Дүниеге көзқарас-қалыптасушы тұлғаның негізі

Оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастыру – қазіргі мектептің негізгі тәрбиелік міндеті. Дүниеге көзқарастың маңызы, қызметтері, түрлері, ішкі құрылымы

Дүниеге көзқарас – қоғамдық сана мен тұлға санасының ең жоғарғы деңгейі. Дүниеге көзқарас ұғымы біртұтас дүниені жалпылама ұғынумен ғана шектеліп қалмайды, сонымен бірге осы біртұтас дүниемен қарым-қатынас жасаудың жалпы өлшемдерін, басқаша айтқанда, дүниеге белгілі бір қарым-қатынас өлшемдерін белгілеп, міндеттейді.

Дүниеге қарым-қатынас дегеніміздің өзі адамның дүниеге тұрмыстық, практикалық-қызметтік қарым-қатынасы. Дүниеге көзқарас осы қарым-қатынастан туындайды. Ол–нақтылы процестің жемісі. Осы тұрғыдан келгенде дүниеге көзқарас дүниеге қарым-қатынаспен салыстырғанда кейін пайда болған. Алайда пайда болып, қалыптасып алған соң ол дүниеге қарым-қатынасты бағыттаушы ықпалға ие болады, осылайша олар тарихтың өн бойында өзара бірін-бірі түзете отырып, қоғамдық-саяси өмірдің біртұтас процесінде бірін-бірі толықтыратын, біріне-бірі көшетін процесс болып табылады.

Дүниетаным – дүниеге деген нақты тарихи маңызы бар көзқарастың, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарына, өмірдің әлеуметтік - эканомикалық құрылысына, адамның белсенді өмір көзқарастарын анықтайтын қоғамдық-саяси қатынастар жүйесіне қатысты ғылыми негізделген сенімдердің органикалық бірлігі, тұтастығы. Оқушылардың дүниетанымы ғылым-философиялық білімдерді, заманына сай ғылыми жетістіктерді, сонымен бірге, болмысты танудың жалпы әдістерінің жүйесін жүйелі игеруі нәтижесінде қалыптасады.

Дүниетаным немесе дүниеге көзқарас, адамның сыртқы дүние қоршаған ортаға, өзіне-өзінің, басқаларға қарым-қатынасы туралы мәліметтердің жиынтығы. Сонымен қатар, ол адамның бағыт бағдарын, сенімі мен идеалдарын, принциптерін, ұмтылыстарын білдіреді.

Дүниетанымның қалыптасуы – күрделі әлеуметтік педагогикалық мәселе. Педагогика тарихы мен мектеп тәжірибесінде бұл мәселені шешудің үлкен және құнды тәжірибесі жинақталған. Жеке тұлғаның, оның ішінде оқушы жастардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы теориялық, және тәжірибелік тұрғыдан көкейкесті мәселеге айналуда.

Жаңа заманның нарық қатынастарына көшу жағдайларына оқушылардың мемлекеттік және қоғамдық құрылыс жүйесіндегі орны түбігейлі өзгеруде. Сондықтан, қоғам мен мектеп оқушылары өздері үшін, сондай-ақ бүкіл қоғам үшін әлеуметтік-адамгершілік құндылықтарының жаңа жүйесін құру процесіне белсене қатыстыру арқылы қалыптастыру міндеттері жатыр.

Дүниетаным – бұл ақиқатты дүниеге және ондағы адамның алар орнына, оны қоршаған болмысына және өз-өзіне қатынасына деген көзқарастар жүйесі, сонымен қатар, адамдардың осы көзқарастар арқылы қалыптасқан негізгі өмірлік ұстанымдары, наным-сенімдері, мақсат - мұраттары, таным мен қызмет принциптері, құндылық бағыттары. Дүниетанымды қалыптастыру – тек жеке тұлғаның ған емес, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың және оның партияларының жетілуінің елеулі көрсеткіші. Дүниетаным болмысты тану әдісі бола отырып, адамдардың іс -әрекетінің ерекшелігін анықтайтын өмір принцптерінен тұрады.

Тұтас психикалық білім ретінде дүниетаным – күрделі де көп аспектілі құрылым. Оның ұйытқысы – теоретикалық ойлау, жоғары интеллектуалды сезімдерді білдіру, саналы мақсатты ерік-жігердің дамыған қабілеттілігімен үйлесімді көзқарастар мен сенімдер. Көзқарастар – адамның идеясы, білім, теориялық тұжырымдар мен болжамдар ретінде қабылдауы. Әрбір адамның дүние танымдық көзқарастары ұзақ та күрделі интеллектуалды қызмет - әрекет нәтижесінде қалыптасады. Ал көзқарастар болса оның рухани мәдениетінің негізін құрап, оның «Мен» деген сезімінің мәнісін ашып, оның өмірлік ұстанымдарын, ар-ұятын анықтайды.

Сенім – көзқарастардың сапа жағынан мейлінше жоғары күйі.

Сенім білім сияқты объективті шындықтың субъективті көрінісі, адамдардың ұжымның жеке тәжірибесін меңгергенінің нәтижесі. Сенім әлде бір «білетін» немесе «түсінетін» емес, ол – жеке тұлғаның ішкі ұстанымдарына айналған білім. Білім адам үшін қажетті болуы керек, яғни субъективті, жекелік мағынаға ие болулары керек.

Сенімге айналған білімдер мен идеялар дүние мен адамды өзгертіп, материалдық күшке айналады. Сенім жеке тұлғаның қазіргі уақытта іс- әрекетінде басшылыққа алып, оның болашақ өмір жолын анықтайды. Сенім – жеке тұлғаның өз құндылық бағыттары мен көзқарастарына сәйкес қызмет-әрекет етуге итермелейтін саналы қажеттілігі. Адамның сенім жүйесі – оның дүниетаным көрінісі.

Сезім – сенімнің үйлесімді қасиеті. Сенімді өмірде басшылыққа алу таным қуанышы мен ақиқат шындығының, сұлулыққа эстетикалық сүйсіну мен оған берілгендік, әлеуметттік оптимиз мен мақсаттылық сияқты интеллектуалды сезімдермен байланысты.

Қажымас ерік-жігер – дүниетанымның маңызды элементі. Сенім адамды іс- әрекетке итермелейді. Ғылыми дүниетаным теориялық санамен шектеліп қана қоймай тәжірибеде сана мен жігерді іс-әрекетпен біріктіреді. Дүниетаным элементі ретінде теориялық ойлау дегеніміз – адамның білімді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, дүниетанымды мейлінше жетілдіру, ерік- жігерді сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеті.

Арман-мұрат өмірлік мақсаттар ретінде дүниетанымның ең маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Сананың мазмұны сенім сипатына ие болған жағдайда дүниетанымға айналады. Адамның дүниетанымы көбінесе оның тікелей өмірлік тәжірибесіне негізделеді. Оның мазмұны елеулі түрде адам өмірінің жағдайларына байланысты өзгереді. Әлеуметтік орта – адамды әлеуметтік өміріндегі қоршаған қоғамдық қатынастардың дамуының белгілі бір сатысындағы нақты көрінісі. Әлеуметтік орта қоғадық-экономикалық формация түрінде, қай тап пен ұлтқа жататындығына, белгілі бір топтардың ішкі таптық айырмашылықтарына, тұрмыстық және кәсібіне тәуелді.

Қоғамдық-экономикалық формация өзіндік тарихи, демографиялық, географиялық және ұлттық нақтылығында, өмір салтының белгілі бір түрін, ойлау мен мінез-құлық амалдарын тудыратын әлеуметтік ортаны қалыптастырады. Сонымен, қоғамдық-экономикалық формацияда әлеуметтік орта, өмір салты жеке тұлғаның дүниетаным ұйытқысы, жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі жолы. Жеке тұлғаның танымы онда өмір үндестігі мен қарама-қайшылығы көрініс тапқан кезде ғана әсерлі және тиімді болып келеді. Дүниетаным – құрылымы жағынан күрделі жүйе.

Ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананың ең жалпы, ең жоғарғы формасы. Табиғат, қоғам, ой дамуының мәні мен заңдылықтарына түсінік беретін дүниетанымдық идеялар жиынтығы оқушы санасында көзқарас, сенім, ойлау – болжам, аксиома, әртүрлі табиғи және қоғамдық процестер мен құбылыстар түсіндірмесінің ғылыми негізін құрайтын кез-келген ғылымның жетекші идеялары мен негізгі ұғымдары ретінде қалыптасады.

Оқушылардың өмірлік жағдайларының қалыптасуы, әлеуметтік тұрмыс және адамгершілік қалып, олардың практикалық іс-әрекетіне үлкен ықпал жасайды. Өйткені осы ортада әрбір оқушы өмір сүреді, тіршілік етеді. Бұлардың бәрі оқушылардың еңбегі, қоғамдық пайдалы іс - әрекеттерін дұрыс ұйымдастыруда өмірлік тәжірибесі артады, іскерлігі және дағдысы дамиды. Олар жинақталған адамгершілік идеяға төселу үшін өздерінше жете түсінуге, шындық іздеуге, өздеріне және басқа адамдарға жоғары талап қоюға, барлық істерде әділетті, адал болуға тырысады.

Жеке тұлғаның ой-санасының, білім көлемінің толысуына байланысты оның өмірге көзқарасы, белгілі құбылыстарға баға беруінде де өзгерістердің болуы, толысып жаңарып отыруы заңды құбылыс. Өмірде бір анадан туған егіз балалардың түр жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен, мінез-құлқы, іс-әрекеті, өмірге деген икемділігі, қабілеті бірдей болмайды. Сондықтан әр адамды өзінше даралаған жеке тұлға деп қараймыз.

Жеке тұлғаның белсенділігі қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ғылыми жаңалык, өнертабыс, жаңашылдықтың бастауы мен қозғаушы күшіне айналады. Жеке тұлғаның белсенділігі адамның әр алуан іс-әрекетінде көрініс табады. Жалпы жеке тұлғаның іс-әрекетіндегі қарым-қатынас белсенділігі оның маңызды жақтарының дамуына жағдай жасайды, олар адамгершілік, қайырымдылық, қамқорлық, өзі-өзі үшін адамдар алдындағы өз істері үшін жауапкершілігі.

Адамның саналық, тұлғалық қасиеттерін анықтайтын оның санасы болып табылады. Сана ақыл-ойдан туындайды. Адамның ақыл-ойы біркелкі дамымайды. Адамдар бір-бірін бағалауда қателіктер жіберуі де мүмкін. Кейбір адамдар өзінің жеке басын басқалардан артық бағалауға тырысады. Жеке тұлғаға тән қасиеті - ақыл, ес, яғни, өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап бағалауға бейім тұруы, мақсатының орындалуы, ерік-жігерінің іске асуы, өзі жөніндегі ойын, еркін іске асыруға дайындығы және оны іске асыруының нәтижесі. Жеке тұлға – сезімнің, әсердің, ішкі күйініш-сүйініштің бойға жинақталған көрінісі.

И.Ф.Харламов айтқандай, әр адамның дүниетанымдық көзқарастары ұзақ, күрделі интеллектуальдық іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Ал көзқарастар болса өз кезегінде оның рухани мәдениетінің, оның «Мен» деген сезімінің мәнісін ашып, оның өмірлік ұстанымдарының, ар-ожданының негізін құрайды Көзқарастар – адамның қол жеткізген идеялары, білімдері, теориялық тұжырымдар мен болжамдар ретінде қабылдаулары. Олар табиғат пен қоғам құбылыстарын түсіндіріп, адамның мінез-құлық, іс-әрекет пен қатынастардың бағыт-бағдары қызметін атқарады.

Қазіргі уақытта сенім дүниетанымның өзегі «бастапқы», «элементарлық кереге көзі» болып табылады деген ережені терең негіздеу деп санауға болады.

Сенім дүнетанымның ұйтқысы дегенді әлеуметтік және педагогикалық маңызы жағынан бағалау қиын. Олардың адамның өмір жолын анықтаудағы, мінез-құлқын қалыптастырудағы рөлі әрбір педагогке, әрбір оқушыға түсінікті болуы керек. Тек меңгерілген білім ғана емес, ал сол сенімінің өзі адамды белсендіретін шынайы күш, оны жетілдіретін анық қылықтар, қолжеткізген білімі және солар үшін күресу болып табылады (К.Н.Волков).

Сол білім мен ойлар сенімге айналады, ол адамның өзін және әлемді қайта өзгертетін материалдық күшке еніп, әлем мен адамнын өзін құрады.

Егер білім дүниетаным жүйесінің басым мазмұндық компоненттері болып саналса, онда сенім білімге және шынайы ақиқатқа деген эмоциональдық-психологиялық қарым-қатынас және адамгершілік маңыздылыққа ие болады.

Дүниетанымның маңызды рөлі психологиялық, әлеуметтік-психологиялық және эмоциональдық кездері болып табылады және олар адамның мінез-құлқы мен көңіл-күйін анықтайды, соңында іс-әрекетке дайындайды. Тек сенім білім арқылы өсетін жеке тұлға белсенділігінің негізгі көзі болып табылады.

Реттеуші қызмет атқара отырып сенім жеке тұлғаның тұтас рухани, құндылық бағыттарын, мақсат-мүдделерін, тілек-қажеттілігін, сезім мен қылықтарын анықтайды. Олар қоғамдық мақсат-мүдделердің объективті талаптарынан, адамның танып білген қажеттілігіне сәйкес әрекеттен туындайды. Сенім жеке тұлғаның қазіргі уақытта іс-әрекетін басшылыққа алып, оның болашақ өмір жолын анықтайды.

Сенім мен идеал адамның өмірлік мақсаттары ретінде дүниетанымның ең маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Сананың мазмұны сенім сипатына ие болған жағдайда дүниетанымға айналады.

Осыған байланысты тұлғаның дүниетаным феномені – тұлғаның интеллектуалды және эмоциональды-ерік сипатын өзіне жинақтаған, әлеуметгік мәдениеттің сол бөлігіне назар аударған, іс-әрекеттің жалпы бейнесін жоғары деңгейде ерекшеленген іс-әрекетке дайындық. Л.И.Божович ұсынысы бойынша, жеке тұлғаның дүниетанымы – салыстырмалы түрде кеш келетін құбылыс, ол жеткіншек шақта пайда болатын, жалпы тәрбиелік бағыттылық, дүниетаным мен дүниені сезіну жүйесі болып табылады.

Дүниетанымның мәні, қызметі. Баланың ғылыми дүниетанымына табиғат және қоғам елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, қоғамдық саяси қатынастар әсер етеді. Ғылыми сенімдер ғылыми-философиялық білімдерді, қазіргі ғылым жетістіктерін оқып-үйрену, дүниені танудың ғылыми әдістерін қолдану арқылы қалыптасады. Ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананық ең жоғарғы түрі. Ол арқылы баланың өмірдегі жақсы мен жаманға көзқарасы қалыптасып, бағыт-бағдары айқындалады.

Ғылыми дүниетаным тек қана білімдер арқылы ғана емес, сонымен қатар, дәйекті дәлелдері аз жалған көзқарастарды жеңу нәтижесінде қалыптасады. Қоғамның өзгеруі, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарында ашылған жаңалықтар ғылыми дүниетанымды жетілдіреді, толықтырады, нақтыландырады, кейбір көзқарастарды өзгертеді.

Дүниетанымды қалыптастыратындар: тәжірибені теориялық тұрғыдан қорыта білу, сезімнің ақыл-ойға әсері, саналы, алдына қойған мақсаты бар ерік-жігер. Бұлар баланың көзқарастары мен сенімдерін қалыптастырады.
Көзқарастар – баланың өзі сенетін білімдері, ұғымдары, практикадан шығарған теориялық тұжырымдары, ұсыныстары.

Бала олар арқылы табиғатта және қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға баға беріп, өзінің мінез-құлқын, жүріс-тұрысын белгілі бір бағытқа салып отырады.

Бала өз сеніміне сүйеніп ол үшін күреседі, басқалардан қорғайды, өз басына төнген қауіптен қорықпайды, басқа балаларды өз соңынан ілестіргісі келеді. Сенімге сезім әсер етеді. Таным процесінде қуану білімнің ақиқаттығына сену, өз алдына мақсат қою, сұлулықтан ләззат алу сенімнің қалыптасуына ықпал етеді.

Қажымайтын қайрат – дүниетаным құрамындағы маңызды бөлік. Баланың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру үшін оған теориялық білімдерді берумен шектелуге болмайды. Тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыру кезінде бала өз алдына мақсат қойып, соған жету үшін жігерлене еңбек етеді.

Теориялық ой – дүниетанымның элементі, болмыс туралы білімдерді, құбылыстарды шығармашылықпен, терең түрде ой елегінен өткізе білу, дүниетанымды жетілдіру, сенімді басшылыққа алып, іс-әрекет жасауға ұмтылу.

Дүниетаным көптеген маңызды қызмет атқарады. Ол өзінің ағарту қызметі арқылы балаға табиғат және қоғам туралы ғылыми білімдер беріп, оны жалған қөзқарастардан арылтады, болмысты тану әдістерімен қаруландырады.

Дүниетаным тәрбиелік қызмет атқарады. Бала өзі келісетін көзқарастары арқылы адамгершілігін, ерік-жігерін, эстетикалық сезімдерін шыңдайды. Мұғалімдер оқушыларды адалдыққа сендіріп, олардың адал жүруіне керекті батылдықты, табандылықты, ізгілікті, жауапкершілікті тәрбиелеу керек. Осы талапты орындау үшін қоғам және жеке адамдар өміріндегі жақсы тұстарды балаларға әсерлі етіп түсіндірген дұрыс.

Саяси-әлеуметтік, философиялық, моральдық, эстетикалық, ғылыми теориялық білімдерді меңгеру оқушының белсенді ой жұмысын туғызады.
Ғалымдар болмысты (алуан түрлі байланыстағы объективтік дүние, тұрмыс, қоршаған орта, жағдайлар) түсіну үшін диалектикалық тәсілдер қолдану керектігін дәлелдеп отыр.

Бұл тәсілді қолданғанда баланың миы жағдайды дұрыс бағалап, шығармашылықпен жұмыс істейді, құбылыстарды басқа құбылыстармен байланыста қарайды.

Баланың дүниетанымы ұйымдастырушылық қызмет атқарады. Бала өзінің дүниетанымына сүйеніп, тәжірибеде түрлі іс-әрекет жасайды.
Дүниетанымның прогностикалық қызметі арқылы бала қоғамның даму заңдарын қолданып, оған ғылыми, теориялық, тәжірибелік тұрғыдан баға беріп, бүгіні мен болашақты жасау туралы ұсыныстар айтады.
Сонымен, ғылыми дүниетанымдық тәрбиенің мақсаты – баланың жеке тұлғасының орталығында орналасатын дүниетанымды берік және оған сенетіндей етіп қалыптастыру, сол арқылы қоршаған ортамен дұрыс байланыс жасауға көмектесу.

Осы мақсатқа жету үшін мұғалім оқушының ғылыми көзқарастары мен сенімдерін қалыптастырып, ғылыми емес, дәлелдері аз көзқарастарды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету керек. Ол үшін оқу тәрбие процесінің мүмкіндіктері пайдаланылады.

Оқушының дүниетанымын қалыптастыру үшін оған өмірдің жақсы да, көлеңкелі тұстарын да айтқан дұрыс. Дүниетанымдық сана – баланың сезіміне, ерік-жігеріне әсер етеді, сезім-сананы бекітуші, ерік-жігерді ынталандырушы. Баланың дүниетанымы оның сөзі мен ісінен, дүниемен қарым-қатынасынан көрінеді. Сананы, ой мәдениетін, сезімді, қарым-қатынасты бір мезгілде тәрбиелеу және дамыту дүниетанымды қалыптастырады. Баланың санасы, көзқарастары, сенімдерін ең алдымен ғылым негіздері қалыптастырады.

Табиғи жаратылыстық бағыттағы пәндер табиғат құбылыстарының шын себептерін ашады. Оқушылар түрлі фактілер жинайды, өмірді бақылайды. Оқушылар өмірдің дамуындағы сабақтастықты, қартаю, өлу себептерін, жаңа өсімдіктер мен ағзалардың пайда болуын оқиды. Жоғары жүйке қызметінің заңдылықтарын оқып үйренудің, ғылым мен техниканың адам өміріндегі рөлін түсінудің зор маңызы бар.

Ұлы адамдардың, ірі ғалымдардың өмірі мен қызметі туралы әңгімелер баланың білімі мен тәрбиесіне ықпал етеді. Қоғамдық-гуманитарлық циклдағы пәндер оқушыны қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларды дұрыс талдауға үйретеді, жақсылық пен жамандықты көрсетеді, елімізде, шетелдерде болып жатқан оқиғаларға дұрыс баға беруге баулиды. Өнер пәндері – әдебиет, бейнелеу өнері, саз, театр, кино оқушының адамгершілік-эстетикалық сезімін тәрбиелейді.

Өнер шығармалары баланың сезімін оятады. Шығармаларды талдау, салыстыру, қорытындылау баланың дүниетанымын қалыптастырады. Өнердің түрлі салаларында оқушылардың іс-әрекет жасауы дүниетанымның қалыптасуына орасан зор әсер етеді. Оқушылар өнердің тілімен танысып, тәжірибеде жұмыс істеуге үйренеді, дағдыланады. Баланың дүниені қабылдау кезіндегі әсерленуі балалық шақта жақсы жүреді, сондықтан көркем өнерпаздар үйірмесін құру, өнер шығармаларын жасату, шығармалар жаздыру, сахналық қойылымдардағы рөлдерде ойнату баланың дүние туралы ой-өрісін кеңейтіп, көзқарастары мен сенімін тексеруге көмектеседі. Оқушының дүниетанымының қалыптасқандығын оның ғылыми білімдерінің тереңдігінен, жүйелілігінен, диалектикалық ойлауынан байқауға болады.








Дата добавления: 2016-03-04; просмотров: 16859;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.014 сек.