Оғамға қарым-қатынас арқылы өзін-өзі тану

Тұлғаның тарихқа және мәдени мұраға құндылықты қатынасы

Адамның өзін-өзі тануында тарихтың маңызы зор. Тарихи сана мен өзін-өзі тану қоғам өміріндегі болашақ дамуы үшін тиімді жол таңдау тәрізді өте өзекті. Біз кім болдық қазір кімбіз, болашақта кім боламыз? Қазіргі әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерісі әрбір ұлт үшін осы сұрақтардың өзектілігін тағы да айқындап нақтылай түседі. Қоғамымызға бүкіл әлемдік тарих арнасындағы аса ірі оқиғалар тұрғысынан өзіңді сенімді сезінуге мүмкіндік беретін ақпарат алуда тарихи –мәдени мұраларды зерттеп білу, оқып танысудың маңызы зор. Халықтың езілген еңсесі, тапталған рухы, намысы көтеріліп, өшуге айналған сананы оятып, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, барымызды түгендеп, жоғымызды жоқтап жатқан кезде, өзімізді, шыққан тегімізді танып білу қажеттігі зор.

Адамның өмірінде мәдениеттің маңызы зор. Сонымен мәдениет дегеніміз не екен?

Мәдениет – адамның материалды, рухани, интеллектілі өмірінің сферасы. Мәдениет адамда, оның әлемге өзіне қатысты табиғи және әлеуметтік қасиеттерін біріктіреді.

Мәдениет – бір территорияда өмір сүріп жатқан халық өмірінің әдет-ғұрпы, сол халықтың тарихы. Қоғамның мәдениеті табиғатпен, адамдармен өзара әрекеттестіктің әртүрлі тәсілдерін, ойлау стильдерін, тілді, таптаурындарды, қарым-қатынас құралдарын және т.б. болжайды. Әрбір адам өзі тіршілік ететін (тіл, өнер, дін, аңыз, біріккен іс-әрекет) символды ортасын қалыптастырады. Мәдениетті қауымдастықтың символды ортасы әлем жайлы жалпы көзқарастарға жақын және барлығына ортақ әлемнің көрінісімен анықталады. Өмірлік әдет-ғұрып, әртүрлі қауымдастықтардағы мінез-құлықтың және өзін-өзі анықтау тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар, әр ділдің ұлттық мінезінде көрініс береді. Діл (менталитет) бұл - өмірдің нақты мәдениетке тән ерекшелігі.

Мәдениет - адамның бейімделуіне көмектесетін іс-әрекет өнімі, яғни адам мәденилену процесінде өз мәдениетіне тұтастай енеді. Мәдениет адамның “адамдануына” көмектеседі, өйткені ол ана құрсағынан бастап, кейіннен эмоциялы қарым-қатынаста және заттық әрекетте, іс-әрекетте, тұлғалар арасындағы қатынастар тәжірибесін меңгеруде ана тілі, тәжірибесі арқылы рухани құндылықтарға жетелеп, тартып адамның даралығын қалыптастырады.

Сонымен мынандай қорытынды жасауға болады: адам өзіндік мәдени ерекшелігін бағалай білуі қажет, өзі өкілі болып табылатын адамзат пен туыстық дәрежесін сезіне отырып, мәдениетке шыдамдылықпен қарауы тиіс.

Жер бетіндегі адамзат біртұтас. Бұл ақиқатты көзі ашық, көкірегі ояу пенде біткенннің бәрі үшінші мың жылдықтың табалдырығында тұрып анықырақ сезінуде. Төрткүл дүниедегі ақбасты ғұламалар ғылымның ең саңғы жетістіктеріне сүйеніп, әр қиырдағы адамдар тегін тереңірек қазбалаған сайын олардың, яғни біздің бәріміздің бір ата мен бір анадан таралғанымызға көзіміз жете түсуде. Адамзаттың түпкі ата -бабалары осыдан мыңдаған жылдар бұрын жұмыр жер бетіне шашырай таралып, шыққан тегінің, қоныстанған мекенінің, табыстырған тағдырларының, ұғыстырған тілі мен ділінің т.б. ортақтығына қарай ұлыстар мен ұлттарға ұйысқан. Олар кейін өзгелерге ұқсамайтын дәстүрлі төл мәдениеттерін қалыптастырып, бір – бірімен кейде ықпалдаса, кейде ырғаса жүріп, әрдайым алдымен аймақтық, содан соң әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылады.

Адамзат тарихынан біз білетін соғыстардың басталу себебі әрқилы да, нәтижесі - ұқсас. Яғни қандай да бір текетіресттің ақыры басым мәдениеттің жеңісімен яқталып отырған. Сөйтіп, бірте – бірте бүкіл әлемдік дамудың өн бойындағы негізгі бағдарды белгілейтін ықпалды күш түріндегі глобальдық әлемдік мәдениет ұғымы пайда болған.

Демек, “әлемдік мәдениет”, “әлемдік өркениет” ұғымдары ойдым -ойдым ұлттық мәдениеттердің немесе аймақтық өркениеттердің қарапайым қосындысы емес. Бұл - адамзат дамуы аталатын жанды процестің арналы жолына қаланған мәдени қабаттар.

Тарих көп нәрсеге куә. Кезіндегі мол мәдени қуаты әлемдік өркениеттің іргетасына қаланғанмен, кейін өздері жоғалып кеткен халықтары да бар. Ал, енді кейбір халықтар ондаған, тіпті, жүздеген жылдар бойы адамзат дамуының көшін бастап келіп, кейін әртүрлі ішкі және сыртқы себептердің салдарынан әлемдік өркениет арнасының шетіне ысырылып, қалтарыста елеусіз күн кешкен. Осы соңғы санаттағылар қатарына біздің түркі жұрты да қосылар, сірә.

Дүниедегі дүйім жұртты әлі күнге дейін тамсандырумен келе жатқан Заратуштыра мен Анахарсис, Қорқыт ата мен Әбу Насыр әл – Фараби, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Шоқан мен Абай т.б. бір кездегі әлгі қуаттың мәдениеттің біздің заманымызға дейін созылып жатқан сілемдері іспетті.

Ұлттық мәдениетіміздің: тарихымыз бен философиямыз, әдебиетіміз бен киномыздың, музыкамыз бен бейнелеу өнеріміздің өн бойынан ғасырлар тоғысында байқала бастаған буырқаныстар жақсы нышанның хабаршысындай көрінеді.

Мәдениеттің қоғамда атқаратын қызметтері:

1. Адамды қалыптастыру қызметі. Бұл - мәдениеттің қоғамдағы басқа қызметтерін бойына жинақтайтын және оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты нышан.

2. Жалғастық, мәдениет мұрагерлік қызметі. Мәдениеттің бұл қызметі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілетін бүкіл адамдық өмір тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты.

3. Танымдық қызметі. Мәдениеттің қоғамдағы бұл қызмет-міндетінің сан алуан қыры бар. Бірден біздің назарымызды өзіне аударатын нәрсе – мәдениет пен білімнің арақатынасы.

4. Реттеу қызметі.Мәдениеттегі реттеушілік әрекеттерден гөрі жоғарыға, идеалдыға, үлгіге көбірек көңіл бөлінеді. Мәдени ұғымдарда нормативтік, ережелік талаптар басымырақ. Мысалы, “мәдениетті адам” дегенде оның адамдық жан-жақты белгілерді бойына толығырақ, тереңірек дарытқандығын көрсетеді. Ол – білімі ғылым деңгейіне, киім сол кезде көп тараған сәнге, мінез-құлқы осы қоғамның адамгершілік талаптарына сай адам.

5. Коммуникативтік, қарым-қатынастық қызмет. Бұл мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы -әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте – қарым-қатынас өрісінде болады.

«Мен қазақпын!» дей алатын азамат өзінің шыққан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата-жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында ұстауы шарт.

Өз халыңның тарихын, ерлікке толы өткенін білу рефлексияны қалыптастырады, адамның өмірлік қызметіне қатысты: мен кіммін?, қандаймын? Тегім қандай? Өмірде, тарихта, артымда қандай із қалдырамын? деген сұрақтарды әркім өзіне қоя білуі керек. Өзінің мәдени мұрасының құндылықтарын сезіну, патриотизм сезімін қалыптастырып, қоғамдық санада оң қадамдарға қол жеткізеді.

2. Азаматтық және қазақстандық патриотизм туралы түсінік. Патриотизм - тарихи, әлеуметтік ұғым. Ол адамның бойындағы туа біткен сезім емес. Патриотизм дегеніміз - өз Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік, өз Отанының мүддесі үшін кез келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық. Патриоттық сезім ген арқылы мұраға берілмейді, нақтылы-тарихи ортада ұзақ уақыттар бойына қалыптасады. Себебі туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі жерлер - жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайды. Олар сөзсіз адам көкірегінде жылылық, жақындық, туыстық сезімдерді ұялатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, патриотизм - қасиетті ұғым.

Қазақстандық патриотизмге келсек, ол тек қазақтардың ғана өз Отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендеген бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бірақ ешкімді елін, Отанын зарлатып, күштеп, үгіттеп жел сөздің күшімен алдап-арбап сүйгізе алмайсың. Елін сүю әркімнің жеке ісі, өз арының ісі. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзі келмейді, ол адам өсе, есейе келе, өз ақылы өзіне жетіп, өз басымен тіршілік ете бастағанда, азаматтың бойында бірте-бірте қалыптасатын кұдіретті сезім.

Отан сүю сезімі градуспен өлшенбейді, пайызбен, сандық өлшеммен анықталмайды. Оған бұл өлшемдер жүрмейді. Оның өз өлшемі бар. Ол мынау: әр адам өз Отанының күш-қуатын, экономикалық, мәдени, рухани, ғылыми, қорғаныс қабілетін арттыру үшін нақты үлес қосса, оның әлем алдындағы айбары мен даңқының артуы жолында адал қызмет етсе, өз Отанын қайда жүрсе де мақтан етіп, соның ұнамды бет-бейнесі үшін, соның атақ-даңқы үшін жүрек қалауымен қызмет етсе, сол нағыз патриот болып саналады.

3. Әртүрлі діндердің ізгілікті негіздері. Адамдардың негізгі сезімдерінің ішіндегі неғұрлым құпиясы – сенім –сезімі. Имандылық араб тіліндегі нану, сену деген мағынадағы иман сөзінен шыққан. Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Оның мәнісі -Алланың біреу екеніне, одан басқа алланың жоқтығына сену. Әдетте, ол дін жолынан қия баспауды, ар-ождан тазалығын, обал-сауал талаптарын сақтауды, қылдай қиянат жасамауды, қайырымдылықты, адалдықты жинақты түрде көрсететін адамгершілік ұғым атауы болып табылады.

Иман дегеніміз – сенім. Сеніммен күн кешу адамға жеңіл болады. Сондықтан адамдардың сеніміне нұқсан келтіру – үлкен әдепсіздік. Адам мен адам арасында пікірталас, айтыс-тартыстың болуы мүмкін, алайда оның сеніміне тиісу жарамайды.

Қазір адамзат қоғамда дүниеге діни және материалистік, идеалистік көзқарас қатар орын алып отыр. Мұны қалай түсіндіруге болады? Дін ғұламалары исламды ілім деп санайды. Егер ислам – ілім болса, онда ол да дүниеге көзқарас, дүниені танып –білу ғылымы деген сөз.

Дін – сөздікте әдет, жарлық, жаза және ғибадат тектес мағыналарды қамтиды. Ислам ғалымдары дінге төмендегідей анықтама берген: “Дін – ақыл иелерін өзінің еркін жігерімен ең жақсыға, ең тураға және ең көркемдікке жеткізетін мәңгілім бір заң”.

Құранда: “Дінде зорлау жоқ” – деп бұйырылған (Әл –Бахара сүресі).

Діннің өзекті қағидалары: нысап, нәпсіні тыю, қайырымдалық, ғайбат сөз айтпай, кісіге қиянат жасамау, жлқ-жітік, кемтарларға қайыр-садақа беру, ұрлық-қарлық жасамау, алдап-арбап, өтірік айтпау, ата-ананы ардақтап, жетім-жесірді налытпау, күш көрсетпеу, т.б. адамдардың тату, бейбіт қоғамдасып өмір сүруінің мызғымас негізін қалайды, мұны адамзат қоғамның тарихы айқын дәлелдейді.

“Иманды елде ізгілік пен адамгершілік салтанат құрып, қылмыс пен бұзақылық тиылып, оларға жол қалмайды” (Халифа Алтай).

Ғылыми дұрыс сенім өрелі міндетке, үлкен жеңістіктерге рухтандырады, рухани және дене күшін жұмылдырады. Қоғамның көркеюіне, ғылымның заңдылығына, білім мен нақты өмір шындығына негізделген сенім адамдардың қолғанат-көмекшісіне айналып, дем береді.

Ғылымға негізделген сенім – табиғат пен қоғам заңдылықтарына сүйенген өмір тәжірибесін басшылыққа алған, саналы да бекем сенім.

Сенімнен үміттену келіп шығады. Үмітсіз өмір сүру мүмкін емес.

Діннің негізгі мақсаты – адамның Жаратушыға бет бұруына көмектесу.

Өмірге келген кезден баста-ақ жоғары тылсым күштің бар екені туралы сезімдер, толғанулар мен елес-түсініктер бар екені белгілі. Қоршаған ортаны түсініп бағдарлана бастаумен бірже, осындай толғансытардың көріністері де өзгере береді. Біздің жан дүниеміздің осындай толғануларды сезініп, игеріп, бір імен бірін байланыстыру қабілетіміз біздің Жаратушымен қатынасымызды бекітетін, және оған жақындастыратын сену, нану сезімі болып табылады. Адамның жан дүниесімен бірге туындайтын нану сезімінің қалыптасуы көптеген ішкі және сыртқы байланыстарға тәуелді. Ішкі жағдайлар арасында – адам жан дүниесінің өзіндік қабілеті, нану сезімінің басқа сезімдермен ара қатынасы, ол сезімдерді жандандыруы немесе қарсы тұруы бар.

Сыртқы жағдайлар – қоршаған қоғам, отбасы, ата-ана және тәрбиешілерге байланысты мәдениет пен дәстүрлер. Нақтылағанда, бізді қоршаған ортаның ұстанатын үрдістері мен бағдарлану жүйелері.

Дүниежүзілік діндерде адамдарға деген әмбебап қатынастарды анықтайтын қағидалар бар:

- Христиан дінінде: Жақыныңды өзіңдей жақсы көр.

- Буддизм: Өзің жамандық деп есептейтіндеріңді басқаларға істеме.

- Индуизм: Өз жаныңды сыздататындай нәрсені басқаларға да жасама.

- Иудаизм: Өзіңе жексұрын болып көрінетін нәрселерді басқаға істеме.

- Даосизм: Жақыныңның табысын өзіңнің табысың деп ойла, шығынын өз шығыныңдай көр.

- Ислам: өзіне тілегенін әпкесіне не ағасына тілемеген адамды құдайға сенеді деп айтуға болмайды.

Қай қағиданы сіз өз өміріңізде маңызды деп есептейсіз?

Студенттердің өздігінен дайындалуына арналған тапсырмалар:

1. Осы тақырып бойынша жарияланған мақалаларды жинақтау

1. Өз этникалық мәдениетіңізді жан-жақты таныстыратын шығармашылық жоба дайындау (топтық жұмыс)








Дата добавления: 2016-03-05; просмотров: 4795;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.012 сек.