Жұмыссыздық: мәні, себептері мен нысандары. Оукен заңы.
Жұмыссыздық – еңбек нарығының құрамдас элементі болып табылады. Еңбекке қабілетті адамдар - жасына және денсаулығына қарай еңбек етуге жарамды адамдар. Жұмысшы күшіне жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар жатады. Жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың болмысын - нарықтық емесе құрылымда істейтіндер (мемлекеттің әскері органдарда, милицияда, мемлекеттік аппаратта), жұмыс істеушілердің саны, жұмыссыздар саны, жұмысшы күшінің құрамына кірмейтін адамдар саны сияқты көрсеткіштер сипаттайды.
Макроэкономикада осы көрсеткіштердің дәрежесі мен динамикасы бірнеше факторларға: демографиялық, жыныстық, жастық этникалық, халықтың әлеуметтік құрамына, жекелеген аймақ пен салалардағы еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына тәуелді болады.
Жұмыссыздықдегеніміз – бұл еңбекке жарамды халықтың жұмыспен қамтылмауы. Нарықтық экономикада жұмыссыздық негізінде дағдарыстар кезінде көбейеді. Экономикалық әдебиеттерде жұмыссыздықты мынадай типтерге бөлінеді:
· Фрикциондық жұмыссыздық– бұл адамдардың бір орнынан екінші орынға қозғалысымен және бір кәсіптен екінші кәсіпке ауысуымен байланысты болатын уақытша жұмыссыздық. Фрикциондық жұмыссыздықтың дәрежесі жаңа жұмыс іздеуге кеткен уақыттың жалпы шығындарымен белгіленеді.
· Құрылымдық жұмыссыздық -экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде пайда болады. Бос жұмыс орындарының арасындағы кәсіби біліктілік пен аумақтық сәйкессіздік құрылымдық жұмыссыздықтың басты себебі болып табылады. Экономиканың дамуы құрылымдық өзгерістерді тудырып отырады: жаңа технологиялар, жаңа тауарлар пайда болады, капиталдар нарығындағы сұраныс құрылымында өзгерістер орын алып отырады. Осының нәтижесінде жұмыс күшінің кәсіби-біліктілік құрылымында өзгерістер пайда болады - бұл жұмыс күшінің тұрақты түрде аумақтық және салалық қайта бөлінуін талап етеді. Фрикциондық жұмыссыздықпен салыстырғанда құрылымдық жұмыссыздықтың мерзімі ұзақ болады (әдетте қатарынан 6 айдан артық). Құрылымдық жұмыссыздыққа әдетте біліктілігі төмен немесе мамандығы ескірген жұмысшылар ұшырайды және мұның өзі экономикалық жағынан артта қалған аудандар халықтарын қамтиды.
· Маусымдық жұмыссыздық -өндірістің кейбір салаларындағы өндіріс көлемінің маусымдық ауытқуымен байланысты болады: ауыл шаруашылығы, құрылыс, т.с.с. Мұнда еңбекке сұраныс жыл бойында елеулі түрде өзгеріп отырады.
· Циклдық жұмыссыздық –бұлнегізінде экономикалық құлдырау мен дағдарыс кезінде орын алатын жұмыссыздық түрі. Ол циклдық өрлеу кезінде азайып, дағдарыстар тұсында көбейіп отырады.
· Технологиялық жұмыссыздық – адамдарды машинамен ауыстырудың нәтижесі, яғни бұл біліктілікті өзгертуді немесе басқа мамандықты игеруді талап етеді;
Құрылымдық және функциондық жұмыссыздықтар оның «табиғи» деңгейін білдіреді. Циклдық факторлар жұмыссыздықтың «табиғи» деңгейін жоғарылатады. Жалпы жұмыссыздықтың табиғи деңгейі АҚШ-та ХХғ. 90 жылдары 6-7% болса, экономикасы дамыған басқа елдерде ол біршама төмен.
Жұмыссыздық нарықтық экономикаға тән құбылыс болып табылады. Бірақ, оның әр елдің ішкі жағдайына байланысты белгілі бір мөлшері болады. Егер жұмыссыздар сол мөлшерден асып кетсе экономикаға залалын келтіреді. Ол қажетті деңгейде тұрса, онда экономиканың тиімді дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Шамадан тыс жұмыссыздықтың кері әсерлері: біріншіден - әлеуметтік,яғни, жұмысшылардың ешқандай жұмыс істемеуі, олардың мамандығының жойылуына, тұлғалық азғындалуына, әлеуметтік және саяси шиеленіске әкеледі. Екіншіден, экономикалық - яғни, өнім шығарылмайды.
Кез-келген жұмыссыздық деңгейімен байланысты болатын экономикалық зиянды анықтау үшін, әлемдік практикада Оукен заңы қолданылады. Бұл заң жұмыссыздық деңгейі мен жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көлемінің төмендеуі арасындағы тәуелділікті көрсетеді. Оукен заңы бойынша жұмыссыздықтың сандық деңгейі табиғи деңгейден 1%-ға артса, онда ЖҰӨ көлемі 2,5%-ға төмендейді. Мысалы, табиғи жұмыссыздық - 6%, нақты жұмыссыздық - 9% болса, онда Ж ҰӨ 7,5%-ға төмендейді
(9-6) *2,5 =7,5.
Жұмыссыздық деңгейін есептеу төмендегі формуламен анықталады:
ЖД ═ ЖС * 100%
ЖК
Мұндағы: ЖД– жұмыссыздық деңгейі;
ЖС– жұмыссыздар саны;
ЖК- жұмыс күшінің саны.
Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау және қолдау мемлекеттің әлеуметтік саясатында ерекше орын алады.
Мемлекеттің халықты жұмыспен қамту саясаты әртүрлі нысанда жүзеге асырылады. Соның ішіндегі аса маңызды бағыты қоғамдық өндірісте мемлекеттік бюджет есебінен қосымша жұмыс орныдарын ашу, жұмыссыз азаматтарды кәсіби даярлауды ұйымдастыру болып табылады. Сонымен қатар, мемлекет адамдарға өзін-өзі жұмыспен қамтуға жағдай жасайды. Осы саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру. Сондай-ақ, кооперативтерді, акционерлік кәсіпорындарды, жеке кәсіпкерлікті, шаруа қожалықтарының дамуына жағдай жасау. Осы шараларды жүзеге асырудағы мемлекеттің негізгі міндеті тиісті құқықтық база құруды, кәсіпкерлерге салық жағынан жеңілдік жасауды, несие жағынан да жеңілдіктер беруді көздейді.
Дата добавления: 2016-04-11; просмотров: 13110;