Сурет - 24. Тәрбиенің сипаттамасы
Тәрбиенің міндеттері мен қызметтері. Тәрбиенің мәні мен ерекшеліктері
Тәрбиенің мақсаты – қоғамға аса қажетті адамгершілік қасиеті жоғары, еңбексүйгіш, ғылыми дүниетанымы қалыптасқан, эстетикалық талғам сезімі мен дене күші мығым, белсенді, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, өмірлік позициясы айқындалған, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан жеке тұлғаны дамытып қалыптастыру (24-сурет).
Сурет - 24. Тәрбиенің сипаттамасы
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деп ұлы шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл - Фараби бекерден айтпаған болса керек.
Тәрбие – күрделі әрі ұзақ процесс. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Тәрбиелі адам – шығармашылық жұмыстардың жемісі, нәтижесі.
Тәрбие, сонымен бірге педагогикалық процесте төмендегідей қарастырылады:
- мәдени құбылыс;
- педагогикалық ықпал ету құралы;
- балалардың әрекетін ұйымдастыру;
- қарым - қатынас құралы ретінде.
Тәрбие педагогикада бірнеше қырларымен танылған:
- әлеуметтік мағынада – бұл аға буынның жинақтаған тәжірибені жас ұрпақ өкілдеріне беруі. Тәжірибе дегеніміз – адамзаттың өз тарихи даму барысында жасаған рухани мұрасы, дәлірек айтсақ: адамдарға белгілі болған білімдер, ептіліктер, ойлау тәсілдері, құқықтық, адамгершілік және т.б. нормалар.
- педагогикалық мағынада – бұл тәрбиеленушіге ықпал жасау үшін ұйымдастырылған арнайы іс - әрекет, тұлға қалыптастыруға бағытталған мақсатты процесс .
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез, деген нәрселермен озады» (А.Құнанбаев).
Азіргі Қазақстандағы тәрбие тұжырымдамалары. Қазіргі қоғамдағы тәрбиеге дәстүрлі және инновациялық тұғырлар
Балаға деген көзқарас оны еркін, тұтас тұлға ретінде, мәдени дамуы барысында құндылықтарды өзі таңдай алатын, өзін-өзі жүзеге асыра алатын тұлға деп түсіндіру арқылы қалыптастырады деп есептейді.
Е.В.Бондаревскаяның тәрбие тұжырымдамасына сәйкес мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы тұлғаға бағдарланған тәрбие дегеніміз – баланың денсаулығын нығайту процесі, оның табиғи қабілеттерін (ақылын, құлықтық және эстетикалық сезімдерін, қажеттіліктерін, адамдармен, табиғатпен, өнермен қарым-қатынасын жасауда алғашқы тәжірибесін жинақтауын) дамыту процесі. Бұл жас кезеңінде педагогикалық әдіс-тәсілдердің үйрету, сөз және үлгі арқылы әсер ету, қарым-қатынас, өмірді сезім арқылы тану мен мәдениет құндылықтарын тану, эстетикалық және құлықтық сезіну және т.б. түрлерін пайдалауға болады.
Тәрбиенің тұлғаға бағдарланған тұжырымдамасын жақтаушылар Ш.А.Амонашвили, М.Н.Берулава, Е.В.Бондаревская, Ю.И.Турчанинова, И.С.Якиманская және т.б.
Е.В.Бондаревская тұлғаға бағытталған тәрбиелеу парадигмасына төмендегілерді ұсынады:
- білім беруде адамның ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын дара ерекшеліктерін есепке алу;
- балаға ізгіліктік-тұлғалық қарым-қатынас: баланы қолдау, оны дамыту, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі түзету, өзін-өзі қорғау, өзін-өзі тәрбиелеу, баланың өзінің жеке тұлғасының қалыптасуына, оның адамдармен, табиғатпен, мәдениетпен, өркениетпен қарым-қатынас жасауына қолайлы жағдайлар туғызу;
- адамды қалыптастыратын функцияларын анықтау (ізгіліктік, мәдениеттілік, әлеуметтік);
- адамның өмірге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру (аксиологиялық, когнитивтік, шығармашылық, іс-әрекеттілік, тұлғалық компоненттер);
- түсіндіруден түсінуге, монологтан диалогқа, әлеуметтік бақылаудан дамытуға, басқарудан өзін-өзі басқаруға бағытталған педагогикалық технологиялар.
- оқушының өз бетінше ізденісін, шығармашылығын қалыптастыратын оқыту әдіс-тәсілдерін, құралдарын, оқыту технологиясын дұрыс таңдау, оны жүзеге асыру.
Тұлғаға бағдарланған тәрбие әдіснамасын сонымен қатар И.С.Якиманская да қарастырады. Ол тұлғаға бағдарланған тәрбие баланың субъектілік тәжірибесіне сүйену керек деп есептейді. Субъектілік тәжірибе танымда айқындалатын жеке іс-әрекеттің негізі болып табылады.
И.С.Якиманская тұжырымдамасы бойынша тұлғаға бағдарланған педагогикадағы тәрбие берудің мақсаты – баланың жеке тұлғалық қасиеттерін мақсатты түрде анықтап, дамыту үшін қажетті жағдайларды (әлеуметтік, педагогикалық) тудыру, ол қасиеттерді «мәдениеттендіру», әлеуметтік мәнді іс-әрекеттерге айналдыру.
Тәрбие қоғамдық талаптарға сәйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тәрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен құлық-әрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге әлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да әсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.
Сол себепті, бүгінгі тәрбиенің мақсатын әлеуметтендіру мәселелерімен бірлікте қарастыру өзекті мәселелердің бірі екеніне ерекше мән берген орынды.
Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік-мәдени (өмір және әрекет-қылық кейпін таңдау және іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкершілікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады.
Мұндай тәрбие технологиялық икемшілдігіменен (адамның қабылдау және психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл-күйге сәйкестігімен (көңіл-күй тәжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тәжірибесін құрастыру үшін), жағдайға қарай орындалуымен (негізгі құралы-тәрбиелік жағдай), болашақта бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді.
25 - суретте балаға ізгілікті тұлға тұрғысынан қарау, педагогикалық қарым-қатынасты ізгілендірудің мәні ашылды.
Дата добавления: 2016-03-04; просмотров: 4147;