Бақылау сұрақтары. 1. Өкпе іріңді ауруларына жалпы түсініктеме беріңіз.

1. Өкпе іріңді ауруларына жалпы түсініктеме беріңіз.

2. Сырқатқа әкеліп соғатын мәнбірлерді атап шығыңыз.

3. Өкпе іріңдігінің клиникалық бейнесінің кезеңдеріне қысқаша сипаттама беріңіз.

4. Өкпе іріңдігінің рентген суретінде қандай патологиялық өзгерісті көруге болады?

5. Бронхоэктаз сырқатына анықтама беріңіз.

6. Бронхоэктаз сырқатының ерекше клиникалық белгілерін атап шығыңыз.

7. Өкпе іріңді ауруларының емдік қағидасының негізі.

8. “Постуралдық дренаж” деген терминді қалай түсінуге болады?

9. Алдын алу шараларының түсінігін беріңіз.

 

 

Кпе туберкулезі

Туберкулез – бұл өзіне тән жұқпа түрімен қоздырылатын жұқпалы сырқат. Қазіргі кезде дүние жүзінде туберкулездің ашық түрімен сырқатталынған 15 млн адам бары анықталған. Жыл сайын 4 млн адам туберкулезбен ауырса, оның ішінде 0,5 млн сырқат өлімге ұшырайды. Қазірге дейін туберкулез сырқатының мәселесі анық шешілген жоқ. Туберкулез ауруы ерте заманнан келе жатқан сырқаттардың біріне жатады.

1882 жылы Роберт Кох осы аурумен сырқатталынған науқастың қақырығынан туберкулез бацилласын тапқан. Сондықтан туберкулез таяқшасы – Кох бацилласы деп аталады. 5-6 айға дейін қақырықтағы таяқша өзінің күшін сақтайды, және де қақырық кеуіп кеткен жағдайда ол өз күшін жоймайды. Туберкулез жұқпасы көбінесе қақырықтан, іріңнен, үлкен дәреттен ауа арқылы жұғуы мүмкін. Кейбір жағдайларда туберкулез адамдарға ауру малдардан да жұғады (сүт, қаймақ, ірімшік т.б.) Сонымен бірге ағзаға туберкулез таяқшасы жараланған тері арқылы түсуі де мүмкін. БЦЖ вакцинасымен дұрыс қолданбаған жағдайлар да аурудың дамуына әкеліп соғуы мүмкін.

Жіктемесі. Мүшелердің зақымдалуына байланысты:

· тыныс алу мүшелерінің туберкулезі;

· басқа мүшелердің туберкулезі.

Дамуына байланысты:

· алғашқы түрі (ағзаға жұқпа түсе салып дамиды)

· қайталану түрі (бұрынғы ошақтың қозуынан)

1996 жылдан бастап келесі жіктелу кестесі қолданылады:

А.Негізгі клиникалық түрлері:

І топ. Балалармен жас өспірімдердің туберкулезбен улануы.

ІІ топ. Тыныс алу ағзаларының туберкулезі: бірінші туберкулездік жиынтығы, кеудедегі лимфа түйіндерінің туберкулезі, ошақты өкпе туберкулезі, фиброзды – кавернозды өкпе туберкулезі, циррозды өкпе туберкулезі, туберкулезді плеврит, жоғарғы тыныс ағзасының туберкулезі, өкпенің инфильтративтік туберкулезі, өкпе туберкуломасы.

ІІІ топ. Басқа ағзалардың туберкулезі: ми қабының туберкулезі, ішектің, іш пердесінің туберкулезі, жыныс, зәр шығару ағзаларының туберкулезі, тері, тері асты майының туберкулезі, шеткі лимфа бездерінің туберкулезі, көздің туберкулезі, сүйектің туберкулезі.

Б. Аурудың дамуына байланысты:

-белсенді кезеңі

-белсенді емес кезеңі

В. Сырқаттың асқынулары:

- өкпеден қан кету, кеуде қуысына ауа жиналу, өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, өкпе ателектазы, бүйрек жеткіліксіздігі т.б.

Г. Аурудың аяқталуы (толық жазылу, фиброздық өзгерістер, пневмосклероз)

Патогенезі. Кейде таяқша ағзаға түссе де адам ауырмауы мүмкін. Бұл ағзаның қорғаныс күшіне байланысты. Туберкулезбен зақымдану 2 жолмен өтеді: алғашқы зақымдану, қайталанып зақымдану. Алғашқы зақымдану көбінесе жас өспірімдерде кездеседі. Ағзаға енген жұқпа өкпені қабындырады, бірақ қабыну ошағы алғашқыда біліне қоймайды. Ал қайталанып зақымдануда ағзаның күші әлсіреген кезде пайда болады. Қайталанып зақымдану (реинфекция) бұрынғы қабынған ошақты қайтадан қоздырады. Соның салдарынан эксудативтік туберкулез дамиды.

Сырқаттың өту ағымында 2 кезең байқалады. Қозу, ыдырау кезеңі және тыртықтану, сорылу кезеңі. Қозу, ыдырау кезеңінде қақырықта туберкулез таяқшасының анықталуы (ВК+) және анықталмауы (ВК-) мүмкін.

Клиникалық бейнесі. Өкпе туберкулезінің клиникалық бейнесі сырқаттың түріне байланысты. Бұл аурудың негізгі белгілерінің бірі – дене қызуының көтерілуі. Көбіне дене қызуы көтерілгенде науқас өз жағдайында болып жатқан патологиялық өзгерістерге мән бермей тұмау, өткір респираторлы сырқат деп ойлайды. Дене қызуы өте жоғарғы көрсеткішке дейін жетіп, 2-3 аптаға созылады да содан соң 37,2 – 37,4 болып төмендейді. Кейде дене қызуы бір көтеріліп, бір түсуі мүмкін. Көбіне дене қызуының көтерілуі кешкісін білінеді. Сондықтан дене қызуын әрбір 2 – 3 сағат сайын өлшеп отыруы керек. Дене қызуының тым көтерілуінен науқас қатты шаршағыш болады, тәбеті төмендейді, тершең келеді, арықтайды. Осындай патологиялық өзгерістер бола тұра, сырқаттанушылар өздерін әлсіреп, шаршаған деп ойлап дәрігерге тексерілмейді. Кейінірек жауырын тұсы аурады және жөтел пайда бола бастайды. Сырқаттың ерекшеліктерінің бірі – жөтелдің мінездемесі. Басқа өкпе қабыну ауруларынан айырмашылығы – ол аурудың бастапқы кезеңінде жөтелдің баяу білінуі, науқасты тым мазаламайтындығы, уақыт өте келе жөтел үсті – үстіне үдей түседі. Басында науқастың жөтелі құрғақ болады, бара – бара қақырық сілекейлі-серозды, іріңді болып келеді, соңында қан аралас болуы мүмкін. Туберкулездің алғашқы кезеңінде объективті тексергенде ешқандай өзгеріс байқалмауы мүмкін, ал егер өзгеріс біліне қалған жағдайда ол өзгерістер сырқаттың ауырлығына сәйкес келмейді. Тек қана сырқаттың созылмалы түрінде науқастың терісі, шырышты қабықтары көкшіл болады, уыттану белгілері айқын білініп, науқас арықтайды. Белсенді туберкулездің негізгі белгісі көкірек торшаларының ауырсынуы болып табылады. Перкуссия жасағанда өкпе дыбысы зақымданған ошақтың үстінде топастанады, ал аурудың кавернозды түрінде күңгірт дыбыс шығады. Аускультацияны өткізгенде кеудедегі бұғананың алдын және астын, жаурынның үстін және арасын тыңдайды. Себебі көбінесе өзгерістер өкпенің осы жерлерінде көп кездеседі. Обьективті тексеріс кезіңде анықталған өзгерістік мәліметтер өкпе туберкулезінің түріне, ағымына, кезеңіне байланысты. Емделмеген жағдайларда асқынулар тез арада дамып, өкпе-жүрек жеткіліксіздігіне әкеліп соғады.

Жалпы қан анализінде белсенді туберкулезде лейкоцитоз болуы мүмкін. Туберкулездің фиброзды – кавернозды түрінде қанда лейкоцитоз, эозинофилия білінеді. Сонымен қатар сырқаттың белсеңді түрінде қақырығын тексергенде ВК (+) анықталады. Спирография, пневмотахометрия әдістерін қолдана отырып, өкпе сиымдылық көрсеткіштерінің төмендегенін анықтауға болады. Рентген суретінде сырқаттың ағымына, түріне, даму кезеңіне байланысты өзгерістерді байқауға болады. Туберкулезбен сырқаттанатын науқастар аурудың ағымына, түріне, асқынуларына байланысты 4 дәрежеге бөлінеді. Неғұрлым дәреже сатысы жоғары болса, соғұрлым науқастардың жағдайы ауырлай түседі.

Асқынулары. Сырқаттың ағымында жиі кездесетін асқынуларға өкпеден қан кету, пневмоторакс, өкпе – жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, көкірек және бронх жыланкөздері, амилаидоз жатады.

Дерт анықтамасы. Балалар мен жасөспірімдерді туберкулезге тексергенде өткізілетін Манту сынамасының мәні өте зор. Теріні спиртпен сүрткен соң, тері ішіне 0,1 мл туберкулин ертіндісін жібереді. (1 : 1000). Дәрі еккен жер 72 сағаттан кейін 5мм ден артып қызарып іссе (үлкен адамдарда 21 мм) ағзада туберкулез таяқшасы бар дегенді білдіреді. Сырқаттың белсеңді түрінде қақырықты бактериологиялық тексеру маңызды болып табылады. Қақырықты үш күн бойы қайталап тексерген жөн. Құрал - жабдық аппарат арқылы тексерістердің ішінде жиі қолданатын әдістерге рентген сәулесімен тексеру, томография, бронхоскопия, бронхтардан жууынды суын зерттеу жатады.

Емі. Өкпе туберкулезінің қазіргі кездегі емдеу қағидасы кешенді түрде өткізіледі. Анықтап айтқанда ағзаның қорғаныс күшін жоғарлатып, қабынуға қарсы арнаулы антибактериялдық, дезинтоксикациялық, десенсибилизациялық, симптомға қарсы жүргізілетін ем болып табылады. Кешенді емнің бірі – құнарлы тамақтану. Тамақ құнарлы, ақуыз, витаминге бай болуы керек. Туберкулезде ақуыз мөлшері 200гр, май 60 – 80гр, көмірсу 300 – 500гр, тұз 8 гр болуы керек. Сонымен қатар кальцийді, фосфорды, В – витаминін тағам құрамында көбейту керек. Туберкулездің емі дәрежесіне байланысты, яғни туберкулездің емі қазіргі кездің жаңа көз қарасына сай ДОТС стратегиялық бағдарламасы бойынша емін қолданады. ДОТС стратегиялық бағдарламасымен туберкулездің емі ауруханада 2 айдың ішінде қарқынды химиялық арнаулы дәрі – дәрмектермен жүргізіледі. Олар 3 топқа бөлінеді: Ітоп – «А» тобы: рифацин, рифобутин, изониазид, фтивазид, метазид т.б. ІІтоп – «Б» тобы: әсері орташа дәрі-дәрмектер – стрептомицин, канамицин, циклосерин, биомицин, этамбутол, этионамид. ІІІтоп – «С»тобы: әсері төмен дәрі-дәрмектер – тибон т.б. Кәзіргі кездерде туберкулезге қарсы қолданатын жаңа дәрі-дәрмектер шықты: альдазон, максаквин, офлоксацин т.б. Науқас ауруханадан шығып амбулаторлық түрде емді жалғастырады. Жалпы емдеу уақыты 2 айдан 4-6-12 айға дейін созылады. Туберкулезді емдеу кешеніне хирургиялық тәсілдер де жатады.

Алдын алуы. Фтизиатр пациентті диспансерлік есепке алып, диспансерлік нұсқау бойынша бақылайды. Аурудың алдын алуы екі түрде өтеді: арнайы емес және арнайы. Туберкулездің алдын алуында санитарлық – гигиеналық, педагогикалық аспектіде жұмыс жүргізу, жыл сайын тұрғындардың флюрография тексерісінен өтуі арнайы емес түріне жатқызады. Туберкулездің жұқпалы түрімен сырқаттанатындардың үйінде дезстанция мен бірлесе отырып жан – жақты зарасыздандыру шаралары жүргізіледі. Сырқат адам үйінде қалған жағдайда зарасыздандыру күнде жасалып отырады. Міндетті түрде жұқпаға қарсы ағзаның иммунитетін көтеру үшін БЦЖ вакцинасы жаңадан туғандардың бәріне жаппай егіліп, әрбір 5 жылда қайталанып отырады. Бұл арнайы алдын алу түріне жатады. Туберкулез қауіпін тудыратын сырқаттардың жан ұясына химиялық алдын алу жүргізіледі. Екі – үш айлық мерзімде химиялық дәрілерді қолданады. Бронхитті, өкпе қабыну сырқаттарын, тұмауды асқындырмай уақытында емдеу керек. Әр адам өзін - өзі шынықтыратын жаттығу түрлерін өткізуге дағдылатып, қалыптасу керек.Темекіден және ішімдіктен бас тарту керек. Физикалық күш түсіруге ағзаны бейімдеткен жөн.

Алғашқы медициналық – санитарлық көмектің міндеттерінің бірі – тұрғындармен педагогикалық санаттағы жұмыс жүргізу болып табылады, яғни оларды туберкулездің алғашқы белгілерімен, сақтану жолдарымен лекциялар арқылы таныстыру. Мысалы:

 

 








Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 2330;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.