Ревматоидтық артрит
Ревматоидтық артрит – негізінде шеттік ұсақ буындардың симметриялы деструкциялық зақымдануымен және буындардың деформациясымен мінезделінетін жүйелі ауру. Ревматоидтық артритінің бір ерекшелігі – оның зақымдамайтын буыны қалмайды. Ең ұсақ буындардан (саусақ буындары, жақ буыны, башпай буындарының) бастап, ірі буындардың (тізе, ұршық, омыртқа буындарының) қай – қайсысын болса да күрделі өзгерістерге ұшыратады да, олардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Ұзақ уақыт ауырған буындардың сиқы кетіп, қисайып, жуандап, шорланып түрлері өзгереді. Қимыл аумағы азаяды, қуаты келмейді. Ревматоидтық артрит жиі мүгедектікке әкеп соғады. Көбінесе жастар ауырады, әсіресе әйелдердің көбірек ауыратыны байқалады. Ревматоидтық артритте бүкіл мүшелер және тіндер зақымданады яғни ол буындар жүрек, өкпе, бүйрек т.б.
Этиологиясы. Әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Дегенмен, ағзадағы созылмалы ошақты жұқпалардың ревматоид артритінің басталып кетуіне түрткі болатыны көптен белгілі. Олардың ішінде В-гемолитикалық стрептококк ерекше орын алады. Сонымен қатар аурудың дамуына аутоиммундық серпілістер әсер етеді. Ғылыми бақылаулардың нәтижесінде осы аутоиммундық серпілістердің және соған байланысты өзгерістердің бірімен бірі қатынасымен үдере меңдеп отыратын зақымданумен қабыну дәрістерінің негізгі желеушісі екені анықталып отыр. Бұл дәрістер тек буындарды ғана зақымдап қоймайды, дәнекер тіні бар мүшеледі түгелдей кеулеп зардаптайды. Сөйтіп ревматоид артритімен ауырған адамның бүкіл денесінде ауруға шалдықпайтын бірде бір мүше не жүйе қалмайды, тамыр атаулының бәрі түгелдей дерлік қабынып кетеді. Сонымен бірге аурудың дамуына тұқым қуалаушылықтың әсер ететіні дәлелденген.
Патогенезі. Буындағы патологиялық өзгерістер негізінен мыналарға саяды: әуелі қабынудың нәтижесінде іркілдек грануляция ағзалары көбейеді де, буын шеміршегін күйретіп жібереді, сүйектің эпифизі бұзыла бастайды. Буын шеміршегінің бұзылуына оны қоректендіріп тұратын синовий сұйықтығы айналысының немесе дифузиясының кемуі де себеп болады. Буын шеміршегінің құруы мен қабыну дәрісінің дамылсыз дамуы буын сүйектерінің жабысып, қозғалмай қатып қалуына (анкилоз) әкеп соғады. Кейбір буындар ұясынан шығып, кейбірі тарылып (контрактура) қалады. Бұл дәрістерге демеуші болатын мәнбірлер – буын қалтасы мен буын айналасындағы сіңірлер, бұлшық еттердің патологиялық өзгерістері.
Жіктемесі. Сырқаттың клиникалық белгілеріне қарай бірнеше түрлері байқалады. Көп кездесетін түрі – буын түрі (80 %). Мұнда аурудың басты белгісі – буынның қабынуы мен өзгеруі (деформация). Келесі түрі буын висцералды түрі. Висцералды дегеніміз – ішкі ағзалардың зақымдануы деген сөз. Сондықтан аурудың бұл түрімен ауырғанда буынмен қоса жүректің (перикардит), өкпенің (плеврит), немесе бүйректің (гломерулонефрит) және тағы да басқа ағзалардың ауыру дәрісіне жалғасуы мүмкін. Кейде ревматоид артриті басқа да жүйелі аурулармен (мысалы, ревматизммен, артроздармен) қосарласуы ықтимал. Бұл ревматоидтық артриттің үйлестірімделген түрі. Сонымен қоса аурудың ювенилді түрі де кездеседі. Бұл түрімен 16 жасқа дейінгі балалар ауырады.
Клиникалық бейнесі. Ревматоидтық артриттің ағымында келесі кезеңдер байқалады: жасырынды ағу кезеңі, баяу ағу кезеңі және тез ағу кезеңі.Сырқат уыттану белгілерімен басталады: әлсіздік, басының ауруы, шаршағыш, тамаққа тәбетінің тартпауы, дене қызуының көтерілуі, ұйқысының бұзылуы. Сырқаттың негізгі белгісі ұсақ саусақ пен башпай буындарының зақымдануы. Буындар зақымдануының өзіндік ерекшеліктері бар. Негізінде қос буындар ісініп, қызарып, ауырсынады. Сырқатқа тән белгі таңертең төсектен тұрғанда науқастың тұла бойы ауырлап, буын – буыны құрысып қалады. Буынның ауырсынуы түннің екінші жартысында және таңертең қатты мазалайды. Күндіз және кешке қарай ауру басылады. Таңертең буынның құрысуы неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым аурудың меңдеуі басым деген сөз. Сырқаттың алғашқы кезеңінен бастап ақ буын қозғалысы азая бастайды. Буынның толық жазылып бүгілуі қиындап, азапқа айналады. Сырқаттың буынның айналасындағы бұлшық еттер семи бастайды. Өйткені ревматоид артриті тек буындарды ғана зақымдап қоймай, басқа ағзаларға да әсер етеді. Мысалы, бауыр мен көк бауырдың ұлғаюы, нағыз терінің қабынуы тағы басқа да жүйелік аурудың белгілері де пайда бола бастайды. Ревматоид артритіне тән белгілердің бірі – ревматоид шорлары деп аталатын белгі. Олар әсіресе шынтақ буынның үстінде пайда болады. Бұл байланған шорлар өкше сіңірінің үстімен желке шандырынан табылуы мүмкін. Оларды саусақпен басып қарағанда қаттылау, жылжымалы келеді. Көлемі онша үлкен емес, 0,2 – 2 см шамасында болады да ауырмайды. Ревматоид артриітінің клиникалық белгілері де аурудың асқынған кезеңінде айқын көріне бастайды. Буындардың түрі бұзылып, деформацияға ұшырайды. Саусақтар қисайып, қол буындары түгелде өзгеріске түседі. Екі қолдың басы екі жаққа қарай мыжырая қисайып, морждардың қалақшаларына ұқсап кетеді. Осылай деформацияға ұшыраған қол буындары өз қызметін атқарудан қалады. Онымен қоса буындардың көбі тартылып, кейбірі бітіп анкилозға ұшрайды. Саусақ сүйектері қысқарып, сыртындағы терісі жиырылып кетеді. Сонымен қатар үлкен буындарда патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Сөйтіп, ревматоидтық артриттегі буын өзгерістеріне жатады: остеопороз, буын жықпылының тарылуы, буынның бір – біріне жабысып, қатайып, анкилоздың дамуы. Ревматоид артритінің шарықтау кезеңінде көптеген ішкі мүшелер мен тамырдың зақымдануы да қатар келіп отырады. Тамырлардың қабынуы ревматоид артритіне тән белгілердің бірі деп есептелінеді. Ревматоидтық артриттің 3 белсеңділік дәрежелерін белгілейді. І дәрежесі (минимальді) – буындардың ауырсынуы орташа, таңертеңгілік сіресу 30 минутқа дейін. ІІ дәрежесі - буындардың ауырсынуы қатты білінеді, сіресу түске дейін мазалайды. ІІІ дәрежесі – зардапты, үздіксіз. Сіресу күні бойы білінеді, науқастың қимылы шектеледі. Сырқаттың меңдеуіне байланысты буын қызыметінің шамасыздығының үш сатысын бөліп қарау керек. Оның бірінші сатысында (ҚЖ1) науқас адам белгілі қиындықтармен болса да мамандығына байланысты еңбекпен айналыса алады. Екінші сатысында (ҚЖ2) – науқас адам еңбекке жарамсыз болып қалады, бірақ өзіне қызмет көрсете алады. Үшінші сатысында (ҚЖ3) науқас өз бетімен қызмет етуден қалып, кісі қолына қарап қалады.
Дерт анықтамасы. Диагноз қоюға науқастың шағымдары маңызды роль атқарады: қос, ұсақ буындардың зақымдануы, ревматоид шорларының білінуі, таңертеңгі буындардың құрысып – тырысуы. Осымен қатар диагнозды қоюға зертханалық тексерітер көмектеседі: қанда фибриногеннің деңгейі көбейеді, С – реактивті ақуыз білінеді, синовиалды сұйықта ревматоидтық мәнбір табылады.
Құрал – жабдық аппарат арқылы тексеру әдістерінде, яғни буындардың рентген суретінде буын бетінде “өрнек” пайда болып, остеопороз, анкилоз белгілері анықталады. Буын шеміршегі бұзылады, сүйектің эпифизі өзгереді. Шеткі буындардың жағдайын бағалау үшін радиоизотопты әдіспен қолданады. Зақымданған буынға неғұрлым радиобелсенді зат көп жиналса, соғұрлым ревматоид артриттің белсенділігі жоғары болып табылады.
Асқынулары. Зақымданған буындарда жылауықтар пайда болады. Бұл буындар жиі ойнамалы түрде шығып кетеді. Мойын буындарының зақымдануы миға әсер етуі мүмкін. Сырқаттың ең нақты асқынуы буындардың шорлануы, өйткені олар жиі мүгедектікке әкеп соғады. Сырқаттың висцералды түрінде қан аздық, бүйректе амилоидоз дамиды. Ұзақ емделген науқастарда дәрілердің жағымсыз әсері білінеді.
Емі. Бұл сырқат дами беретін, қозып және қайталап отыратын ауру. Сол себептен ревматоид артритін емдеу оңай шаруа емес. Қазіргі уақытты ешқандай арнаулы ем жоқ. Сырқатты толық жазылдырып жібере алмайды. Сондықтан ем жинақты болу керек, аурудың түріне, кезеңіне және белсенді дәрежесіне байланысты болу керек. Пайдаланылатын дәрілердің өзі алуан түрлі. Негізінен дәрі – дәрмектердің мына топтарының емдік қасиеттері дәлелденген деп есептеуге болады: қабынуға қарсы қолданылатын дәрілер: стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер (аспирин, пирозолон қатарындағылар – бутадион, реопирин, бруфен, индометацин және т.б.);
стероидты гормон препараттары (преднизолон, дексаметазон, гидрокортизон, кеналог, дексазон және т.б.); алтын препараттары (кризанол, санокризин). Иммун жүйесін тежеу үшін делагил, плаквенил дәрілерін қолданады (қандағы лейкоциттердің мөлшерін бақылаумен). Осы мақсатпен цитостатиктерді де қолданады. Дәрілерді әртүрлі жолмен пайдаланады: ішу, егу, буынның ішіне жіберу, фонофорез, ионофорез арқылы және түрлі комбинациялар қолдануға болады. Дәрі-дәрмектерді буын ішіне және буын сыртына қолдану кең жүргізіледі. Ревматоид артритін емдегенде дәрілермен қоса физиотерапиясында кеңінен қолданады. Емдік дене шынықтыру анкилоздардың пайда болуына кедергі жасайды. Сырқаттың ерте кезінен бастаған жөн. Кейінгі уақытта хирургиялық және радиоизотоптық әдістердің де емге қолданылып жүргенін айта кеткен абзал. Мысалы, хирургиялық тәсілмен буынның синовий қабығын сылып тастау (синовийэктомия) немесе алтынның радиоизотоптық препаратын буынның ішіне жіберу. Сырқаттың беті қайтқан кезінде (ремиссия) курорттармен санаторийлерге барып емді жалғастыру ләзім (Мойылды, Арасан – Капал, Жартас т.б.).
Алдын алуы. Бұл сырқатты алдын алу үшін жарақаттанудан сақтанып, уақытында ошақты жұқпаларды емдеп отыру керек. Дене шынықтырудың да маңызы өте зор.Ауру дамыған кезде оның қозуын алдын алу керек. Пациенттер емханада ревматологпен қаралып диспансерлік тізімге алынады. Көктемде, күзде қабынуға қарсы ем тағайындалынады, емдік гимнастика жүргізіледі, физикалық күш түсіруге ағзаны бейімдетеді.
Бақылау сұрақтары
1. Ревматоид артритінің негізіне жалпы түсінік беріңіз.
2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын себептерді атаңыз.
3. Ревматоид артритіне тән клиникалық белгілерді атаңыз.
4. Буын қызметінің жетіспеушілігі (ҚЖ) неше дәрежемен өтеді?
5. Зертханалық тексерісте қандай өзгерістер байқалады?
6. Сырқаттың негізгі емдік қағидасын айтыңыз.
Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 6457;