Абылдау бұзылысы
Қабылдау – материальды әлемнің заттары мен құбылыстарын бейнелейтін психикалық үрдіс. Қабылдау күрделі акт, ол ес, ойлау үрдістерімен тығыз байланысты. Қабылдау түйсіктен басталады.
Түйсік - қабылдаудың ажырамас бір бөлігі, ол психикалық үрдістің бірінші элементі, оның көмегімен біз әрбір заттар мен құбылыстардың сапасын, жеке қасиеттерін: көлемін, формасын, салмағын, түсін, тұнықтығын және т.б. бейнелейміз. Ең алғаш Аристотель «Біздің санамызда ешқашан болмаған зат біздің түйсігімізде болмаған» деп айтып өткен. Түйсік пен қабылдау біздің санамыздың қақапасы. Түйсік пен қабылдау біздің барлық біліміміздің қайнар көзі.
Түйсік пен қабылдау бұл заттар мен құбылыстар әсер еткендегі анализаторлар функциясының нәтижесі. Сезім мүшелерінің келісілген және дұрыс қызметі психикалық үрдіс үшін маңызды. Әртүрлі ауруларға және хирургиялық араласуларға байланысты анализаторларды жоғалту психикалық белсенділіктің төмендеуіне, жоғарғы жүйке жүйесі қызметінің бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Павловтың жануарлардың бір немесе бірнеше анализаторларының церебральды бөлігінің экстрипациясымен жануарларға жасаған экспериментінде және көптеген авторлардың сенсорлы изоляция мен депривация жағдайында сурдокамерада адамның сезімі мен жүріс-тұрысын бақылауы осының дәлелі бола алады.
Затты қабылдау түйсіктер жинақтығына саяды, бұл тек жаңа туған нәрестеде бақыланады. Өмір сүру барысында ересек адамдардың қиялында барлық заттардың бейнесі, өзіндік эталоны құралады, осылайша біз ол заттарды біле отырып, бір – бірімен салыстырамыз. Ересек адамдар қабылдауын көрнекілік үшін мына формуламен бейнелейді: қабылдау = түйсік сомасы + елестету.
Елестету - заттың ойша бейнесін еске түсіру. Елестету нақты болуы мүмкін, ол өткен шақта қабылданған нақты объекттер жөнінде естелікке ұласуы мүмкін. Елестетулердің өзара әрекеттесуі нәтижесінде заттар мен құбылыстар жөнінде жаңа күрделі елестетулер пайда болады. Елестету адам қызметінің барысында құрылады және үнемі жетіліп отыратын заттар туралы білім қоры тәрізді.
Патологиялық жағдайда түйсік өзгерісі сапалық және сандық болуы мүмкін. Сандық өзгерісі тітіркену табалдырығының төмендеуіне немесе жоғарылауына байланысты.
Тітіркендіргішке сезімталдықтың төмендеуі гипестезия деп аталады. Сезімталдықтың жоғалуы анестезия. Түйсік жеткіліксіздігі кез-келген анализаторға қатысты болуы мүмкін, ол шығу тегі жағынан орталық не шеткі, шынайы немесе өзін - өзі иландырудың нәтижесі болуы мүмкін.
ОЖЖ-нің органикалық ауруларымен науқастарда жүйке бағаналары мен орталықтарының зақымдалуы кезінде терілік анестезия иннервация зоналарына сәйкес келеді. Өндірістік және басқа интоксикация әсерінен болған энцефалопатияларда, наркоманияда, алкоголизммен зардап шегетіндерде, жұқпалы инфекциялық психоздардан кейін неврит пен полиневрит дамуымен байланысты гипо-немесе анестезия дамуы мүмкін. Жарақаттан кейін, мидың мерездік және қантамырлық зақымдалуларынан кейін астения құбылыстары және интеллектуалды жеткіліксіздікпен бірге тері сезімталдығының орталық және ошақты бұзылуы байқалады.
Истериямен ауруларда тері сезімталдығының өзгеруі шұлық, қолғап, жакет тәрізді немесе дененің жарты бөлігіне жайылған түрде болады. Олар жиі психикалық жарақаттан кейін дамиды және сипаты жағынан салданудың клиникасы жөнінде науқастың білетініне сәйкес келеді. Сонымен бірге истериялық соқырлық, саңыраулық, дәм мен иіс сезудің басылуы кездеседі, олар әдетте қайтымды және қысқа уақытқа созылады.
Тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдық – гиперестезия деп аталады. Ол жиі астенизацияланған ауруларда тітіркенген әлсіздік белгілерімен көрінеді. Күннің сәулесі, жай дыбыстар, иістерді көтере алмайды, киімнің денеге жанасуы да тітіркендіреді.
Түйсіктің сапалық өзгерісінің ішінен парестезия мен сенестопатияны бөлеміз. Бұл кездерде науқас буында, аяқ – қолда, теріде, барлық денеде болатын буып - қысу, шаншу, қозғалу т.б. осы секілді жағымсыз сезімдерге шағым айтады. Парестезия кезінде сезім нақтырақ, физикалық, сезімдік сипатта болады. Сенестопатияда сезімдер айқын емес, нақтылығы жоқ кейде оғаш, түсініксіз болып келеді; науқастар оны жиі ішкі мүшелермен және бас миы жағдайымен байланыстырады. Парестезияның шығу тегі неврологиялық бұзылыстар нәтижесі, сенестопатия кезінде жүйке және жүйке орталықтарының көрінерліктей патологиясы болмайды. Сенестопатия мәні жағынан жалпы сезімнің иллюзиясы және галлюцинациясы болып табылады (тактильді және интероцептивті). Қабылдау мазмұнының патологиялық өзгерістері, сапалық бұзылыстарына сезім мүшелерінің алдануы – иллюзия мен галлюцинация жатады. Иллюзияда қабылдау бұрмаланған және қабылдау объектіне сәйкес келмейді.
Галлюцинацияда тітіркендіру көзі мүлдем болмайды, бірақ адамда әртүрлі сезімдер пайда болады, жоқ құбылыстар мен заттар қабылданады. Осы құбылыстарға толық сипаттама беру үшін тоқталамыз.
Иллюзия – шындығында бар әлденені қате қабылдау. Иллюзия тек психикалық аурудың белгісі емес, жиі сау адамдар арасында да кездесуі мүмкін. Психикалық иллюзия дамуының бірден бір себебі сезім мүшелерінен түсетін ақпараттың жеткіліксіздігі болып табылады. Қараңғыда, жарық күнмен салыстырғанда шатасу, бір затты басқа зат ретінде қабылдау оңай. Осыған байланысты иллюзия қандай-да сезім мүшесі функциясы әлсіреген адамдарда кездеседі: мысалы, саңырауларда - есту, көзі нашар көретіндерде - көру иллюзиясы т.б.
Иллюзияларда ақпарат жеткіліксіздігі елестету арқылы толықтырылады. Бұл жағдайда елестету өздігінен емес, осы уақытта санада үстемдік етуші ойға байланысты пайда болады. Мысалы, қорқыныш жағдайындағы адам қаранғыда бұрыштағы ілулі пальтоны жасырынып тұрған қастандық жасаушы деп ұғады.
Патологиялық жағдайда иллюзияның дамуы осы заңдылық бойынша жүреді. Кейбір психоздар (ақ қызба, шизофрения өршуі, кәрілік алдындағы психоз, қантамырлық психоздар) қорқыныш, үрей, мазасыздық, жақындаған қайғы-қасіретті сезінуден басталады. Ауру өзіне төнген қауіпті сезінеді, істің мәні неде екенін түсіну үшін қоршаған ортаға күдікпен қарайды. Өткінші адамдардың сөз үзінділерін көше дыбысымен біріктіріп өз көніл-күйіне қатысты қабылдайды: соғыс басталды, оған қарсы шабуыл ұйымдастырылып жатыр; көшеде ойнаған балалар шуылын, подвалда зардап шегіп жатқан туыстарының дауысы деп ойлайды, оларды қинамауын өтініп, жылайды. Бұл аффективті иллюзия деп аталады, бұл кезде сандыраққа дайындық бар.
Сезім жеткіліксіздігіне байланысты қабылдауда елестету рөлі өсе түседі. Қалыпты жағдайда пайда болған қабылдау қателіктері сау пікір көмегімен түзетуге келеді. Сандырақпен науқастарда елестету де, ойлау да патологиялық өзгерген болып саналады және де сандырақты елестету санада үстемдік етеді. Осылайша, тітіркендіру күшінің жеткіліктілігіне қарамастан сезім мүшелеріне түсетін ақпарат сандырақ ойлармен бұрмаланады.
Шизофрениямен ауыратын науқас айнаға қарап отырып, бетінің төмендегі бөлігі алға қарай қозғалатындығын «қасқыр тұмсығына» ұқсайтынын көреді; преcенильді психозда, өзін тірі өлік санайтын адам, денесінен жанының қалай шыққандығын, өлік дақтарын, өлім белгілерін «көреді». Осы тәріздес интерпретативті иллюзия жедел сезімдік сандырақпен, интерметаморфоза сандырағымен, оң және теріс егіздік сандырағымен науқастарда да кездеседі.
Иллюзияның үшінші түрі – парейдолиялық деп аталады. Иллюзияның бұл түрінде қоршаған орта туралы ақпарат науқас санасының фантастикалық елестерімен бұрмаланады, сана күңгірттенуі жаңа басталып келе жатқан науқастар елестерінің таңғажайып ойынымен бейнеленеді. Қалтырау жағдайындағы балада сезім мүшелеріне түскен тітіркендіргіштер бір сәтте ертегі сюжеттеріне айналады, мысалы, тұсқағаздағы дақтар, қабырғалардағы жарықтар, шам көленкесі еденге түскенде қозғалатын жануарлар бейнесіне енеді, үйлер тәрізді қабылданады; бұлттар қорғандарға айналып, оның контурынан үлкен қалаларды, әдемі пейзаждарды көреді. Одан әрі науқас жағдайының ауырлануына байланысты шынайы қоршаған ортамен арадағы байланыс біртіндеп жойылады, елестер басым бола түседі.
Галлюцинациялар. Галлюцинация – объектсіз қабылдау, жалған қабылдау. Галлюцинация кезінде науқас шын мәнінде жоқ дауыстар естіп, адамдарды көреді. Бірақ науқас олардың бар екендігіне толық сенімді.
Галлюцинацияны алғаш рет Ж.Эскироль сипаттаған, ол галлюцинантты қандай-да бір жоқ затты көретініне, еститініне немесе басқа да жолдармен қабылдайтынына сенімді адам деп қарастырды.
Галлюцинацияны сезім мүшесі бойынша: есту, көру, сезу, дәм сезу,өз денесін сезу немесе жалпы сезім галлюцинациясы болып бөлінеді. Соңғы жағдайда патологиялық түйсік жеке мүшелер немесе барлық денеге қатысты: іште бірдене жыбырлағандай, ішкі мүшелер шектер жабысқан сияқты, өкпе тасқа айналғандай болып сезіледі.
Галлюцинацияларды сезім мүшелеріне қарай есту, көру, иіс сезу, дәм сезу, жанасу және денелік (тәндік), немесе жалпы сезімдік деп бөлеміз. Соңғы аталған түрінде патологиялық сезім жеке мүшелерден немесе бүкіл денеге қатысты; іш қуысымда бір нәрсе қазбалап жатыр, ішкі мүшелерім орын ауыстырды, ішектерім жабысып қалды, өкпелерім тасқа айналды.
Галлюцинациялар элементарлы, бұл кезде тек дыбыстар, шуыл, тарсыл /акоазмдар/, жарық жолақтарын, дақтар көру /фотопсиялар/, және аса күрделі болуы мүмкін, адамдардын сөздерін естиді /вербальды галлюцинация /, бейнелер көреді.
Кей жағдайларда галлюцинациялар тек ұйықтар алдында /гипногогиялық галлюцинация/ немесе оянар кезде /гипнопомпиялық галлюцинация/ пайда болады. Сирек байқалатын экстракампинді галлюцинацияларды жеке айтып өту керек: бұл кезде науқас көру аумағынан тыс нәрсені көред , мысалы, өз артындағы адамды көреді.
Функцинальды, немесе рефлекторлы галлюцинация, бір нақты немесе өзге анализатор тітіркенген жағдайда пайда болады. Науқас желдеткішті қосқанда оның шуымен қатар әңгіме естиді; желдеткішті өшіргенде дауыстар жоғалады. Дөңгелек сартылымен қатар ән естиді, поезд тоқтағанда ән естілмейді. Иллюзияда шын мәнінде бар тітіркендіргіш басқа зат ретінде қабылданса, рефлекторлық галлюцинацияда, тітіркендіргіш галюцинациямен бірге қабылданады.
Галюцинацияның пайда болуы психикалық жағдайдың едәуір ауырлығын көрсетеді. Галюцинация психоз жағдайының жиі көрінісі, ал невроз жағдайында болмайды.
Галюцинациялардың ерекшеліктерін әрбір жеке жағдайларда қарастыру психикалық дерт диагнозын қойып, нәтижесін болжауға көмектеседі. Адамға тән дауыстарды жалған қабылдау шизофренияға және алькогольді галлюциноз кезінде бақыланады. Шизофрения кезінде естілетін дауыстар жиі тікелей науқасқа бағытталған, бұйрық береді, оның іс-әрекетіне талдау жасайды. Созылмалы алкогольді галлюцинозда дауыс үшінші жақтағы адам даусымен науқас жөнінде сөйлейді, оның маскүнемдігін кінәләйді.
Көру галюцинациясы орталық жүйке жүйесінің улануымен, инфекциясымен байланысты жедел психоздарға тән, бас миының органикалық зақымдануларында кездеседі. Бөртпе тифозды психозда ауру бөлме ішіндегі өртті көреді; ақ қызбада /белая горячка/ көз алдында жануарлар, қорқынышты құбыжықтар келеді. Жақын адамын жоғалтуға байланысты дамыған психоздарда өлген адамның бейнесі көз алдына келеді: әдетте түн уақытында, қараңғы жағдайда көрде немесе бөлме бұрышында ақ жабындымен көреді. Шизофренияға көру галлюцинациялары тән емес, олар кездескен жағдайда күрделенбеген түрде, қысқа уақытқа созылады, жедел жағдайға байланысты пайда болады.
Шизофения клиникасында иіс сезу галлюцинациясының пайда болуы, дерттің емге тұрақты жайсыз ағымға ауысқанының белгісі.
Кокаинмен уланғанда ауру тері астында жәндіктер, инелер, майда тірі жәндіктер қозғалып жүргенін сезінеді /Маньян симптомы/.
Науқас галлюцинациялық дауыстармен сөлесу үстінде (5-ші сурет Есту галлюцинациясымен науқас (6-шы сурет)
Галлюцинация бар екендігін науқастың әңгімесінен ғана емес, оның қимыл-әрекетінен байқауға болады /галлюцинацияның объективті белгісі/. Бұл әсіресе науқастың галлюцинация бар екенін жасыруы кезінде маңызды. Есту галлюцинациясымен науқас, дауыстармен сөйлесіп, оларға жауап береді (5-сурет). Дауыстардан шаршаған адам оларды естімес үшін құлағын жабады (6-сурет), кейде құлағына әртүрлі заттар тығып қояды. Жағымсыз иістерді сезбес үшін мұрын тесігін саусақтарымен басады (7-сурет), көру галлюцинациясы кезінде ауру бетін басады, бір жаққа қарайлайды (8-сурет). Тетраэтилқорғасынмен уланғанда психоз жағдайында, науқас үздіксіз ауз қуысынынан өзіне сезіліп тұрған шаштарды алып тастауға тырысады.
Науқастың бұрыс іс-әрекеті галлюцинацияның мазмұнына сәйкес келеді. Ауру жалған өрттен қашамын деп, жоғарғы қабаттың терезесінен секіріп, жарақаттанады. Жалған соңына түсушілер даусынан қашып, транспорт астына түсіп мертігеді. Берген тамақтан бас тартады, өйткені тамақ уланған сияқты болып көрінеді. Әсіресе императивті есту галлюцинациясымен науқастар өте қауіпті, олар оған бұйрық береді: тамақ ішпе, біреуді соқ, өзіңе қарсы қол жұмса деген сипатта.
Шынайы галлюцинация шынайы қабылдаудың барлық белгілеріне ие және шын мәнінде бар объекттерден ажыратылмайды. Галлюцинаторлы бейне сезімдік шынайылыққа ие: күші, биіктігі, дауыс ырғағы, бейне түстілігі, көлемі, және т.б.; кеңістіктен қабылданады /экстрапроекциялық қасиеті/; ырықсыз пайда болады; науқастың өзіндік «Мен»-мен байланысы жоқ, объективті шындық ретінде қабылданады.
Галлюцинация өзінің табиғаты бойынша аурудың елестету сезімінің жандандырылған түрі, галюцинация құрылуының баяу және аяқталмаған үрдісінде ауруларда «жетілмеген галлюцинацияларды» байқауға болады.
Иіс сезу галлюцинациясы (7-ші сурет) Көру галлюцинициясы(8-ші сурет)
Оларды галлюциноидтар деп атаймыз /Е.А.Попов/. Мысалы, науқас ойы бірінші түрінен басқа /сезімдік жандылық/ қабылдаудың барлық қасиеттерін иеленсе. Мұндай аурулар дыбыссыз дауыстарды естиді, олар бұны дауыс емес ол басқалардың ойы, әлде роботтың дауысы – «механикалық, ер адамның да, әйел адамның да емес» дейді, көз алдында қоршаған ортадағы заттарды көруге кедергі келтірмейтін мөлдір бейнені көреді /кино сияқты/. Г. Баярже «ең жай сыбдырдан да жай» дауыстарды сипаттады және бұл жалған қабылдауды психикалық галлюцинациядеп атады.
Галлюциноидтың басқа нұсқасы - экстропроекциясыз жалған қабылдау. Науқас ат үстіндегі кісіні көреді, оның көйлегінің түсінің қандай екенін де айтуы мүмкін, бірақ өзінің ішкі дүниесінде көреді – «ішкі шолуымен». Ауру басының ішіндегі дауыстарды естиді, олардың кейбіреулерін таниды, олармен сөйлеседі; дауыстар еркінен тыс пайда болады, аппараттың көмегімен науқастың басына беріледі. Экстрапроекциялық қасиеті жоқ бұл жалған қабылдаулар алғаш рет орыс дәрігері В.Х. Кандинскиймен сипатталды, оны жалған галлюцинациялар деп атады. Одан әрі бұл маңызды диагностикалық феномен бөлшектеп зерттеледі, сондықтан қазіргі уақытта оның басқа белгілерін есепке ала отырып, толық анықтамасын бере аламыз.
Псевдогаллюцинациялар -жасандылық сезімімен жүретін және жалған объекттерді қабылдауда елестетулер (көз алдына келтірулер) сферасымен шектелген, науқас үшін шынайы заттар және құбылыстармен бір уақытта жүретін, бірақ олармен бірігіп кетпейтін қабылдау бұзылысы. Псевдогаллюцинациялар Кандинский – Клерамбо психикалық автоматизм синдромының құрамына кіреді /галлюцинаторлы және сандырақтық синдромды қараңыз/.
Сезімдік шынайылығы бар, экстропроекциялы, науқас үшін объективті шындыққа жататын қабылдау алданыштары болады, бірақ олар науқастың ырқы бойынша, назарын арнайы аударғанда пайда болады. Бұл галлюциноидтың тағы бір нұсқасы: галлюцинацияның үшінші қасиеті түзілмеген жағдай.
Төртінші қасиетін – науқас тұлғасымен байланысқа ие болып үлгермеген немесе ол байланысты жоғалтқан (ем әсерінен болуы мүмкін) галлюцинациялар жиі реактивті психоздар кезінде бақыланады және галлюциноидтардың бір түрі болып табылады. Науқас өзінің дертке шалдыққанын түсінеді, дәрігердің көмегіне жүгінеді.
Психиканың патологиялық өнім шығаруға, иллюзиялар және галлюцинациялар пайда болуына жоғары дайындығын арнайы тәсіл арқылы тексеруге болады. Жедел алкогольді психоздан кейін науқасқа көзін жұмуды өтінеді, көз алмасына саусақпен басып, науқастан не көріп тұрғанын сұрайды. Қараңғы фонда жарық нүктелер, дақтар, жолақтар пайда болып, адамдарды, жануарларды, құбыжықтарды, тұрмыстық көріністер көргендей сезім тудырады / Липман симптомы/. Науқасқа таза парақ беріп, не көргенін сұрайды, ол параққа қарап, әлдененің суретін, жоқ жазбаларды оқиды. /Рейхрдт симптомы/. Науқас қосылмаған телефон арқылы әңгімелесіп, жауап береді /Ашаффенбург симптомы/.
ГАЛЛЮЦИНАЦИЯ ПАТОГЕНЕЗІНІҢ ТЕОРИЯСЫ.Галлюцинацияның шығу тегін түсіндіруге тырысқанда мынаны байқауға болады, галлюцинациялар патогенезі теорияларының бірде-бірі оның көптүрлілігін түсіндіре алмайды. Ең көнесі перифериялық теория болып табылады, оған сәйкес галлюцинацияның пайда болуында анализатор аппараттарының дертке ұшырауы кезіндегі тітіркенуіне көп көңіл бөлінеді. Эксперимент барысында (механикалық, электор тоғымен) белгілі жүйкені тітіркендіргенде, жарық, дыбыстық және т.б. сезімдер тудырады, бірақ олар элементарлы, затты тұтасымен қабылдауды құрамайды.
Кейінірек алғашында иллюзия, артынан галлюцинация тәрізді қабылдау алдамшыларының пайда болуын, көздің мөлдір қабығының дағы, көз жанарының бұлдырлануы, құлақта құлықтың жиналуымен байланыстырды. Дегенмен бұл теория сезім мүшелері сау адамдарда анализатордың сырттан тітіркену мүмкіндігінің толық болмауы кезінде (соқыр, саңырау адамдарда) галлюцинацияның пайда болу жағдайын түсіндіре алмады.
Біртіндеп галлюцинациялардың шығуы тегі орталыққа байланысты және сезім мүшелерінің жоғарғы орталығының қозуы нәтижесінде пайда болатындығы жөнінде пікір қалыптасты. Осындай көзқарасты С.С. Корсаков және В.А.Гиляровский ұстанды. Әр түрлі медикаментермен қозуды жою, ауруды тыныштандыру арқылы галлюцинацияны бәсеңдетуге немесе жоюға болады.
И.П.Павловтың тежеулік теориясы негізінде галлюцинациялардың пайда болуы ми қыртысының тежелуі негізінде болады деген концепция жасалды. Бұл жағдайда қозу ошағында күш қатынастары өзгерген: әлсіз тітіркендіргішке жүйке жасушалары өте күшті қозумен /парадоксальды/ жауап береді немесе сол күшпен күшті тірікендіргішке де жауап береді /теңесу фазасы/. Жоғарыда келтірілген концепцияның авторы Е.А.Попов галлюцинациясы бар шизофрениямен науқастарға тері астына кофеинді егіп, оның қоздырушы әсерінің жоғарғы шегінде галлюцинацияның жойылғанын бақылаған. Кофеиннің әсерімен біршама уақытқа орталық жүйке жүйесінің тежелуін тоқтатқанымыз және жоғарғы жүйке қызметін қалыпқа келтіргеніміз рас.
Психосенсорлы бұзылыстар. Сыртқы әлемді және өз денесін қабылдаудың күрделі бұрмаланыстарын білдіретін бұл ұғымды енгізген М.О.Гуревич болды, яғни бұл кезде сезім мүшелерінен тарайтын сезімдер емес, олардың синтезі - сенсорлы синтез бұзылады. Психосенсорлы бұзылыстарды иллюзиядан айыра білу керек. Иллюзия кезінде бір /құбылыс, зат/ зат екінші бір зат ретінде қабылданады; ал психосенорлы бұзылыстар кезінде затты немесе құбылысты тану бұзылмайды, оларды бүтіндей қабылдау бұзылады. Сенсорлы синтездің бұзылуы жиі орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануларымен науқастарда байқалады, және ол әдетте пароксизм түрінде көрінеді.
Психосенсорлыға дене схемасын қабылдау бұзылысы жатады. Науқас адамға бүкіл денесі немесе оның жеке бөліктері үлкейген сияқты болып көріне бастайды: басы шар тәрізді домаланады, ісінеді, жарылып кететіндей болады; тіл жуандап, ауыз қуысына сыймай тұрғандай; Аяқ – қолы, саусақтары жуандап, ұзарған тәрізді. Бұл сезімдерді көзбен тексергенде науқас бұл өзгерістердің жоқтығына көзі жетеді. Кейде денесі кішірейіп, нүктеге айналғандай, салмақсызданғандай немесе ауырлағандай, көздері – шарасынан шығып, денесінен бөлініп бара жатқандай азапты сезім болады.
Кеңістіктегі заттарды қабылдау бұзылысы: заттар бұрмаланған /метаморфопсия/, ұлғайған /макропсия/ немесе кішірейген /микропия/, алшақтаған немесе жақындаған түрде қабылданады. Науқас стақанды столға қоюға ұмтылады, бірақ арақашықтықты айыра алмау нәтежесінде стақан еденге құлайды. Жер, еден науқасқа кедір – бұдыр болып көрінеді де, науқас аяғын не тым жоғары көтеруі мүмкін немесе кенеттен жерге, еденге сүрінуі мүмкін.
Уақытты, қоршаған ортадағы өзгерістерді қабылдау бұзылысы жиі эмоциональды бұзылыстармен және сана өзгерістерімен жүреді. Бұл кезде уақыт азапты түрде ұзаққа созылуы мүмкін немесе керісінше болуы мүмкін: күндер аса жылдамдықпен өтеді, қоршаған орта өлі тыныштық, қатып қалған немесе аласапыран әрекеттер түрінде қабылданады.
Дереализация – қоршаған ортаны бөтен, өзгерген, жасанды түрде қабылдау. Дерализация сана немесе өзіндік сана бұзылған кезде байқалады.
Деперсонализация - өзіндік сана бұзылысы ретінде өзін, өзінің психикалық және физикалық «Менін» қабылдаудың бұзылысы. Клиникасы бойынша деперсонализация әрқалай көрініс береді: өзін, өз денесін, ойларын, сезімдерін, іс-әрекеттерін қабылдау нақтылығының бұзылысы, немесе олардың бөтенденуі, бұл жасандылық сезімімен, өзіндік «Менді» немесе оның бірлігін жоғалту сезімімен жүреді. Деперсонализацияның әрқилы айқындылық дәрежесіндегі белгілерін барлық психоз түрлерінде кездестіруге болады.
Ес бұзылысы
Ес латын тілінде mnesis, сондықтан ес үрдісі мнестикалық деген атауға ие.
Ес - бұл ақпаратты бекіту, сақтау және өткен шақ тәжірибесін қайта жаңғыртудан тұратын психикалық үрдіс. Оның ауытқуы мнестикалық үрдістің осы аталған үш буынының кез-келгеніне қатысты болуы мүмкін.
Мнестикалық үрдіс негізінде шартты рефлекторлы қызмет жатыр. Шартты рефлекс тәрізді барлық дағдылар немесе ассоциациялар адамның өмір сүру үрдісінде түзілген байланыс болып табылады. Шартты рефлекс - түрлік түсінік, ал ассоциация – тектік түсінік. Шартты рефлекторлы қызмет бағынатын заңды ескере отырып, мнеститикалық үрдіске және оның бұзылыстарына қатысты көптеген заңдылықтарды түсінуге болады.
Жоғарғы жүйке жүйесінің заңдарына сәйкес шартты рефлекс неғұрлым жиірек бекітілсе, соғұрлым мықты болады. Осылай мнестикалық қызмет жөнінде де айтуға болады, ассоциациялар көп қайталану нәтижесінде бекітілген болса ұмытылуы оңай емес. Мұнымен естің дөрекі бұзылыстары кезіндегі патология жағдайында профессиональды дағдылар мен білім ұзақ мерзімге дейін сақталып қалады. Есте сақтаудың мығымдығына қажет бірінші жағдай – ақпаратты жеткілікті мөлшерде қайталау болып табылады.
Ес бұзылуының маңызын медицина қызметкерлері арасында да әрқашан дұрыс түсіне бермейді. Галлюцинация, сандырақ, жүріс-тұрыс бұзылысымен науқастар жағдайын, олардың барлық жайтты жақсы есте сақтауы негізінде психикалық сау адам деп санайды. Қажу жағдайымен, тұмаудан кейін, операциядан кейін, сомотогенді астенизациямен оқушылар мен студенттердің барлығы дерлік невропатологқа және психиатрға келгенде есте сақтаудың нашарлауына шағымданады. Осылайша, үй тапсырмасына бұрынғыдан көп уақыт жұмсалып, тиімділігі төмендейді. Есті объективті зерттеу кезінде ешқандай өзгеріс байқалмайды. Көзделген сұрастыру мен зерттеулер назардың бұзылғандығын, ал есте сақтау бұзылысы 2-ші реттік екендігін көрсетеді. Белсенді зейін жетпіспеушілігіне байланысты мұндай адам оқығанда көп алаңдайды,ойы басқа жаққа ауады, текстің мазмұнын ойланбастан, механикалық түрде көзімен шолып өтеді. Мұндайда ақпарат саналы түрде қабылданбайды,сондықтан санада із қалдырмайды. Осылайша, есте сақтау үшін маңызды болып табылатын екінші жағдай, ол зейіннің жеткілікті белсенділігі болып табылады. Арнайы көріністегі текст (жуан шрифтпен, курсивпен, асты сызылған, шеңберге алынған) зейінді өзіне бірден аударып, есте жақсы сақталады.
Өте мықты білім адамның мақсатты қызметімен байланысты болады. Бұл – үшінші жағдай. Көпшілік жағдайда өз сағатындағы 6 саны қандай түрде жазылғанын адамдар айта алмайды, өйткені біз жиі сағатымызға басқа мақсатпен қараймыз, сондықтан сағаттың көркемдік бөлшектері біздің назарымыздан тыс болады.
Төртінші жағдай - ақпараттың энергетикалық бекітілуі. Эмоциональды реакция пайда болуымен жүретін ақпарат жақсырақ бекітіледі. Ауруда есте сақтау дың дөрекі бұзылысы байқалғанымен, кейде аффективті маңыздылығы жоғары, әсіресе жағымды естеліктер үзіндісі есте сақталып қалады. Клиникалық тәжірибеде ауыр теріс эмоциональды реакция тудырған жағдайлардың естен жоғалу жағдайы кездескен. Мысалы, жалғыз баласының өлімін басынан кешкен ана, кенеттен болған жағдайларды ұмытып, баласының каникулдан үйіне қайтуына дайындалып, немесе оған жаңа оқу жылына кітап сатып алып, үй шаруасымен айналысып жүреді. Өткен жайттың естен шықпағаны гипноздық ұйқы жағдайында анықталады, немесе ол спонтанды түрде пайда болуы мүмкін /мысалы, түс көруге байланысты/
Дертті жағдайға байланысты мнестикалық актілер жан-жақты бұзылады - ақпаратты бекіту, оны сақтау немесе қайта жаңғырту.
Дата добавления: 2016-03-22; просмотров: 4423;