Бақылау сұрақтары. 1. Ағзадағы бауырдың атқаратын қызметтерінің маңыздылық ерекшеліктері.
1. Ағзадағы бауырдың атқаратын қызметтерінің маңыздылық ерекшеліктері.
2. Бауыр және өт шығару жолдарының сырқаттарындағы байқалатын басты патологиялық өзгерістерді атаңыз.
3. Осы аталған жүйенің ауруларының дерт анықтамасын жүргізу үшін қолданылатын зертханалық және құрал – жабдық аппартат арқылы қандай тексеріс түрлерін білесіз?
Созылмалы гепатит
Гепатит дегеніміз - бауыр торшаларының қабынуынан мүшенің диффузды өзгерістерге ұшырауы. Гепатиттің екі түрі болады: жедел және созылмалы. Жедел гепатит – жұқпалы ауру. Созылмалы гепатит – бірте –бірте дамитын түрі. Егер алты ай бойы жедел гепатитке қарсы жүргізілген ем тиімсіз болған жағдайда ол созылмалы гепатитке айналады. Созылмалы гепатитте бауыр торшалары қабынып, диффуздық және дистрофикалық өзгерістерге ұшырайды, бауыр қызметі бұзылады.
Этиологиясы. Вирусты гепатит А,В,С,Д,Е, құрт гелминттері, ішек ауруларының, токсикалық мәнбірлер, ішімдік гепатиттер, аллергиялық гепатиттердің әсерінен бауырда созылмалы қабыну дәрісі дамиды. Оның өзі уақытында әртүрлі диффузды, некротикалық және дистрофикалық өзгерістерге әкеліп соғады.
Патогенезі. Гепатит даму негізінде аутоиммундық дәріс маңызды роль атқарады. Вирус гепатоцитке еніп, зақымдайды, ағза оған иммунды серпіліс көрсетеді.Нәтижесінде бауыр торшалары зақымданып, функцияларын ажырайды.
Клиникалық бейнесі. Алғашқы кезде созылмалы гепатит белгісіз және баяу өтеді. Созылмалы гепатиттің барлық түрлеріне келесі синдромдар жатады: біріншіден астено-вегетативтік синдром. Науқастардың жалпы жағдайы нашарлап, еңбекке деген қабілеті төмендеп, әлсіздік пайда болады. Науқас оң жақ қабырға астының ауырсынуына, аузында ащы дәмнің пайда болуына, тәбетінің төмендеуіне, кекіру, іштің кебуіне, үлкен дәреттің өзгеруіне ( нәжістің кідіріп қалуына немесе іштің өтуіне), терінің қышуына, қызыл иектен, мұрыннан қан кетуіне шағымданады. Жалпы қарағанда терісінің түсі сарғыш, денесінде тамыр жұлдызшылары пайда болады. Гепатиттің клиникалық белгілерінің бірі – қаңсырау синдромы. Сипалау жүргізгенде бауырдың көлемі сәл ұлғайғанын, ауырсынуын, бауырдың тығыздануын, көк бауырдың үлкейгендігін байқауға болады (спленомегалия). Сырқаттың негізгі даму себептеріне байланысты созылмалы гепатиттің үш клиникалық түрі бар: вирусты (аутоиммундық), метаболикалық (алкогольді, дәрмектік), билиарлық (холестатикалық).
Созылмалы вирусты гепатит – вирусты жедел гепатиттен кейін дамиды, бұл үнемі қозып, емге бой бермей отыратын ауыр түрі. Сырқаттың бұл түрі тез арада бауыр шамасыздығына әкеліп соғуы мүмкін. Науқастың шағымдары: оң жақ қабырға астының сыздап ауырсынуы, әлсіздік, еңбекке деген қабілетінің төмендеуі, салмағының азаюы, тәбетінің төмендеуі, лоқсу, тамақ қабылдағаннан кейін іштің кебуі, дене қызуының көтерілуі және денесінің сарғаюы, мұрыннан, қызыл иектен қан кетуі, іш қуысына сары су жиналу (бұл белгіні асцит деп атайды). Белсеңді гепатитте жиі кездесетін объективті белгілерінің бірі - тамыр жұлдызшалардың және “бауырлы”, эритематозды (қызыл) алақандардың болуы. Сипалағанда оң жақ қабырға астынан бауырдың 5 - 7 см ұлғайғандығы сезіледі. Кейбір науқастарда буындардың ауырсынуы, гломерулонефриттің белгілері білінеді. Жалпы қан анализінде ЭТЖ артады, лейкоциттердің, тромбоциттердің мөлшері төмендейді, АлАТ, АсАТ мөлшерлері көтеріледі. Билирубин мен гаммаглобулиндердің мөлшерлері де көтеріледі.
Метаболикалық (алкогольді, дәрмектік) гепатит негізінде жағымды түрде өтеді. Сырқаттың ағымы толқын тәрізді (қайталанудан кейін ұзақ ремиссия байқалады). Әртүрлі жағымсыз мәнбірлердің әсерінен мысалы, ішімдік, дәрілерден улану, әртүрлі тағамдық улы жұқпалар сырқаттың қайталануына әкеліп соқтырады. Бауырдың алкогольмен улануы айқын білінеді. Науқастың жалпы жағдайы қатты өзгермейді, оң жақ қабырға астының ауырсынуы байқалады, сипалаған кезде бауырдың көлемі сәл үлкейген, дене қызуы субфебрильді түрде көтеріледі. Біртіндеп, әрине, уыттану белгілері айқындалынады. Зертханалық тексерісте қанда ақуыздың мөлшерінің азайғанын байқауға болады.
Билиарлық (холестатикалық) гепатит өт жолдарының дискинезиясының әсерінен туындайтын сырқат. Өт жолдары ісініп, өт жөнді жүрмей қалады. Осының әсерінен өт ұлтабарға түсудің орнына қанға түседі. Нәтижесінде уыттану белгілері пайда болады. Сырқатқа тән белгілер - көздің шырышты қабатының, терінің сары түске боялуы және терінің қышуы. Дене қызуы көтеріледі, науқас әлсізденеді, диспепсия белгілері байқалады. Осымен бірге бауырдың көлемі оң жақ қабырға астынан 1,5 - 3 см-ге ұлғайғандығын, тығызданғанын байқауға болады. Жалпы қан анализінде: холестерин, билирубин мөлшерлері көбейіп, ақуыз құрамы азаяды.
Дерт анықтамасы. Жалпы қан анализінде: ЭТЖ көтеріледі, ақуыздардың мөлшері азаяды, қанның сары суында АсАТ, АлАТ (лактат, дегидрогеназа, сілті т.б ферменттердің мөлшерін) көрсеткіштері көтерілгенін көрсетеді. Тік (улы) билирубин мөлшері көбейеді. Бауырдың синтездеу жұмысы бұзылғаннан қанда альбуминнің, протромбиннің, фибриногеннің мөлшері азаяды. Бауыр торшаларының зақымдануы АлАТ, АсАТ көрсеткіштерінің көтерілумен сипатталады, Әртүрлі глобулиндердің фракциялары, иммуноглбулиндердің мөлшерінің көтерілуі қабыну дәрісін дәлелдейді. Сілті фосфатаза, холестерин, өт қышқылдары, билирубиннің көбеюі бауырдың өзектерінде өт тұрып қалғанын білдіреді. Дерт анықтамасын нақты қою үшін бауырға пункциялы биопсия, сканерлеу өткізеді, УДЗ қолданады, компьютерлік томография жүргізеді, бауырды контрастық затпен рентген арқылы тексереді .
Емі. Қатаң төсек тәртібін сақтау маңызды роль атқарады. Науқас 3-4 апта ауруханада емделеді. №5 емдәм қолданады: құнарлы, майлы, қуырылған, ысталған тағамдарды жеуге тиым салу. Көмірсу, ақуыз және майдың қарым қатынасы – 1:1:5 болу тиіс. Жағымсыз қылықтардан аулақ болу керек, алкогольді мүлде тоқтату керек. Созылмалы вирустық гепатитте қабынуды жою мақсатымен науқастың жағдайына байланысты және аурудың өту ағымына қатысты гормон препараттарын қолдану - 20,0 - 40,0 преднизалон. Зат алмасу дәрісін жақсарту мақсатында анаболикалық гормондарды дәрігердің нұсқауымен тағайындап және белгілі бір кесте тәртібімен беріледі (неробол, ретаболил). Бауыр торшаларын қорғайтын дәрі - дәрмектерді қолдану қажет - эссенциале, легалон, корсил, силибор. Иммунодепрессантты дәрі - дәмектерін қолданған жөн – мысалы, делагил. Вирустық гепатиттердің казіргі негізгі емі – интерферондар болып табылады. Уыттану белгілерін басу үшін парентеральдық детоксикация жүргізеді: көп мөлшерде дәрілік сұйықтықтарды енгізеді: глюкоза, гемодез, Рингер ертінділерін. Сонымен бірге В,С топтарындағы дәрумендерді қолданған жөн.
Болжамы. Сырқаттың түріне, ағымына және науқастың иммундық жүйкесіне байланысты.
Алдын алуы. Сырқаттың біріншілік алдын алуы вирустық А гепатитпен В гепатитің болдырмауы. Вирустық гепатиттің жедел түрін уақытында емдеп, тамақтану ережелерін сақтау болып табылады. Гепатитпен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жылына екі рет жалпы тәжірибелік дәрігері, гастроэнтеролог қарап отыру керек Зертханалық тексерістерге жалпы қан анализі, АЛТ, АСТ ферменттерін, билирубинді, холестеринді, ақуыз құрамын тексереді. Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, бауырға жағымсыз әсер ететін заттармен қарым-қатынас жасамауы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.
Бақылау сұрақтары
1. Гепатит сырқатының түсініктемелі сипаттамасын беріңіз.
2. Гепатиттердің қандай клиникалық түрлерін білесіз?
3. Гепатиттердің әр клиникалық түрлеріне қысқаша сипаттама беріңіз.
4. Нақтылы диагнозды анықтау үшін қандай зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексеріс әдістерін қолданады?
5. Сырқаттың емдік қағидасының негізі.
6. Уытсыздандыру ем түрін қалай жүргізуге болады?
7. Созылмалы гепатиттің алдын алу шаралары туралы айтыңыз.
Бауыр циррозы
Бауыр циррозы дегеніміз – бауыр ұлпасы дистофияға және өлі еттенуге ұшырап, бауырда фиброз тінінің өсуімен сипатталынатын созылмалы диффузды ауру. Нәтижесінде портальді гипертензия және бауыр шамасыздығы дамып, бауыр қызметі бұзылады. Бұл өзгерістер теңгерусіз түрде байқалады.
Этиологиясы. Әртүрлі жұпалар (А гепатиті), тамақтанудың жеткіліксіздігі, маскүнемдік, өт өзектерінде өттің тұрып қалуы (өттің өзгеруі және қозғалу жұмысының бұзылуы), зат алмасулардың өзгерістері (қант сусамыры, тиреотоксикоз), созылмалы жүрек шамасыздығы т.б.
Жіктемесі. (А.С.Логинов, Ю.Е.Блок, 1987 ж). Морфологиялық және клиникалық белгілері бойынша бауыр циррозы келесі түрлерге бөлінеді: вирустық, алкогольдік, аутоиммундық, улық, кардиальдік, холестаздық және криптогендік. Дәрістік белсенділігіне байланысты: белсенді, белсенді емес. Қызметінің өзгеру дәрежесіне байланысты теңгерулі, теңгерусіз түрлері бар.
Клиникалық бейнесі. Аурудың негізгі клиникалық белгілері сырқаттың кезеңіне, әкеліп соқтыратын себептеріне байланысты. Бауыр циррозының дамуында үш кезең байқалады: бастапқы, айқын және ақырғы. Алғашқы кезеңінде уыттану белгілері онша білінбейді. Дегенмен науқастың денесін әлсіздік билеп, тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді. Басы, іші ауырады, тамаққа тәбеті тартпайды, денесі аздап сарғыш тартады, ауыз қуысының сілекей қабаты қызарады, «лакталған тіл» байқалады. Бауырды сипап қарағанда, ол тығыз тартып, қабырғадан төменіректе білінеді. Сырқаттың айқын кезеңінде бауыр тығыздалып, пішіні кішірейе түседі. Жалпы уыттану белгілерімен қатар бауыр қақпасы көк тамырында қысымның жоғарылауы байқалады. Бауыр мен көк бауыр тығыздалып, ішке сары су жиналады (асцит), порталды гипертензия белгілері дамиды, тері бетінде бауырлық жұлдызшалар білінеді. Бауыр циррозының ақырғы кезеңі өте ауыр өтеді. Науқастың терісі, бұлшық еті дистрофиялық өзгерістерге ұшырайды, науқас арықтайды, гиповитаминоз пайда болады, терісі құрғап, сарғаяды, ішек – қарыннан қан кетеді. Науқастарда диспепсиялық құбылыстар байқалады: тәбеттің төмендеуі, лоқсу, құсу, іштің кебуі, өтуі, ұйқысының бұзылуы. Цирроздың теңгерулі түрінде науқастардың жалпы жағдайы аса өзгермейді, бауыр қызметі негізінен сақталады. Ал цирроздың теңгерусіз түрінде тез шаршау, айқын дене сарғаюы, порталдық гипертензия, каңсырау синдромы дамиды, бауыр қызметінің бұзылғанын зертханалық тексерістер айқын білдіреді. Сырқаттың соңғы кезеңінде бауыр комасы дамиды.
Дата добавления: 2015-11-26; просмотров: 3624;