Асқазан обыры

Асқазан қатерлі ісігі (обыры) аса қауыпті аурудың бірі. Аурудың пайда болуы және асқыну себептері түпкілікті анықталмаған. Себебі белгісіз. Көбінесе ер адамдар ауырады.

Әсер ететін мәнбірлер: шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, созылмалы ас қорыту ағзаларының аурулары, әсіресе оның ішінде асқазан қатпарларының семуі, сонымен бірге асқазан ойық жара ауруы малигнизацияға ұшырауы мүмкін және тұқым қуалайтын мәнбірлер. Сөйтіп, обыр алдында болатын ағзадағы өзгерістерге тоқталып өтсек олар – асқазанның кілегей қабатының созылмалы қабынуы; асқазан қышқылының өте төмендігі; асқазанның түйіншектері және жазылмайтын ойық жаралары.

Аурудың дамуы. Асқазан кілегейлі қабатының торшалары ретсіз бөлініп, жетілмеген торшалардан құралған ісік пайда болады. Ісік өсіп, көлемі үлкейіп, функционалды және органикалық өзгерістерге әкеледі. Асқазанның ішін бітеп немесе сыртқа өсіп ісік көрші ағзаларды зақымдайды.

Жіктемесі. Бірінші кезең: ісіктің көлемі 2 см – ден көп емес. Асқазанның кілегейлі қабатын ғана зақымдайды. Екінші кезең: ісіктің көлемі 4-5 см. Қасындағы бездер шошынады. Үшінші кезең: ісік кілегей, бұлшық ет, сірнелі қабаттардан өтіп, көрші ағзаларға аймақты лимфа бездеріне күшіктейді. Төртінші кезең: ісіктің көлемі әртүрлі. Ісік дененің бәріне жайылып, дененің лимфа бездері шошынып, метастаздар білінеді. Дамуына байланысты үш кезеңі бар: бастапқы кезеңі, нақты клиникасы байқалатын кезең, аурудың ақырғы кезеңі.

Клиникалық бейнесі. Бастапқы кезеңі білінбей біртіндеп басталады. Әлсізденеді және жүдей бастайды, тәбеті төмендейді, кейбір науқастар ет тағамдарын жақтырмайды, кейбір тағамдардың иісін көтере алмайды. Лоқсу, құсу, іші өту белгілері байқалады. Анық клиникасы білінетін кезеңде науқастың іші үздіксіз ауыра береді. Іші шыдатпай ауырады, дәрі – дәрмектер аз көмектеседі. Іштің ауырғаны тамақпен байланыссыз. Егер қою тағамдардың өтуі нашарлап, ауқаттану кезінде тырнағандай, күйгендей сезім пайда болса, бұл ісіктің асқазанның жоғарғы бөлігіне орналасқанының белгісі. Ал қатерлі ісік асқазанның орта шеніне орын тепкен жағдайда ауру біршама уақыт белгісіз түрде өтуі мүмкін. Тек астан соң немесе ашқарынға асқазан тұсы сыздап ауырады. Бұл асқазан қышқылының сақталуына байланысты. Қатерлі ісік асқазанның төменгі жағына орналасқан жағдайда, асқазан іші тарылып, ас қорыту нашарлайды. Аз ғана асқа тояттап және кекірік пайда болып науқас адам ішкен асын қайта құсып тастайды. Ауру адам әлсіреп, салмағы 10-20 кг-ға дейін азаяды. Қатерлі ісік ыдырай бастаған кезде науқас жиі құсып, құсығында қан байқалады (“кофе” тәрізді). Кейіннен науқастың дене қызуы көтеріліп, уыттану белгілері білінеді. Әлсіздік ұлғаяды. Науқас қатты жүдейді. Оны қатерлі ісік кахексиясы деп атайды. Қарағанда науқас жүдеу, терісі боз, тілі уылған, ішін сипалағанда эпигастрий маңайында бұлшық еттердің ширығуы, кейбір жағдайда қатайған, көрші ұлпамен жабысқан өспе байқалады. Соңғы кезеңінде ауырсыну бүкіл денеге сезіледі, метастаздардың бүкіл ағзаларға жайылуынан науқас қатты әлсізденеді. Тамақ ішкен сайын құсады, терісі құрғақ, боз, кахексия ұлғаяды.

Дерт анықтамасы. Сырқаттың бастапқы кезеңінде диагноз қою үшін үлкен мағынаға ие болған “кіші белгілер синдромына” көңіл бөлу қажет. Едәуір кешірек кезеңдерінде төс шеміршек асты аймағында ауысыну пайда болады және осы аймақта томпақтық қолға сезіледі.

Жалпы қан анализінде ЭТЖ артады, лейкоцитоз, анемия білінеді. Нәжісті жасырынды қанға тексергенде нәтижесі оң болып табылады. Асқазан сөлінің құрамында көбінесе қышқылы төмен болады. Аурудың дерт анықтамасында рентген сәулесі, гастроскопия, биопсия әдістері маңызды роль атқарады. Асқазанға контраст затты енгізіп, рентген сәулесімен тексергенде суретте толу кемістік белгісі (“ – “) байқалады. Гастраскоп арқылы ісіктің орналасуын көлемін, түрін байқауға болады. Осы жағдайда биопсия алынып ісіктің түрін айырады.

Емі. Бірнеше түрде ем жүргізу әдістерін қолданады. Симптомдық ем дәрі – дәрмектерді қолдану арқылы жүргізіледі: науқастың жағдайын жақсарту үшін және ауырсынуды басу үшін жансыздандыру дәрілерін қолданады (анальгин, баралгин, омнапон, морфин). Дене қызуы көтерілгенде аспирин, парацитамол қолданады. Уыттануға қарсы арнаулы ем жүргізіледі. Ол үшін көк тамырға 5% глюкоза, изотоникалық ертінділерді енгізеді. Тіндердің ретсіз өсуін тоқтату үшін цитостатик дәрілерін қолданады (фторурацил, фторафур). Сонымен қатар сәуле емін қолданады. Сырқаттың ерте кезінде науқасқа хирургиялық ем жүргізіледі. Ота арқылы асқазанды жартылай немесе түгел алып тастайды (аурудың кезеңіне байланысты).

Алдын алу шаралары. Нақты түрде асқазанының сөлі аз созылмалы гастритпен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жылына бір рет дәрігер қарап отыру керек (жалпы жағдайын, дене салмағын, жалпы қан анализін, асқазан және он екі елі ішектің сөлін, нәжісті жасырынды қанға тексеріп, рентген сәулесіне түсіру). Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс құнарлы тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.

 

 

21 суретАсқазан қатерлі ісігінің

рентгенограммасы.








Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 5068;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.