Дәріс. ОРТА ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ 2 страница

Салыстыру үшін алынатын материалдар, фактілер тарихи жағынан салыстырып отырған тілдерге ортақ, о баста бір негізден тарағанмен, кейін өзгерістерге ұшырап, бөлектенген болуы керек.Мысалы, қазақ тілінде:тас, тұз, баға, болат, балта, мүйіз, табан, жақсы, жат деген сөздердің ойрот тілінде: таш, түс,баа, болот, малта, мұұс, таман, дат болып айтылуын немесе қазақ тілінде қосымша д,т дыбыстарынан басталып қосылатын: біздер, тілектестік, мендік, атты дегендердің қарақалпақ тілінде: біздер, тілектестік, менлік, атлы болып, л дыбысымен ауысатындығын айтуға болады.

Салыстыру арқылы бұл фактілердің бастапқы түрін де, қай тілде қалай және неліктен өзгеріске ұшырағандығын да табуға болады.

Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің кемшіліктері:

Салыстырмалы-тарихи әдіс тіл туралы ғылымды қалыптастырып, дамытуда зор роль атқарды, лингвистикалық жаңа дәуірдің басы болды.Бірақ соған қарамастан ғылымның кейінгі замандардағы дамуы бұл әдістің бірсыпыра осал жақтарының да барлығын айқындап берді.Біріншіден, ең алдымен, салыстырмалы-тарихи әдісті қолданушылар тілдің өткенін зерттеуге, болған-болмағаны беймәлім, жорамалдан туған ата тіл дегенді табуға баса назар аударды.Сөйтіп, тілдің қазіргі күйін, оның жүйелік, құрылымдық сипаттарын айқындауға жете мән бермеді.Екіншіден, бұл әдіс тілдің лексикасын, семантикасы мен синтаксисін зерттеуде айтарлықтай жеміс бере алмады.Үшіншіден, туыстас тілдердің бір-біріне жақын, ұқсас келмейтін фактілері ескерусіз қалды.Анықталып, түпкі төркіні табылды деген тілдік элементтердің көпшілігінің қай тарихи кезеңге жататынын және қай тілде солай болғанын тап басып айту мүмкін болмады.Төртіншіден, бұл әдіс бірнеше тілдер фактілеріне сүйеніп қана қорытынды жасады, тілдердің басым көпшілігі, әсіресе туыстығы белгісіз тілдер зерттеуден шет қалды.Бесіншіден, туыстас тілдер фактілерін салыстыруда ол фактілердің хронологиялық жақтарына жете мән берілмеді, көп жағдайда өзара жалғаспайтын, бір-бірінен алшақ жатқан дәуірлер фактілері салыстырылды.Алтыншыдан, тілдік фактілерді салыстырғанда сол тілдердің иесі болып табылатын қауым тарихына жеткілікті мән берілмеді.Тіл тарихы қоғам тарихына, материалдық мәдениет тарихына жеткілікті шамада ұштастырылмады.Ең ақырында, салыстырмалы-тарихи әдіс тіл біліміндегі бірден-бір әдіс деп есептеліп, оның аты ғылым атына (салыстырмалы-тарихи тіл білімі) айналды.Бұл ол көтере алмайтын жүк еді.Бірақ салыстырмалы-тарихи әдіс тепе-тең емес.Салыстырмалы-тарихи тіл білімі- туыстас тілдерді зерттейтін, туыстас жақындықтарына қарай оларды түрлі семьяға, топқа жіктейтін, олардың тарихын, тараған аймақтарын айқындайтын ғылым.Бұл ғылым мен ол қолданатын әдістің проблемалары бір емес.Алдыңғының өрісі әдіске қарағанда әлдеқайда кең.

Тіл білімінің дамуына байланысты туған жаңа талаптарға сай келмейтін осындай оқулықтар зерттеудің жаңа амал-тәсілдеріне көшуге мәжбүр етті.Бірақ бұдан салыстырмалы-тарихи әдіс қолданудан біржола шығып қалған, қажетсіз тәсіл екен деп ойлауға болмайды.Ол – тіл білімінің даму тарихында елеулі роль атқарған, орынды пайдалан білсе, әлі де берері көп, қазір де зерттеудің басты бір тәсілі ретінде қолданылып жүрген әдіс.

Тіл философиясы. Тіл философиясы тіл білімінен көп бұрын пайда болған.Тіл ғылымы дүниеге келген күнінен бастап философиямен тығыз байланыста келеді.Ол туралы алдыңғы тарауларда айтылды.

Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға ХІХ ғасырда ғана ие болды.ХІХ ғасырда Еуропа халықтарының салыстырмалы-тарихи грамматикаларын жазумен қатар тіл философиясының ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына, өзіндік объектісінің айқындалуына көп көңіл бөлінді.Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты- тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін, ойлаумен, адамдардың рухани өмірімен байланысын айқындау болды.Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары- Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь, Вундт сияқты ғалымдар айналысты.Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі Вильгельм Гумбольдт /1767-1835/ болды.Тіл ғылымы тарихында оны салыстырмалы-тарихи тіл білімінің философиялық негізін қалаушы деп санайды.Гумбольдт салыстырмалы-тарихи әдістің тіл зерттеу әдісі болып қалыптасуында үлкен роль атқарды.Осы әдістің принциптері, проблемалары шеңберінен тысқары да көптеген проблемаларды көтеріп, теориялық тұжырымдар жасады.Тілдің табиғаты, мәні, құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен материалдық дүние, тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл білімінің салалары, т.б. Гумбольдт зерттеген проблемалар қатарына жатады.Оның бұл салалардағы тұжырымдары толық та, айқын баяндайтын еңбектері – «Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы» /1827/, «Ява аралығындағы Кави тілі туралы»/1836/ деп аталатын туындылары.

Гумбольдт бірінші болып, тілдің ішкі құрылымын, оның халықтардың рухани өмірімен, ой-санасымен, мәдениетімен, тарихымен байланыс дәрежесін жан-жақты талдады, өзіндік лингвистикалық, философиялық біртұтас сындарлы жүйе құрды.

Гумбольдт тіл білімінің өзіндік философиялық базасы- тіл философиясы.Тіл философиясының негізгі принциптері – тілді адамдар әрекеті деп тану, оны халықтың ұлттық санасы деп есептеу.Гумбольдтың ойынша, тіл – әрекет, ол рухтың жемісі, рухтың әрекеті.Тіл үздіксіз даму үстінде, даму – тілдің өмір сүруінің формасы.Тіл – ойлау әрекетінің творчестволық синтезі, бірақ сонымен бірге ол – актив форма, ойлау әрекетінің қүралы.Тіл мен ойлаудың бірлігі – ажырамас бірлік. «Халық тілі – оның рухы, халық рухы – оның тілі».Тіл жеке адамдардың сөйлеуі арқылы көрінеді, бірақ ол – жеке адамның табысы емес, халықтың табысы, жалпыхалықтық туынды.Гумбольдт тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысты.

Сонымен, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы – компаративистиканың /лат.салыстыру/ өз алдына дербес ғылым болып қалыптасып, өзінің зерттеу тәсілі мен әдістемесін жетілдірген, объектісін айқындай түскен кезең болды.Бұл кезеңде тіл ғылымының жалпы тілдік мәселесі ретінде тіл философиясы, жеке тілдер жөніндегі тарауы, салыстырмалы грамматика салалары қалыптасып, дами түсті.Тілдік материалдар жинау, тіл білімінің теориялық жақтан дамыту да қызу жүріп жатты.Бәрінен де гөрі кеңінен етек алған мәселе – үнді-еуропа тілдерін бір-біріне салыстыра зерттеу, олардың шыққан төркінін, ата тілді айқындау болды.Тілді, тілдік элементтерді тарихи тұрғыдан зерртеу ғана ғылыми деп жарияланды.

Типологиялық зерттеу.Салыстырмалы-тарихи зерттеу – өзара туыстас, төркіндес тілдер семьясын жеке-жеке зерттегені болмаса, әр семьяға жататын тілдерді бір-біріне салыстыра жинақтап қарау, сөйтіп, дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ типтік сипаттарды ашу ісінде дәрменсіз болды.Ал жалпы тіл білімі тек тілдер туыстастығын айқындауды ғана көздемейді, ол дүние жүзіндегі тілдердің жалпы адамзаттық сипаттарын, типтік белгілерін ашып, тіл атаулының барлығын да қамти алатын типологиялық классификация жасауды да қажет етеді.Осы мақсатты іске асыру үшін салыстырмалы-тарихи зерттеумен замандас салыстырудың екінші түрі, типологиялық салыстыру дүниеге келді.Тіл білімінде зерттеудің бұл түрі салыстырмалы әдіс, типологиялық әдіс, кейде типологиялық тіл білімі деп те аталады.

Типологиялық зерттеудің кеңірек етек алып, зерттеудің бір әдісі ретінде қалыптасуы ХІХ ғасырдың бас кезі болғанымен, XVI-XVII ғасырларда басталған көп тілді салыстырмалы сөздіктер жасау, рационалды грамматикалар жасау, - осы әдістің алғашқы нәтижелері.Екеуінде де тіл фактілерін салыстыру болғанымен, типологиялық зерттеу – салыстырмалы-тарихи зерттеуден өзгеше.Бұлардың объектісінде де, көздейтін түпкі мақсатында да өзгешелік кездеседі.Типологиялық зерттеуде туыстас тілдер ғана емес, бір-бірімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ тілдер фактілері де салыстырылады.Екіншіден, салыстырмалы-тарихи әдістегідей тілідік жүйедегі жеке элементтер емес, жүйе құрылымы салыстырылады.Үшіншіден, мұнда тілдік тұлғалардың материалдық туыстығын ашу көзделмейді, салғастырылып отырған тілдердің ортақ белгілерін, типтік сипаттарын айқындау, сөйтіп тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу көзделеді.Типологиялық зерттеудің алға қоятын мақсаты – барлық тілдерге немесе тілдердің көпшілігіне ортақ универсалды, типтік белгілерді ашу.Бұл зерттеудің типологиялық деп аталуы да осыдан.

Ғылымда типологиялық зерттеуді сипаттама зерттеудің жалғасы, соның екінші басқышы деген пікір бар.Бұл орынды да, өйткені типологиялық салыстыру үшін, алдымен, дүние жүзіндегі тілдердің әрқайсысының құрылымдық сипаттары жеке-жеке зерттелген болуы керек.Типология сол айқындалған құрылымдық сипаттарды өзара салыстыра қарау арқылы тілдерде болатын ортақ қасиеттерді, типологиялық белгілерді айқындайды.

Типологиялық зерттеу – мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылық сипаты бар объектілерді салыстырылады.Мұндай объекті тілдің фонология саласында да, семантикалық, грамматикалық салаларында да болады.Типология тілдердің осы аталған жүйелердегі жалпылық мәні бар объектілерді бір-біріне салыстыра қарау арқылы олардың арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді ашады.Мысалы, фонология саласында дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып бөлінуі, болмаса морфемалардың лексикалық, грамматикалық болып бөлінуі, т.с.с. тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән типтік белгілер.Типологиялық зерттеуде осылар сияқты универсалды тұлғалар салыстырылады.

Типологиялық әдістің тіл білімінде қолданыла бастағанына біраз уақыт болғанымен, ол туралы әр елдің көрнекті тіл ғалымдарының көпшілігі пікір айтқандарымен, бұл мәселе күні бүгінге дейін бір ізді шешімін тапқан жоқ.

Дүние жүзіндегі тілдердің типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді слол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс романтиктерінің көсемі Фридрих Шлегель.Ол 1809 жылы жарық көрген «Тіл және үнділердің даналығы» дейтін еңбегінде сөз тұлғасын түрлендіретін қосымшалардың бар-жоқтығына, сөздердің тұлғалық құбылысқа түсудегі сипатына қарай тілдерді флективті, агглютинативті деп екі топқа бөледі.Мұнда көрсетілген типологиялық шағын белгілер дүние жүзіндегі тілдерді қамти алмайды.Осыны байқаған Шлегельдің туысы Август Шлегель 1818 жылы шыққан «Провансаль тілі туралы» атты зерттеуінде алдыңғы екеуі үстіне аморфты тіл дегенді қосады.Аморф – формасыз деген мағынаны білдіреді.Бірақ формасыз тіл болмайды, тек оның көріну жолдары әр тілде әр басқа болады.Сондықтан бұл жіктеу де толық емес.Ағайынды Шлегельдердің біраз кемшіліктерін ашып, типологиялық зерттеуді едәуір дамыта түскен ғалым – В.Гумбольдт.Ол тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеуге екі түрлі белгіні негіз етуді ұсынады:оның бірі – тілдік тұлғалар қарым-қатынасы, екіншісі – сөйлем құрау тәсілдері.Осы белгілерге сүйене отырып, Гумбольдт дүние жүзіндегі тілдерді төрт топқа бөлді, жоғарыда аталған үш белгінің үстіне инкорпорациялы тіл дегенді қосып, оған Америка индеецтері мен палеоазиат тілдерін жатқызады.

Көрсетілген типологиялық белгілер, сол белгілер негізінде тілдерді жіктеу принциптері кейінгі замандардағы А.Шлейхер, Э.Сепир, И.Мещанинов, Т.Милевский, т.б.ғалымдар зерттеулерінде толыға, жетіле түсті.

Қазір типологиялық белгілердің негізгілері ретінде сөз құрылымын, сөздердің тұлғалық түрленісін, сөз туғызатын, сөз түрлендіретін формаларды, синтаксистік қатынастарды алады.Сөз құрылымы морфологияның негізгі объектілерінің бірі болғандықтан, ғылымда типологиялық жіктеу морфологиялық деп те аталады.Морфологиялық белгілерге ерекше мән берілетін себебі ол тілдік ұсақ жүйелер ішіндегі ең тұрақтысы, еіншіден, морфологиялық тип тілдерде онша көп емес және оған тән тұлғалар айқын да тұрақты, сондықтан оларды жүйелеу оңай.Осы аталған белгілерге қарай тілдерді түбір тіл, жалғамалы /агглютинативті/, қопармалы /флективті/, полисинтетикалық тілдер деп бөлу – қазіргі заман тіл білімінде көп тараған принцип.

Типологиялық әдіс тек тілдерді жіктеуге ғана қолданылмайды, сонымен бірге, салыстырмалы сөздіктер жасауда да, шет тілді оқытуда да кең қолданылады.

 

 

11-дәріс. XIX ҒАСЫР ТІЛ БІЛІМІ (жалғасы)

Жоспары:

1. 19 ғасыр тіл біліміндегі бағыттар мен мектептер, олардың басты ұстанымдары

2. Жас грамматикалық бағыт және Мәскеу, Қазан лингвистикалық мектептері, олардың лингвистика тарихындағы орны

 

Әдебиеттер: №2,§71-76, 158-171бб

 

ХIХ ғасыр тіл біліміндегі ағымдар. Тіл білімі өзінің бүгінгі көтерілген сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болыпотырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердің бірі – тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің қоғамдық мәнін дұрыс түсініп,оны қоғамдық құбылыстар қатарына жатқызса, енді бір топ зерртеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерртейтін ғылымды табиғаттану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастапөз алдарына лингвистикалықмектептер болып қалыптасты. Олардың қатарына натуралистік, психологиялық, жас грамматикалықдеп аталатынлингвистикалық мектептер жатады.

Натуралистік немесе биологиялық көзқарас. Натурализмлатынның натура /жаратылыс/ деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде көркем әдебиетте, өнерде, ғылымда ХІХ ғасырдың екінші жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.

Ғылымда натуралистер деп аталатындар – қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар.

Тіл біліміндегі натурализм көрнекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Август Шлейхер /1821-1869/есімімен байланысты. А.Шлейхер- салыстырмалы- тарихи тіл білімінде тіл философиясын қалыптастырушылардың, тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үнді- еуропалық ата тілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялық ұқсастығы мен генеологиялық бірліктерін жан-жақты талдаушылардың ең көрнектілерінің бірі.Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазудағы зерттеулері арқылы тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады. Салыстырмалы-тарихи әдісті жетілдіре, оның обьектісін айқындай түсумен бірге А.Шлайхер ХІХ ғасырда туған тіл философиясының да көрнекті өкілі болды.Көптеген пайдалы істермен қатар ол тіл біліміне бірсыпыра концепциялар да енгізді.Оның сондай теріс көзқарастарының бірі-тіл білімінде натуралистік көзқарасты қалыптастырды.

Оның натуралистік көзқарасы «Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу», «Неміс тілі», «Дарвин теориясы және тіл білімі» дейтін еңбектерінен толық көрінеді.

Бұл еңбектерінде А.Шлайхер тілді табиғи организм,тіл де табиғи организмдер сияқты басқаларға тәулсіз,өз бетінше өмір сүреді,туады,өседі,қартаяды,жаратылыс заңына бағынады,сондықтан тілді зерттегенде,жаратылыс заңдарын басшылыққа алу керек,тіл білімі жаратылыстану ғылымдары тобына жатады,соның бір саласы дейді.Тіл табиғаты жөніндегі тұжырым,әрине,қате.Өйткені тіл қоғамдық құбылыстар қатарына жатады да,оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық ғалымдар тобына қосылады.

Философиялық екінші тұжырымы - тілдің мәніне байланысты.Оның пікірінше, тілдің негізгі функциясы - ойды қалыптастырып, жарыққа шығару. Тіл дегеніміз - дыбысты ойлау дейді. Тілдің ойды қалыптастыратын құрал екені даусыз, бірақ ол тілдің негізгі және бірден-бір қызметі емес, оның негізгі қызметі коммуникативтік. Бұл жөнінде ол ештеме айтпайды.

А.Шлейхер көтерген тағы бір мәселе - тілдегі болатын өзгеріс- құбылыстарға, тіл тарихына байланысты. Ол тілдегі өзгеріс адам еркіне тәуелсіз, өзіндік заңы бойынша іске асады, сондықтан ол биологиялықорганизмдер тобына жатуы керек, өйткені биологиялық организмдер де басқаларға тәуелсіз өз заңы бойынша өзгереді, сөйтіп, екеуі де өзгерудің бір ғана заңына бағынатындықтан, екеуіндегі өзгерістің сипаты да бірдей, яғни тілдегі өзгеріс, қоғамдағы өзгерістер сияқты, тілдің дамуымен тарихын көрсетпейді, биологиялық организмдегі сияқты тек өсу, қартаю ғана болады дейді.Тілдік өзгерістерді А.Шлейхер тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі де, тілдің тарихқа дейінгі өзгерісі оның дамуы, тарихи болады да, тарих басталғаннан кейінгі өзгерісі оның дамуы емес, тек өсуі ғана дейді.

А.Шлейхер тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысқан. Ол дүние жүзіндегі тілдерді түбір тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл деп үшке бөледі. Шлейхердің пікірінше, тілдер типінің бұл үш түрі, оның дамуының үш түрлі басқышы: ең жоғарғы сатыда қопармалы тіл, ең төменгі сатыда түбір тіл түр, бұл үш түрлі сатының үшеуі де тіл дамуының тарихқа дейінгі дәуірінің жемісі дейді. Бұл пікірлер, әрине, қате.

А.Шлейхер үнді- еуропа тілдері тараған ата тілді мүсіндеу мәселесімен де айналысты. Оның бұл саладағы теориялық түжырымы ғылым тарихында’’Тілдің’’/родословеное дерево/ деп аталады. Бүл теория бойынша баста бір тіл болған да, содан келе-келе әр түрлі тілдер бөлінген. Тіл зерттеушілер арасында бүл теорияны қолдаушылар да, қарсылар да бар.

А.Шлейхер тіл білімі мен филология арасындағы қарым-қатынасты да сөз етті. Оның пікірінше, тіл ғылымы жаратылыстану ғылымдары құрамына енетіндіктен, ол тарихи ғылым емес, ал филоголия – тарихи ғылым. Өйткені филология жазбалар тілін зерттейді. Жазбалар тілі дейтініміз – тарих, онда халықтын рухани өмірінің тарихы бар. Соңдықтан филология тек тілді ғана емес, халықтың рухани өмірінің зерттейді.

А.Шлейхердің тіл табиғатына, мәніне, тарихына байланысты айтқан пікірлерінің қате бағытта болғанына қарамастан, оның концепцияларында ойлы, тартымды жүйелілік бар. Сол себепті көпшілік назарын аударды, қолдаушылар да, қарсылар да мол болды. Шлейхердің талантты жазылған фонетикалық, грамматикалық еңбектері де мол. Ғылымда А.Шлейхер еңбектерімен компаративистиканың І дәуірі аяқталды деп есептейді.

Психологиялық көзқарас. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт – мсихологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм ХІХ ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағыкөрнекті тіл ғылымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының объектісі – адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық процестер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды /1823-1899/ жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің профессоры Александр Потебния /1835-1891/, неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт /1832-1920/, Герман Пауль, тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету – ХІХ ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктіреді.

Лингвистикалық психологизм өз ішінде қайшылықтары, алалықтары жоқ, біртұтас көзқарас емес. Бұлардың басын біріктіретін, ортақ концепция бар: Ол – тіл мәселелерін шешуде психологиялық қағидаларды басшылыққа алу. Тіл психологиялық бақылаудың объектісі тіл біліміндегі логикалық көзқарастарды сынау, тілдік категориялар мен логикалық категориялар арасында қайшылықтар көп, сондықтан тіл мәселелерін зерртеуде логика заңына сүйенуге болмайды деу. Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.

Индивидуалистік психологизмнің ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұлар тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой – санасындағы өзгеріс – құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген – жалған сөз. Тіл жеке индивидумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті – индивидумның тілін зерртеу. Индивидумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.

Индивидуалистік психологизм тілдің қоғамдық мәнін жоққа шығарады. Тіл білімін қоғамдық ғалымдар тобынан бөліп алып, оның дербестігін жояды, оны психологияға тәуелді, соның бір саласы деп санайды.

Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің «ақиқат бар нәрсе-индивидумдар тілі ғана» дейтін қағидаларына қарсы, олар тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолдаушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады.

Әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Г.Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологияның заң- ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары «грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым – қатынастары» /1855/, «Психология мен тіл біліміне кіріспе» /1881/, «тілдің шығуы» /1851/ деп аталатын т.б. еңбектерінде юаяндалған.

Барлық психологистер сияқты бұлар да тілді психологиялық бақылаудың обьектісі деп санайды. Индивидуалдық психология халықтық психологияға негіз болады. Халықтық психология- халық рухы жөніндегі ілім. Халық рухы – адамдардың рухани әрекетінің қайнар көзі. Халық рухы, ең алдымен, тілінен, одан кейін әдет – ғұрпынан, дәстүрінен, жалпы әрекетінен көрінеді. Осылардың бәрі, соның ішінде тіл де, халық рухының жемісі, халықтық психологияның көрінісі.








Дата добавления: 2016-02-20; просмотров: 6304;


Поиск по сайту:

При помощи поиска вы сможете найти нужную вам информацию.

Поделитесь с друзьями:

Если вам перенёс пользу информационный материал, или помог в учебе – поделитесь этим сайтом с друзьями и знакомыми.
helpiks.org - Хелпикс.Орг - 2014-2024 год. Материал сайта представляется для ознакомительного и учебного использования. | Поддержка
Генерация страницы за: 0.016 сек.