Дәріс. ОРТА ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ 3 страница
Психологизм өкілдері сөйлеу психологиясы, оның сөйлеу әрекетімен байланысы, сөйлеу әрекетінің іске асу жолдары деген мәселерге ерекше мән береді. Психологизм көп жағдайға лингвистикалық талдау орнына психологиялық талдауы қолданады, сөйтіп, тіл білімін өзінін негізгі функциясынан айырады. Психологизм – тілдік котегориялардың барлығы да тек тілдік материалдар арқылы көрінетін, соны жамылған психологиялық категориялар деп санайды.
Тіл біліміндегі психологиялық бағыт үстіміздегі ғасырдың 50-жылдарынан бастап психологиялық /лингвистика психолингвистика/ деген атпен тіл білімінің дербес саласы ретінде қалыптасты. Ол – психология мен тіл білімінің аралығында, екеуінің түйісуінін туған жаңа бағыт. Бұл бағыт алғаш Америка тіл білімінде қалыптасты да, көп ұзамай басқа елдерге тарады.
Қазірде психолингвистика-сөйлеу әрекеттерінің зандылықтарын зерттейтін ғылым деп саналады. Мұны сөйлеу әрекеттерінің теориясы туралы ғылым деп те атайды. Кейбір зерттеулерде психолонгвистиканың негізгі – информация теориясы дегенді атайды. Олай дейтіні психолонгвистика сөйлеу әрекетінде болатын хаьар беру, хабарды қабылдау процестерінің қалай іске асатындығын зерттейді. Бұл – оның негізгі обьектісі. Психолонгвистика – өз обьектісін,міндеті мен мақсатын жан – жақты және дәл айқындай қоймаған жас ғылым.
Жас грамматикалық бағыт. Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм) ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптасты. Алғаш Германияда туғанымен, көп ұзамай оған тілектес, пікірлесер әр елден табылып, өте тез өркен жайды. Францияда М.Бреаль, Швеййарияда Ф.Де Соссюр, Америкада Уитни, Италияда Г.И.Асколи, Россияда Ф.Ф. Фортунатов бастаған Қазан лингвистикалық мектебі мен Бодуэн де Куртенэ бастаған Қазан лингвистикалық мектептері болды.
Бұл ағым өкілдері салыстырмалы – тарихи тіл білімінің өздеріне дейінгі өкілдерін «бұлар – жорамалға толы қапырық шеберханада үнді – еуропалық ата тілді мүсіндеушілер» деп кетіп, тіл ғылымдарын сол «сасық шеберхананы» тастап, жаңа жол табуға шақырған болатын. Олардың осы қызбалықтарына, албырттықтарына қарап, неміс лингвисі Ф. Царнке оларды «жас грамматистер» деп ажуалаған еді. Осы ажуа ат бірте - бірте лингвистикалық мектептің аты болып қалыптасты.
Жас грамматистік көзқарасты қалыптастырушылар Бругман, Остгоф, Дельбрюк Пауль, т.б. Лейпциг университетінің тіл ғалымдары болғандықтан, кейін ол Лейпциг лингвистикалық мектебі деп те аталды.
Жас грамматистер мектебі өз зерттеулерінде екі түрлі принципті негіз етті. Оның бірі –тарихи принцип те, екіншісі-психологизм принципі. Осы себептен де жас грамматикалық бағытты кейде психологиялық салыстырмалы –тарихи тіл білімі деп те атайды.
Бұлардың бағыт –принциптерін баяндайтын еңбектер көп. Олардың ішіндегі ең негізгілері деп Г.Остгоф пен К.Бругманның «Үнді-Еуропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері» // дейтін кітапқа жазған алғы сөзін, Г.Паульдің «Тіл тарихының принциптері» // және К.Бругман мен Б.Дельбрюктің «Үнді Еуропа тілдері салыстырма грамматикасының негізі» // атты кітаптарын атауға болады.
Жас грамматикалық бағыттың тууына тіл білімі дамуының ішкі факторлары себепші болды. ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап компративистік тіл білімінің жайы қанағаттанғысыз, бағыты бұлдыр, тоқырауға ұшырады деген пікірлертуып, сол тоқыраушылықтан құтқаратын жаңа бағыт іздеу басталды. Жас грамматикалық бағыт осылайша туып, көп ұзамайақ әлемдік тіл ғылымындағы ғылыми ағым болып қалыптасты.
Өрісінің кеңдігі, тілдік зерттеу еңбектерінің молдылығы, ғылым дамуына тигізген әсері жағынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы лингвистикалық ағымдардың ешқайсысы да жас грамматикалық мектепке тең келе алмайды. Бұл мектеп белсенді, беделді ғылыми ағым ретінде елу жылдан астам уақыт өмір сүрді.
Әдетте, жас грамматистер дәуірін салыстырмалы – тарихи тіл білімі дамуының екінші кезеңі деп есептейді. Өйткені бұлар өздеріне дейін қолданылып келген салыстырмалы – тарихи әдісті түбірімен өзгертуді көздеген жоқ, оның кейбір ескірген, пайдасыз деген амал – тәсілдерінің орнына зерттеудің жаңа әдістерін енгізуді мақсат етті.
Жас грамматистер тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Олар салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейін орын алып келген көптеген кемшіліктерін дұрыс ашып, компаративистиканы жаңа, жоғары сатыға көтерді. Туыстас тілдер семьялары жөнінде көптеген құнды салыстырмалы-тарихи зерттеулер берді. Натуралистік ағымның тілді табиғи организм дейтін, тіл білімін жаратылыстану ғылымдары тобына қосатын және тіл тарихын екі кезеңге бөлетін көзқарастарының терістігін жете әшкереледі. Туыстас тілдердің дыбыстық ұқсастықтарын айқындаудың жолдарын, амал-тәсілдерін нақтылап, жетілдірді, Үнді-Еуропа тілдеріндегі фонетикалық заңдылықтарды тілдік фактілер арқылы талдап көрсетті. Үнді-Еуропа тілдерінен орасан көп нақтылы тілдік материалдар жинады. Бұл материалдар тіл білімінің практикалық саласының дамуына мұрындық болуымен қатар кейінгі дәуірлерде тіл білімін теориялық жағынан жетілдіре түсуге, тіл білімінде бұрын болмаған немесе тым елеусіз болып келген диалектология, лингвистикалық география, эксперименталды фонетика сияқты жаңа салалардың туып, қалыптасуына да көп септігін тигізді.
Үнді-Еуропа тілдерінің материалдары негізінде түрлі салыстырма сөздіктер, салыстырма грамматикалар жазылды. Туыстас тілдер фактілерін бір-біріне диахрондық жолмен салыстыру әдісі өзінің ең жоғары сатысына көтерілді. Осылардың бәрі жас грамматикалық кезең – салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының ең гүлденген заманы болды деуге мүмкіндік берді.
Жас грамматикалық бағытта жетістіктермен қатар көптеген кемшіліктер де болды. Оларды топтап жинақтасақ төмендегідей болмақ:
1. Жас грамматистердің тілдің табиғаты жөніндегі философиялық концепциялары дұрыс болмады. Олар тілді туғызатын да, дамытатын да жеке адамдар дегенге сүйеніп, тіл білімінің теориялық негізгі индивидумдар психологиясы, лингвистиканың міндеті- индивидумдар тілін зерттеу деді.
2. Фактіге сүйену дегенді желеу етіп, ғылыми абстракцияның мәнін ескермеді, нақтылы фактілермен дәлелдеуге болмайтын дыбыс тілінің шығуы, оның алғашқы дәуірдегі сипаты сияқты мәселелерді тіл білімінің обьектісі емес деп жариялады.
3. Тілдің құрылымдық бөлшектеріне бір-біріне байланыссыз жеке-жеке талдаушылыққа бой ұрды. Бұл- тілді элементтері бір –бірімен тығыз байланыста тұратын біртұтас жүйе деп тануға кедергі болды.
4. Лингвистикалық талдау-сөйлеу тілі фактілеріне сүйену керек деген қағиданы берік ұстап, жазба тіл дәстүріне жеткілікті мән берілмеді.
5. Барлық назар туыстас тілдер фактілерін өзара салыстыра зерттеуге аударылды да, туыстас емес тілдердің бір-біріне тигізетін әсеріне, тілдік контакт мәселесіне жеткілікті көңіл аударылмады.
6. Тілдің өзіндік ішкі даму заңына, фонетикалық заң мен аналогияға шешуші мән беріп, тілдік құбылыстарға экстралингвистикалық жайттардың тигізетін әсерлерін ескерусіз қалдырады.
7. Зерттеу істерінде бір ғана диахрондық, индуктивтік әдістерге сүйенеді де, синхрондық, дедуктивтік әдістерге жөнді мән бермеді, ондай зерттеудерді ғылыми емес деп санады.
Жас грамматикалық бағыттың осындай олқылықтары ХІХ ғасырдың соңғы он жылынан бастап айқын байқалды. Олардың концепциясына наразы пікірлер, жаңаша бағыт-бағдар іздеушілерәр жерде, әр елде бой
көтере бастады. Тіл білімі жас грамматикалық концепцияларға қарсы күресу, зерттеудің жаңа жолын іздеу үстіне ХХ ғасырдың есігін ашты.
Мәскеу лингвистикалық мектебі. Мәскеу лингвистикалық мектебін ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында Мәскеу университетінің ғалымдары қалыптастырды. Оны басқарған сол кездегі орыс тілі білімінің көрнекті ғалымдарының бірі – академик Филипп Федорович Фортунатов /1848-1914/. Ол Германияда, Францияда, Англияда болып, жас грамматикалық бағыттағы көрнекті ғалымдарының лекциясын тыңдаған, өзі де осы бағытты қуаттаған, компративистиканың Россиядағы көрнекті өкілі болған, Үнді-Еуропа тілдерінің фонетикасын, морфологиясын зерттеп, бұл саладан біраз еңбектер берген.
Бұл мектеп құрамында орыс тілі білімінің көрнекті өкілдері академик Алексей Александрович Шахматов /1864-1920/, Александр Матвеевич Пешковский /1878-1933/, т.б. болды. Мәскеу лингвистикалық мектебі, негізінде Лейпциг жас грамматистерінің Россиядағы қолдаушылары болды. Бұлар да индивидуалдық психологизмді өздерінің методологиялық негізгі принципі деп санады. Лейциг мектебі сияқты бұлар да тілдің фонетикалық заңын өз зерттеулерінде әрдайым есепке алып отыруға ерекше мән берді. Бұлардың концепциялары, көп жағдайда, психологизм принциптеріне негізделді.
Мәскеу лингвистикалық мектебі лингвистикалық бағыт ретінде үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарына дейін, Н.Я.Маррдың «тіл туралы жаңа ілім» деп аталатын мектебі үстемдік алғанға дейін өмір сүрді.
Қазан лингвистикалық мектебі. Бұл Қазан қаласындағы университетте ХІХ ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Оған дем беруші-поляк-орыс тіл ғалымы, Қазан университетінің прфессоры Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ /1845-1929/.Ол жалпы тілдік теориялық мәселелермен көбірек айналысқан. Бодуэн де Куртенэ жас грамматикалық бағытпен тығыз байланыста болды, көп жағдайда олардың концепциясын жақтады. Солардың ізімен бұл да индивидуалдық психологизмді қолдады, ақиқат бар тіл-индивидумдар тілі, біртұтас ұлттық тіл деген тек қиялда ғана болатын жалған нәрсе, сондықтан зерттеудің негізгі обьектісі индивидумдпр тілі, индивидумдар психологиясы дейді. Солай дей тұра ол, екінші жағынан, тілде даралық пен бірге жалпылық та болады, бұл екеуі дебірлікте. Индивидумдағы бар нәрсе, екінші жағынан, жалпынікі, жалпы адамдық болып табылады. Олай болатыны барлық индивидумдар психикасы біркелкі болады. Бұл біркелкілік-жалпылықтың, әлеуметтіктің негізі дегенді айтады. Сөйтіп, Бодуэн де Куртенэнің психологизмі индивидуалдық қана емес, әлеуметтік те психологизм болып шығады. Бұл – бүкіл Қазан лингвистикалық мектебіне тән тұжырым. Бұлардың көтерген тағы бір мәселесі – тілдің статикалық және динамикалық күйі деген мәселе. Жас грамматизм ізімен бұлар да тілдің динамикалық күйін, яғни тарихын зерттеудің бірінші орынға қоя отырып, екінші жағынан, тілдің статикалық күйін, яғни жүйесін зерттеуге де көңіл айдарды. Тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, жүйесін айқындауға статикалық әдіс – таптырмайтын құрал дегенді айтты. Мектептің, оның көсемі Бодуэн де Куртенэнің бұл пікірі өзінен кейінгі Соссюрдің статикалық және динамикалық лингвистикасы дегендерімен үндес келеді.
Қазан лингвистикалық мектебі, әсіресе Бодуэн фонема мәселесіне ерекше назар аударды. Оның бұл саладағы еңбегі кейініректе Прага структуралистерінің фонема жөніндегі зерттеулеріне күшті әсерін тигізді. Қазан лингвистикалық мектебі құрамында Н.В.Крушевский, В.А.Богородицкий сияқты көрнекті тіл ғалымдары да болды. Кейінгі кезде бұл мектептің бағытын қолдап, оны ілгері дамыта түскен ғалымдар-Л.В.Щерба мен Е.Д.Поливанов.
12-дәріс. XX ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ (басы)
Жоспары:
1. 20 ғасыр лингвистикасындағы сөздер мен заттар, эстетизм, неолингвизм, социологиялық мектеп өкілдері, олардың ғылыми ұстанымдары
2. Фердинанд Соссюрдің лингвистикалық концепциясы
Әдебиеттер: №2,§77-82, 172-184бб
19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басынан бастап, жас грамматикалық бағыт қатты сынға алынды. Әр елде, әр жерде жасграмматистерді сынға алған бағыттар, мектептер пайда болды. Олардың жасграмматистерді сынға алғандағы бағыттар мен ұстанымдары әркелкі еді.
Сөздер мен заттар. Тіл білімі тарихында жас грамматистерге қарсы ұран көтерген тұңғыш мектеп. Оның өкілдері 1909 жылдан бастап Австрияда Рудольф Мерингер шығара бастаған «Сөздер мен заттар» аталатын журнал төңірегінде топтасқандықтан, солай аталған. Бұл мектептің көрнекті өкілі ромн тілдері мен жалпы тіл білімінің маманы Австрия тіл ғалымы Гуго Шухардт. Ол тек роман тілдері ғана емес басқа да көп тілдерді білген, білімдар адам. Ол тіл біліміндегі біршама қиын мәселелерге өз көзқарасын білдіріп отырған. Ол «Заттар мен сөздер» деген еңбегінде «Тілді тек лингвистикалық талдау арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады. Сөздер мен заттар арасында толық параллелизмдер де, күрделі де нәзік қарым-атынас та бар. Тіл білімінің міндеті – осы қарым-қатынасты зерттеу» дейді. Сөйтіп, затты оның атауынан алдыңғы қатарға шығарады. Бұл мектеп өкілдері тілдік элементтер семантикасының дамуына аса мән берді.
Г.Шухардт тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеудің дәлдігіне, ататіл болды дегенге күмән келтіреді, генеологиялық классификациялау орнына тілдерді географиялық ыңғайына қарай қарастыруды ұсынады. Географиялық жағдайына қарай бір тіл екінші тілге ықпал етеді, тілдің дамуы, өзгерістері тілдердің араласуынан, тоғысуынан болып жатады дейді. Дүниежүзіндегі барлық тілдер туыстас, бірақ олардың туыстастығы гендік жақындық емес, араласып, тоғысқаннан пайда болған жақындық деп түсіндіреді. Бірқатар пікірлерінде бұлар индивидуалистік психологизм бағыты өкілдерімен пікірлес болды. Шухардтың пікірінше, тіл – жеке сөйлеушінің жемісі. Индивидумның тұрмыс жағдайы, мінез-құлқы, мәдениеті, жасы, тілегі тілге әсерін тигізеді, сөйтіп, индивидуалдық стиль пайда болады. Сөздер тарихы – сол сөздерді қолданушылардың тарихы дейді. Г.Шухардт «Фонетикалық заң туралы» деген мақаласында жас грамматистердің «бұлжымайтын фонетикалық заң бар» деген принципіне қарсы шығады: «бұлжымайтын фонетикалық заң» деген жоқ, кездейсоқ фонетикалық өзгерістер бола береді дейді.
Бұл мектеп өкілдерінің тілдік ұстанымдарында қайшылықта мәселелер де болды, ол тілдің әлеуметтік, қоғамдық сипатын жоққа шығару, ұғым, идеядан заттың өзін бірінші кезекке қою, сөз, ұғымдарды тек заттар тарихымен байланыстыру т.б. Ал ең басты маңызы тіл тарихында ареалдық лингвистиканы теориялық негіздеген пікірлері болып табылады.
Сондай-ақ, 20 ғасырда жасграмматистерге қарсы эстетизм, неолингвизм бағыты және социологиялық мектеп деп аталатын мектептер мен ағымдар пайда болды.
Эстетизм мектебін қалыптастырушы неміс ғалымы, роман тілдерінің маманы, әдебиетші, Мюнхен университетінің профессоры Карл Фосслер болды. Эстетизм мектебінің негізгі принциптері Фосслердің «Лингвистикадағы позитивизм мен идеализм», «Тіл және шығармашылық даму» деген еңбектерінде баяндалған. Эстетикалық мектептің негізгі теориялық ұстанымы – тіл ғылымын эстетиканың бір саласы деп қарастыру, тілді зерттеу эстетикадан басталып, эстетикамен аяқталуы керек деп талап қою. Тіл ғылымын эстетикаға стилистика арқылы жатқызады. Тілді индивидуалды рухани шығармашылық деп қарастырады, тілді индивидиум жасайды, индивидиумның тілін стилистика зерттейді, тіл білімінің бастамасы, негізі – стилистика. Стилистика – эстетиканың бңр саласы, олай болса, тіл білімі эстетиканың бөлінбейтін бір саласы. Бұл мектептің эстетизмі индивидуализммен ұштасатындықтан, эстетикалық индивидуализм деп те аталады. Фосслер «Лингвистикадағы позитивим мен идеализм» деген еңбегінде өзінің жолын қуушыларды идеалистер, жасграмматистерді позитивистер деп атайды. Жалпы Фосслер өзінің идеалистік көзқарасында идеалистік философияны, В.Гумбольдтың, Г.Штейнтальдың концепцияларын негізге алады, тіл рухтың көрінісі деп таниды.
Қорыта айтқанда, эстетистер тілдің қоғамдық мәнен жоққа шығарады, жалпыхалықтық тіл, диалектілік тіл деген мүлде болмайды деп есептейді, тілдің жалпыхалықтық мәнін индивидуалдық тілдің жай жиынтығы деп көрсетеді. К.Фосслер тіл арқылы адамдардың қарым-қатынас жасауы тілдің жалпылығынан емес, сөйлеу қабілетінің адам баласына ортақтығынан деп түсіндіреді. Барлық адамға сөйлеу қабілеті, дарыны бірдей берілген, сондықтан біраз уақыттардан кейін түрлі тілде сөйлейтіндер де түсінісе бастайды дейді. Эстетистердің айтуынша, тілдік категорияларға негі болатын интуиция, тек интуиция ғана тілдік категориялардың мәнін танып-білуге мүмкіндік береді. Тіл білімінің міндеті зерттеу ісіне интуитивтік тану әдісін қалай қолдануды айқындау дейді. Эстетистер жас грамматизм, логицизм, психологизм бағыттарын сынға алады. Логика мен тіл білімі біріге алмайды дейді. Жас грамматистер тілдік элементтер арасындағы себептестік қатынасқа мән бермейді деп сынайды.
Неологизм мектебі жас грамматистерді жоққа шығару бағытында Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Джулио Бартоли, Джулиано Бонфанте, В.Пизани т.б. 1925 жылы МБартоли жазған «Неолингвистиканың қосымша очеркі» еңбегінде лингвистикалық жаңа мектептің әдістері мен принциптері баяндалады. Бұл мектеп өкілдері бір-бірімен қабыса бермейтін түрлі көзқарастағы В.Гумбольдт, Г.Шухард, К.Фосслер, кейбір мәселеде Г.Пауль тәрізді лингвистердің принциптеріне сүйенеді.
Социологиялық мектептіңнегізгі бағыты тілдің қоғамдық сипатын, әлеуметтік мәнін мойындаудан туған. Социологиялық мектеп тіл біліміндегі индивидуалистік, натуралистік көзқарастарға қарсы бағыт ұстанды. Социологиялық бағыттың өкілдері негізінен Франциядан шықты. Поль Лафарг, Ф. Де Соссюр, Ж.Вандриес, Э.Бенвенис – Франциядан шыққан тіл білімінің көрнекті өкілдері еді.
Поль Лафарг өзінің 1894 жылы шыққан «Революцияға дейінгі және одан кейінгі француз тілі» деген еңбегінде қоғам мүшелерінің әлеуметтік, таптық жіктерінің тілге әсерін жан-жақты зерттейді. Ол әдеби тіл қоғамдық қатынастарға тәуелді, тілді өзінің әлеуметтік ортасынан бөліп алуға болмайды дейді.
Фердинанд де Соссюр – Швейцария тіл ғалымы, Париж, кейін Женева университетінің профессоры. Жоғары білімді Лейпциг университетінен алған. Тіл білімінде Соссюрді социологиялық мектепті қалыптастырушы ретінде таниды, бірақ оның лингвистикалық зерттеулері бір мектеп, бір бағыт аясына сыймайды. Оның «Жалпы лингвистикалық курс» еңбегі дүниежүзіне әйгілі болды. Еңбектегі лингвистикалық тұжырымдар кейінгі лингвистикадағы ғылыми теориялардың қалыптасуына негіз болды.
Ф. Де Соссюр алғашқы кезде тарихи-салыстырмалы тіл білімін қолдаушы, соның принциптерін дамытушы болса, кейін, әсіресе, Женеве университетінде тілдің жалпы теорияларынан дәріс оқу барысында ол бағытынан мүлде тың бағытқа бет бұрды.
Соссюрдің «тілді өз ішінде және өзі үшін зерттеу» деген теориясы кейінгі лингвистикалық зерттеулерде біржақтылық туғызды, тілді айналадағы құбылыстардан бөліп алып, «өз ішінде ғана зерттеумен» айналысуға себеп болды.
Соссюр тілді зерттегенде оның элементтері арасындағы ұқсастықтар да, қайшылықтар да ескерілуі керек, екі құбылыстың да тілдік механизмді зерттеуде мәні ерекше дейді. Сондай-ақ, Соссюрдің тіл біліміне қосқан тағы бір жаңалығы – лингвистиканы тілдің таңбалық жүйесін, ішкі құрылымын, грамматикалық жүйесін зерттейтін ілім деп жариялауы.
Тілдің қоғамдық сипаты туралы көзқарас Соссюр еңбектері арқылы нақты теория ретінде қалыптасты. Ол өзінің тілдік концепцияларында тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін негізгі өзек етті. Қызметі жағынан алғанда тіл коммуникативтік те, экспрессивтік те қызмет атқарады, бірақ алғашқысы маңыздырақ, тілдің әлеуметтік сыры да осында жатыр дейді. Ф.Соссюр тілдің материалдық, идеялық жағы болады, біріншісін таңбалаушы, екіншісін таңбаланушы дейді, екеуінің бірлігі таңба деп аталады дейді. «Тіл – идеяларды білдіретін таңбалар жүйесі», тілді басқа да таңбалармен қатар қоюға болады, таңба өзі білдіретін идеямен шарттылық қатынаста болады дейді.
Ф. де Соссюр еңбектерінде Тіл мен сөйлеу арақатынасына байланысты мәселе маңызды орынға ие болды. Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек дүние деп көрсетті. Сөйлеу – индивидуалдық, тіл – әлеуметтік сипатқа ие.
Ф. де Соссюр қарастырған тағы бір проблема – ішкі лингвистика мен сыртқы лингвистика. Сыртқы лингвистика тілді қоғам, мәдениет тарихы, саясат, әдебиет, мекен-жай, диалектілік жіктермен байланыста қарастырады, яғни тілдің өмір сүруіне қажетті сыртқы жайлармен байланыста қарайды, бірақ тіл жүйесінің ішкі механизмін түсіндіре алмайды. Ішкі лингвистика тіл жүйесінің ішкі механизмін, құрылымын, өзіндік заңдылықтарын зерттейді.
Ф. Де Соссюр тілдің жүйесі туралы проблеманы да сөз етеді. Тіл – барлық элементтері бірігіп, бір бүтін болып тұратын жүйе. Тілдік таңбалар сол жүйенің құранды элементтері. Жүйе элементтерін бір-біріне қарама-қарсы қойып қарау арқылы ғана айқындауға болады. Тілдік таңбалар, яғни жүйе элементтері өзара байланысты, шартты қатынаста болады. Бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы олардың мағыналары түрленеді, мәні, құны айқындалады. Осы саладағы оның пікірлерінің құндылығы – ол тілдің қазіргі күйін, оның жүйесінің қазіргі функциясын жан-жақты, терең зерттеуді талап етуінде.
Соссюр есімімен байланысты тіл білімінің ендігі бір маңызды мәселесі – тілдің синхронды, диахронды сипаты. Ф.Соссюрдің көзқарасы бойынша, синхронды лингвистика тілдің ішкі жүйесін зерттейді, диахрония бір-біріне байланысты алынған тілдік элементтердің тарихын зерттейді. Тілдің ішкі механизмі дегеніміз – тілдік жүйе. Тілдік жүйені тек синхронды зерттеу ғана аша алады. Синхронды лингвистика диахронды лингвистикадан маңыздырақ, синхрония тілдік жүйе құрайтын элементтердің бір-бірімен логикалық, психологиялық қарым-қатынастарын талдайды. Сөйтіп, Соссюр тілді зерттеудің синхронды және диахронды әдістерін бір-біріне қарама-қарсы қояды. Синхрония тілдік жүйенің мәнін ашады, диахрония тілдік жүйені бұзады, өзара байланысы жоқ бөлек-бөлек фактілердің жиынтығына айналдырады дейді.
13-дәріс. XX ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ (жалғасы)
Жоспары:
1. Структуралық тіл білімі
2. Прага мектебі
3. Копенгаген структуралық мектебі
4. Дескриптиптік мектеп
5. Металингвистика
6. Этнографиялық лингвистика
7. Әдебиеттер: №2,§83-88, 185-201бб
20 ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген мектептердің ең көрнектісі және кең жайылғаны – структуралық тіл білімі.
20 ғасырдың бас кезінен бастап философия, жаратылыстану, әдебиеттану, тарих, эстетика, психология, социология, этнография сияқты сияқты ғылымдарда өз пәндерін шарттас, бір-біріне тәуелді элементтерден тұратын күрделі біртұтас құрылым деп санап, оны осы тұрғыдан зерттеу талабы күшейді. Бұл тіл біліміне де әсер етті. Сонымен бірге, жалпы тіл білімінің, оның жаңа түрлері – кибернетиканың, математикалық логиканың дамуы, электрондық машиналардың пайда болуы, оны тіл білімінде қолдану талабының өсуі, тілдің практикалық қызметінің бірден-бірге күрделене түсуі структурализм бағытының тууына себепші болды.
Дата добавления: 2016-02-20; просмотров: 14435;