Геология пәні, оның мақсаты және негізгі салалары

Бөлім. Геология негіздері

 

Геология - Жердің құрылысын, құрамын, пайда болуын, даму тарихын және оның үсті мен қойнауында өтіп жатқан түрлі құбылыстарды зерттейтін ғылым. Грек тілінен аударғанда «геология» - жер туралы ғылым деген мағынаны білдіреді (гео-жер, логос - ғылым). Негізінен геология Жердің үстіндегі қабатты – жер қабығын зерттейді. Жер қабығы үздіксіз өзгерістерге ұшырап, дамуда болады. Сондықтан жер қабығының даму заңдылықтарын, оның құрамын, қасиеттерін жақсы зерделеп білу халық шаруашылығының көптеген салаларын ғылыми негізде, тиімді, тұрақты даму бағытында жүргізу үшін аса қажет. Ауыл шаруашылығының негізгі өндіріс құралы топырақтың түзілуін, қасиеттерін, өзгерістерге ұшырауын бақылап, оны үлгілі пайдалану жолдарын қалыптастыруды геология пәнін жете меңгерген мамандар ғана жақсы жүргізе алады.

Халық шаруашылығына аса қажетті пайдалы қазбалар: мұнай, газ, көмір, құрылыс материалдары, тыңайтқыштар өндіруге жарамды кендерді жер қойнауынан тауып, игілікке жаратып және адамзат қоғамына қажет түрлі ғимараттарды салу геология ғылымының заманауи жетістіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

Геология өте ерте заманнан басталып дамыған алғашқы ғылымдардың бірі. Қазіргі заманда ол қанатын кең жайып, дамып бірнеше келесідей жеке салаларға бөлінді:

Минералогия – жер қыртысындағы минералдардың құрамын, қасиеттерін, пайда болу үрдістерін зерттейтін ғылым.

Петрография – тау жыныстарының құрамын қасиеттерін, пайда болуын зерттейтін ғылым.

Геохимия– жер қыртысының химиялық құрамын, химиялық элементтердің және олардың таралуы мен жылжу заңдылығын зерттейтін геология саласы.

Қазба байлық - жер қыртысындағы қазба байлықтардың пайда болу ерекшелігін, таралуын зерттейтін ғылым.

Динамикалық геология– жер қабығындағы өткен кезеңдегі және қазіргі замандағы геологиялық үрдістерді (жанартаулар, жер сілкінісі, мұхит әсері т.б.) қарастыратын геология саласы.

Тарихи геология - Жер қыртысының уақыт аралығында және кеңістіктегі өзгерістерін зерттеп, органикалық әлемнің жер қыртысының дамуымен байланысын анықтайды.

Палеонтология - өткен геологиялық кезеңдерде жерде болған және қазба қалдықтар ретінде сақталған жануарлар және өсімдіктер әлемін зерттейтін ғылым.

Геоморфология - жер бедерін, олардың түрлерін, пайда болуын және даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Гидрогеология - жер астындағы суларды, олардың пайда болуын, құрамы мен құбылысын, таралуын, олардың жер қыртысындағы механикалық және химиялық әсерін зерттейтін ғылыми сала.

Геотектоника - жер қыртысының жылжуы және деформациясын, жердің даму үрдісінде тау жыныстарымен қарым-қатынасын зерттейді.

Геофизика – Жер шарын зерттеуге физикалық әдістер қолданатын геология саласы.

Геология пәні көптеген жаратылыстану ғылымдарымен байланысты. Олардың ішінде астрономия, физика, химия, география, т.б. бар. Ауыл шаруашылығы бағытындағы топырақтану, егіншілік, агрохимия, мелиорация пәндері геология ғылымының деректері негізінде дамып келеді.

Геология ғылымы өзінің зерттеулерінде түрлі әдістер мен тәсілдері қолданады. Жер қабығының үстіндегі 10км-ге дейінгі қабатын геологтар негізгі далалық геологиялық суретке түсіру (съёмка) әдісі арқылы жүргізеді. Бұл әдіс жыныстарының табиғи жағдайда терең қабаттарына дейін ашылған аумақтарында немесе кен қазылатын терең шахталар және бұрғылау арқылы жасалған ұңғылардан алынған тау жыныстарының құрамын, қасиеттерін, орналасу заңдылықтарын зерттеу арқылы іске асырылады. Ал жер қабығының 10 км-ден терең қабаттарын геофизикалық әдістермен зерттейді. Ол әдістерге сейсмикалық, гравиметриялық, магнитометриялық тәсілдер жатады.

Сейсмикалық тәсілмен зерттеу тау жыныстары қабатында серпінді толқындардың тарау жылдамдығының өзгерістерге ұшырауын бақылау арқылы іске асырылады.

Гравиметриялық тәсіл жер бетінде тартылыс күшінің (гравитациялық күш) әр ауданда өзгеруін зерттеп заңдылықтарды ашуға көмектеседі. Магнит өрісінің ауытқуын әр аумақта бақылап геологиялық құбылыстардың тау-кен жыныстарының орналасуын анықтау үшін магнитометриялық тәсіл пайдаланылады.

Жердің терең қабаттарының құрылысын, қаситтерін зерттеу үшін өте тереңге бұрғылау (15 км-ге дейін) әдісі де қолданылады.

Геология ғылымында тәжірибелер (эксперименттер) арқылы көптеген зерттеулер іске асырылады. Кейінгі кезде Жер ғаламшарын, оның құрылысын, жер қабығының ерекшеліктерін зерттеуде ғарыштық технологиялар, ғарыштан суретке түсіру тәсілдері кең қолданылып отыр.

 

 








Дата добавления: 2015-04-21; просмотров: 5456;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.004 сек.