Минералдардың пайда болу үрдістері және жіктелуі

 

Минералдар табиғатта әр түрлі (эндогенді, экзогенді, метаморфогенді) үрдістер әсерінен Жер бетінде немесе Жердің ішкі құрамында пайда болады.

Минералдардың эндогенді (бастапқы минералдар) пайда болу үрдісі. Жер қыртысында магма ерітіндісінің, бір - бірімен, қоршаған ортамен және жанындағы тау жыныстарымен әрекеттесіп кристаллданғанда пайда болады. Олар (хромды темір, кварц, далалық шпат, пироксен, платина және т.б.). Мұндай минералдардың пайда болуын магмалық деп атайды. Кейбір минералдар магмалы ерітінді мен олардың ішіндегі газдардың қатынас әсерінен пайда болады оларды метаморфты деп атаймыз (магнитті темір, мыс колчеданы, қалайы тас).

Кейбір метаморфты минералдар терең жер қыртысында магмалық және шөгінді тау жыныстарынан жоғары қысым мен температура әсерінен (слюда, турмалин) пайда болады. Көптеген минералдар (күкірт қосындылары, саф элементтер, кварц) ыстық су ерітінділерінен пайда болады (гидротермиялық). Олар вулкандық және магмалық құбылыстар кезінде пайда болады. Кейбір минералдар сублимация негізінде – вулкандардың жоғары көтерілуінен пайда болады (саф күкірт, нашатыр, темір жылтыры, бор минералдары).

Минералдардың пайда болу типтері және олардың түзілу жағдайлары келесідей:

Магмалық. Магманың біртіндеп суып тереңде немесе жер бетіне төгіліп қатуынан пайда болады. Бұл жолмен көптеген минералдар: кварц, дала шпаты (ортоклаз, лабрадор ж.б.), слюда (мусковит, биотит), оливин, нефелин, мүйіз алдамшасы, авгит және басқалар пайда болған. Сонымен қатар осы жолмен кенді және кенді емес қазба байлықтар түзіледі. Олар хромит, апатит, графит, ж. б.

Пегматитті. Газды қосындылармен өте байытылған, қалдықты магмалық ертінділердің кристалдануынан пайда болады. Әдетте бұл үрдіс қалдықты балқындыларда, ұшпалы компоненттерді ұстап қалуға әсер ететін, жоғары сыртқы қысым жағдайында, тереңдегі магмалық массивтердің шеткі бөліктерінде өтеді. Бұл үрдістің жолақты сипаты бар. Пегматитті жолақтардың ерекшелігі - оны құрайтын минералдар дәндерінің үлкен болуы мен ұшпалы компоненттердің (F, Cl, B, Be және т. б.) болуы. Пегматитті жолақтардың минералдары әр түрлі болады. Олардың ішінде: кварц және оның түрлері (тау хрусталы, раухтопаз, морион және т. б.), дала шпаттары (альбит, амазонит және т. б.), слюдалар (биотит, мусковит және т. б.) жиі ұшырасады.

Пневматолитті. Пневматолиз құбылыстары, балқындылар ұшпалы компоненттермен, сыртқы қысымның төмен болғанында кристаллданады. Осы жағдайға байланысты ұшпалы заттар сұйық күйде бірден, қатты затқа айналады. Әдетте бұл үрдістерге металлдардың әр түрлі қосылыстары бірге қатысады. Газды заттардың өз арасында және сіңетін тау жыныстардың, минералдардың арасында қарым-қатынас әсерінен жаңа зат – пневматолиттер пайда болады. Пневматолитті жолақтар әр түрлі болады. Бұл жолақтарға тән минералдар: темір жылтыры (гематит), молибденит ж.б. Пневматолиз құбылысы вулкандар атқылағанда, вулканнан шыққан заттар, көбінесе су буы, СО2, H2S, SO2, HCl, HF және басқалар бір-бірімен және атмосфера газдарымен реакцияға ұшырау негізінде, вулканды жарықтарда және кратерлердің жиегінде жинақталатын, әр түрлі минералдар пайда болады. Осы жолмен күкірт, темір жылтыры, нашатыр пайда болады.

Гидротермиялық. Магма тереңде суығанда және кристаллданғанда шығатын, су ертінділерінен пайда болады. Бұл әдіспен кварцтан, кальциттен, флюориттен құрылған көптеген гидротермиялық жолақтар пайда болған. Осы жолақтардың негізінде, бағалы қазба байлықтар: халькопирит (мыс рудасы), галенит (қорғасын рудасы), сфалерит (цинк рудасы), киноварь (сынап рудасы) сияқты көптеген минералдар пайда болған.

Жанаспа минералдар. Магма суып жатқанда одан шығатын ұшпалы қосындылар жарықтарға еніп, тау жыныстарымен реакцияға ұшырап, бір минералдардың және тау жыныстарының басқаларымен алмасу процессі метасоматоз құбылысын туғызады. Мысалы: Жанасу әсерінен әктер және доломиттер Ca, Fe, Al силикаттары ірі дәнді тау жыныстарына скарналарға айналады.

Минералдардың экзогенді (туынды минералдар) пайда болу үрдісі. Жер бетінде минералдар атмосфера, биосфера және гидросферамен әрекеттесіп бұзылады да жаңа туынды минералдар пайда болады (опал, күрең темір тотығы, каолинит ж. б.). Бірталай туынды минералдар өте концентрацияланған су ертіндісінен пайда болады (ас тұзы – галит, гипс, глаубер тұзы - мирабилит, калий тұзы), кейбір минералдар су қоймаларында (теңіз, көлдер, батпақтар) химиялық және биохимиялық процесстер негізінде пайда болады. Туынды минералдар келесідей жағдайда түзіледі:

-Бұрын пайда болған минералдар мүжілгенде олардың орнына жаңа минералдар пайда болады. Ол каолинит, боксит, лимонит, опал және т.б. жатады.

-Теңіздердің, көлдердің және батпақтардың су қоймасына әр түрлі заттар әкелінеді, олар қолайлы жағдайда түбінде жиналады. Осы жолмен темір рудасы (лимонит), марганец рудасы (пиролюзит), алюминий рудасы (боксит), кальцит, фосфорит пайда болады.

- Ыстық аймақтардың лагуналарында, көлдерінде, судың тез булануынан тұз концентрациясы өсіп, тұз шөге бастайды.

-Су қоймаларына әкелінетін минералды заттардың бірқатарымен тірі ағзалар қоректеніп (кальцит, кремнезем, фосфор қосындылары) және олардан өз денесін (раковиналарын) құрайды. Ал олардың қанқалары судың астында жиналып, кальцит, опал және басқаларды түзеді. Организмдердің өмір сүру нәтижесінде пайда болған минералдар органогенді деп аталады (опал, інжу, глауконит т.б.).

Метаморфты.Метаморфизм – мүжілу аумағынан шет жерде өтетін күрделі процесстердің жиынтығы минералдар мен тау жыныстардың терең өзгерістеріне себепші болады. Метаморфизмнің негізгі факторлары: жоғары қысым, жоғары температура және химиялық белсенді заттар. Жоғарыда көрсетілген факторлардың көмегімен белгілі жағдайда тау жыныстары мен минералдар, өзгереді және жаңа минералдарға айналады.

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 5679;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.005 сек.