Техникасы мен технологиясы
Мұнай кен орнын жобалау кезінде кәсіпшілікте, ұңғыманы тұз қышқылымен өңдеу жұмыстары алдын-ала жоспарланған болса, онда негізінен тасымалдау жолымен қышқыл сақтайтын ыдыстар базасы, зертханалық орталықтар, сорапты станциялар, қысқы уақытта жылытуға арналған бу қазандықтары, жатын орындар және т.б. ғимараттар салынуға тиісті.
Ұңғымаларға жұмыс ерітінділері сыйымдылығы 9,15 м3 болатын 4ЦР немесе сыйымдылығы 17 м3 болатын УР-20 автоцистерналармен жеткізіледі. Ингибрленген қышқылдарды тасымалдау кезінде ыдыстардың ішкі беттері гуммирленген немесе химиялық қышқылға төзімді эмальдармен жалатылған болуы керек. Қысқы уақыттарда ұңғымаларды өңдеуге сыйымдылығы 14 м3 болатын жылжымалы қондырғылар қолданылады және ол ерітіндіні бумен жылытатын арнайы жылан тәрізді (змеевик) түтікшемен жабдықталған. Қышқылды айдау үшін арнайы қышқылға төзімді, берілісі 7-ден 90 м3/сағ дейін, арыны 8-30 м-ге жететін ортадан тепкіш сораптары қолданылады.
Қабатқа ингибрленген қышқыл ерітіндісін айдау үшін автомобиль шассиіне орнатылған, цистернасы резинамен гуммирленген, сыйымдылығы 2,7м3 және 5,3 м3 болатын екі цистернасы, сонымен қатар жетекте әрқайсысы 3м3 болатын қосымша екі цистернасы бар – «Азинмаш-30А» арнайы сорап агрегаты қолданылады.
7.3-кесте. Азинмаш-30А агрегатының техникалық сипаттамасы
Көрсеткіштер | Өлшемі |
Сораптың алынатын плунжерлерінің диаметрлері | - 100; 200 мм |
Плунжер жүрісі | - 130 мм |
Цистерна сыйымдылығы | - 6 м3 |
Тасымалданатын сұйық салмағы | - 6,5 т |
Ең үлкен қуаты | - 176 кВт |
Жетектің жүк көтергіштігі | - 6,8 т |
Агрегат негізінен үш плунжерлі көлденең орналасқан жоғары қысымды 2НК500 ұңғымаға қышқылды айдауға арналған сораппен жабдықталған. Сорап плунжерінің диаметрі 110 және 90 мм, берілісі 1,03÷12,2л/сек, және қысымы біліктің айналу жиілігіне байланысты 7,6÷50МПа дейін жетеді. Ұңғымаларды қышқылмен өңдеу кезінде негізінен ЦА-320М цементтеуші агрегаты және сұйықпен жару үшін АН-700 сорап агрегаты қолданылады.
Ұңғыма түп аймағын қышқылмен өңдеу барысында тұз қышқылын тасымалдау және оны сорапты агрегатқа беру үшін арнайы КП-6,5 қышқыл тасымалдағышы және ПЦ-6К прицеп-цистерна қолданады.
Қышқыл тасымалдағыш КП-6,5, КрАЗ-255Б автомашинасында жинақталған, және цистернадан, бір сатылы ортадан тепкіш сораптан, құбырлардан және күштік арматурадан тұрады.
Агрегаттың тез тозуын және тоттануын болдырмас үшін, қышқылмен өңдеу жұмысы біткеннен кейін міндетті түрде сумен жуу қажет. Ұңғыманы қарапайым тұз қышқылымен өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған жүйе 7.3-суретте көрсетілген.
7.3 - сурет. Ұңғыманы қарапайым тұз қышқылымен өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған жүйе
1 - ұңғыма сағасы; 2 - кері клапан; 3 - жоғары қысымды бұрама; 4 - 4НК-500 сорабы; 5 - Азинмаш 30А агрегаты; 6 - агрегаттағы қышқыл құюға арналған ыдыс; 7 –жетектегі қышқылға арналған ыдыс; 8 - қосымша сұйыққа арналған ыдыс; 9 - қышқылға арналған ыдыс; 10 - кері айналыс жасау жүйесі.
Бақылау сұрақтары:
1. Ұңғыманы тұз қышқылымен өңдеудің технологиясы?
2. Қабатқа қышқыл ерітіндісін айдау үшін қандай агрегат қолданылады?
3. Қышқылды қандай ыдыстармен тасымалдайды?
Дата добавления: 2015-12-22; просмотров: 3155;