуға дағдыланған жөн. Сонымен қоса жоғарғы тыныс жолдарының тазалық гигиенасын сақтаған жөн. Кәсіптік зиянды мәнбірлердің әсерін болдырмау шараларын жасап, жұмысын өзгертуге көмектесу керек. Созылмалы ошақты жұқпаларда санация жүргізіп отырған жөн.
Екіншілік алдын алу шаралары. Созылмалы бронхитпен ауыратын науқастар диспансерлік бақылау тізіміне алынып, дәрігердің қадағалауында диспансерлік нұсқау бойынша қаралып тұрады. Аурудың сатысына байланысты клиникалық қан, қақырық анализдерін тапсырады, сонымен бірге рентгенологиялық тесерістен де өтіп отырады. Көктемде және күз мезгілдерінде алдын алу емін науқастар қабылдап отырады. Иммун жүйесін күшейткен қажет.
Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 3506;