Шақат топырақтар

 

Шақат топырақ Қазақстанның орманды дала және дала аймағында көк теректі-қайыңды, талды шоқ тоғайлар өсетін ойпаттау жерлерде кездеседі.

Шақаттопырақтар гидроморфты немесе жартылай гидроморфты топырақтар қатарына жатады. Оның тік кескінінің генетикалық қабаттарға жіктелуі айқын байқалады. Ақ түсті шақат А2 қабаты жақсы ажыратылады. Иллювальды В қабатында алмаспалы сіңген натрий иондары бар. Топырақтың астынғы қабаттарында карбонаттармен жеңіл еритін тұздар жиналған (42-сурет).

Шақаттопырақтың түзілуі туралы тұжырымдаманы К.К. Гедройц (1912) және Т.И. Попов (1914) бірінші болып қалыптастырған. Осы тұжырымдама бойынша шақат топырақтар кебірлердің тұшыланып сілтісізденуінен түзілген. Кебір топырақтардың үстінгі қабаты мол ылғалданғанда оның құрамындағы натрий иондары сутегі ионына алмасып, топырақтың құрамындағы минералдар ыдырайды. Бір жылдық тотықтар топырақтың астынғы қабатына шайылады, ал кремнезем тотығы шақат қабатта жиналады. Сонымен бірге топырақтың органикалық заттары да төменгі қабаттарға жылжиды. Сөйтіп кебір қабат және кебірленген астынғы қабаттың бір бөлігі шақат қабатқа айналады.

Шақат топырақтың құрылысы А0 – А1 – А2 - А2В – В - С және басқа морфологиялық белгілері келесідей:

А0 - орман өсімдіктері немесе шөптесін өсімдіктер төсеніші; қалыңдығы 1-5 см;

А1 - қарашірінділі қабат. Қалыңдығы 10-15 см. Түсі сұр немесе қошқыл сұр. Келесі қабатқа ауысуы анық байқалады.

А2 - элювиальды шақат қабат. Түсі ақшыл, күлгін қатпарланған немесе құрылымсыз, қарашіріндісіз қабат.

А2В - аралық қабат.

В – иллювиальды қабат. Күрең немесе қара-күрең түсті болады, тығыздалған, жаңғақша немесе призмалы түйіртпекті. Артық ылғалдану іздері–сұр-жасыл немесе тот басқан дақтар, темір конкрециялары байқалады. Қабаттың астыңғы жағында карбонаттар, глей және тұздар жиналғаны байқалады. Осы қабат біртіндеп аналық тау жынысы қабатына айналады.

Шақат топырақтың үстінгі А1 қабатында 3-5% қарашірінді бар, ал А2 – элювиальды ылғалды сортаң қабатта оның мөлшері күрт төмендейді. Үстіңгі қабатта топырақ ерітіндісі реакциясы қышқыл (рН 5-6), ал астынғы В қабатында сілтілі болады. Алмаспалы сіңген катиондар көлемі үстіңгі қабатта 100г топыраққа шаққанда 15-20м-экв болса, А2 қабатында ол 10-12м-экв-ке дейін кемиді. Алмаспалы сіңген катиондар құрамында А1 және А2 қабатында сутегі және алюминий иондары да бар. Иллювиальды қабаттың кеуектілігі және су өткізгіштігі жоғарғы қабатқа қарағанда төмен болады. Сондықтан ылғалдың астынғы қабаттарға өтуі тежеліп, топырақтың үстінгі бетінің артық ылғалдануы байқалады.

Шақат топырақтар үш типшеге бөлінеді.

Олар:

- шалғынды далалық;

- шалғынды;

- шалғынды- батпақты.

Шақат топырақтар тектерге кебірленуі және сортаңдануының қалдықты белгілеріне қарай бөлінеді. Олар келесідей: карбонатсыз, сортаңданбаған және кебірленбеген, кебірленген және сортаңданған.

Шалғынды шақат топырақ үстіндегі шымды қабаттың қалыңдығына байланысты келесідей түрлерге бөленеді: әлсіз шымданған – А1 қалыңдығы 5-10 см, орташа шымданған – А1 қалыңдығы 10-20 см, терең шымданған- А1 қалыңдығы 20 см-ден үлкен.

Үстінгі А1 қабаттағы қарашірінді мөлшеріне байланысты ылғалды шақат топырақ түрлерге келесідей болып жіктеледі: аз қарашірінділі 3%- дан аз; орташа қарашірінділі –3-6%; көп қарашірінділі ->6%.

Шақат топырақтың табиғи құнарлылағы төмен. Әсіресе, А2 шақат қабатта қоректік заттар аз. Үстіңгі қабаттың реакциясы қышқыл. Сонымен бірге физикалық-ылғалдылық қасиеттері нашар. Сондықтан бұл топырақтар егістікке игерілмеген. Тек қана шалғынды шақат топырақтар, жақсы дамыған шөптесін өсімдік жамылғысы болса, шабындық немесе мал жайылымы ретінде пайдаланылады.

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 3465;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.006 сек.