Эмоция мен сезімдердің дамуы
Сезім - адамның өзіне, өзге адамдарға, айналасындағы заттар мен құбылыстарға көңіл-күйінің қатынасын білдіретін және оларды бейнелейтін психикалық процесс.Сезімнің психикалық процесс екендігін білдіретін тағы бір ерекшелігі - оның адам көңіл-күйіне байланысты әрбір процеске белгілі бір түрде реңк беріп тұратындығы. Кейбір құбылыстар адамға түрліше әсер етіп, оны қуантады, шаттық сезімге бөлейді. Ал кейбірі ренжітіп, тіпті тұңғиыққа батыруы мүмкін. Адамның сезім күйлері - қуаныш, қайғы, таңдану, наразылық көрсету, ызалану, кектену, қарқылдап, көзінен жас аққанша күлу, т.б. көңіл-күйдің сипаттық ерекшеліктерін сыртқа шығарады. Сезімнің сан алуан көріністері мен олардың пайда болу әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға, әсіресе, материал рухани-мәдени қажеттіліктерді қанағаттандырудың мақсат-мүдделеріне байланысты. Сезім ұғымының кең мағынада қолданылуы жалпы көңіл-күйді, ал эмоция сол көңіл-күйдің белгілі бір жағдайға қатты әсерлеуін білдіретін қысқа мерзімді уақытша көрініс. «Эмоция» ұғымының төркіні - «емовера» деген латын француз сөзінен шыққан. Қазақша мәні - тітіркендіру, толқу. Бұл - жан дүниесінің сыртқы және ішкі әсерлер салдарынан ызалану, қаһарлану, қорқу мен шаттану сияқты жағдайларының көрініс беруі. Эмоция - адамдар мен жануарлар дүниесінде де көрініс беретін кейіп. Эмоциялық күй адамды іс-әрекеттерге шабыттандырып, тиісті нәтижелерге жеткізеді немесе көңіл-күйін жабырқатып, іс-әрекетін бейберекетсіздікке ұшыратады. Сезім мен эмоцияның адам іс-әрекеті мен көңіл-күйіне ұнамды әсер етуі стеникалық – күшті сезім тудырса, ал ұнамсыз не теріс әсер етуі астеникалық - әлсіз, жағымсыз сезім тудырады. Стеникалық сезім жүйке жүйесіндегі қозуды күшейтсе, астеникалық сезім жүйкеге тежелеу жасап, адамның әрекетшілдігін әлсіретеді. Сөйтіп, адамның сезім күйі және оның қысқа мерзімді айқын көрінісі - эмоция - жан дүниесінің жандануы мен тіршілік ағымында айтарлықтай маңызы бар. Сонымен, эмоция дегеніміз – адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер.
Адам эмоциясы, негізінен, тіршілік ортасы мен әлеуметтік жағдайларға байланысты және ол тарихи даму жағдайына тәуелді. Ал хайуанаттар дүниесінің эмоциясы биологиялық сипатта тіршілік ету жағдайына ғана бейімделеді. Дегенмен, эмоцияның адам мен хайуанаттар дүниесіне тән ызалану, қорқу, жыныстық еліктеу, таңдану, қуану, мұңаю сияқты түрлері бірдей болады. Адам өмірінің сан қилы салалары мен қоғамдық – әлеуметтік өмірінің күрделілігі сезімнің сана жағынан жаңа түрлерінің пайда болуына себепші болады. Ч. Дарвин осы орайда, хайуанаттар дүниесіндегі сезім мен эмоция түрлерінің пайда болуын эволюциялық даму тұрғысынан дәйектей отырып, сезімнің тек ақыл иесі - адамдарға тән ар мен ұят, ождан сияқты түрлерін әлеуметтік өмір тіршілігімен ұштастыра зерттеді. Адам - эмоцияларының ішінде оның күрделі түрі «көңілдің» алатын орны зор. Көңіл - адам мінез-құлқына белгілі реңк беріп, одан біраз уақыт бойына байқалатын жалпы эмоциялық жағдай. Көңіліне қарап адамдарды, шат-жайдары, жылы жүзді, түсі суық, ызалы, т.б. деп ажыратуға болады.
Арнайы зерттеулер эмоциялық тебіреністердің ми қыртысы астындағы орталықтардың нервтік қозуынан және вегетативтік нерв жүйесінде жүріп жатқан физиологиялық процестерден болатынын көрсетеді. Сол сияқты, ми қыртысы астының өзі де үлкен ми сыңарлары қыртысына күш беруші ретінде оған жағымды әсер етеді. Эмоциялық процестер адам организмінде, оның тыныс алу, ас қорыту мүшелерінде, жүрек-тамыр қызметтерінде біраз өзгерістер туғызады. Эмоциялық күй кезінде тамырдың соғуы, қанның қысымы өзгереді, көз қарашығы үлкейеді, терлеу, бозару, қызару байқалады, жүрек, өкпе, орталық нерв жүйесіне қарай қанның ағысы күшейеді. Әр түрлі көңіл-күйлері вегетативтік нерв жүйесінің симпатикалық бөлімі арқылы қозатын ішкі мүшелердің өзіндік өзгерістерімен қосарланады.
Электрофизиологиялық зерттеулер эмоциялық күйлер үшін нерв жүйесінің айрықша құрылымдарының орасан зор маңызы болатынын көрсетіп отыр. Эмоциялық күйге келу мен қоршаған жағдайда эмоциялық бағдар жасау негізінен алғанда таламус, гипоталамус және лимбика жүйесінің қызметтерімен анықталады.
Ретикуляр(немесе тор түстес) формациясықызметін жүргізілген ең жаңа зерттеулер ми қыртысы асты орталықтарының адамның эмоциялық өмірінің белсенділігін арттыратынын ашты.
Дата добавления: 2015-10-26; просмотров: 5859;