Таужыныстарының физикалық-механикалық қасиеттерінің олардың жату (орналасу) шарттарына тәуелділігі
Таужыныстарының физикалық-механикалық қасиеттері тұрақты болмайды. Олар таужыныстарының орналасу (жату) шарттарына және таужыныстарының құралуының геологиялық тарихына тәуелді болады.
Таужыныстарының физикалық-механикалық қасиеттерін байымдайтын негізгі факторлары:
1)орналасу тереңдігі;
2)аймақтың тектоникасы;
3)осы таужыныстарының стратиграфиясы мен геологиялық жасы;
4)желденуі (выветривание);
5)сулылығы және су режимі.
Орналасу тереңдігі осы таужыныстарына сілем бұзылмаған кезде түсетін қысым күштің шамасын анықтайды және қазба жүргізген кезде таужыныстарының физикалық-механикалық қасиеттеріне де әсер етеді: саздар мен оларға ұқсас таужыныстары пластикалық жағдайға көшеді; бекем таужыныстары сілемінде қазбаның бүйірлік қабырғаларына және табанына түсетін қысымдар күрт өседі; бөлшектері бірікпеген таужыныстарының тығыздығы өсіп, ішкі үйкеліс коэффициентінің мәні жоғарылайды; сусымалы таужыныстарының қысымы өседі.
Таужыныстарына әдеттегі шарттарда өзінен жоғарғы қабаттарда жатқан таужыныстарының қысымы түсіп тек қана сығылыс кернеуін қабылдап алады. Ал, кейбір тектоникалық құбылыстардың салдарынан созылу кернеуліктерінің туындауы да мүмкін. Олардың шамасы кей кезде осы таужыныстарының бекемдік (мықтылық) шегінен асуы да мүмкін және соның салдарынан таужыныстарында деформациялық құбылыстар өрбіп таужыныстарының бекемдігін төмендететін жарықшақтар пайда болады.
Тектоникалық жарықшақтар суды жақсы өткізеді. Таужыныстарының жіктеріне түскен сулар таужыныстарының жылжып сырғанауына ықпал етеді және соның салдарынан таужыныстарының қысымы өседі.
Тектоникалық процестердің әсерінен пайда болатын таужыныстарының жарықшақтылығы тау қысымының өсуіне үлкен ықпалын тигізеді. Орналасу реттеріне және өлшемдік шамаларына байланысты жарықшақтар тек қана тік және бүйірлік қысымдарды ұлғайтып қана қоймай сонымен қатар үлкен опырылыстар туғызуы мүмкін. Әсіресе, сулы қабаттардағы таужыныстарының жарықшақтары сазбен немесе тұнба таужыныстарымен бітелінген болса.
Таужыныстарында жарықшақтар таратпайтын өзгерістер (метаморфизм), әдетте, таужыныстарының бекемдігін өсіреді.
Аймақтың стратегиграфикалық сипаттамасы сілемнің жалпы жағдайын, оның ішінде қазба жүргізілетін қабаттан жоғары және төмен жатқан таужыныстарын, бағалау үшін маңызды. Таужыныстарының геологиялық жасы олардың физикалық-механикалық қасиеттеріне әсер етеді.
Мысалы, Қарағандының маңайындағы юра дәуірінің құмды сланецтерінің беріктігі Донбасстағы құмды сланецтердіктен ежептәуір кем.
Таужыныстарының желденуі (мүжілуі немесе жел мен судың әсеріне шалынуы) олардың атмосфера ауасы мен жерасты суларының маусымдық өзгерістеріне байланысты болады. Әсіресе жер бетіне жақын жатқан таужыныстары мүжіледі. Сондықтанда олардың беріктіктері, төменгі қабаттардағы таужыныстарымен салыстырғанда, төмен және тұрақсыз.
Дата добавления: 2016-10-17; просмотров: 2641;